Аягүл Миразова:Мұғалімнің мамандық таңдауда шатасуға қақысы жоқ

Аягүл Миразова:Мұғалімнің мамандық таңдауда шатасуға қақысы жоқ

Аягүл Миразова:Мұғалімнің мамандық таңдауда шатасуға қақысы жоқ
ашық дереккөзі
1072
Адам баласының жарық дүние есігін аш­қанда ата күші мен ана сүтінен бойына да­ритын адами қасиеттері одан ары толысуы, санасының өсіп, ақылының толысуы заңдылық. Ал ой-өрісі кеңейіп, дүниетаны­мының қалыптасуына өз күш-қайратын жұмсайтын тағы бір тұлға, ол, әрине, білім нәрімен сусындататын мұғалім. Қоғамда қай салада болсын, қай мамандықтың иесі болсын ұстаз алдынан тәлім-тәрбие алары анық. Қараша айынан бастап, Алматы қаласындағы орта мектептерде осы бір аяулы жанның мерейлі тойына орайластырылған Оқушылар апталығы да ұстазға деген құрметтен туса керек. Әрбір мектептің мұғалімдері мен оқушылары Ұстаздардың ұстазына деген құрметтерін өздерінің білімге деген құштарлығымен дәлелдегендей, түрлі кездесулер өткізіп үлгерді. Иә, біз де осы бір жылылық есіп тұратын Ұстаздардың ұстазы деген сөзді қайталап айтамыз. Шын мәнінде, елімізде білім саласындағы есімі аңызға айналған Рафиқа Нұртазинадан кейінгі ел құрметіне бөленген жан – бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Аягүл Миразова. Ел арасында мұғалімдердің абырой-беделі, парасаты жайлы әңгіме бола қалса, көбіне оқушылар түгілі ата-аналар алдында да өз қадірін түсіріп алған кейбір білім саласының қызметкерлері жайлы теріс пікірлер естіліп қалып жатады. Дегенмен біздің толқынның бойына сіңген, қанында қалқып қалып қойған ұстазға деген құрмет әлі де жойыла қоймағанын Аягүл Төреқызын жолықтырған сәтте іштей мойындап, байқаймын. Өйткені ол кісі келе жатқанда өзіңді әлі күнге дейін оқушы сезіндіретін, алдында именіп тұратын ұстазға тән қасиетті байқайсың. Өте қарапайым ғана жанның мысы басқандай, ұстаз алдында отырған шәкірт сынды ыңғайсыздық бойыңды билейді. Ол кісіден білім алмасаң да, тәлім-тәрбиесін көрмесең де өзіңнің алғашқы ұстаз­дарың көз алдыңда көлбеңдеп, сонау алыста қалған балалық шақ, мектеп қабырғасындағы оқушы кейпің әдемі бір көрініс беріп, жылжып жатқан жылдардың қадірін түсінгендей... бойыңды бір сағыныш кернейтіні тағы бар. Жан-дүниесіндегі, болмыс-бітіміндегі саналы жанға тән қарапайымдылықтың ар жағынан, сөйлеу мәдениеті мен шешендігінен парасат биігі атойлап аңғарылып-ақ тұрады. Көпшілік арасында суырыла сөйлегені, өзінің білімділігі мен осынау ұзақ жылғы ұстаздық тәжірибесінен төгілдіре сөйлегені кез келген жанды баурап әкетеді. – Кешегі қанды соғыс жылдарының талай жүректерді сыздатып, талайлардың жанарына қуаныш жасын мөлтілдеткен Жеңіс жылдарынан кейінгі ұрпақтың өкілімін. Жамбыл облысының Берікқара ауылында өмірге келіп, желтоқсан айының он бесінші жұлдызында ауыл-аймақты қуанышқа бөлеппін. Қорасындағы қойы қоздаса жүрегі жарылардай болатын қазақ халқы басына бас қосылып, мына жарық дүниеге қызыл шақалақ келіп жатса, әрине, тіпті есі шығары сөзсіз. Оның үстіне майданға кеткен талай боздақтарынан хат-хабар жоқ, тіпті артында іздейтін бір тұяқ та қалмаған зар заманнан кейінгі тірлікті тірілтіп жатқан нәрестелерге деген махаббаттары ерекше-тін. Сөйтіп жүріп мектеп табалдырығын аттадық. Он жылдықты үздік бітірдім. Бойжеттік. Студенттік жылдар басталды. 1972 жылы Жамбыл педагогикалық институтының математика факультетін бітіргеннен бергі елу жылға таяу ғұмырымды аса жауапкершілікті талап ететін ұстаздық жолға арнап келемін. Өзімнің ұстаздық жолды таңдағаныма қуанамын, өйткені ұстаздар отбасында өмірге келдім. Ата-анам да білім жолында ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Әкем осы саланың басшылық қызметтерінде маңдай терін төгіп, талайлардың ұлағатты ұстазына айналған жан. Сол тәрбиенің жемісі болар, менің де осы ұстаздық жолды таңдағаным. – Педагогтардың жемісті, ерен еңбегі Елбасының да назарында. Оны жыл сайынғы халыққа жолдауынан оқып-біліп, зерделеп келеміз. – Бүгінгі таңда білім саласының алдына қойылып отырған мақсаттар, міндеттер, өзгерістер жайлы жыл сайынғы Елбасы Жолдауында да, ақпараттық құралдарда да айтылып, жазылып жүр. Елбасымыз өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандартқа негізделуі керектігін және Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі барлық мектептерде қолданысқа енгізілуі қажеттігін баса айтты. Өйткені еліміз 2050 жылға дейін алдыңғы қатарлы 30 елдің құрамына кіру үшін сапалы білім керек. Балаларымыз озық ойлы, зерделі болуы үшін үш тілді жетік меңгеруі қажеттігін барлық мектеп ұжымы басшылыққа алып, жоспарлы жұмыс бағытына айналдырып келеді. Елбасының 1993 жылдың 5 қарашасындағы Жарлығына орай, осы кезге дейін «Болашақ» халық­аралық стипендиясымен 12 мыңнан астам қазақстандық жастар 35 елдің 170 жоғарғы оқу орындарында оқып, білім алуының өзі еліміздің болашағына, келешегіне бағытталған игі шара емес пе?!. Сол жастардың жер асып, ел асып, өздерінің білімдерін ұштауы қуантады. Олардың сапалы да саналы ой-өрістерін кеңейтуіне, әрине мектеп қабырғасында біліммен сусындатқан педагог-мұғалімдердің де еңбегі, зор үлесі бар екені сөзсіз. Солардың көпшілігінің қазақ мектептерінің табалдырығынан шыққаны зор мақтаныш. Қазақ халқының әу бастағы зиялылығынан бастау алған алғырлығы жастарымыздың да бойынан сезілген сайын, кеудеңді жақсы бір жылылық жайлайды. Зеректігі, кез келген жақсы дүниені тез қабылдайтыны, бейімділігі, зерделілігі жан қуантады. Көбіне еліктегіш халықпыз деп жатамыз, бұл қасиеттің де кейде пайдасы бар екенін мойындау керек. Ал Елбасы үнемі жастарды қолдап, қорғап, оларға сенім артып отыр. Келер жылдың Жастар жылы деп аталуы да соның айқын көрінісі емес пе?! – Еліміздің, жеріміздің болашақ иесі  жастар десек, бүгінгі жастарға көңіліңіз тола ма? Әлеуметтік желіге шұқшиған ба­лалар саны артып отыр деген жанайқай­ға көзқарасыңыз қалай? – Еліміздің, жеріміздің болашағы жастардың қолында екені бәрімізге аян. Елбасымыздың бағдарламалық мақаласында да – Тәуелсіз еліміздің болашағы – қазіргі партада отырған балалардың қолында, ал ол балалардың тағдыры ұстаздардың қолында дегені бар. Балалар ата-анадан кейінгі тәлім-тәрбиені ұстаздан алады, көп уақыты да мектепте өтеді. Ата-ана мен ұстаздың ынтымақтастық бірлестікте жұмысы жүрсе, балаларымыз еліміздің мақтанышына айналар айтулы азамат-азаматша болып өсетіні сөзсіз. Біз Кеңес үкіметінің тұсында оқыдық, білім алдық, еңбектендік. Сондықтан ол заманның дұрыс жерін де, бұрыс жерін де, бары мен жоғын да, тапшылықтың «көкесін» де бір кісідей көрдік. Азық-түліктің тапшы кезін көрдік, бар ақшаңа табылмайтын кезеңді бастан кештік. Қазір жаныңызға не керек – бәрі бар, тек қана табыс көзі болса болды. Денсаулықты ғана сатып ала алмайсыз, басқаның бәрі дүкендерде самсап тұр. Жастар көрмегенін көріп, бармаған жеріне барып жүр. Ата-бабаларымыз аяқ баспаған жерге балаларымыздың аяғы жетіп жатыр, оқып та жатыр, білім алып, тәлім-тәрбиесін де көріп жатыр. Бірақ соның тұщысын алып, ащысын қабылдамасақ нұр үстіне нұр болар еді? Әлеуметтік желіге келер болсақ, бүгінде балалар түгілі ересектердің өзі соған байланып қалған жоқ па?!. Шын мәнінде қазіргі балалардың психикасы бұрынғыларға қарағанда өзгеше. Өйткені бүгінгі балалар мұғалім тұрмақ, ата-анасының қаттырақ талабын көтере алмайды. Осының салдарынан көптеген келеңсіздіктерге ұрынып жататыны бар. Ата-ана да бала тәрбиесін, әрине, көпшілікке топырақ шашуға болмас, баланың бүкіл тәлім-тәрбиесін ұстаздың ғана мойнына іліп, бүкіл жауапкершілікті жүктей салған сияқты. Әсіресе, жас ата-аналар баланың тамағының тоқтығы мен киімінің бүтіндігін алға тартып, ол балаға аялы алақан, жылылық қажет екендігіне, мінезіне мән бермейтін секілді. Кейде баланың мінез-құлқына, тәртібіне ескерту айтсаңыз: «Оған не жетпейді, тамағы тоқ, жаяу жүрген жоқ, көлікпен әкелеміз, әкетеміз, менің балам ондай емес», – деп өзіңіздің бетіңізден алады. Баланың әр қимылы мен әрекеті ата-ана назарынан бір сәт те қалыс қалмауы керек, күнделікті өзара әңгімеге тартып, баламен үнемі сырласып, сөйлесіп отыру керек. Осындай қатаң бақылау болса, мектеп оқушылары арасындағы бұзықтық тыйылар еді. Бір баланың, бәлкім, алғырлығы жоғары, үлгерімі орташа болуы мүмкін, бірақ бәрі бірдей аппақ қағаз сынды пәк болып келеді емес пе?! Сол ақ қағазға не жазып, не салатынымыз ана-ана мен ұстаздарға байланысты. Ал тәрбиені бала ана жатырында жатқаннан-ақ алуы керек екені медицинада да дәлелденген. Осы мәселе жөнінде Ғаббас Советхан ағамыздың бұлжымас деректер келтірген ғылыми жазбаларында терең айтылған. Кейде «ол сіздің заманыңыз, сіздің кезіңіз» деген пікірді естіп қалып жатамыз. Заман жақсыға қарай өзгерді, адам неге жаманға қарай өзгеруі керек? Біздің халықта «Семіздікті қой ғана көтереді» деген мақал бар, бүгінде қой ғана емес, біз де көтеруіміз керек. Тәуелсіз елде кеудесін керіп, басын жоғары ұстап тірлік кешетін балаларды тәрбиелеуіміз керек. Осы жер үшін, елі үшін, ұлты үшін, тілі үшін жеке жауаптылықты мойындайтын ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Ата-бабаларымыздан үзілмей келе жатқан керемет қасиеттеріміз жетерлік. Әсіресе, бауырмалдық, мейірімділігімізде шек жоқ. Сонау қырқыншы жылдарда талай ұлыс пен ұлттың өкілін құшағымызға тартып, бауырымызға басып, бір бөлке нанды бөліп жеген кеңшілігіміз емей немене?! Сол мейірімділікті, бауырмалдықты мен де сезініп өскенмін. Өйткені менің анам да жер аударылып келген ұлттың қызы еді. Анам марқұм «Қазақтай бауырмал халық жоқ, осы халықтың арқасында аман қалдық», – деп құлағымызға құйып отыратын. Кейде өз шаранасынан безініп, күл-қоқысқа лақтырып кетіп жатқан безбүйректерді естіп-көргенде, қанымызға сіңген осындай адами қасиеттердің бойымыздан жойылып бара жатқаны ойлантады. Жеңіл жүріске салынған, жеңіл өмірді аңсайтын қыздарымыздың өз болашағына балта шауып жатқанын сезінбеуі жанды ауыртады. Соның бәрі қолдарындағы қалта телефоннан көретін бей­-әдеп қылықтарға еліктегеннен де болуы әбден мүмкін. Өзге мемлекеттерде айфон, айпад, смартфоннан көретін дүниелер шектелген, яғни жасөспірімдерге қатаң тыйым салынған. Үнемі бақылауда ұстайды, рұқсат етілмеген сайттарға кірген балалардың ата-аналары қомақты айыппұл төлейді. Әсіресе, мұсылман елдерінде қатаң тәртіп қалыптасқан. Соның ішінде бізге көрші мемлекет – Тәжікстан республикасының арнайы қабылдаған «Балаларды тәрбиелеу мен оқытудағы ата-аналардың жауапкершілігі туралы» Заңы көңілге қонады. Онда ата-ана мен мұғалімдердің бала тәрбиелеу мен білім беру жолындағы өзара байланыстары мен қарым-қатынасының бағыт-бағдары айқын көрсетіліп, бөлімдерге бөлінген. Ол заң міндетті түрде орындалуы керек және орындалу барысындағы кездескен келеңсіздіктер үшін міндетті түрде екі жақ та жауапкершілікке тартылады. Бізге де осындай қатаң әрі жүйелі заң қажет-ақ. Бұл ретте, әрине, ата-аналарды асқан жауап­кершілікке бағындыру керек дегенді айт­қалы отырған жоқпын, жан бағу оңай емес, оларды кінәлаудан аулақпын. Күнкөріс қамы бар, өмір болған соң жақсы ас, таза киім, әдемі тіршілік те керек, сол үшін таң атқаннан күн батқанға қарамай еңбек ету жөн-ақ. Бірақ мектептен келген баланың үйде не көріп, немен шұғылданып жатқанынан хабарсыздар көп. Әлеуметтік желілер былай тұрсын, әрбір үйдің төрінде тұрған теледидарда көрсетіліп жатқан бағдарламалардың өзінде тәлім-тәрбие бар ма? Қалталылардың қарамағына өтіп кеткен бірнеше арналарда беріліп жататын түрлі бағдарламаларға қарның ашады. «Кел, келінім» мен «Қалаулым» жастарға қандай тәлім-тәрбие, өнеге береді? Хабарда небір дөрекі сөздер айтылады, жігіттердің мұқатып-кекетіп сөйлейтіні тағы бар. Тіпті, кейбірінің аналары да үйлерінде отырып алып, пікір қосып, бар-барма, шық-шықпа дегендері.... не сұмдық! Қай заманда қазақ қыздары күйеу іздеп еді? Бұл бағдарламалардың қыздарымыздың абыройын аяққа басып, қазақ қызының беделін түсіргеннен басқа өнегесі жоқ қой. Мүмкін әдейі ойластыратын шығар, сонда да керек емес дүние. Қазақ қызын ес біліп, етек жапқаннан сыпайылыққа, сұлулыққа, көргенділікке тәрбиелеген. Бұрымына шашбау тағудың өзінде тәрбиелік мән бар емес пе?! Қыз бой жете бастағаннан-ақ тәлім-тәрбиесімен қатар, оның сымбатты болып бойжетуін, жүріс-тұрысының өзін назарынан тыс қалдырмаған. Шолпының сыңғырынан-ақ қалай бойжетіп келе жатқанын сезіп, біліп отырған емес пе?! Әлгіндей бағдарламаларға келген әп-әдемі қыздарға таңғаламын, ата-аналарына таңғаламын. Аты шығуы үшін істей ме, ақша үшін істей ме, түсінбеймін. Қыз – болашақ ана, үйдің жылуы да, сұлуы да солар! Болашақ ана ретінде де бөлекше тәрбиелеген. Шындығында, бала тәрбиесінің сексен-тоқсан пайызы аналардың мойнында. Әке – бақылаушы ғана. Асыраушы. Әке-шешемнің жалғызы болдым, бала тоқтамай қойыпты да, жасым онға келгенде ғана ізімнен ұлдар ерді. Бес ұлдан кейін Айгүл деген сіңілім өмірге келді. Сонда да ата-анам шолжаңдатпай өсірді, еркелікке біржола салынып кетпеуім үшін салиқалы тәрбие беруге тырысты. «Ұяда не көрсең соны ілесің» деген, тұрмыста небір қиындық көріп жатса да қазақ әйелі бәрінің тігісін жатқызып, ерін сыйлап, келген қонақтарына теріс қабақ көрсетпей, жылы қабақ танытқан. Сол тәрбиені көріп өскен қыз бала теріс қылық та көрсете алмайды. Отбасындағы озық тәрбиені жалғастыру ұстаздың да міндеті, өйткені ол – баланың екінші ата-анасы. – Кітапқұмар оқушылар азайды деген пікір де желдей есіп жүр... – Көпшілік ойлағандай, ол әлеуметтік желінің кесірінен ғана емес, қолдарындағы телефоннан интернет-кітап, интернет-газеттерді ақтарып, содан кітап оқымай қалған ешкім жоқ. Ағындап жатқан ақпараттарды, керек-керек еместің бәрін қарайды. Қазіргі балалар көбіне өсек оқиды. Кез келген сайтқа еркін кіре алады. Біздің елде ғана емес, өзге елдерде де не болып, не қойып жатқаны қызық, өнер адамдарының өмірі қызық, осындай қажет емес дүниелерді көріп, шаршайды да, кітап оқымақ түгілі сабағына әрең үлгереді. Өйткені сол дүниелерді оқып үлгергенше шаршайды, ары қарай оқуға шамасы жетпей қалады. Ол дағды болып қалады. Менің Назгүл деген көршім бар. Жас келіншек, сол жас ананың тірлігіне ішім жылиды, риза боламын. Баласына бір сағаттан артық теледидар көруге, бір сағаттан артық интернетте отыруға тыйым салған. Тағы бір сағатын кітап оқуға бөліп қойған. Кітапты оқып қана қоймайды, түсініп оқып, мазмұнын анасына айтып береді. Қандай керемет! Талап та, талапқа бағынған бала да! Көптеген ата-аналарда мұндай қасиет жоқтың қасы, оған уақыты да жоқ, шыдамы да жетпейді, не болмаса өздері де әлеуметтік желінің басыбайлы құлы. Кітап деген құдірет қой, көзіңмен оқисың, зерделейсің. Жан-дүниең байиды. – Қазір зиялы қауым өкілдерінің немесе атақты адамдардың балалары «бұзық» бо­лып өседі деген ұшқары пікір екінің бірінің ау­зында. Осы құбылыстың түп-төркініне назар аударып көрдіңіз бе? –  Ол пікірмен келісе алмаймын, бес саусақ бірдей емес қой. Дегенмен әлгі адамдардың көбінің балалары орыс мектебінде оқыған. Ал орыс мектебіндегі балалардың тәлім-тәрбиесі, әрине, басқаша. Оқушылары түгілі, ондағы педагог-ұстаздардың да сөйлеу мәнері, бір-біріне қарым-қатынасы, жүріс-тұрысы да мүлдем өзгеше. Бұл балаға әсер етпей қоймайды. Қазақта «Жақсы жерге жатсаң жақсы түс көресің» деген мақал бар. Бала не нәрсеге де бейім келеді емес пе, өкінішке қарай, қазақтың «Балаңды бес жасқа дейін піріңдей тұт, бестен он үшке дейін құлыңдай жұмса» дегенін естен шығарып аламыз. Ал буыны қатқан бала кейін бой бермей кетеді де, дәрменсіз күй кешеміз. Қазіргі кейбір балалар өте айлакер. Үйден кетіп, қонбай қорқытады. Сөйтіп, үлкендерді қорқытуға тырысады, «Іштен шыққан шұбар жылан». «Өз қолын өзі кесе алмай» жалынып-жалбарынып, сылап-сипап жүргенде кейбір балаларды бетімен жіберіп, бейшара күй кешеді. – Бүгінде мұғалімдердің белсенділігі неге төмен? Жалпы, білім-тәрбие мәселесін былай қойғанда, жыл сайын сөз болып жататын оқулықтар жайында да мұғалім­деріміз неге үнсіз? – Авторлардың арасында мұғалімдер жоқ емес, баршылық. Дегенмен білім беру саласындағы стандарт деген дүние бар, бағдарлама деген дүние тағы бар. Еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектебі Кэмбридж университетімен бірге жаңа білім бағдарламасын жасап шығарған оқыту әдістемесіне байланысты оқулықтар қатардағы мектептердің жүйесіне жіберілмейді. Сондықтан қатардағы мектептердің мұғалімдері пікір айта алмайды. Ал зияткерлік мектептерде іріктеліп алынған дарынды балалар оқиды. Ол мектептердің материалдық-техникалық жағдайлары да мүлдем басқаша. Тіпті, онда оқитын оқушы саны да бөлек. Қаржыландыру тәсілдері де өзгеше, сондықтан да оларға сабақ беретін мұғалімдердің жалақысы жоғары. Бір сөзбен айтқанда, зияткерлік мектеп пен басқа мектептердің жағдайын салыстыруға тіпті келмейді. Оқулықтарда кемшін тұстар баршылық. Мұғалімдердің белсенділігі туралы айтсақ, осы бір стандартқа келгенде іркіліс байқалғанымен, бізде де ғылыми-әдістемелік құралдар жазып, жүзеге асырып жатқандар жоқ емес. Ұстаз беделі, әрине, өзіне байланысты дер едім. Егер оның бойында білімділігімен қатар, ұстамдылық, сабырлылық, бала тілін таба алатын ұлылық болса, балаға деген қамқорлығын көрсете білсе – ең ұлы ұстаз осы! Баламен сөйлесе білу, баланың тілін таба білу деген бар. Осындай қасиеттері бар ұстазға оқушы да, ата-ана да бас иеді. Өкінішке қарай, бүгінде еліміздегі педагогикалық университеттер мен институттарға тегін оқуға гранттар көбірек бөлінетіндіктен педагогикаға кездейсоқ түсіп, оқитындар саны да көбейіп отыр. Солардың көбі қолдарына диплом тигеннен кейін, тәуір оқығандары магистратураға, басқа салаға кетіп жатады. Ал өз басым мектеп қабырғасында тәуір оқымаған адам ешуақытта тәуір мұғалім бола алады деп ойламаймын. Дәрігер мен мұғалім мамандық таңдауда шатаспауы керек. Қақысы да жоқ, сонау мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ қалыптасқаны жөн, бейімделуі қажет. Ең бастысы, тиянақты білім! Ол білімді үнемі толықтырып, жетілдіріп отыру керек. Өйткені бұл мамандықтың екеуі де адамдармен жұмыс істейді ғой. Расында да, мұғалім тапшы. Жетіспейді. Егер білімді, білікті мұғалімдер жетіп тұрса, бүгінде алпысты алқымдап, жетпіске келіп қалған ұстаздар әлі күнге дейін мектептен кете алмай жүрмес еді. Шынтуайтына келгенде, әсіресе, білім саласын ұстап отырған осы жастағы маман-ұстаздар десем, артық айтқандық емес. Білімді жастар да бар, дегенмен баламен қарым-қатынасы мүлдем бөлек, баланың тәлімгері емес, бөтен адам секілді. Баламен тіл табысуға икемі жоқ, шошып, өзінен-өзі үркіп тұрады. Баланың аты бала ғой, ол артық сөйлеуі де, артық қимыл, артық мінез көрсетуі де әбден мүмкін. Оларды қорқыту не болмаса жазғырып емес, қандай жолмен жөнге салудың амал-айласын таба білу керек. Сонда ғана бала оған сеніммен қарайды. Бала сенбей, үркіп, үрейленіп тұрса, ешқашан оның сабағына зейін қоя алмайды. «Сен немене, соны да білмейсің бе», – деп дөрекілік көрсетсең, ол оқушы саған да сондай қарым-қатынас жасайды. Сыйламайды да. Екеуара байланыс, қамқорлық болуы шарт. Бедел дегенді ешкімнен сұрап ала алмайсың. Елбасымыз мұғалімдердің беделін көтеру жолында біраз бағыт-бағдар беріп, үнемі назарында ұстап отырады. Заң дайындалуда. Ата-ананың міндетін де қатайтса, жауапкершілігін күшейтсе, құба құп болар еді. Балаларға мұғалімдермен бірге тәрбие жүргізетін ата-аналар, сөз басында да айттым ғой, өте аз. Мектеп табалдырығынан баланы қабылдап алып жатып, оқушының киімінің кір екенін, шаш-тырнағы өсіп кеткенін ескертіп тұру, сол үшін кейбір ата-аналардан сөз естіп, сабақ басталмай жатып-ақ, көңіл-күйіңізді бұзу – біздің міндетіміз емес. Бізге тап-тұйнақтай, тап-таза оқушы әкеліп тапсыру қарапайым ғана қағида болса да, сол мәселе әлі күнге «бас ауру» болып келеді. – Аягүл Төреқызы, өзіңіздің елу жылға таяу ұстаздық қызметіңіз, сол жолдағы бай жұмыс істеу тәжірибеңіз жайлы бірқатар мақалалар жарық көргенін білеміз. Біздің оқырмандар отбасыңыз жайлы, Ұстаз-Ана, Ұстаз-Әйел, Ұстаз-Жар, Ұстаз-Әже ретінде де білгісі келеді... – Иә, ол да жөн екен. Ата-анам менен кейін ұзақ уақыт перзент сүйе алмай, жалғыз менің қас-қабағыма қарап, аузымнан шыққан әрбір сөзіме қуанып отырушы еді. Он жылдан кейін ғана бірінен кейін бірі бес ұл дүниеге келген соң, қадірім тіпті арта түсті. «Май табан, артынан бала ерді» деп айрықша мәпеледі, бірақ ақылды ерке болып өстік. Түйсігің болса еркеліктің де, серкеліктің де жөні бар. Тараз қаласындағы, ол кезде Жамбыл ғой, институттың соңғы курсында жүргенде тұрмысқа шықтым. Жолдасым Жұмабай Байнатов екі жыл бұрын осы институтты бітіріп, сол білім ордасында еңбек етіп жатты. Біз қосылғаннан кейін біраздан кейін білімін жетілдіру мақсатында оқуға кетті де, жасы келіп қалған енеммен жалғыз қала бердім. Бір жылдан кейін ұлым Өркен дүниеге келді. Сол жылы күйеуім Киевке аспирантураға түсіп, бізді де алып кетті. Бір жылдай оқып, демалысқа келгенде енем марқұм жылап көрісті. Жалғыз қалдым, сағындым деп жылаған соң, жолдасыма: «Сен оқуыңа бара бер, біз енеммен бірге болайық. Студент сияқты жүре бермей, мен де жұмысқа шығайын»,– деп едім, ол: «Олай болса, әке-шешеңе жақын болыңдар, ауылыңа апарып тастап кетемін. Бұл жерде отырған-тұрғаның сөз болады», – деді. Қазақы тәрбиенің әсері ғой: «Ойбай, күйеуден шыққан қыз секілді туған ауылыма қалай барамын, ұят емес пе?» деп отырып алдым. Айтқанынан қайтпайтын мінезіне басып, өзімнің туып-өскен ауылыма әкелді. Оған, әсіресе, енем қуанды. Қазан айы, оқу жылы басталып кеткен. Өзім оқыған мектептің директоры Сайлаухан Сүйемханұлы өте білімді, жақсы адам еді. «Өзіміздің Аяш қой, келсін, мектебіне орналассын», – деп әкемнен сәлем айтып жіберіпті. Сонымен жұмысқа кірістім, әкемнің де беделі бар, екі бөлмелі барактан үй-жай алып берді де, алғашқы ұстаздық қызмет басталды. Балаға анам көмектесті. Директорымыз: «Түбі қалаға, Алматыға кетесіңдер ғой, партия қатарына өтіп ал», – деп ақыл айта жүріп, партияға өткізіп, көп көмегін жасады. – Сонымен... Алматыға қай жылы қоныс аудардыңыздар? – Сөйтіп, 1976 жылы осында, Алматыға көшіп келдік. «Орбита» ықшам ауданына тұрақтадық. Алматыға келгеннен кейінгі ұстаздық қызметім №68 орыс мектебінен басталды. Партбилеттің көмегін сонда көрдім. Орысшам да жетісіп тұрған жоқ еді. Сонда да болса, оқушыларыммен тіл табысып, сабақ беріп жаттым. Ауылдан қонған қарапайымдылық, ұстазға тән сабырлылық қала тірлігіне келген соң одан сайын тәжірибе жинауға септігін тигізді. Мұнда тіпті басқаша. Білек сыбана кірістім. Сабақтың бәрі орысша жүргізіледі. Мақсатым – оқушыларға математиканы қазақ тілінде оқыту. Көп ұзамай №86 орыс-қазақ мектебі болып ашылды да, сол мектепке ауысып кеттім. Бойыма ерекше күш құйылғандай. Қалада қазақтілді мектептер саусақпен санарлық екені жанымды ауыртып жүрсе де, мектептерде оқу ісінің меңгерушісі болып, ұстаздық қызметін жалғастырдым. Ал еліміз Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардың басында, яғни 1991 жылы осы қара шаңыраққа директор етіп жіберді. Сабақ басталуға он күн қалған, не бала жоқ, не мұғалім жоқ. Басқа мектептер бермейді. Әбден қиналған соң аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Тілеухан Өмірәлиевадан №12 мектепке барып педкеңес өткізуге рұқсат алдым. Ол мектептен Нұртазина мен Даниярова деген математикті ғана білетінмін. Педкеңестен кейін 33 мұғалім: « Сізбен жұмыс істегіміз келеді», – деп келіп тұр. Олардың алдынан дәріс алып жүрген 400 бала тағы еріп келді де, мектебіміз толып қалды. Бұл ретте қазақтың зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушыларының да көп еңбегі сіңді. Ең бастысы, Тәуелсіздіктің арқасында ашылған білім ордасында қызмет атқара жүріп, жетпіске де келіп қалыппын. Аягүл Төреқызы болмашы жымиып алып әңгімесін ары қарай жалғады. – Нағыз тер төгетін сәт туғанын, жауапкершіліктің де жоғарылай түскенін іштей мойындап, ерекше қуандым. Әрине, қуанатын жөнім де бар еді. Кеңестік идеологияның жетегінде кеткен ұлттық идеологияны қайта қалыптастыру, оны оқу-білімге жұмсау қаншалықты қиын болса да, көкіректі қуаныш кернеген сәттер де аз болмады. Өйткені сол жылдары елімізде заманауи білім ордалары – мектептер мен балабақшалар көптеп салына бастаған. Заманауи мектептерде заманауи материалдық-техникалық база да жолға қойылып, жаһандық үрдістер бой көтерді. Қазақ тіліндегі мектептер саны көбейді. Қазақ тіліндегі төл оқулықтарымыз жазыла бастады. Ұрпағымыздың бойына ұлттық болмысымызды, құндылығымызды, салт-дәстүрімізді қалыптастыруда қазақ мектептерінің рөлі ерекше екенін мойындағандар көбейді, оң өзгерістер басталғаны көз қуанып, көңіл толқытар тірлік еді. Ата-бабалар аңсаған, өмірбақи арманы болған еліміздің егемендігі жолында болашағымыз – ұрпағымызға, сол ұлы жолдағы, яғни білім мен ғылым жолындағы жас педагогтарға да ұстаз болуға тура келді. Жастардың бір шаңырақтың еркесі, оларды білімге ғана емес, ұқыптылыққа, ұстамдылыққа үйрету үшін де мұғалімнің өзінде осындай сабырлылық болуы керек. Ал педагогика дегеніңіз тек қана мектеп партасында отырған оқушы-шәкірттер ғана емес, сол ұжыммен, қала берді сол тәрбиеленушілердің ата-аналарымен де байланысың мықты болуы керек. Мектеп пен ата-аналар байланысын нығайту үшін олармен тығыз байланыста болу тәлім-тәрбиенің де дұрыс жолға қойылуына апарар жол. Біле білсеңіз, ең бірінші ата-ана психологиясын зерделей білу керек, өйткені бала бойындағы адами қасиеттер үйдегі, яғни отбасындағы тәлім-тәрбиеден бастау алады. Техника ғылымдарының докторы, профессор Жұмабай Байнатов ағаларың екеуміз ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған отбасымыз. Балалар қазақтілді, қазақи тәлім-тәрбие алды. «Мен елдің балаларын тәрбиелеп жатқан ұстазбын, ал өз балаларым одан да тәртіпті болуға тиіс» дегенді үнемі құлақтарына сіңіріп келемін. Сол сөз, сол ұстаным бүгінде немерелерімнің құлағында сәт сайын жаңғырып жүрген бақытты Ана, Әжемін. Иә, Ұстаздардың Ұстазы айтар тағылымды әңгіме мұнымен таусылмайды, бірақ амалсыз қоштасуға тура келді...  

 Сұхбаттасқан Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары