1112
МАҒЖАН СЕНГЕН ЖАСТАР
МАҒЖАН СЕНГЕН ЖАСТАР
Алматыда «Мен жастарға сенемін» атты студент-жастардың жыл сайынғы форумы өтті. Аталған шара Қазақ Ұлттық университетінің бастамасымен қатарынан алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Биыл оның ауқымы кеңейіп, республикамыздың 70 жоғары оқу орнынан 2 мыңға жуық өтінім келіп түскен. Қазылар алқасы барлық үміткерлердің жұмысын саралап, оның ішінен 500 жобаны екінші кезеңге өткізді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Жандану әлемі» қорының қолдауымен, «Жас Отан» жастар қанаты, ҚР Жазушылар одағы және Алматы қаласы әкімдігі Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» атты жастар форумы 4 бағытты қамтиды. Олар «Еліміздің инновациялық дамуына менің қосқан нақты үлесім» атты студенттік әлеуметтік маңызы бар инновациялық жобалар, «Мен мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты студенттік эссе, сондай-ақ, «Мен жастарға сенемін!» тақырыбында студенттік поэзиялық азаматтық-патриоттық шығармалар байқауы мен «Мәңгілік ел мұратым!» патриоттық ән байқауы.
Форум басталмас бұрын, ҚазҰУ-дың әл-Фараби атындағы кітапханасында «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-көркем экспозицияның ашылуы болды. Ол Елбасының мақаласындағы ата-бабаларымыздың озық технологияларын куәландыратын қазақтардың тарихи мұрасының барлық жеті символын бейнелейді. Экспозицияда сәндік-қолданбалы өнер ескерткіштерінің көшірмелері мен Қазақстанның ежелгі тарихының түрлі кезеңдеріндегі археологиялық олжалар қойылған.
«ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттар дала өркениетінің жоғары деңгейін көрсетеді. Мәселен, IX-XI ғасырдағы қимақ кезеңіне жататын жылқының ер-тұрманы, ата-бабаларымыздың сонау заманнан жылқыны қолға үйрету мәдениетінің жарқын мысалы. Шілікті және Жалаулы ескерткіштері маңынан табылған сақ кезеңіндегі алтын стильдік бейнелері бар есіктер және басқа да көптеген экспонаттар», – деп атап өтті ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаева.
Одан кейін форумның салтанатты ашылу рәсімі өтіп, ұйымдастырушылар жастарға сәттілік тіледі. 4 топқа бөлінген қатысушылар өз жобаларын қазылар алдында қорғап шықты. Жоба ұйымдастырушыларының бірі Дастан Қастай: «Бұл форум қазақ жастарының бойына ұлттық рух ұялатып, патриоттыққа тәрбиелейді. Білімді жастардың осындай форумдарда жиі бас қосып, бір-бірімен ой бөліскені еліміздің келешегі кемел, болашағы жарқын болатынын дәлелдейді», ‒ деді.