364
ТҮРКІСТАННАН ТАШКЕНТКЕ ДЕЙІН
ТҮРКІСТАННАН ТАШКЕНТКЕ ДЕЙІН
Түркістан қаласымен Ташкент шаһарының сауда-экономикалық, туристік қатынастарын нығайту мақсатында «Түркістан-Ташкент» халықаралық автобус бағыты ашылды. Ағымдағы жылдың 10 желтоқсанында Түркістан қаласындағы «Алтын Орда» автобекетінде аталған бағыттың ашылу рәсімі өтті. Айтулы шараға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы М.Мырзабаев, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Ж.Төлебеков, облыстық мәслихат депутаты Б.Мұсабеков, тағы басқа құрметті қонақтар мен БАҚ өкілдері қатысты. Аталған бағытқа қазақстандық тасымалдаушы «Бақдәулет Сервис» ЖШС және өзбекстандық «Узавтотранс» ООО мекемесі қызмет көрсетеді. Автобустар 335 шақырым жолды орта есеппен 6 сағат 40 минутта жүріп өтеді. Екі бағытта күнделікті 2 автобус қатынайды. Техникалық аялдама 30 минутты құраса, жол жүру тарифі небәрі 2000 теңге болып бекітілді. «Түркістан-Ташкент» халықаралық автобус бағытының ашылуы екі елдің арасында туристер ағынының артуына, жаңа туристік бағыттар қалыптастыруға және ынтымақтастықтың нығаюына оң әсерін тигізбек.