Қызғалдақ жемеген қозы арманда...

Қызғалдақ жемеген қозы арманда...

Қызғалдақ жемеген қозы арманда...
ашық дереккөзі

Мәңгілік мұрамызды ұлықтау – ұлық міндет

Қоғамда зор серпіліс тудырған Елбасымыздың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарлық мақаласын Қазақстан халқын жаңа істерге бастауы деп қарауымыз керек. Елбасы ұсынған бұл бастау тарихи дәуірлерден келіп жеткен ұлттық мұраларымызды сақтау, қорғау, пайдалану ісіне ерекше, жаңаша, инновациялық серпін беретіні сөзсіз. «Ұлы Даланың жеті қырын» қамтыған жаңа бағдарлық бастама елімізде қызу қарқын алған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып табылмақ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан еліміздің мәдени, рухани мұраларын біртұтас қарастыратын жаңа саяси идеологиялық стратегия бағыт алып, оңтайлы тәжірибесін берді. Ұлттық тарихи жад жүйесінде сақталған қоғам мәдениетінің мета-мәдениеттік аспектілерін мемлекеттік саясат деңгейіне шығару маңызды шара. Осы стратегиялық бағдарламаны үздіксіз игеру арқылы тарихи дәуірлердің коммуникациялық мәдениет жүйесін жаңа қырынан реконструкциялау жүзеге асады. Тарихи мәдени мұра кешенін «ұлттық код» деп танып, культтік тұрғыда жаңа көзқараспен қарастыру қарқынды серпін алып отыр. Қазақ халқы мұра еткен «Ұлы Дала» атанған ұлан-ғайыр даламыз бен еліміздің тамырын тереңге тартқан тарихын жеті қырынан танытатын «Атқа салт міну мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан алма мен қызғалдақтың отаны» жеті бағытын ерекше жіті танып қана қоймай, бүкіл әлемге танытуға жаңа көзқараспен келгелі отырмыз. Салт аттылар мәдениеті Ботай мәдениетін жасаған адамдардың жылқыны қолға үйретуінен бастау алады. Жылқыны қолға үйрету әлемді дүр сілкіндірген жаңалық болды, бүгінде атқа міну мәдениетінің ежелгі қазақ даласында пайда болғандығын және Қазақстан жабайы жылқыны қолға үйреткен басты аймақ қатарына жататынын әлем ғалымдары мойындаған. Адамның жылқыны қолға үйретіп, оны ерттеп мініп, көлік ретінде пайдаланғаны адамзат өмірінде үлкен өзгеріс жасады. Қазақ халқы ер баланың есі кіріп, сүндетке отырғызған соң, бәсіре тай тарту етіп, оған ерттеуге бала ер, яғни ашамай соқтырған. Бәсіре тай болмаса, баланың жасына сай үйретілген, жуас, сымбаты жарасқан құнан не дөнен таңдалған. Таңдалған ат жабулап, үкілеп сәнделген. Мықтап тарт ашамайдың қолтырмашын, Жас бала жол үстінде болдырмасын, – деп ниет етіп, баланы атқа мінгізу міндеті ата-анасының таңдауымен ырымдап, аты шыққан шабандоз, желтақым, саңлақ жігіттердің біріне жүктелген. Баланың ата, әжесі таңдалған шабандозға сый кәдесін берген. Ашамайға отырған балаға қариялар: Ал, ақ тілек, ақ тілек, Атқа тоқым сал білек, Атқа да жақсы шаба біл, Жасыңнан малды баға біл, Өнеге, өнер таба біл, Аймағыңа жаға біл, Атқа міндің, ақ жол болсын, – деп бата берген. Ашамайға отырған баланың мінген салт атын «атқа мінгізу» міндеті жүктелген шабандоз ағаларының бірі жетектеп, ауыл аралатып, байғазы алған. Ашамайға отырғызып, ат жалын тартқызу – азаматтықтың бастауына ізгі жол салу. Ашамайға отырудан, ат тұлдауға дейінгі ер азаматтың өмірі ат жалында өтті десек болады. «Ер серігі ­­­– жүйрік ат» деп, ат – елін, жерін қорғаған ердің қанаты, жауынгердің серігі болды. Елтаңбамыздың басты символдық атрибуты пырақ – мифтік фольклорда дүлдүл, тұлпар, сәйгүлік, тарлан сияқты жүйрік аттардың синонимы ретінде қолданылып, теңдесі жоқ жүйрік аттың символына, метафорлық образына айналған. Қазақ жерінен табылған археологиялық бұйымдардан қанатты аттың бейнесінің кездесуі қазақ жерін мекендеген ежелгі тайпалардың діни дүниетанымында «қанатты ат» образының тарихи дәуірлерден жалғасын тауып келе жатқандығын көрсетеді. Қанаты бар салт аттыны көрсететін Алматы облысындағы Теңдік қорғанынан табылған алтын бұйымдар, Есік қорғанынан табылған қанатты және мүйізді аттар бейнесі дәлелдей түседі. Қарғалы шатқалынан табылған Қарғалы кеніші алтындарында «қанатты атты» көлік етіп мінген әйел образы, әйелдің жауынгер ретінде әскер құрамында болуымен байланысты.  width=  width=  

Қарғалы тәтісі фрагменті және оның сызба нұсқасынан қанатты ат фрагменттері

Қазақ халқында ежелден ерлермен қатар қыз бала мен әйелдердің атқа міну мәдениетінің ерекше дәстүрі қалыптасты. Қазақстанның қай жері болмасын әйел ерін жасауға үлкен мән берген. Әйел ері мініс құралы ретінде, тұрмыс қажеттілігін өтеп қана қойған жоқ, ол халықтың эстетикалық талғамын, тіршілікке деген құлшынысын арттырды десек, артық болмайды. Әрі ер-тоқым ұзатылар қыз жасауының басты бөлігі болды. Ұзатылар қыз үшін ата-анасы аты шыққан ерші-ұсталарға, зергерлерге тапсырыс берген. Әйел ері қашанда сүйегі ауыр, әшекейі мол болып жасалатын. Әйел ерлерін жасауға ершілер өнерін, ал тапсырыс берушілер қаржысын, сый-сияпатын аямаған. Әйел еріне керек жабдықтар тоқым, үзеңгі, құйысқан, өмілдірік, жүген, айыл, тартпа бәрі бір ғана шебердің қолынан шығатындықтан, олардың көркемдік нақышы біркелкі болатын. Күміс ерді күмісті темір бетіне шабу, қақтау, кіріктіру тәсілдері арқылы орындаса, алтын ерді алтынды күміс бетіне жалату, аптау арқылы сәндеген. Ұзатылар қызды ең таңдаулы атқа мінгізіп ұзатқан. Ұлы дала төсінде ежелгі металлургияны игеру адамзат тарихында металлургияның кең қанат жайып, оны еңбек құралдары мен қару-жарақтар жасау үшін негізгі шикізат көзіне айналдырған кезеңімен сипатталынады. Кен өндіру ісінің дамуы Ұлы Дала өркениетінің қалыптасуына ірі өзгерістер алып келді. Қола дәуірі тұрғындары шаруашылық, тұрмыстық және сәндік бұйымдар жасау ісін жоғары шеберлікке жеткізгенін қоныстардан табылған бұйымдардан көруге болады. Мыс пен қалайыны қосып балқытып, әр түрлі көлемде кейде сүрме, күшала, қорғасын қосып, полиметалды игеру Қазақстан территориясындағы сол дәуірдегі егіншілік, малшылық экономикасын дамытты, қоғамның дамуында маңызды рөл атқарды. Ежелгі кен қазбаларының қалдықтары Қалба, Нарын жоталарындағы қалайы кендерінен, Кенді Алтай, Жетісу, Сарыарқаның мыс, полиметалл кендерінен, Жезқазған, Кенқазған, Қорғасын, Бөріқара, Нілді, Шатыркөл, Майқайың, Гүлшат, Текелі, Қарағайлы, Ащысай, Мерғалымсай, Байжансай кен орындарынан ашылды. Көрік тәрізді қорыту пештерінің іздері Милықұдықта, Жезқазғанда, Шүлбі өзенінің Ертіске құяр жерінде, Қанай ауылы маңынан табылған. Ежелгі кен өндірушілер ошағы іздерінің байырғы қоныстар мен қонысқа жақын орындардан табылуы, қазақ жерінде адамдардың табиғатты басқару коммуникациясын тарихи дәуірлерде игергенін дәлелдейді. Ежелгі кен орындарының қазындылары шұңқыр, үңгір, ұра, жыра түрінде кездесіп, олардың тереңдігі ондаған метрге дейін жетеді. Бұл орындардан қорыту арқылы металы бөлініп алынған кентас қалдықтары, бос жыныс үйінділері табылып жатады. Кентасты өндіру үшін ұңғып алу жұмыстары тек рудалы өзектердің бойымен жүргізілген, бос топырақты қозғамаған. Қопсыма рудалар тас тоқпақшалармен, балталармен қарапайым ұрғылау арқылы алынды. Ежелгі кеншілер тығыз және қатты кентас рудаларды отпен уатқан. Отты өзектің үстіне немесе өзектің қуысына жаққан, оны жоғары температураға дейін жеткізген. Әбден балқыған кентасты суық сумен күрт салқындату арқылы қажетті минералдарынан ажыратқан. Босаған кен қабаты балға-шотпен уатылған, оны тері қапқа салып, сыртқа шығарған. Отпен уатумен қатар үңгімелеу әдісі де қолданылған, тастың астын үңгіп қазып, тас балғамен соққылаған. Терең үңгіме жасағанда үстіңгі қабаты опырылып түспес үшін, әр жерден бірнеше тіреу қабат қалдырған, ағаш тіреулер орнатқан. Кен орнынан тысқары жерде, кенді тас балтамен уатып, сумен жуу арқылы кенді тастан айырып алған. Одан әрі әбден уатылған кентасты ағаш күрекпен немесе малдың жауырын сүйегімен жинап алып, тері қапқа салып, қорытатын жерге тасыған. Кентасты жинауға күрек орнына пайдаланған, әбден мүжілген жауырын сүйектер қалдықтары да кен орындарынан жиі табылған. Аң стилі атауына ие болған сақ-скифтік өнер бүкіл Еуразия кеңістігіне таралған. Аңдар мен жан-жануарлар бейнесімен тұрмыс-тіршілікте қолданылатын бұйымдарды, киім атрибуттарын, қару-жарақтарды әшекейлеген, сәндеген. Мәні терең, бейнелері мазмұнды болып келетін аң стилі байырғы тайпалардың тотемдік діни танымынан ғана емес, сол дәуірдегі қолөнердің биік шоқтығы қалыптасқанынан мәлімет береді. Есік қорғанынан табылған сақ ханзадасы (тиграхауд сақ) Алтын адамның белдігінің өн бойында қанатты және мүйізді мифологиялық ат, барыс, бұғы, шошақ бөрікті бас киімінде құстар, ал ұшар басына қойдың алтын мүсіні орнатылған. Қой мүсін бас киімнің ұшар басына орнатылуы басқа аң стилі бейнелердің арасында шешуші рөл атқарып тұрғандай, әрі аң стилінде дала аңдарымен қатар, үй жануарларының маңызы жоғары болғанын айғақтайды. Ұлы Дала елінің шығармашылық мұрасы аң стилі, ислам діні дендеп енген соң өзінің жалғасын зооморфты (жабайы аңдар, төрт түліктің, құстар, жәндіктердің символдық бейнесі) ою-өрнектен тапты. Қазақтың қошқармүйіз, қанатты қошқармүйіз, сыңармүйіз, арқармүйіз, аттабан, тайтұяқ, құсқанат, итқұйрық, ботакөз, тышқаніз, алақұрт, өрмекші оюлары байырғы аң стилінің жалғасы, мұрасы. Ерте темір дәуірі мен ортағасырларда Батыс Еуропа мен Шы­ғыс елдерінің арасындағы сауда қатынастарының дамуы қазақ жерінің үстінен өткен халықаралық қатынас жол­дары немесе керуен жолдары б.з.б. 1-мыңжыл­дықтың орта шеніндегі «далалық сақ жолдарынан» бастау алады. Б.з.б. 1-мыңжылдықтың соңында Орта Азия және қазақ жерінің орталығы Алтай және Оңтүстік-батыс Сібірмен керуен жолдары арқылы жалғасты. Сырдарияның орта ағысының оң жақ жағалауы­нан төменгі ағысы бойына, одан әрі Арал жағалауынан Жайыққа, одан әрі батысқа, қазақ жері арқылы Оңтүстік Сібір және Алтайға, Ферғана және Ыстықкөл арқылы шығысқа баратын, Шығыс пен Батысты байланыстырып жатқан керуен жолы «Ұлы жібек жолы» деген атауға ие болды. Қазақ жеріндегі оба, қорғандардан, көне қала қоныстардан табылып жататын Балтық жағалауы­ның янтарьлары, Үндістанның сердоликтері, Сирия мен Мысыр­дың әйнек түймелері, Иранның халцедондары, шығыс еуропалық және орталық еуропалық фибулдар мен білезіктер, Қытай, Иран, Сирия жібек маталары, парфян және сасанид дәуірінің ирандық геммалары, басқа да бұйымдар ежелгі сауда қа­ты­настарын дәлелдейді.  width=

Қызғалдақгүл оюлы атжабу жабылған ат жетектеген Жетісу қыздары. 19- ғасырдың соңы.

Ерте ортағасырларда түркі мемлекеттерінің қалыптасуы, қала мәдениетінің дамуына байланысты Ұлы Жібек сауда жолының қазақ жерінің үстінен өтетін бірнеше тармағы қалыптасты. Бүгінде «Чанъань-Тянь-Шань коридорындағы Ұлы Жібек Жолы нысандары: Қойлық, Қарамерген, Талғар, Ақтөбе, Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек қалалары» деген атаумен археология санаты бойынша ЮНЕСКО тізіміне енген (Алматы, Жамбыл облыстары және Қытай, Қырғызстанмен ортақ). Ал Ұлы Жібек жолының Еуропа-Қытай аймағын қамтыған барлық тармағы ЮНЕСКО-ның алдын ала тізімі базасына қабылданған. Тарихи дәуірлерде сауда қатынас жолдары болған керуен жолдары кейінгі ортағасырдарда жорық, саяхат жолдары ретінде қызмет етсе, кейінірек көшпелі қазақтардың қазақ жерінің оңтүстігінен солтүстік-батысқа, оңтүс­тік шығысынан орталығына, солтүстік-шығысқа қарай көшетін көш жолдарының бір бөлігі ретінде де қызмет еткен. «Қазақстан алма мен қызғалдақтың отаны» атты бағдар «адам мен табиғат» категориясындағы ерекше таным, әрі бұл таным біз сияқты тарих саласының ғалымдарын «креативті» ойға жетелейді. Алма мен қызғалдақтың адамға табиғат берген сыйын, үлбіреген гүлдерінің әдемілігін адам сұлулығын теңеуге қолданып, «алма жүзді», «алмадай», «қызғалдақтай», «қыр гүліндей» деп бейнелі сөзге арқау етті. Алма – таулы, сулы жердің, қызғалдақ – қырдың, көктеудің, маусымдық қоныстың сәні болды. Екеуі де көктемде гүлдеп, қазақ даласын әсем бір күйге бөлейді. Тау тағылары – тауешкі, бұғы, арқарлар жабайы алмадан қорек тапса, халқымыз оның емдік қасиетін танып, түрлі ем-домдарға қолдана білді. Тау етегін жайлаған ауыл балаларының жабайы алма теруі, балалық шағының ажырамас бөлігі болды. Қызғалдақ көктемгі жайылымның сәні болды, осыған орай «қызғалдақ жемеген қозы арманда, қыз құшпаған жігіт арманда» деген мақал қалыптасты. Қызғалдақ гүлі кілемдей жапқан қырда жайылған қойдың сүті қою, биенің сүті құнарлы болады. Қызғалдаққа жайылған мал сүтінен шайқалған май қызғылт сары болып түсетіні баршамызға белгілі. Дәстүрлі қазақ ортасында көктемде қызғалдақ гүлдеген соң шайқалған май қойылған дастарқанға ауыл әйелдерінің жиналып, шүйіркелесіп шәй ішетін «қызғалдақ май» деп аталатын көне дәстүрі болған. Ғұрыптық мәні бар бұл дастарқанның басты атрибуты қызғалдақты далада жайылған мал сүтінен шайқалған май еді. Бұл дәстүр бүгінде көшпелі тұрмыстық тарих сахнасынан кетуіне орай жойылып кеткенімен, тарихи санамызда қалды. Дәстүрлі түсінікте қызғалдақ әсемдік пен шаттықтың нышаны деп саналды. Қазақ халқы көктемде туған қызына «Қызғалдақ», «Қырмызы», «Сарғалдақ» деп ат қойды, дәстүрлі қолөнер бұйымдарына нәбәтат, көгеріс өрнегі тобына жататын «қызғалдақгүл» оюын салуды жиі қолданды. «Қызғалдақгүл» оюы кестеленген түскесте, тұскиіз, киім-кешек, атжабу, түйежабу, ботажабу, дастарқан, тоқып салынған кілемдер, оймыштап салған ыдыстарды музей қорынан көруімізге болады. Қызғалдақ гүл кестелі орамалдың, қосетек көйлек етегінің сәні болған.  width=

Қызғалдақ гүл оюлы атжабу. Маңғыстау өңірі. Р.Карутц сызбасы. 20 ғ басы.

Неміс зерттеушісі Рихард Карутц 1909 жылы Маңғыстау жеріне үшінші рет келгенінде жергілікті қазақтардан қызғалдақгүл оюы салынған атжабудың, ертоқымның сызбасын сызып алып, «Среди киргизов и туркменов на Мангышлаке» атты кітабында жариялаған (Санкт-Петербург, 1911). Күллі өсімдік әлемі ұғымының қазақ тіліндегі байырғы атауы – нәбәтат. Әйгілі Қашаған жырау: Он сегіз мың ғалам болғанда, Үш бөлім болып тараған, Алтауы болар жәмәдат, Алтауы болар нәбәтат, Алтауы болар айуанат, – деп әлемдегі күллі тіршілік атаулының халықтың діни түсінігіндегі ұғымын жырға қосқан. Діни дүниетанымда жәмәдат – адамзат, нәбәтат – өсімдіктер дүниесі, айуанат – жан-жануарлар әлемі болып, он сегіз мың ғаламды құрайды. Қазақ халқының күнделікті тыныс тіршілігін, қоршаған ортасын бейнелеуі ою-өрнектен көрініс тапқан. Ұлы Даланың символына айналған аң стилі мен зооморфты оюлар жануарлар әлеміне, ал көгеріс оюлар өсімдік әлеміне байланыстан туындаған. Көгеріс оюлардың негізінде өркендеу идеясы жатыр, қыр гүлдерінің сабағы, жапырағымен бірге салынуы, мәңгі тіршілік, өмірдің жалғасы деген ежелгі наным-сеніммен байланысты қалыптасқан.  width=

Қызғалдақ гүл оюлы тоқым. Маңғыстау өңірі. Р.Карутц сызбасы. 20 ғ басы.

Елбасымыз «Ұлы Даланың жеті қыры» атты жаңа бағдарлық бастамасының «Тарихи сананы жаңғыртуға» бағытталған «Архив – 2025» жеті жылдық кезеңінде архивтік мұраларымызды цифрлы өңдеу арқылы қорда тұрған қолжазба, тарихи хаттар, дыбыстық жазбалар, фотоқұжаттарды бүкілхалыққа қолжетімді етуді міндеттеп отыр. Бұл міндетті орындаудың басты жүгін көтеруге мұрағаттанушылармен қатар отандық тарихшылар қауымы ұмтылуы керек. Қазақ­станның Тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдік кеңістікке шығуымен қатар, тарих ғылымы да түбегейлі өзгерістерге еніп, әлемдік ғылым мен білім жүйесінде бәсекеге қабілетті бола алуы бүгінгі күннің талабы. Қазақстанның білімі мен ғылымы әлемдік білім мен ғылым кеңістігінің бір тармағы. Қазақстанның тарих ғылымын реформалау уақыт талабынан туындап отырған қажеттілік және бұны жүзеге асыру аса қиын да, күрделі іс екені белгілі. Мемлекет ғылымды басқарудың жаңа кезеңіне – ғылыми мекемелерді басқарудан ғылыми зерттеулерді басқару жүйесіне көшуді жүзеге асыруға кірісті. Бүгінде біз ғылым мен білімді дамытуға мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат көлемін ұлғайтып отырғанын, іргелі ғылыми жобаларды игеруге мүмкіндік беріп отырғанын аса жауапкершілікпен қабылдауымыз қажет. Қазақстанның ғылыми-техникалық дамуының басым бағыттарын жүзеге асыруға әрқайсымыз өз үлесімізді қосқанымыз абзал. Қазіргі инновация заманында заман көшінен қалмау үшін жаңа технологияларды игеруге, жаңалыққа құмар болуға тиіспіз, себебі бұл заманда ғылым мен инновация ажырамас егіз ұғымға айналуда. Мемлекеттің қарқынды дамуында қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар да шешуші рөл атқаратыны сөзсіз. Қоғамымыздың бүгінгі даму деңгейі, қазіргі таңдағы ғылыми-теориялық қарекет тарих ғылымына басқаша көзқарастың болуын және тарих пәндерін оқытудың жаңа талаптарын, яғни қазіргі өскелең қоғамның талаптарына сай бейімделуін талап етеді. «Ұлы Дала тұлғалары» оқу-ағарту энциклопедиялық сабағын енгізу еліміздің тарихында аты алтын әріппен жазылған тұлғалардың қалдырған мұрасын игере отырып, өскелең ұрпақты ерлігі мен еңбегі тұрғысында тәрбиелейді, олардың бойында өз елінің, осы заманғы тұлғасы қалыптасады. «Дала фольклорының антологиясы», «Көне даланың көне сарындары» жинақтарын бүкілхалықтық қолданысқа енгізу де, халықтық дәстүрлі білімді қазіргі заманғы аудитория талап ететін инновациялық технологияларды енгізе отырып, ауызша тарихи мәліметтерді фотоқұжаттар, сызбалар, деректі портреттер арқылы беруді талап етеді. Еліміздің бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуына міндеттейтін басым бағыттардың бірі инновациялық нанотехнологияларды қоғамның барлық саласында қолданысқа енгізуден көрінеді. «Ұлы Даланың ежелгі өнері мен технологиялары» музейі, «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын іске қосу идеясын Еліміздің жаңа Ұлттық Стратегиялық жобасы деп қабылдауымыз керек. Қазіргі заманғы ғылым мен қоғамда ежелгі мәдениеттер коммуникациясы мен реконструкциясы маңызды орын алады. «Ұлттық код» өткен өмір, бүгінгі өмір және болашақ өмір сатыларының барлық кезеңінде өмір сүрген және өмір сүре беретін мұраларды қамтиды. «Ұлттық код» арқылы қазіргі заманда жетіспейтін, қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүруге қабілетті болған өткен дәуірлер тәжірибесін жаңа көзқараспен, жаңа ұстанымдармен зерттеп, қайта зерделеуге болады. «Ұлы Даланың жеті қыры» атты жаңа бағдарлық бастамасын оңтайлы жүзеге асыру «материалдық мәдениет» компонентін, «рухани мұра» компоненттерімен бірге тарих, филология, мәдениеттану, өнертану, табиғаттану, ескерткіштану, музейтану ғылымдарының тоғысында, пәнаралақ байланыста зерделеуді талап етеді. Бүгінгі ұрпаққа тарихымыз мұра еткен құндылықтарды көпқырлы өлшемінде таныту, түсіндіру үшін пәнаралық ғылымдар тоғысында қарастыру өте маңызды болып табылады. «Ұлы Даланың жеті қыры» бастауын қолға алу қазақ халқына жаңа ұлттық рух беріп, ұлттық бірегейлік регенерациясын жасаудың жаңа механизмін қалыптастыратынына сөзсіз сенімдіміз. «Ұлы Даланың жеті қыры» атты жаңа бағдарлық бастаманы мақсатты жүзеге асыру – мемлекеттік маңызы бар бүкіл халықтық іс.  

Тәттігүл Қартаева,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ профессоры