Монополистер қаражатты мақсатты жұмсауы тиіс

Монополистер қаражатты мақсатты жұмсауы тиіс

Монополистер қаражатты мақсатты жұмсауы тиіс
ашық дереккөзі
Күздің соңғы айында күн суыта бастады. Бұл – жылыту маусымының сыналар шағы мен электр энергияны шамадан тыс жұмсайтын кез. Бұл мәселе Үкімет отырысында да сөз болды. Энергетика министрі Қ.Бозымбаев 2019 жылдан бастап электр энергиясын өндіру секторы үшін жаңа тарифтік әдіснама қолданылатынын және энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерінің объективті деңгейі белгіленетінін жеткізді.    Айта кету керек, он монополистің жылу бойынша тарифтері 4,4 млрд теңгеге төмендетіліп, «Уақытша өтемдік тариф» енгізілген. Дәл сол сияқты 14 алпауыттың да заңсыз «ішкен-жегені» желкесінен шығып, 12,1 млрд теңгені тұтынушыларға қайтаруда. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов тарифтерді төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар және жалпы тариф қалыптастыру жүйесінің айқындығын қамтамасыз ету жөнінде баяндады. – Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесінде жүктеген тапсырмаларын іске асыру мақсатында министрлік бірқатар шаралар қабылдады. Біріншіден, монополистердің электр энергиясын беру және жабдықтау саласындағы қызметтерінің тарифтерін төмендетуге бағытталған жұмыс жүргізілді. Қазіргі кезде Астана және Алматы қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында 10 монополистің жылумен жабдықтау қызметтерінің тарифтері 4,4 млрд теңге сомаға кемітілді, – деді ол. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, Павлодар, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, ШҚО, БҚО, Алматы және Қызылорда облыстарында 14 монополистің электр энергиясын тарату және жабдықтау қызметтерінің тарифтері 12,1 млрд теңгеге төмендетілген. Екіншіден, Елбасы бұл министрліктің монополияға қарсы органының халықпен кері байланысы ұйымдастырылмағанын қатаң сынға алған болатын. Қазір ведомство барлық облыс орталықтарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 12 қараша күні «қоғамдық қабылдаулар» ашқан. Мұнда келушілер саны артып, 617 адамға жетіпті. Үшіншіден, өткізілген қоғамдық қабылдаулар қорытындылары бойынша 2018 жылғы 16 қарашаға дейін келіп түскен шағымдар негізінде «базалық-тұғырлы монополистер» қызметіне, яғни сумен жабдықтау, кәріз-су бұру, жылумен жабдықтау, электр энергиясы мен газды беру және тарату қызметтерін көрсететін алпауыт кәсіпорындарға жоспардан тыс тексеріс жүргізілмек. – Монополистердің өз тарифтерін белгілеу үдерісінің айқындылығын арттыру, сондай-ақ, тарифтік сметалар мен инвестициялық міндеттемелерін орындауын бақылауды күшейту үшін қазір заңнамаға өзгерістер енгізілуде. Нақтырақ айтсақ, Мәжілісте жатқан «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы 2018 жылғы желтоқсанда қабылданбақ. Бұл құжатта тұтынушылардың құқықтарын қорғаумен айналысатын қоғамдық бірлестіктерді монополистердің тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламаларды орындау туралы есептерін қарау процесіне тарту көзделген. Осы орайда мұндай қоғамдық ұйымдар тұтынушылардың мүдделерін пәрменді қорғай алулары үшін оларды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру ұсынылады. Оларға әлеуметтік тапсырыс беріледі, тиісті біліктілік талаптары қойылады, – деді Тимур Сүлейменов. – Осы заң жобасында монополистердің тарифтерді бекіту жөніндегі өтінімдерін қарауды электронды форматқа ауыстыру және барлық тұтынушы үшін материалдар мен тарифтердің есептемелеріне толық қолжетімділікті қамтамасыз ету қарастырылған. Монополистердің қаражатты мақсатты жеріне пайдалануын толыққанды мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мақсатында министрлік қолданыстағы заңнамаға жаңа түзетулерді әзірледі. Олар табиғи монополиялар және қоғамдық маңызы бар нарық субъектілеріне тексеріс жүргізу жүйесін қайта қарап, қатаңдатуды көздейді. Атап айтқанда, монополистер қызметін мемлекеттік бақылау Кәсіпкерлік кодексте бекітілген «тексерістер жүргізуді ұйымдастырудың жалпы тәртібінен» шығарылады. Бұл олардың неғұрлым көп санын қамти отырып, монополистерді тексеруді жүйелі негізде өткізуге мүмкіндік береді, – деді Ұлттық экономика министрі. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, тарифтерді белгілеу жəне монополистердің тарифтік сметалар мен инвестициялық міндеттемелерді орындауды бақылау ашықтығын күшейту үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілуде. Осы орайда Премьер-министр нақты тапсырмалар берді. Бірінші, табиғи монополистердің тарифтік сметалар мен инвестициялық міндеттемелерді орындамау, қызмет құнынан өндірістік емес шығындарын заңсыз қосу бойынша анықталған барлық фактілерге талдау жүргізу қажет. Жосықсыз монополистер мен тарифтерді көтеру арқылы пайдаға кенелген компаниялар заң алдында жауап беруі тиіс. Оны тергеу барысы жариялауы керек. Бұдан өзге Энергетика, Ұлттық экономика министрліктеріне 1 желтоқсанға қарай «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифтерді төмендетуге мүмкіндік беретін жүйелі шараларды әзірлеу» жүктелді.

Игерілмеген қаражаттарды қайтару ісі жалғасады

Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев «7-20-25» бағдарламасын іске асыру барысы жөнінде баяндады. Бағдарлама 7 банк арқылы орындалады. 2018 жылғы 8 қарашадағы жағдай бойынша, банктер 35 млрд теңге көлемінде несиеге берілген 2900 өтінімді мақұлдаған. Ұлттық банк халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Тəулік бойы колл-орталық жұмыс істейді. Жақын арада «Алдын ала біліктіліктер» жобасы іске қосылады. Бұл əрбір қазақстандыққа онлайн-режимде бағдарламаға қатысу үшін өз мүмкіндіктерін бағалауға мүмкіндік береді. Қаржы министрі Ə.Смайылов есепті кезеңде бюджеттің барлық деңгейінде кірістердің (трансферттерді есепке алмағанда) орындалуы 2017 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда жақсарғанын жеткізді. Мемлекеттік бюджет кірістерінің өсу қарқыны 117,5 пайызды құрады, республикалық – 120,6 пайыз, жергілікті бюджеттер – 110,4 пайыз болды. Ə.Смайылов шығыстар бойынша атқару пайыздары өткен жылмен салыстырғанда жоғары екенін айтты. Мемлекеттік бюджет шығыстары 98,2 пайызға, республикалық бюджет 98,7 пайыз, жергілікті бюджеттер 98,3 пайызға орындалса, республикалық бюджет шығыстары 7788 млрд теңгені құраған. 100 млрд теңге атқарылмаған. Бұл тұрғыда Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бағдарламалар əкімгерлерінің лауазымды тұлғаларын тəртіптік жазалау бойынша ұсынылған шараларды қолдайтынын атап өтті. Игерілмеген қаражаттарды алу жəне оны республикалық бюджетке қайтару жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ, Премьер-министр Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігіне, жергілікті атқарушы органдарға еліміздегі халық табысының төмен болуы бойынша қазіргі жағдайға талдау жасауды жүктеді. Халық табысының атаулы жəне нақты мəндердегі өсімінің көрсеткіштері арасындағы айырмашылық туралы сөз қозғалды. Əлеуметтік-экономикалық даму туралы есептерді əзірлегенде, бірінші кезекте халықтың табысының көрсеткіштеріне назар аудару тапсырылды, бұл орайда əкімдіктер статистикалық деректердің дұрыс еместігін немесе басқа да себептерді сылтау қылмауы тиіс. ЭЫДҰ жүргізген өнер кəсіптегі ахуалды талдау геологиялық жəне жер қойнауын пайдаланудағы ең түйткілді аймақтарды анықтады. Бұл бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы екі жылда саланың дамуын тежейтін мəселелер шешіліп, негізгі көрсеткіштер алға жылжыған. ҚР ИДМ деректеріне сəйкес, соңғы үш жылда нормативтік-құқықтық базаны өзгерту бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. «Кодекс аясында «Бірінші келген – бірінші алады» қағидасы енгізіліп, жер қойнауын пайдалану құқығын беру мерзімі қысқартылды. Сонымен қатар мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы қабылданып, геологиялық ақпаратқа қолжетімділік артты əрі көптеген əкімшілік кедергілер алынып тасталды», – деді Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек.