Өзіне-өзі дәрігер әрі балгер

Өзіне-өзі дәрігер әрі балгер

Өзіне-өзі дәрігер әрі балгер
ашық дереккөзі
Соңғы уақытта антибиотиктердің жүйесіз қолданылатыны жиі сөз болып жүр. Тіпті, мамандар аталмыш мәселеге байланысты дабыл қаға бастады. Жуырда ғана Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы антибиотикті жиі қолдануға тосқауыл қоюды дәрігерлер емес, мемлекет қолға алуы қажеттігін мәлімдеген еді. Өйткені бүгінгі күні адамдарға ғана емес, төрт түлік малға арналған антибиотиктер де көптеп шығарылатын болған. Жасыратыны жоқ, фармацевтика индустриясы осы арқылы көп пайда тауып отыр.

Антибиотиктер бас ауруына айналды

Бұл күні басы ауырып, балтыры сыздағандардың бәрі дәрігерден бұрын дәріханаға жүгіреді. Өйткені науқастар өз бетімен емделуге бейім. Ал оларды қадағалап отыру дәрігерлердің қолынан келе бермейді. Осының салдарынан қазір бүкіл әлемде антибиотиктерді қолдануға қатысты түйткіл туындауда. Таяуда ғана Стэнфорд және Вашингтон университеттерінің мамандары антибиотиктердің ауруларға қарсы күрес жүргізу кезінде адам денесіндегі пайдалы бактерияларға зиянын тигізетінін жариялады. Яғни, антибиотикті шамадан тыс көп қолдану адам денсаулығына ұзақ уақыт кері әсерін тигізеді. Бұл туралы медицина мамандары жиі айтқанымен, қарапайым жұрт аса көңіл бөле бермейтіні рас. Десек те, өткен айда Дүниежүзілік антибиотиктерді дұрыс пайдалану апталығы өтті. Ондағы мақсат – жұртшылыққа антибиотиктерді ретсіз пайдаланбау қажеттігін ұғындыру. Осы апталық шеңберінде елордада өткен дөңгелек үстел барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Олег Честнов антибиотиктердің зияны мен пайдасы және оны қабылдауға қатысты мәселелерді атап өтті. «Антибиотиктерді ойлап табу арқылы инфекциялық аурулармен күресте революция жасалды. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта оны орынды-орынсыз қолдана беру кесірінен адам мен жануарлар ағзасындағы микроағзалар антибиотиктерге төзімді болып барады. Жақын болашақта антибиотиктердің жер бетіндегі барлық адамға әсер ете алмай қалу қаупі төніп тұр. Демек, біз сіздердің балаларыңызды қарапайым бронхит, пневмония сияқты дерттерден аман алып қала алмайтын боламыз. Бұл саясаткерлер мен мемлекеттік шенеуніктерді ойландыруы тиіс мәселе, сол себепті антибиотиктерді орынсыз қолданумен күресте бәріміз бірігуіміз керек», – дейді Олег Честнов. Қазірдің өзінде антибиотиктердің еш әсер етпеуі дүниежүзінде орын алып жатқан құбылыс. Экономикасы дамыған елдер ынтымақтастығының статистикасына иек артсақ, Грекияда инфекцияның 45 пайызы антибиотиктерге төзімді болып шыққан. Яғни, ол инфекция ешқандай антибиотикке бой бермейді. Біздің елде антибиотиктерді дәрігердің нұсқаулығымен ғана сатуға болады деген заң болғанымен, оны қадағалап жатқандар сирек. Сырқаттанып қалған кез келген адам дәріханадан қалаған антибиотикті еш кедергісіз сатып ала алады. «Осы антибиотик маған ем болады-ау» деп өз-өзіне диагноз қойып, өз-өзін емдеумен айналысатындар көп. Науқас ол антибиотикті неше күн үзбей ішу керек екенін білмейді. Тиісті ережелер сақталмағандықтан, адам бойындағы микроағзалар антибиотикке төзімді бола бастайды. Келесі жолы ауырған кезде бұл антибиотик әсер етуін доғаратынын айтуда мамандар. Ал еліміздегі аталмыш мәселемен күресу үшін республикалық Денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова төрт түрлі шараны қолдануды ұсынып отыр. «Біріншіден, антибиотикті дәрігердің нұсқаулығынсыз сатуға тыйым салынды ма? Салынды. Ендеше дәріханаларда ол емін-еркін сатылуына тосқауыл қойылып, қадағалануы керек. Екіншіден, науқастың сауығып кетуіне шынымен әсер ететін антибиотикті жазып беруге дәрігердің біліктілігі жеткілікті болуы керек. Яғни, дәрігер науқасқа антибиотик жазып бермес бұрын лабораториялық сараптама жасап, қалай әсер ететінін анықтап алуы керек. Үшіншіден, қоғамда антибиотикті орынсыз қолданудың зияны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілуі керек. Төртіншіден, денсаулық сақтау саласына жатпайтын дәріхана, ауыл шаруашылығы сияқты жеке секторларда бұл мәселені шешуіміз керек. Ауыл шаруашылығы саласы мамандары малдан көп өнім алу үшін шамадан тыс антибиотик қолданады. Еуропа мемлекеттерінде бұл қатаң қадағаланады», – дейді Айнұр Айыпханова.

Төрт түлік теңселіп қалғанда...

Айнұр Айыпханова айтқан ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын антибиотиктердің қатары да күн санап артып келеді. Бұрындары мал шаруашылығында санаулы ғана антибиотиктер қолданылса, қазір адамдарға ғана арналған емес, төрт түлік малға арналған антибиотиктер көптеп шығарылуда. Фармацевтика индустриясы бұдан көп ақша жасап жатқаны анық. Ауыл шаруашылығы бизнесінде пайданы ғана ойлайтын кәсіпкерлер малдың тездетіп ет жинауы үшін арнайы антибиотиктерді жем-шөбіне қосып береді. Соның арқасында жұмыртқадан шыққанына 45 күн ғана болған балапан дүкен сөрелерінен табылады. Құрамында антибиотигі бар өнімді жиі пайдалану ағзаны бөгде заттардан тазартатын бүйрек пен бауыр үшін өте зиян, иммунитетті де әлсіретеді. Ұлыбритания 1971 жылы адам емдеуде қолданылатын препараттарды жемге қосып беретін антибиотиктер ретінде қолдануға тыйым салған алғашқы елдердің бірі болды. 2006 жылы Еуроодақ адам пайдаланатын антибиотиктерді мал шаруашылығында пайдаланбау жайында шешім шығарды. Ал біздің елде мал емдеу үшін ғана емес, пайда үшін де әлі күнге дейін қолданылып келеді. Антибиотиктер жануарлар етінде, сүтінде жиі кездеседі. Сүт өнімдеріне оның сақтау мерзімін ұзарту үшін қосады. Құстарға да антибиотик беріледі. Сондықтан олардың жұмыртқасында да аталмыш дәрілер жеткілікті. Егер балық жасанды жолмен өсірілсе, балық құрамында да антибиотик бар. Балықтарды жасанды жағдайда жай антибиотиксіз өсіру мүмкін емес, егер балық етінсіз бойыңыз сергімейтін болса, дұрысы ашық су көздерінен ауланған балықты таңдау. Және де бұл қоспаны жеміс-жидек пен көкөністердің сақталу мерзімін ұзарту үшін де пайдаланады. Бүгінде адамдардың көбі антибиотикке қарсы төзімділіктен зардап шеге бастады. Бұл мал шаруашылығында антибиотиктерді еш бақылаусыз қолданудың әсерінен орын алуда. Малды емдейтін дəрілердің негізгі тобы – сүт құрамында ұзақ уақытқа дейін сақталатын антибиотик. Сондықтан ДДСҰ жəне халықаралық эпизоотикалық бюроның (ХЭБ) ұсынысы бойынша, антибиотиктерді мал шаруашылығында қолдану қатаң қадағаланып, ондай дəрілерді тек ветеринарлық дəрігерлердің келісімімен беру міндеттелген. Бірақ бүгінде пайданы бірінші орынға қоятын кейбір кәсіпкерлер ұйымның мұндай ережелеріне пысқырып та қарамайтын тәрізді. Кейбір ет өндірушілер мал ауырмай, тез семірсін деп ірі қараға дәріні әдейі шамадан тыс көп береді екен. Мәселен, биылғы көктемде Қызылжарда құрамында антибиотик бар шұжықтардың сатылымға шығып жатқаны белгілі болған. Тәркіленген 12 келі шұжықтың құрамында левомицитиннің көлемі мөлшерден 100 еседен артық болған. Қауіпті шұжық Қызылжар қоқыс полигонында өртелді. Өкініше қарай, қалғаны жұртқа сатылып кетіпті. Қауіпті өнім көршілес Ресейден жеткізілген. Еттегі, сүттегі және жұмыртқадағы антибиотиктер жылумен өңдеген кезде ыдырайды дегенді жиі естуге болады, бұл тағамдарды тұтынған кезде денсаулыққа ешқандай зияны болмайтындығын айтады. Әрине, ешкім етті шикі күйінде жемейді, сүт пастерленеді. Бұл тағамдардағы антибиотиктерге қатысты қобалжуға себеп жоқ екенін көрсете ме? Алайда ғалымдардың пайымдауынша, жылумен өңдеу жолымен антибиотиктерден жартылай ғана құтылуға болады. Сондықтан мұндай жолмен антибиотиктерден толықтай арылу мүмкін емес. Жасыратыны жоқ, антибиотиктердің арқасында адамзат инфекциялық ауруларды жеңе бастады. Алайда антибиотиктерді шектен тыс пайдалану, әсіресе мал шаруашылығында – оған «былқ етпейтін» микроорганизмдер штампын тудырады. Адам ағзасындағы зиянды микроб – вирустардың антибиотиктерге төзімді болғаны фармакомпанияларға жақсы. Себебі ауруға дәрменсіз антибиотиктердің орнына күштісін жасап, процесті үздіксіз етеді. Және жаңасы бұрынғысына қарағанда қымбат болады. Тиісінше, түсетін пайда да еселене түседі. Сонымен, антибиотиксіз жазылмайтын күйге түскен адамдар антибиотикпен емделетін мал етімен қоректенеді. Қорқыныштысы, дәрі егілген мал белгіленген уақыттан кейін сойылып жатыр ма, одан бәріміз бейхабармыз.

Жүйесіздік жарға жықпасын

1929 жылдан бері антибиотиктер адам организмін түрлі дерттерден қорғап, өмірінің ұзақ болуына бірден-бір септігін тигізуде. Алайда соңғы кездері ауырған уақытта дәрігерге қаралмай, өз бетінше ем жүргізетіндер қатары артып барады. Диагнозы анықталмай жатып, өз бетінше антибиотиктерді қабылдап, ауруды асқындырып алғандар күн санап өсуде. Әсіресе, қазір өзі науқас, өзі фармацевт, өзі дәрігер болатындар жиіледі. Жыл сайын антибиотиктерді бей-берекет қолданғандықтан Еуропада 23 мың, АҚШ-та 27 мың науқас көз жұмады екен. Бұл адам ағзасын зерттеумен айналысатын халықаралық ұйымдардың статистикасы. Сондықтан әр адамның антибиотиктер туралы көбірек хабардар болғаны абзал. Дәрігерлердің айтуынша, антибиотиктерді қолдану арқылы ішек жолдарындағы табиғи микрофлораны бұзып, керісінше тамақ аллергиясын тудырып, ішек жұмысын бүлдіруі мүмкін. Осылайша, иммунитет әлсірейді. Сауықтыруға сеп болады деп ойлап табылған дәрілер қазір сан соқтыруда. Тіпті, ұлт саулығына үлкен қауіп төндіріп отыр. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандарының өзі айтып, дабыл қағуда. Дәрілерді мақсатсыз қабылдағанның кесірінен адамның ағзасы күші ең қуатты антибиотиктерге төзімді болып алады да, кейін еш әсер етпей қалады екен. Антибиотиктерді теріс пайдалану микробтарға төзімділікке әкелетіні өз алдына, адамзат жақын арада қарапайым инфекцияларды да емдей алмайтын жағдайға жетуі әбден мүмкін. Сондықтан мамандар антибиотиктерді тек дәрігердің нұсқауымен қабылдауға кеңес береді. Әрі антибиотикпен емдеу курсын уақытынан бұрын тоқтату да микроорганизмдердің оған деген тұрақтылығын арттырады. Сол себепті сырқат адам өзін жақсы сезінсе де, антибиотиктерді кемі 5-7 күн қабылдап, ағзадағы инфекция қоздырғыштар жойылғанша дәріні үзбеу керек. Антибиотиктер іштегі зиянды және ағзаға қажетті микроорганизмдерді қатар жояды. Мұнымен қоса, бұл препараттарды жиі пайдалану нәтижесінде ағзада төзімділік пайда болып, келесі ауырғанда аталмыш дәрі еш көмектеспейді. Организм одан да күшті әсер ететін антибиотикті талап етеді. Ауруға ем болатын бұл дәрмек науқасқа келесі бір дертті қосып беруі де бек мүмкін. Бүгінде осы түйткіл ғалам бойынша асқынып тұр.