341
23 мыңнан астам жамбылдықтың жалақысы көтерілмек
23 мыңнан астам жамбылдықтың жалақысы көтерілмек
2019 жылдан бастап бюджеттен жалақы алатын 23 мыңнан астам жамбылдық азаматтардың төменгі жалақысы өспек. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін жариялау барысында мәлімдеді.
Сондай-ақ, Жамбыл облысында Мемлекет басшысының алты басым бағыты бойынша жұмыстардың тыңғылықты орындалып жатқанын жеткізді.Жалақы көтеру туралы Президенттің үндеуін жамбылдық жеке меншік иелері қуаттап отыр. Жаңа жылдан бастап өңірдегі ірілі-ұсақты кәсіпорындардың көпшілігінде еңбекақы еселей өседі.
«Облысымызда 95-ке жуық ірі және орта кәсіпорындар бар. Соның ішіндегі кәсіпорындар бүгінде келіссөздің алғашқы нәтижесі ретінде 9 мың қызметкердің еңбекақысы келер жылы көтерілгелі отыр. Бұл жерде тек 42 мыңға дейін емес, 42 мың теңгеден жоғары көтерілетін болады», – дейді Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов.
Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 16 мыңнан астам мұғалімнің жалақысы 30 пайызға өскен. Жағымды үрдіс келер жылы жалғасын таппақ. Бұдан бөлек, өңірде шағын және орта бизнесті несиелеу көлемі де артады. Биыл жергілікті бюджеттен 6,3 млрд теңге бөлінсе, келер жылы бұл қаржының көлемі 8 млрд-қа дейін жетпек.
«Қазір облыста шетелдік инвесторлардың қатысуымен құны 1 млрд АҚШ доллары болатын 13 жоба іске асырылуда. Агроөнеркәсіптің қайта өңделген өнімінің экспортын көбейту мақсатында жыл басынан 2,3 мың тонна ет экспортталды. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 3 есеге көбейіп отыр», –деп атап өтті өңір басшысы Асқар Мырзахметов.
Жолдауға сай, өңірде медициналық көмектің қолжетімділі артпақ. «7-20-25» бағдарламасымен халықты үймен қамту да биліктің басты назарында. Бұдан бөлек, жол, инфроқұрылым мәселесі де шешілмек. Әкімнің есебіне сай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы көңіл қуантарлық.
Сонымен қатар, жамбылдық кәсіпкерлер де Елбасы Жолдауында айтылған жалақыны көтеру мәселесі бойынша жиын өткізді. Кәсіпкерлер бас қосқан жиында жұмысшылардың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру жайы жан-жақты талқыланды. Жалпы Жамбыл облысында 17 мыңнан астам кәсіпорында 176 мың жұмысшы бар. Ал олардың 70 мыңға жуығы 50 мың теңгеден төмен жалақы алады екен. Табысты көтеруге байланысты тапсырманы орындауға екі айдан аз мерзім қалды. Уақыт тығыз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдету маңызды.
Қаңтар айынан бастап өңірдегі 10 кәсіпорында 9222 қызметкердің еңбекақысын көтеру жоспарлануда. Облыстағы ірі және орта кәсіпорындардың басшыларымен жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көтеру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Жиында сөз алған еңбек инспекциясының басшысы Серғали Айдапкелов елімізде экономикалық өсімнің бар болғанына қарамастан, оның халықтың тұрмыс-тіршілігімен деңгейлес еместігін айтты. Жалақыны көтеруге байланысты Елбасы тапсырмасына сай, кәсіпорындардың қазірден бастап ұжымдық шарт жасасуға кірісудің маңыздылығына тоқталды. Мұнан өзге, негізсіз бағаны көтеруге жол бермеу, шығарылатын отандық өнімнің сапасына мән беру сынды өзге деөзекті тақырыптар талқыға түсті.
Мәліметтерге сүйенсек, Жамбыл облысы бойынша 4 ірі және 14 орта кәсіпорын Елбасының Жолдауын қолдау бойынша шешім қабылдап, өздерінің бюджеттерін айлық мөлшерін көтеру туралы есептеулер жасап, ұсыныстар берген.
Қазір елімізде шағын, орта және ірі бизнес түрлері қарқынды дамып, мемлекеттің өркендеуіне үлкен үлес қосылуда. Бұған қатысты республикада түрлі бағдарламар, жобалар қолға алынып келеді. Бұл жобалар жас ерекшелікке қарамай, мемлекеттің барлық буын өкілдерін қамтиды. Мәселен, «Jas Project», «Бизнестің жол картасы-2020», «Сыбаға» осы секілді 100-ге жуық бастамалар жұмыс жасауда. «Бизнестің жол картасы-2020» жобасы 22 мың адамды жұмыспен қамтып, осыған қатысты мемлекет тарапынан 224 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарлануда.