6 Желтоқсан, 15:31 178 0 Өнер Арман Құдайберген

ДЕРЕКТІ КИНОЛАР ФОРУМЫ

Алматыда Бірінші Орталық Азия деректі кино форумы өтуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек» деген-ді. Аталған бастаманы негізге алған Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ұжымы Орталық Азиядағы үздік мамандардың басын қосты. БАҚ өкілдеріне арнайы өткізген баспасөз мәслихатында университет ректоры Асхат Максимұлы: «Кино өндірісінің дамуы мен насихаты бағытында қалалық, республикалық, халықаралық фестивальдар мен форумдар жиі өтеді. Бірақ бүгінгі форумның басты ерекшелігі тек қана деректі фильмдер тақырыбы қозғалмақ. Осы форум аясында шетелдік қонақтарымызбен, деректі фильм саласында тер төгіп жүрген мамандармен, оқытушы профессорлар құрамымен дөңгелек үстелдер өткіземіз. Деректі фильмдердің даму үдерісі мен оның сапасын арттыру үшін қандай шаралар атқару керектігін сөз етеміз. Деректі фильмдер арқылы да әлемдік аренада өз орнымызды алуымыз керек. Бұл уақыт талабы», ‒ деді.

Бірінші Орталық Азия деректі кино форумының өтуіне мұрындық болған сценарист, режиссер Әсия Байғожина: «Бұл форумның Қазақстанда өтуінің мән-маңыздылығы бар. Біз осы арқылы әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, шығармашылық байланыс орнатпақпыз. Деректі фильмдердің тілдік құрылымы мен таралымы баршамызға ортақ. Сондықтан сондай мәселелер талқыланады», ‒ дейді. Форумға қатысушы шетелдік мамандар қатарында бұрынғы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, режиссер  Шухрат Махмудов, өзбекстандық сценарист және кинотанушы  Разика Мергенбаева, кинотанушы, ХКФ арт-директоры, философия ғылымдарының докторы Садулло Рахимов, Тәжікстаннан режиссер және продюсер, ХКФ лауреаты  Орзумурод Шарипов, кинотанушы, НЕТПАК пен ФИПРЕССИ әділқазылар мүшесі Гульбара Толомушова, Қырғызстаннан жас документалистердің көшбасшысы Жанышбек Дадабаев бар. Форумның айтулы шарасы – өзбекстандық режиссер  Баходыр Юлдашевтың «Улугбек. (Человек, раскрывший тайны Вселенной») фильмінің орта азиялық тұсаукесері. Аталған туынды 74-ші Венеция кинофестивалінің «Ең үздік деректі фильм» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған. Жалпы, форум аясында соңғы екі жылда түсірілген деректі фильмдердің көрсетілімі мен талқылаулар өтеді.

Соңғы жаңалықтар