ГАМБУРГ: 500 СУРЕТТІҢ СЫРЫ

ГАМБУРГ: 500 СУРЕТТІҢ СЫРЫ

ГАМБУРГ: 500 СУРЕТТІҢ СЫРЫ
ашық дереккөзі
Зерттеуші ғалымдар Гамбург музейінде Ертіс өңірі тарихынан сыр шертетін 500 сурет сақтаулы тұрғанын айтады. «Архив-2025» бағдарламасы аясында архивтерде үлкен жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Одан бөлек, шетелдік музейлерде сақталған материалдарды зерттеу де көзделуде. Шетелдік, оның ішінде ресейлік музейлерде ел тарихына қатысты талай құнды деректер сақтаулы», – дейді тарихшы-археолог Тимур Смағұлов. Тарихшының айтуына қарағанда, Мәскеу мемлекеттік тарих музейінде академик В.В. Радловтың Павлодар қаласы маңында жүргізген қазба жұмыстарының коллекциясы сақталса, Ресей этнографиялық музейінде XIX ғасырда Павлодар уезінен алынған киіз үй әлі күнге дейін көрермен назарына ұсынылып келеді. Бұдан бөлек, XIX ғасырда белгілі этнограф Самуил Дудиннің Ертіс өңірін фотосуретке түсірген 500 негативі Гамбург қаласының этнографиялық музейінен орын алған. «Осы 500 суретте қазақтардың тұрмысы, салт-дәстүрі және материалдық мәдениеті бейнеленген. Аталған қайнар көздерді зерттеу, интернет сайттар мен музейлерде көрмеге қойылуы арқылы тарихымызға басқаша көзқараспен қарауға мүмкіндік туады», – дейді Тимур Смағұлов. 2019 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде «Жазғы университет» жобасы жүзеге асырылады. Аталған жоба аясында Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары және облыс аудандарында жазғы археологиялық мектептер жұмыс істемек. Одан басқа, Торайғыр көлінде мектеп оқушылары мен студенттерге арналған ғылыми-зерттеу стансасы ашылады. Сонымен бірге, мамандар ежелгі технологияларды зерттейтін «Ұмай» зертханасын ашуды жоспарлап отыр.