Агроөнеркәсіп кешені ғылымға негізделуі тиіс

Агроөнеркәсіп кешені ғылымға негізделуі тиіс

Агроөнеркәсіп кешені ғылымға негізделуі тиіс
ашық дереккөзі
Алматыда өткен «Ғылымға негізделген агроөнеркәсіп кешенін қалыптастыру» форумы барысында білім саласының өзгерістері мен жаңалықтары туралы айтылды. Форум алаңында Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың алға қойған міндеттерін жүзеге асыру жолындағы бірлескен қадамдарды талқылау үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің басшылары, ЖОО мен ҒЗИ ғалымдары, жергілікті атқарушы органдар, агрокәсіпорындар, халықаралық ұйымдардың басшылары, ата-аналар, студенттер, магистранттар мен докторанттар бас қосты. Бүгінде бұл салада 23 ғылыми зерттеу институты мен 3 университет мамандар даярлайды. Алайда, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев бұл мамандардың сапасы сын көтермейтінін айтты. «ҒЗИ жүйесінде басымдықты тәжірибеге, коммерцияландыруға беріп жатырмыз. Ғылыми жетістіктер жоқ емес, бірақ технологиялар трансферті керек. Үш полигонда тестілеуді бастадық. Егер былтыр ҒЗИ-лерде басқа шаруашылықтарға қарағанда нәтиже төмен болса, қазір нәтиже көтерілді. Ол кезде адамдарда сенім болмаған еді. Енді барлық өңірлерде полигон ашамыз. Жеке қожалықтардан Темірхан Мыңайдар-ұлы сияқты (Досмұхамбетов) іріктеп алып, экстеншн білімді тарату базасын құрамыз. Ғалымдарды жыл сайын жинайтын боламыз», – деді ол. Оның айтуынша, дайындаған маманы бәсекеге қабілетті ме, жоқ па – оған оқу орны бас ауыртпайды. Ауыл жастарының ішінде бәрі бірдей университетке түсіп отырған жоқ. Оқушылар ҰБТ тапсыра алмайды. Бұл – ауыл шаруашылығы саласы үшін өте үлкен түйткіл. «Студенттердің 10-20 пайызы артта қалып келеді. Бұл – айқын нәрсе. Осы санды азайтып, үлгеретіндермен теңестіру керек. Ал жаңадан түскендер ғарышкерлер сияқты қатаң іріктеуден өтуі тиіс.  Студенттердің ортаңғы өкілдері өзгерістерге азды-көпті бейім», – деді министр. Осы орайда Ауылшаруашылығы министрлігі бизнес өкілдерімен, ғалымдармен бірлесе отырып, аграрлық жоғары оқу орындарын Назарбаев университеті деңгейіндегі университеттерге трансформациялаудың жаңа бағдарламасын жасап, енгізіп отыр.  «Бізге ең озық технологияларды аграрлық салаға енгізуге дайын мамандар қажет.  Жаңа өндірістерді игеру керек, ғылыми жетістіктерді және оларды тәжірибеде пайдалануды дамыту керек. Саланы басқарудың озық тәжірибелерін қабылдап, осы жұмысқа шетелдік беделді мамандарды тарту керек», – деді ол. Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов хабарлағандай, 2023 жылға таман ағылшын тілін білетін мұғалімдердің саны 2,5 есе, шақырылған профессорлар саны 3 есе, оқу ақысы   32 пайызға, ЖОО табысы  2 есе, ал ұстаздардың жалақы қоры 20 пайызға артпақ. Сонымен қатар, білім беру бағдарламалары 35 пайызға, жұмыс істеп тұрған зертхана саны 30 пайызға қысқарады. «Бүгінде ҚазҰАУ-да 973 мұғалім сабақ береді. Оқу ұжымы арасында бұл туралы әңгіме болды, ұжым оған дайын. Мұғалімдердің саны 30 пайызға, 10 мың студенттің саны 30 пайызға қысқарады. Босаған грант орындары басқаларға бөліп беріледі. Есесіне бұл жерде сапа болады», – деді ректор Тілектес Есполов. Ал қысқартылған ұстаздар жергілікті шаруашылық орталықтарына жұмысқа тұрады. Сонымен қатар, университет ректоры жоғары оқу орнының базасында ғылыми-білім беру франчайзингі трансферті негізінде әлемдік деңгейдегі университет құрылып жатқандығын атап өтті. Біріншісі – үкіметтің ұлттық деңгейдегі рөлі және ЖОО мәртебесін арттыруға тартылатын ресурстар. Екіншісі – қажетті өзгеріс процестері және әлемдік деңгейдегі университет құру жолындағы қадамдар. ҚазҰАУ дамудың бірінші жолы бойынша көптеген жылдар бойы жүйелі түрде жұмыс істеп келеді, оқу орнының 9 халықаралық және ұлттық рейтингтердегі көрсеткіштері осының нәтижесі болып отыр. Университет басшысы, академик Тілектес Исабайұлы әлемдік деңгейдегі зерттеуші университеттің өзіндік тұжырымдамасы жасалғандығын, онда «Табыс факторлары» – ғылыми дарындар, қажетті ресурстар және тиімді менеджмент мәселелері қарастырылғандығына тоқталды. Оқу орны әлемнің озық оқу орындарымен бірге ғылыми-білім франчайзинг трансферті негізінде әлемдік деңгейдегі университет үлгісін жасауды жоспарлап отырғандығымен де бөлісті. Шетелдік ЖОО тәрибесі көрсетіп отырғандай, франчайзинг бағдарламалары университеттердің жедел дамуының бірден бір құралы ретінде қолданылып келеді. ҚазҰАУ өзінің инновациялық даму жолында QS рейтингінің 1-орнында тұрған ЖОО Вагенинген (Нидерландтар) университетінің тәжірибесіне сүйенбек. Бұл университеттің қалыптасу және даму тәжірибесі осыдан 20 жыл бұрын құрамына енген 5 ғылыми-зерттеу институттарымен интеграциялануында жатыр. Вагенинген университетінде мамандар дайындығы ғылым арқылы, ғылыми-зерттеу институттарында өтеді. Оның дамуындағы барлық мәселелерге мемлекет  толықтай қолдау көрсетеді. Вагенинген университетінде MFC жүйесі құрылған, оған университет, кәсіпорындар, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар кіреді. Олар бүкіл әлем бойынша 20-дан аса агроинновациялық  кластерлер жасап, жүзеге асырған және оған бизнесті де тартып отыр. ҚазҰАУ MFC жүйесіне енген. ҚазҰАУ ректоры өз сөзінде  азық-түлік қауіпсіздігі, азық-түлік эпидемиологиясы және қоғамдық денсаулық сақтау, өсімдік шаруашылығы сияқты мамандықтар бойынша магистратураның білім бағдарламаларында online-режиміндегі франчайзингті енгізу мәселелеріне баса назар аударды. Оқуды бітірген соң түлектер Вагенинген университетінің дипломын алып шығады. Франчайзинг бағдарламасы бойынша 2019 жылы 100 магистрантты оқуға қабылдау жоспарланып отыр. Сонымен қатар LabEX форматындағы халықаралық зерттеу бағдарламалары аясында суармалы шаруашылық, жеміс-көкөніс шаруашылығы, мал шаруашылығы сияқты басым бағыттар бойынша Мичиган университеімен бірге 20 жоба жасалатын болады. Әлемдік озық тәжірибелерді енгізу нәтижесінде 2023 жылға қарай оқыту сапасы артып, ғылыми бағдарламалардың орындалуы өсіп, аграрлық нарықтағы түлектерге деген сұраныс артатын болады. Сондай-ақ, форумда Парламент Мәжілі­сі­нің депутаты М.Теміржанов, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры А.Күрішбаев, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры А.Нәметов, «Қазақ жер шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры А.Агеенко сөз сөйлеп, салада қордаланып қалған түйткілдерді шешу жолдарын атап өтті. Ал форумға қатысушылар осындай пікір алмасулардың саланы сауықтырудағы пайдасы мол екенін атап, аграрлық білім мен ғылымды реформалау тұжырымдамасын қолдады.