434
Алматы – Тәуелсіздік бесігі
Алматы – Тәуелсіздік бесігі
Тәуелсіздік күніне орай Алматы қаласындағы Республика сарайында салтанатты жиын өтті. Салтанатты шара барысында қала әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының Жарлығына сай еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосқан алматылықтарға мемлекеттік марапаттарды тапсырды.
Ең алдымен алматылықтарды ұлық мерекемен құттықтаған Бауыржан Байбек: «Биыл тәуелсіз мемлекет болғанымызға 27 жыл толып отыр. Тарихи тұрғыдан қарағанда қас-қағым сәт, ширек ғасырды артқа тастаған еліміз асқақ асулардан асып, биік белестерді бағындырды. Еліміз бұл күнге табандылық пен ерік-жігердің, жарқын болашаққа деген нық сенімнің арқасында жетті. Біздің Президентімізбен бірге тәуелсіз Қазақстан өзінің Конституциясын, мемлекеттік рәміздерін, ұлттық валютасын қабылдады, Еуразия жүрегінде жаңа астананы құрды. Астана – Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлігі, еліміздің тарихына алтын әріптермен мәңгілікке жазылып қалады. Осынау ел тағдыры үшін маңызды шешім ақбас Алатаудың баурайындағы Алматыда қабылданған еді. Алматыда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды. Алматы – тәуелсіздіктің бесігі атануы да осыдан. Мемлекет басшысының ерекше назары мен қолдауы арқасында қала экономикасы тұрақты өсуде. Егер тәуелсіздіктің бастауында еліміздің ІЖӨ небәрі 10 пайызды құраса, ал қазір Алматының өзі экномиканың бестен бір бөлігін қалыптастыруда», – деп атап өтті.
Шаһар басшысы өз сөзінде мегаполистің тұрақты даму мақсаттарына, ОСЭР стандарттарына және үздік әлемдік практикаға жүгінетінін тілге тиек етті. Алматының келер жылғы бюджеті Мемлекет басшысының Жолдауын және «Алматы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға негізделген. Яғни, нақтылы бюджеттің 40 пайызы әлеуметтік саланы, 23 пайызы қоғамдық көлік, жол инфрақұрылымы жобаларын, қала көшелерін реконструкциялауды қаржыландыруға жұмсалатынын атап айтты.
Мерекелік жиын барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының Жарлығымен 110 алматылыққа мемлекеттік марапаттарды тапсырды. Олардың арасында білім, мәдениет, денсаулық сақтау, бизнес пен өнеркәсіп салаларының өкілдері бар. Бұлардан өзге, азаматтық қоғамның, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сонымен қатар көлік, құрылыс, энергетика және қаржы саласының мамандары жоғары марапаттарға ие болды.