439
Тарихи күндердің куәсі болдым
Тарихи күндердің куәсі болдым
Мен киелі Түркістан облысының Отырар ауданында дүниеге келдім. Ұзақ жылдар бойы Алматыдағы қазақ телевизиясында қызмет атқардым. Күнделікті бейнесюжеттер жасап, сол арқылы көрермендерге мемлекеттің саяси-экономикалық және мәдени өмірі жайлы хабарлар беріп отырдым.
Президентпен бірге Қазақстанның барлық облыстарын аралап, шетелдік іссапарларда болдым, арнайы репортаждар әзірледім.
Осындай бақытты күндердің бірінде, 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанда тұңғыш Президент сайлауы өткен тарихи күні Нұрсұлтан Назарбаевтан арнайы сұхбат алдым. Ол сұхбат барлық қазақстандық телеарна эфирлерінде берілді, сол күні шыққан газеттердің бірінші бетінде сұхбат алып тұрған суретім жарияланды. Міне, осы шақ мен үшін ең қуанышты күндерімнің бірі болды.
Екінші қуанышты сәт, Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы Президенттің қабылдауында болып, шетелге аккредитацияға тіркелген бірінші қазақстандық корреспондент ретінде Түркия еліне қызметке аттанғаным еді.
Қызмет еткен жылдары Түркия президенттері Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирелден сұхбат алдым. Оның барлығы Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жүрді. Түркия Республикасындағы қызметім барысында Президент туралы түрлі-түсті фотоальбомның және Қазақстан мен Түркия елдері туралы кітаптың жарыққа шығуына атсалыстым. Қазақстан және оның көшбасшысы туралы деректі фильмнің шығарылуына да өз үлесімді қостым. Бұның барлығы менің ұмытылмас күндеріме айналды.
Түркияның Станбұл қаласында ұзақ жылдар бойы Қазақстанның Бас консулы ретінде дипломатиялық қызметте болдым.
Қуанышты сәтімнің тағы бірі – Президент қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алуым. Бұдан асқан қамқорлық жоқ.
Қазір Қызылорда облысында Президент саясаты және Президент турасындағы өзім түсірген суреттерден жиі фотокөрме ұйымдастырып тұрамын.
Осылайша Президентпен көп мәрте кездескен едім. Тұңғыш Президенттің сенімі мен қолдауы мені биіктерге көтерді. Мен бұны тағдырдың тартқан үлкен сыйы деп білемін.
Ержан Уайыс,
Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері