ҚАЛЫҚТАЙ БЕР, «АҚ  КӨГЕРШІН» !

ҚАЛЫҚТАЙ БЕР, «АҚ  КӨГЕРШІН» !

ҚАЛЫҚТАЙ БЕР, «АҚ  КӨГЕРШІН» !
ашық дереккөзі
1885
Астана қаласындағы  «Жастар» мәдениет сарайында бүлдіршіндер арасында «Ақ көгершін» республикалық байқауы өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен өнерге бейімі бар балғындар қатысып, олар Астананың 20 жылдығына орай түрлі  жанр бойынша  бақ сынады. Оның ішінде топтық би, мәнерлеп тақпақ оқу, сән үлгісін көрсету, жеке және қос дауыста ән шырқау секілді сайыс түрлері бар. Бұл нағыз өнер мейрамы болды десек, артық айтқандық емес. Көрермендер «Осындай сайыстарды жиі-жиі ұйымдастырып тұрған жөн» деген ұсыныс-пікір айтып жатты. Өйткені мұндай байқаулар балалардың бағын ашып, өнерін шыңдай түсетіні айдан анық. Астана қаласындағы «Ұлағат» балалар бақшасының бишілер тобы осы конкурста Гран-при жеңіп алды. Олардың сол сәттегі қуаныштан бал-бұл жанған жайдары жүздері бақытты екендерін танытты, бәрі бір-бірін жапа-тармағай құттықтаумен болды. Араларында «Ұлағаттың» тәрбиешілері мен ата-аналар да бар. – Менің немерелерім Нұрәли мен Мәликаның «Ұлағат» жекеменшік балалар бақшасына барып жүргеніне үш жылдай болып қалды. Осы уақыт ішінде тәрбиеленушілердің қандай да бір байқауға қатысқанын естіген жоқпын. «Неге?» деп сұрасам, жекеменшік балабақшаларға ондай ұсыныс түсе бермейтін көрінеді. Мына байқауды да ұйымдастырып отырған «Ақ көгершін» қоғамдық қоры екен. Ал мемлекеттік мекемелер осындай байқауларды көбірек ұйымдастырса өте дұрыс болар еді. Сондай-ақ, балабақша мемлекеттік пе, әлде жекеменшік пе, оған да қарамау керек. Барлығына бірдей мүмкіндік берген жөн. Өйткені талапты да талантты балдырғандар барлық балабақшаларда бар, – дейді байқауды тамашалауға келген Сара Нәбижанқызы. Шынында да құлаққа кіретін сөз. Сөз реті келгенде айта кетейік, байқауды ұйымдастырушылар бүгінде тамаша өнерімен бүкіл әлемді тәнті еткен Димаш Құдайбергеновтің осыдан он екі жыл бұрын «Ақ көгершін» сайысында жүлдегер болғанын айтып қалды. «Ақ көгершін» оның ән әлеміндегі даңғыл жолын ашқан. Олай болса, осы байқауда бағын сынаған бүлдіршіндер арасында Димаштың ізбасарлары жүрмегеніне кім кепіл?!. Сондықтан «Ақ көгершін» секілді конкурстардың көп болғаны жақсы. Бүлдіршіндер арасында байқау өткізудің өзіндік қиындықтары бар шығар. Оны ешкім жоққа шығара қоймас. Дегенмен де балғындарды үш-төрт жасынан бастап түрлі өнер жолына тәрбиелеумен ғана шектеліп қалмай, олардың таудай талабы мен талантының жарқырай көрінуіне кең мүмкіндік беретін байқауларға көбірек қатысқандары құба-құп. Тағы бір айтарымыз – осындай шығармашылық байқаулар мен өнер мерекесі бүлдіршіндерге көл-көсір қуаныш пен шаттық сыйлайды. Оны осы жолы да байқадық. Балалар жүздері бал-бұл жайнап, ерекше көңіл-күйде жүрді. Ал балалардың қуанышынан артық бақыт жоқ. Қалықтай бер, «Ақ көгершін»! Өнерге бейімі бар балдырғандардың бағын аша бер!

Асқар АҒАБЕКҰЛЫ

Астана

Серіктес жаңалықтары