6 Желтоқсан, 11:57 130 0 Қоғам Арман Құдайберген

Қазақстан төрт сигналды қабылдады

ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов АҚШ-тың Калифорния штатында екі қазақстандық жер серігінің ғарышқа ұшырылғанын айтты.

Үкімет отырысынан кейін журналистерге берген сұxбатында: «АҚШ-тың Калифорния штатында «Falcon SpaceX» зымырантасығышы сәтті ұшырылды. Онда екі қазақстандық жер серігі болды. Қазіргі кезде олар орбитаға сәтті шығып, жұмыс істей бастады. Осы уақытқа дейін төрт сигналды қабылдадық. Астана мен Алматыдағы стансаларға сигналдар түсті. Бұдан бөлек, британдық әріптестеріміз де барлық сигналдарды көрді. Бір сөзбен айтқанда, ғарышқа ұшырылған жер серіктеріміз штаттық режимде жұмыс істеп жатыр», ‒ деді Бейбіт Атамқұлов. Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде жер серіктерін ретке келтіру шаралары атқарылып жатыр. Жоспар бойынша екі аптадан кейін тиісті мәліметтер түсе бастайды. «Мәселен, екінші жер серігімізде жерді қашықтан түсіру аппаратурасы бар. Одан алғашқы суреттер түсетін болады. Бір айта кетерлігі, бір жер серігін толығымен отандық инженерлер жинап шықты. Екіншісі британдық әріптестерімізбен бірлесіп шығарылды. Сондықтан осы жер серіктері арқылы біз отандық өнімді сынақтан өткізетін боламыз. Болашақта жерді қашықтан түсіру серігін барынша өзіміз жинаймыз деген жоспар бар», ‒ деді ол.

Соңғы жаңалықтар