Мәртебелі мамандық туралы сөз

Мәртебелі мамандық туралы сөз

Мәртебелі мамандық туралы сөз
ашық дереккөзі
971
Мемлекет басшысы еліміздегі білім саласын жаңа сапалық деңгейге көтеру жөнінде ұдайы айтып келеді. Айтып қана қоймай, бұл бағыттағы мақсат-міндеттерді жүзеге асырудың жолдары мен мүмкіндіктерін саралап,  тайға таңба басқандай көрсетіп те берген болатын. Биылғы Жолдауында бес әлеуметтік бастаманың бірі ретінде жастарға сапалы білім беруді жақсарту жөнінде нақты бағыт-бағдар жасағаны жайдан-жай емес. Елбасы Н.Ә. Назарбаев осы Жолдауында былай деген еді: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін төмендегідей шараларды ұсынамын. Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр. Бұл да жастарға мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі.Сонымен бірге, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру керек. Аталған шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді, бұл – жалпы әлемдік тренд». Мамандықтың жаманы жоқ. Бірақ нарықтық экономика жағдайында кейбір мамандықтың қажет болмай қалуы әбден мүмкін. Мұны да Елбасы талай мәрте тілге тиек еткен еді. Көзі ашық, көкірегі ояу жастар мұны айқын түсінуі ләзім. Олардың керексіз диплом алу жолында жанұшырып жанталаспай, қазіргі нарық жағдайында ел үшін де, өзі үшін де қажетті және күнкөріс көзі болатын кәсіптерді игеруін қарастырған абзал. Себебі Елбасының тікелей тапсырмасына байланысты қазір өндіріс орындары цифрлы технологияға көшіп, автоматтандыру мен роботтандыру жүйесі кең ауқымда жүргізіле бастады. Бұл – уақыт талабы. Отыз озық елдің қатарына ену үшін, қаласақ та, қаламасақ та, осылай жасауға тура келеді. Мұны өндіріс иелері жақсы түсініп отыр. Бұл мақсаттағы жоспарлы жұмыстар жүзеге асса, өндіріс орындарында қол күшімен атқарылатын жұмыстар айтарлықтай азаяды. Сонымен бірге халықаралық стандарттар деңгейінде әлемдік нарыққа шығуға жақсы жол ашылады. Ал ол үшін заман талабына сай лайықты мамандар қажет. Оларды шет жерде емес, өз елімізде даярлауға мүмкіндік бар. Бұл бағытта мемлекет те қарап қалмайды, қажетті қаражатты бөліп, лайықты жағдай жасап жатыр. Елбасының Жолдауда баса айтып отырғаны да осы. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да осы мәселені көтерген болатын. Онда Қазақстанның үшінші жаңғыру кезеңіне арқау болатын негізгі алты бағыт бойынша басты қадамдарды атап көрсеткенін жақсы білеміз. Соның бірі – бәсекеге қабілеттілік. Бұл мақсат-мұраттың да ойдағыдай орындалуы білікті мамандарға тікелей қатысты. Мұның бәрі бір-біріне байланысты, сабақтасып жатқан өзекті мәселелер. Өйткені нарық жағдайында бәсекеге қабілетті болу үшін еңбек нарығы мен білім беру жүйесі өзара тиімді түрде әрекет етуі қажет. Бұл жұмыс Қазақстанда Ұлттық біліктілік жүйесін енгізу арқылы жүргізіліп жатқанын барша жұрт жақсы біледі. Тиісті орындар оны осыдан алты жыл бұрын қолға алған болатын. Содан бері 400-ден астам кәсіби стандарт жасақталды. Сол жобаға сәйкес 2017-2020 жылдар аралығында тағы 550 кәсіби стандарт әзірленіп, бекітілуі тиіс. Осының бәрі еліміз үшін қазіргі уақытта қажет болып отырған білікті де білімді мамандар даярлау мақсатындағы нақты қадам. Тағы бір өзекті мәселе – мектеп бітірген жастардың басым бөлігі көңілі қаласын-қаламасын, кейбірі ата-анасының ықпалымен, әйтеуір бір дипломға қол жеткізу үшін оқу орындарына құжаттарын тапсырады. Осындай жағдайдың салдарынан Қазақстанда қолында қолақпандай дипломы бар заңгерлер мен экономистер, басқа да қажетсіз мамандық иелері қаптап кеткен еді. Бұл көкейкесті мәселенің алтын бесік – ауылдарға да тікелей қатысы бар. Тек өндіріс орындары ғана емес, еліміздің ауыл шаруашылығына да білікті мамандардың қажеттілігі байқала бастады. Бұл – Қазақстанның барлық облыстарына тән жағдай. Өйткені соңғы жылдардағы зерттеулерге қарағанда, дипломды жастардың ауылда жұмыс істеуге құлқы да, құлшынысы да төмендеп кеткен. Павлодар облысында да осындай жағдай айқын байқалды. Оның үстіне қолында тиісті оқу орнын бітіргені жөнінде қолақпандай дипломы бола тұра, жас мамандардың басым бөлігінің біліктілігі мен машығы төмен екені белгілі болды. Ауыл шаруашылығы мен өндірістің қазанында қайнамағандықтан, оларды қайта оқытуға және тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беруге тура келеді. Басқа амалы жоқ болғандықтан, еңбек ұжымдарының басшылары осындай мамандарды да жұмысқа қабылдауға мәжбүр. «Уақыт өте келе төселетін шығар», «Өмірдің өзі үйретеді ғой» деп, өздерін жұбатып жататынын талай мәрте естідік. Ауыл шаруашылық саласында еңбек ететіндердің орташа жасы қазір алпыстан асып кеткен. Олардың орнын басар ізбасарлар жоқтың қасы. Осы жағдайды түзеп, жас мамандардың ауылда еңбек ету құлшынысын оятып, олардың жаңа технологияларды игеріп, уақыт талабына сай бейімделуі үшін не істеу қажет? Бұл ретте бірінші кезекте оқу мен тәжірибені ұштастырудың орны бөлек. Павлодар облысындағы техникалық оқу орындарында білім алып жүрген жастар да осындай пікірде болып шықты. Оған облыс әкімі Болат Бақауовтың Ертіс ауданына жұмыс барысымен барған кезінде көзі жетті. Ауданда жұмысы жақсы жүріп тұрған «Оразбаев» шаруа қожалығы бар. Ондағы егіс алқабы 20 мың гектар шамасында. «Оразбаев» шаруа қожалығы дәнді дақылдарды өндірумен бірге оны өңдеумен де айналысады. Мұнда бүгінде тұрақты түрде шамамен 100 адам еңбек етеді. Ал маусымдық жұмыстар кезінде қосымша тағы 100 адам тартылады. Шаруашылықтың бау-бақша алқабы бар. Мал шаруашылығы да негізгі кәсіптерінің бірі. Аудан әкімі Серік Батырғожиновтың сөзіне қарағанда, «Оразбаев» шаруа қожалығы табысты. Мұның мәнісі – олар жаңа технологиямен сұранысқа сай өнімдер өндіру бағытында жұмыс істейді. Басқа да шаруа қожалықтары секіл­ді олар да тап болып отырған қиындық­тың бірі – білікті жас мамандардың жоқтығы. Облыс әкімі шаруа қожалығында болған кезінде де осы мәселе көтерілген еді. Бұл көктем айы болатын. Сол жолы облыс басшысы көктемгі дала жұмыстарына белсене араласып жүрген Ертіс аграрлық-техникалық колледжінің оқушыларымен кездесті. Бәрі де өрімдей жасөспірім. Ауыл шаруашылық саласында жұмыс істеуге ерік-жігерлері жоғары. Өйткені олар білім мен тәжірибені ұштастырған. Сонымен бірге еңбекақы да алады. «Оразбаев» шаруа қожалығының басшысы 20 студентті жұмысқа қабылдаған. Айлық еңбекақыларын уақтылы алады. Тиісті мамандықтарына сай білім алумен қатар еңбекке төселеді. Шыңдалады. Ізденеді. Жаңашылдық жұмыстарын көрсетуге тырысады. – Бұрын студенттер сәуір-қазан айлары аралығында ғана механизаторлық топтардың құрамында жұмыс істейтін. Осы дәстүрдің жалғасы ретінде ауыл шаруашылығы саласының мамандықтарында оқитын жастар егіс даласында тәжірибеден өткені дұрыс. Бұл колледжден кейін жоғары оқу орындарына түсіп, болашақта кәсіби фермер болғысы келетін жастар үшін таптырмас тәжірибе, – деген еді сол жолы облыс әкімі Болат Бақауов. Бірақ облыстағы барлық дерлік оқу орындарында мұндай тәжірибе жоқ. Тіпті, оқу орнын аяқтаған дипломды мамандардың мамандығы бойынша түгелдей жұмысқа орналасуы мүмкін емес екені көрініп қалды. Мұның себеп-салдары неде? Білім сапасының төмендігі ме, әлде өндіріс орындары мен ауыл шаруашылық саласына ауадай қажетті мамандар даярлауда жүйеліліктің жоқтығы ма? Бұл жағдайды түзеу үшін не істеген жөн? Баянауыл ауданында өткен алқалы жиында осы жөнінде білім мекемелерінің басшылары ой-пікірлерін бүкпесіз ортаға салған еді. Сондағы қорытынды – Павлодар облысында техникалық және кәсіби білім беру мекемелерін оңтайландыратын уақыттың жеткені. Түлектердің көбі жұмыссыз болып шықты. Ал оларды оқыту үшін мемлекеттің қыруар ақшасы жұмсалды. Бұлай арамтер болудың қажеті қанша? Колледждердің негізгі көрсеткіштерінің бірі – түлектерінің жұмысқа орналасуы. Егер олар мамандығына сай жұмыс таппаса, оның жай-жапсарын зерделеген жөн. – Биыл Баянауыл аграрлық-техникалық колледжін 55 түлек аяқтаған. Соның тек 16-сы ғана жұмысқа тұрған. Онда да мамандықтары бойынша емес. Деректерге қарағанда, соңғы бес жылдың ішінде колледж түлектерінің 39 пайызы ғана жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 19 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмыс тапқан, – деді облыс әкімі Болат Бақауов. Бұл облыстағы барлық дерлік аграрлық-техникалық колледждерге тән жағдай. Ал бір білікті маманды даярлау үшін жыл сайын облыс қоржынынан 1,2 млн теңге бөлінеді. Осыған қарағанда есіл ақша босқа кетіп жатыр деген сөз. – Жуырда ғана аудит қызметі Шарбақты аграрлық-техникалық колледжінде тексеріс жүргізді. Бұл оқу орнында 6 қыз бала автослесарь және дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алып жүр, – деді Болат Бақауов. – Олар колледж бітіргеннен кейін мамандықтары бойынша жұмыс істейді деп ойлайсыздар ма? Меніңше, жоқ. Жастар арасында кәсіби бағдарлау жұмыстарын мектеп деңгейінде өткізу керек. Осы жерде ойдан ой туындайды, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов орынды мәселе қозғап отыр. Шынында да, оқушылар мектеп қабырғасында жүрген уақыттан бастап болашақ мамандықтарына байланысты бағыт-бағдар алуы тиіс. Өйткені қазіргі кезде Қазақстанда қажетті мамандар жеткілікті болмағандықтан, оларды шет мемлекеттен әкеліп жатқан компаниялар көп. Жасырып қажеті қанша, елімізде мектеп бітіріп жатқан түлектердің көбі уақыт оздырмай жоғары оқу орнына түсіп, оны бітіріп, жылы кабинет пен креслоға жайғаса қалатын жайлы жұмысқа тұруды қош көреді. Көп ата-ананың да ойлайтыны осы. Әлбетте, жастардың еңбек жолының даңғыл болып, қажетті мамандық иесі атануына ешкім де қарсы емес. Жолдары ашық болсын. Бірақ сол жоғары оқу орнын бітірген мамандардың барлығына бірдей көңілі қалайтындай жұмыс табыла қояр ма екен, сірә? Жоқ, әрине. Қазір, жасырып керегі не, еңбек нарығында жоғары оқу орындарын бітіргендермен салыстырғанда, қарапайым мамандық иелеріне сұраныс өте жоғары. Мұны бір-екі жылдан соң еңбекке араласатын бүгінгі мектеп оқушылары да жақсы біледі. Олардың арасында «Қазіргі уақытта Қазақстанда қандай мамандық мәртебелі деп ойлайсыңдар?» деген сауалнама жүргізілген кезде көбі баса көрсеткен мамандықтар: аспаз, көлік жөндеу шебері, сәнді шаш үлгісін жасайтын шаштараз, даяшы, электр механигі. Рас, бұл бір ғана Астана қаласы жоғары сынып оқушылары арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы. Мүмкін, Қазақстанның басқа өңірлерінде мектеп партасында отырған оқушылар жоғарыда келтірілген мамандықтардан басқа да кәсіптерді атайтын болар. Бірақ осы сауалнамаға қарағанда, өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығындағы мамандықтарды мәртебелі санайтын жастар аз. Оның сыры неде? Оларға қажетті ақпараттың жетпей жатқандығынан ба, әлде ауыр қара жұмысты қаламайтындығынан ба? Әлде мектеп бітіргелі отырған түлектерге жұмысшы мамандықтарына байланысты бағыт-бағдар, керекті кеңес бере алмай отырмыз ба? Осыны тиісті мамандар саралап, зерттеп көрсе артық болмас еді. Жыл сайын тап болып отырған тағы бір жағдай, бұл Павлодар өңіріне ғана емес, Қазақстанның басқа облыстарына да тән, мектеп бітірген түлектердің ішінде жоғары оқу орнына түсуге жолы болмаған соң, амалдың жоқтығынан агротехникалық колледждерге бір жапырақ диплом үшін баратын жастар бар. Ол диплом ертеңгі күні қажет пе, жоқ па, оған бас ауыртып жатпайды. «Оқыды» деген аты ғана. Мамандығына деген қызығушылық пен құлшыныс болмағаннан кейін бәрі бекер. Олар ғана емес, басқа да түлектердің де мамандығы бойынша жұмыс істеуі екіталай. Ары кеткенде маусымдық жұмыстарға араласады. Бұл уақытша ғана. Көктемгі дала жұмыстары мен мал азығын дайындау кезінде тиіп-қашып жүреді. Бірақ бұл олардың білікті маман болып қалыптасуына мүмкіндік бермейтіні айдан анық. – Сонда біздің облыстағы агротехникалық колледждер маусымдық жұмыскерлерді даярлау үшін жұмыс істейді деген сөз бе бұл? Оларды төрт жыл бойы оқытамыз, бір маманды даярлап шығу үшін қаншама қаражат жұмсаймыз. Айналып келгенде бар-жоғы екі ай ғана жұмыс істейтін жұмыскерді шығарамыз ба? Бұл дұрыс емес,– деп орынды ой айтты облыс әкімі алқалы жиында. Бұл мәселені шешудің жолы қайсы? Оңтайландыру. Біріктіру. Білім және ғылым министрлігі бұл істен хабардар. Облыс орталығына жақын Красноармейка аграрлық-техникалық колледжі қазір Павлодар облысының аграрлық инновациялық оқу орнына айналып отыр. Өңірдегі басқа шағын комплектілі аграрлық білім мекемелерін осы колледжге біріктіру жоспары бар. Теориялық сабақтар Красноармейка колледжінде өтсе, ал аудандардағы колледждер студенттер тәжірибеден өтетін орынға айналады. Агротехникалық колледждердің ұжымдары да осындай оңтайландыруға бас иіп отыр. Рас, Павлодар облысындағы кейбір колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіштері өте жоғары. Мәселен, Павлодар түсті металлургия колледжі және Ақсу қара металлургия колледжін бітірушілердің 95 пайызы жыл сайын өз мамандығына сай жұмысқа орналасады. Өйткені оларды қажетсініп отырған өндіріс орындары облыста жеткілікті. Жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындар да аз емес. Барлығына заман талабына сай, жаңа технологияны жақсы меңгерген, жұмысты мүдірместен, тартыншақтамай алып кететін білікті мамандар ауадай қажет. Оларды даярлайтын оқу орындары осындай талапқа сайма-сай болуы керек екені айтпаса да түсінікті. Мұғалімдердің біліктілігі, білім ордасының материалдық-техникалық базасы мен оқу бағдарламасы бүгінгі күннің талабына жауап беруі керек екені тағы бар. – Бозшакөлдегі тау-кен байыту комбинатына қараңыздаршы. Қарағанды, Астана қалаларының және тіпті Қырғызстан, Өзбекстан сияқты жақын шетелдің азаматтары жұмыс істейді. Ал біз болсақ өнеркәсіптік аймақта тұрып, қолымызда материалдық-техникалық база болғанның өзінде осындай үлкен кәсіпорынды жұмыскерлермен қамтамасыз ете алмай отырмыз, - деп тағы бір түйіткілді мәселені көтерді осы жолы облыс әкімі Болат Бақауов. Өндірісі өркендеп отырған өңірде кәсіби мамандарды қажетсініп отырған кәсіпорындар облыста жеткілікті. Жаңадан ашылатын кәсіпорындар да аз емес. Оның бәрі мамандарды шет жақтан әкелмейтіні айдан анық. Өйткені бұл тиімді емес. Қосымша шығын. Олар үшін мамандарды жергілікті жерде жасақтаған әлдеқайда жақсы. Аға буын жақсы біледі, кешегі кеңестік кезеңде ауылда да, қалада да кәсіптік-техникалық училищелер көп болатын. Қазір жоқ. Қаржыландырудың және қажеттіліктің жоқтығына байланысты жабылып қалды. Бұл – нарықтың қатал талабы. Ал техникалық мектептердің ішінде жоғары колледж болып жатқандары да бар. Бәрі емес, әрине. Өйткені кез келген орта арнаулы оқу орны қазір мұндай жоғары деңгейге ие бола алмайды. Талап пен жауапкершілік өте жоғары. Осыған сайма-сай келетін оқу орындары сирек. Саны бар, сапасы жоқ, қажетсіз кадрларды даярлап жатқан сансыз оқу орындарының қатарын азайтып, сұранысқа ие білікті мамандар даярлайтын жоғары колледждер көбейсе құба-құп, әрине. Бірақ ондай білім мекемелері Қазақстанда әзірге көп емес, санаулы. Осындай дәрежеге ие болған оқу орындарының алғашқысы – Шымкенттегі жоғары жаңа технологиялар колледжі. Бұл оқу ордасын тілге тиек етіп отырған себебіміз, бүгінгі тақырыбымызға тамызық болып отырған мәселе − білікті мамандар даярлау жөнінде болып отырғандықтан осындай колледждердің тәжірибесі республика аумағында кеңірек таратылса деген ой. Жоғары колледждің ең басты ерекшелігі неде? Біріншіден, жастар үш деңгейлі білім алады. Оның бірінші деңгейінде оқуға қабылданғандар жұмысшы мамандықтарына бейімделе бастайды. Ал екінші деңгей бойынша колледж бағдарламасы, үшінші деңгей кезінде жоғары оқу орындарының бағдарламасы шеңберінде оқытылады. Интеграциялық білім беру дегеніміздің мәнісі осы. Мұның тиімділігі өте жоғары екеніне көз жетіп отыр. Өйткені осы арқылы сапалы мамандарға қол жете бастайды. Қазір Түркістан облысының өндіріс және құрылыс орындарында қажетті мамандар жеткілікті. Жастар колледжде оқып жүріп-ақ болашақ жұмыс орындарының қыр-сырына қаныға бастайды. Бұл ретте модульдік технология әдісі бойынша білім алудың да пайдасы зор. Түсінікті тілмен айтқанда, студенттер дәрістің 65 пайызын әлеуметтік серіктестердің өндірістік базасында алады. Олар жоғары колледж қабырғасында білім ала жүріп, уақытының көп бөлігін өндіріс орындарында немесе құрылыс алаңында өткізеді деген сөз. Аталмыш жоғары жаңа технологиялар колледжінің сенімді серіктесі – «ОтауСтрой» компаниясы оңтүстік өңірде ғана емес, Қазақстанға белгілі. Өндірістік базасы өте жақсы. Тек құрылыспен ғана айналыспайды, сонымен бірге осы салаға қажетті материалдардың, құбырдың түр-түрін шығаратын өндіріс орындары да жеткілікті. Осының бәрін студенттердің көзбен көріп, қолмен ұстап, оқу-тәжірибе барысында кеңірек қанығуына мүмкіндік бергендіктен, олардың қызығушылығы мен ынта-жігері өте жоғары. Ең бастысы, колледжді бітірген түлектер үшін жұмыс орны дайын. Білімді де білікті мамандарға қол жеткізу үшін осындай тәжірибелерге тиісті орындардың жеткілікті мән бергені жөн болар еді.  

Ғалым ОМАР-ХАН

Павлодар облысы

Серіктес жаңалықтары