Қытай әуекомпаниясы биоотынмен алғашқы рейсін жасады
Қытай әуекомпаниясы биоотынмен алғашқы рейсін жасады
Қытайдың Hainan Airlines әуекомпаниясы мемлекет тарихында алғаш рет тағам даярлауға арналған өсімдік майының қалдықтарынан жасалған биоотынмен азаматтық рейс жасады. Шанхайдан Бекинге бет алған Boeing 737 ұшағы ұшу кезінде реактивті отын мен биоотынның қоспасын пайдаланған. Қытай мейрамханаларының асханасынан алынған май қалдықтарынан өндірілген биоотын өзінің үнемділігі мен тиімділігін дәлелдеп, рейстің қауіпсіздігіне залал келтірмеген. Альтернативті отынды пайдалану идеясы Қытай мамандарының елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға ұмтылысынан туған. Өткен жылы Boeing компаниясы қытайлық Commercial Aircraft Corp корпорациясымен ынтымақтасып, авияциялық биоотын өндірісіне айрықша ден қойған болатын. Екі алпауыт бірлесіп қолға алған жобаның алғашқы нәтижесі жаман емес. Тек қана биоотынның көмегімен жасалған әлемдегі ең алғашқы әуе сапары 2012 жылы Канадада жасалғаны есте. Одан кейін Канада мен Аустралияның әуе компаниялары биоотынның мұнайдан жасалған кәдімгі отынмен қоспасын пайдаланып, бірнеше рейс жасап көрді. Бұл бастаманы өзге мемлекеттердің әуе тасымалдаушылары да қолдаса, әлемнің биоотынға түпкілікті көшетін күні алыс емес. Ғаламшарымыздың экологиялық жағдайы бұған сұранып-ақ тұр.