1417
Қолынан домбырасы түспеген қалың қазақ
Қолынан домбырасы түспеген қалың қазақ
Биыл Елбасы Н.Назарбаев шілде айының алғашқы жексенбісін ұлттық домбыра күні етіп бекіту туралы жарлыққа қол қойған еді. Осы мақсатта «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен шаһардағы бірқатар сауда орталықтарында кездесулер өткізді. «Дін мен дәстүр» тақырыбында өткен кездесулерді дінтанушы-ғалым, Қазақ-Египет ислам университетінің докторанты Асылтай Тасболат жүргізіп, ол базар жамағатына қазақтың ұлттық домбыра күні туралы әңгімеледі.
Қазақтың бас музыкалық аспабына күмәнмен қарап, оны «ширк» деп санайтын діни фанатиктердің елімізде пайда болғанына біраз жылдардың жүзі болған. Ол аздай домбыраны «шайтанның даңғырлағы», «шайтанның таяғы» дейтін топтар төбе көрсетіп, мыңдаған жылдар бойы бабаларымыздан мұра болып келе жатқан ұлттық жәдігерімізді табандылықпен қорғауға тура келді. Алматы қаласындағы күдікті діни жамағат өкілдерінің көбі сауда орталықтарында топтасқандықтан, оларға барып домбыраның қасиеті туралы әңгіме қозғау бүгінгі заманда орындалуға тиіс маңызды жұмыстардың бірі еді. «Қолымдағы қу ағаш, Сайрап отыр бұл ағаш. Қолымдағы ағашым – Алып жүрген домбыра... Домбыра күнә деген сөз – Тек бір айтқан дабыра», – деп Қашаған Күржіманұлы жырламақшы, домбыраны күнә деп дабырлайтындардың саны көбейсе, халық үшін нағыз трагедия сол болады.
Асылтай Тасболаттың айтуынша домбыра, барлық жерде үздіксіз насихаттала беру керек. Өйткені күмәнді діни топтардың арам пиғылына алданып, ұлттық музыка аспабына теріс көзқараспен қарайтын адамдар әлі деп көп. «Қазақ халқы сан ғасыр бойы талай қырғын мен алапатты бастан кешірсе де, қолынан домбырасын тастамай келді. Бірақ еліміз тәуелсіздік алып, еңселі ел болдық-ау деген кезде, талай заманның сынағынан сынбаған домбырамызға басқа жақтан қауіп төнді. «Алматы қаласындағы «Барыс-4» базарында бір діндар маған «Гитара мен домбыраның түбі бір ғой, домбыра қалай халал болады?» деп сұрақ қойды. Мен оған қазақ тарихында қаншама ғұлама діни насихатты домбырамен жеткізгенін, бейбіт заманда да, жаугершілік заманда да домбыра дала баласының жан серігі болғанын мысалдармен түсіндірдім», – дейді ол.
Айта кетейік, насихат жұмыстары қаладағы «Жұлдыз», «Тастақ», «Қазына», «Арлан», «Кенжехан» сауда орталықтарында жүргізілді.
О.Темірбек