1333
Тәкен Әлімқұлов немесе жалғыздық жыры
Тәкен Әлімқұлов немесе жалғыздық жыры
Жерорта теңізіне бойлап саяхатқа шыққан кісіні осынау «Құдай тағала туып, пайғамбарлар өсіп-өнген құтсал мекеннің» бүгінінен гөрі кешегі кезеңі көбірек толқытатын секілді. Бір кездегі алып шаһарлардың қирандылары талай ойға жетелейді. Көне гректер, одан соңғы Византия қағанаты тарихшылары неше өркениет келіп, неше өркениет кеткен бұл өлкенің ғаламат ғимараттарын тұрғызу қаншалықты қиын болса, қирату соншалақты оңай болды дегенді көп айтқан. Асқан шеберлікке қоса, асқан дәлдікпен, асқан ғажап есеппен салынған зәулім мұнаралар мен алып қамалдардың бір тасын жұлып алсаң болды, қалғаны жібі үзілген тасбихтың тастарындай шашырай құлайды-міс.
Жетісудағы Жәркент шаһарына жолы түскен адам таңдай қағып, тамсанбай өте алмайтын бір керемет бар. Ол – Уәлибай мешіті. 1895 жылы Жоңғар Алатауының қарағайларынан қиюластырып, бір шегесіз салынған ескі жәдігерліктің бас шебері Хон Пик деген қытай азаматы болған деседі. Ол мешіт құрылысына қанша ағаш кетеді дегенде, «артық та емес, кем де емес, мынадай мөлшерде болсын» деп, кесіп айтқанда халық таң қалысады. «Құрылыс болған соң бір арба артық, бір арба кем деген секілді...» – деп сөз бастағандарға тағы да қайталап, «жоқ мынадай мөлшерде болсын» дейді. Расында, құрылыс аяқталғанда, басы артық сынық қиынды да қалмаған. Егер бір тақтайын суырып алсаңыз не бір тақтайды қосымша қақсаңыз жаңа ғана көз алдыңызда құлпырып тұрған алып та әдемі құрылыс сыны бұзылып, көзге қораш көрініп шыға келеді-міс. Оны айтасыз, опырылып ортаға түсуі де мүмкін дейді. Тәкен Әлімқұлов прозасын оқығанда осы Уәлибай мешіті ойыма түседі. Тығыз мәтіндер... Бір сөзін ауыстырып немесе бір сөйлемін қысқартып байқаңызшы, кетік тістің орнындай опыраяды да қалады. Сөз деген материалмен дәл осылайша жанкешті жауапкершілікпен жұмыс істейтін И.Бунин прозасын, Ю.Казаков шығармаларын орыстар айрықша құрметтейді.
Тәкен Әлімқұлов.
Көзі тірісінде сұрамаппын...
Сұрамаған нәрсе, яки өкінішті жәйт тек бұл болса бір сәрі еді, әттең тәңір...
Күндер зулап, жылдар жылжи береді екен. Уақыт шіркін бірде білетінің бір тоғыз, білмейтінің тоқсан тоғыз деген сөздің әрі кетсе ұйқас үшін, бері салса үйлесім үшін айтыла салған сәтті бір фраза ғана емес екеніне көзіңді мықтап жеткізерін ол кезде кім ойлаған? Адам, әсіресе, жас кезінде ауруды бірден мойындай қоймайды ғой. Өткен өмірдің қызығынан гөрі өкініші көп екенін мойындау да сол секілді емес пе екен? Келе-келе сол бір шындықты, яғни парықсыз, пайымсыз, уайымсыз, жұмсартып айтқанда мағынасыздау күндер кештім деген запырандай ащы шындықты мойындаудың орнына «жастық қой, шіркін» деп, баяғының майысқақ шалдарынша майдақаммен өзіңді алдарқатып қоя салуды үйренеді екенсің. Өмірдің жылдам өтіп бара жатқаны, босқа өтіп бара жатқаны ішіңді иттей тырнап жатса да, оны сыртқа білдіргің келмей сырбазсына бастайтын кезің де осы кез. Бәлкім, бұрынғы шалдардың жалын ата күрсініп, «жалған-ай» деп өткені осыны ертерек білгендіктен болар...
Иә, көзі тірісінде Тәкеңнен сүйіп оқитын, ылғи қайталап оқитын кітаптары туралы сұрамаппын. Енді бүгін «сұрай қалсам, шамамда осылай жауап берер еді-ау» деген жорамалмен бірнеше тізімді ойша құрастырып отырысым мынау. Қайткенде де сол шығармалардың арасында орта ғасырлық шығыс жәдігері Ахмет Қази Заденің «Ұлы суретшілер мен ғажайып хұсни хатшылар хақында трактат», С.Цвейгтің «Бальзагі», А.Моруаның «Әдеби портреттері», Дж. Вазаридің «Леонардо да Винчи», «Микеланджело», «Рафаэль», бұлардан соңыра С.Далидің өзі туралы шығармалары мен академик Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» секілді атақты кітаптардың боларына сенгім келеді. Кейде бұлардың ешқайсысы да емес, «тұманды теңіз төрінде жалғыз жалаудай жалтылдаған» М. Лермонтов жырлары емес пе екен деген ой келеді. Оның себебі бар. Ол туралы сәл кейінірек. Ғайыптан тайып таныс-бейтаныс кітапханалардан осы тақылеттес кітаптарды алып парақтай бастасам болды, арасынан жазатайым Тәкен Әлімқұловтың қолтаңбасы кездесіп қалардай елеңдеп тұрамын. Діні де, тілі де, тіпті ділі де басқа басқа осы алыптарға ортақ бір жәйт – олар барып-барып Жалғыздық деген таудың етегінде табысып жататын. Алда-жалда Тәкең туралы сөз болса, мен оны Жалғыздық туралы жыр деп қабылдауға дағдыланғалы қашан. Түптеп келгенде көркем әдебиет дегеніміздің өзі Жалғыздықты жырлау емес пе? Оның «Қараойдағы» Махамбеті де жалғыз, «Көк қаршығадағы» Ақаны да, «Сарыжайлаудағы» Тәттімбеті де, «Қара қобыздағы» Ықыласы да, «Телқоңырдағы» Сүгірі де жалғыз. «Жалғыздық құдайға ғана жарасады» дейді. Қай діннің этикетіне жүгінсек те жалғыздық асылып өлген жанкештінің моласындай бөлек һәм қорқынышты. Қай заманның пәлсапашылары да жалпыны жалғыздықтан сақтандырған. Сөйте тұра талағының биті бар адам болса, әйтеуір оңашалануға құмар. Неге? Қарабайырлықтан, қарадүрсіндіктен қашу ма? Өзін-өзі аяу ма? Өзінің бағасын білгендік пе, әлде мұның ешқайсысы да емес, кәдімгі тәкаппарлық немесе астамшылық па екен? Аскетизм мен мистицизм туралы біз не білеміз? Ескі ақындар сұлу әйелдердің жалғыз емес, жалғызілікті болатыны туралы айтқан. Меніңше, талантты адамдар да сол сияқты, қашан көрсең де құрметке құрық бойламайды дегендей, қаптаған қалың жұрттың арасында жүреді, бірақ бұл олардың шын бейнесі емес, олар сол тұрғанда көбінесе «қашан ғана тарқар екен бұл базар, оңаша бір кешім еді жыр жазар» деп (Жұмекен Нәжімеденов) сырты күліп, іші ұлып тұратынына сенуіңізге әбден болады. Күрессең күштімен күрес демекші, Жалғыздық, асылы, күшті адамдарды иектейтін көрінеді. Әлсіздерді ол табан астында-ақ жеп қояды. Бұған дау айтқандай А.Чеховтың бір кейіпкері баяғы аспаннан түскен кітаптардағы азғын періштелер туралы һікаяларды жаңғырта келіп, «Олардың жолдан тайған себебі, Құдайдың қаһарына ұшырап, жалғыз боп өткісі келгендіктен болар, әсте» деген қорытынды жасайды. «Жалғыздықтан қорықсаңыз үйленуші болмаңыз» деп қалжыңдайтын да сол Чехов.
Махамбет, Ақан сері, Сейтек, Ықылас, Тәттімбет, Сүгір... Тәкен Әлімқұлов Алаштың аты аталған ардақтарының қай-қайсының да орнына өзін қойып отырып жазғаны ақиқат. Тіпті, өмірде де оның былайғы жұртқа ерсі көрінген ерекшелеу мінезі, ешкімге ұқсамайтын тосын қылықтары сол өзі кірген «образдардан» шыға алмай, бәлкім, шыққысы келмей жүретіндігінен болса керек. Асылы, бұл жаңалық емес. Әлбетте, жазушы «образға кіріп» жазады. Әлбетте, қашан да қаламгер қара тобырдан басқашаланып тұрады. Әлбетте, Құдай тағала бәрімізді бірдей ғып емес, бірімізді бірімізге ұқсамайтын ғып жаратты. Дей тұрғанмен Тәкен жасаған образдар «басқашаның да басқашасы» боп санаңызға сіңеді. Жалғыз үй Махамбет, жалғыз басты Ақан, қорғансыз Сейтек, дәрменсіз Тәттімбет. Ойлап отырсаңыз Тәкен өз шығармаларында солар туралы әңгімелеп отырып, өзі туралы жазып кеткен секілді. Оның өмірінің қандай болғанын білетіндер Махамбеттен де, Ақан, Тәттімбет, Сейтек, Сүгір күйшіден де Тәкен ағамыздың өзін көретіні содан болар. Оның өмірі... Бізде өмірден өтіп кеткен адамның жеке өмірі туралы айтылмайды да, жазылмайды да. Айтылса өсек, жазылса жала секілді естіледі. Себебі... оның себебі көп. Соңғы жылдары жарық көрген мемуарлық шығармалардың қай-қайсысының да ауыл-аймақ, бота-тайлақтың маңынан шыға алмай қалған уақ-түйек, қиқым-сиқым, қатын өсек деңгейінде қабылданғаны жасырын емес.
Ғафекең марқұм Сафуан Шәймерденовке арнаған өлеңінде «сорайған солтүстіктің қарағайы» дейді. Сорайған демекші, қыстың қақаған суығында тізесіне жетпейтін қысқа плащының ілгектерін ілдірмей, омырауын ашып тастап, қоңыр беретін бір шекесіне қисайта киіп, бота маймақ жүріспен ақырын басып, жалғыз жүретін сол бір ұзынтұра кісі Алматының қазақтарына ұқсамайтын. Жанаса кетсең жалпылдап амандаса жөнелетін қыр қазағына мінезі де, жүріс-тұрысы да келмейтін. Бірақ бұл қолдан жасап алған тәкаппарлық емес, кәдімгі құдай берген мінезі еді, сондықтан оның бұл «оспадарлығына» ешкім де ренжімеуші еді. Қарапайым болып көрінгісі келетін жасанды кішіпейілдік немесе жанына торсық байлатпас асаулық та оған жат еді. Біз сияқты жасы кішілерге ылғи да «шырақ» деп сөйлейтін. Кейде кісі күлетін қылықтар жасап, әпенділеу әңгімелер айтатын. Бірақ біз күлмей тыңдауға тырыстық. Ол туралы алыпқашпа сөздер көп болды. Оған бір жағынан өзі де кінәлі. Мысалы, жұрт жиналған жерлерде сіз бен біз әулиедей көретін аға буын қаламгерлерді «ол жазушы емес,ол философ, әрі кеткенде этнограф, шын жазушы деген мына менмін» немесе «қазақтың кәсіби көркем прозасы менен басталады, ал маған дейінгілер қара сөзбен жазылған поэмалар болатын және проза менімен бітеді, мыналардың жазып жүргені қыртымбайский шалдыр-шатпақтар» деген секілді ойларын түк қысылмай айта салатын. Содан кейін оны кім жақсы көрсін? Тәкеңнің көптеген ойларын біз қағазға түсіргенмен әзірге жарияламауды ұйғардық. Қоғам, әдеби орта ол пікірлерді қабылдауға әлі дайын емес. Ең болмаса, көп пікірдің бірі ретінде қабылдауға да дайын емес. Жылдар өтер, Тәкен туралы айтылар көп әңгіме әбден пісіп-жетілер, сол кезде көркем әдебиет туралы да ойларымыз өзгереді...
Жазу мәнерінің өзгелерден айрықша нақыштарына тоқталғанда ең алдымен ауызға ілігетін ерекшеліктің бірі сөйлем құрауда емес, сөйлемді аяқтаудағы тосын ізденістері еді. Тәкенге дейін (қазір де) қазақ жазушыларының сөйлемдері көбінесе етістікпен (әсіресе «еді» формасында) аяқталатын. Бірнеше сөйлем бірінен соң бірі “едімен” біткенде шығарманың өңі қуқыл тартып жүре берері анық. Тәкен сөйлем аяқтауда «ған», «ген» есімшелерін молырақ пайдаланды. «Сол түні ай тұтылған...» («Қараой»). «Ақан атқа мініп, серілік құрған шақта талай ұлықпен дәмдес, тұздас болған» («Көк қаршыға»). «Сәкен елтіп қалған. Музыка сазын сыршыл өлеңнің тіліндей қабылдап отыр» («Көкейкесті»)...
Оның өмірі пародокстерге толы. Ағамыз осыншалықты дана басымен, кемеңгер басымен кейде қарапайым, жұрттың бәрі білетін, әлімсақтан әмбеге аян, еш құпиясы жоқ жәйттерді тура бір Америка ашқандай ғып тамсана сөз ғып және соны сіздің де таң қалып, таңдай қағып тыңдағаныңызды қалайтын.
Сол «жаңалықтарының» мысалын келтірелік:
«Кекс деген болады, оны шәймен жеген дұрыс» немесе «Мәскеуде сәтен деген мата болады, еркекке ішкиімді, асылы, қара сәтеннен киген жөн, денеге жұмсақ, сусылдап тұрады және асыққанда сып етіп тез сыпырылады» немесе «шөлдесең абзалы «Жигули» сырасын іш, қарның ашса пирожки же, тоқ тамақ, өзегің талмайды», «тырнақты қайшымен алған дұрыс», «мен руымды айтпаймын, айтсам машина басып кетеді». Тағы бірде бір талантты жазушы інісі туралы пікірін бірден өзгертті: «Сол үйге келген күні менің жазу жазғанда киіп отыратын қара шұлығым жоғалды. Ұрлап кеткен соның өзі». Күлмеске шараң жоқ. Осы тақылеттес «жаңалықтарын» былай қойғанда кейде мүлде қисынсыз әңгімелерін естіп, жағамызды ұстайтынбыз. Мұның көбі заманға қарны ашқаннан, ішкі наразылықтан, қырсықтықтан, қиқарлықтан шыққан сөздер болар деп ойлаймын. Әсіресе, Созақ туралы кісінің қиялына келмейтін бір жәйттерді әңгімелей бастағанда қатар отырған қыздар мен жас балалардың сыртқа шығып кеткенін қалар едік. Меніңше, ол Созақ туралы осындай «хикаяларды» жек көргеннен емес, керісінше алыста ұзақ жүріп сағынғаннан, жақсы көргеннен ойлап тауып жүрді. Ақын Өтежан Нұрғалиевтің туған жер туралы өлеңінің екі шумағын жатқа білуші еді. Кейін сол сегіз тармақты мен де жаттап алдым.
Күн батады бір айнымай,
Қырда қызыл қырғауылдан.
Жан жүрегім жылай-жылай,
Кеткенмін мен бұл ауылдан.
Тілге биік тиек керек,
Жазу үшін биік өлең.
Бұл ауылға жиі өкпелеп,
Бұл ауылға жиі келем.
Ол Созағына жиі баратын... Кейін осы «созақнаманы» марқұм Асқар Сүлейменов әдемі жалғастырып әкетті де, Созақ деген Оңтүстіктің қияндағы бір ауданы ғана емес, тұтас бір таныс һәм бейтаныс әлемге айналды. Мысалы, ертеректе болған «шалбар тастау» деген ойын туралы айтқаны есімде қалыпты. Үлкендер айттап не той садақаға кеткенде ауылдың жастары оңаша бір үйге жиналып, көлденең керілген жіпке іш киімдерін ілетін көрінеді. Сүйген қызының киімін жаңылыспай тауып алған жігітті қыр асырып қызымен бірге оңаша қыдыруға жібереді де, алда-жалда таба алмай қалса айып төлетеді екен. «Жасымнан сол ойынға көп қатыстым» дейтін марқұм сөзінің артында қалжың да емес, шындық та емес, естір құлаққа ұят бір түйіндер жасап. Кейін Созаққа қаншама рет жолым түсті, мұндай ойын болды дегенді ешкімнен естімедім. Ауызекі айтылатын «Созақтағы соқыр сот», «Кәпір Мұса», «Жеті имансыз», «Аллаһуларды сатқан кім?» деген «әңгімелерінде» де, меніңше, шындықтан гөрі әсірелеу басым. Тәкеңнің әйелдер хақындағы ойларын естігенде Максим Горькийдің ертеректегі бір естелік мақаласы ойға түсетін... Алғаш оқығанда Толстой сияқты ұлы тұлғаны мұндай анайы сөзге қимайсыз. Бірақ Горькийдің тап осы жерде өтірік айтпағанына (өтірік айтатындай жанына сонша не зор түсті дейсіз) сенесіз.
Созақ – қазына. Бүгінде қаймағы бұзылмаған қазақы қоныстар сирек. Соның бірі осы Созақ. Оның әлі де бергенінен берері көп. Тәкеннің заманындағы, одан сәл берідегі Асқар мен Төлегеннің тұсындағы Созақтың қандай болғанын көзге елестету қиын емес, егер шығармаларын оқып шықсаңыз.
Қаймағы бұзылмаған қазақы өмір дегенде кейбір ақындар жырлап жүргендей «самал желді, салқын көлді, білем-білем қазы-қарта, исі мұрын жарған шұбаты мен қымызы, әулие қарт, асыл әже, пәк бозбала, құлыншақ қыз...» деген секілді идиллияны көзге елестетеміз. Сонымен қатар Абай, тіпті Абайдан да арғы заманнан бері келе жатқан қара надандық, топастық, парықсыздық, дарақылық, сауатсыздық, санасыздық, рушылдық, жікшілдік, ұсақтық, бақай есеп, сасық қулық, оның бәрін айтпағанда сіңірі шыққан кедейлік, арызқойлық, жалқаулық, қырттық, жоқшылық, тілемсектік, сұрамсақтық, жалқаулық, ұрлық-қарлық, моральдық азғындық – осының қай-қайсысы да Тәкен қаламынан тыс қалған жоқ. Кедейшілік материалдық қана ауыртпалық емес, ол сондай-ақ адамды рухани да қажытады. Жоқшылық қылмысқа, қатыгездікке, айлакерлікке, азғындықтың неше түріне итермелейді. «Қысқа жіп күрмеуіме келмеген соң, ұшына жіберіп ем кендір жалғап» деген қос тармақтың астарына үңіліп көріңізші бір сәт. Құр мақтана бермей қай-қайсымыз да ауылымызға бажайлап бір қаралықшы, ағайын. Шындықты көруге келгенде оқып отырған кітабыңыздың қызық емес беттерін аттап кеткен секілді көз жұма салмайық. Көзді бүгін болмаса, ертең ашуға тура келеді. Тәкен шын айтты. Оның жалғыздығының тағы бір мәні осында. Міне, «Көк қаршығадағы» Ақан. Жалғыз басты шал Ақан. Іңір. «Жолға шықтым жападан жалғыз басым» (М. Лермонтов). Бағыты бай ауыл. Шаршаған. Қажыған. Кенет ұзын жолдың бойында ән шырқап келе жатқан екі аттыны жолықтырады. «– Ей, мырзалар, мінгестіре кетіңдер», – деді Ақан көнетоз үнмен. Жолаушылар қарқылдап күлді. «– Аты-жөнін білсек қайтеді?» деді ақ боз аттысы. «– Дуананың дәмесі бәйгеде бар» деді екіншісі... «Жаңа «Көкжендетті» салған қайсың» деп сұрады Ақан. «– Е, немене құда түсейін деп пе едің? «Көкжендетке» басқан мына жігіт» деген жауап естілді. «– Ақанның әнін салып, өзін атқа мінгестіруге көлікті аясаңдар, жігіт екенсіңдер. Жарайды. Жолдарың болсын», – деді Ақан ызаға булығып... «Ызалы Ақан жылап жіберді. Ақбоз атты жолаушы қосыла жылады». Ойнайсың қазақпен!
Біз қазақ сахарасын жете білмейміз.Жетімек шығармалар жазатынымыз да содан болса керек.
Тәкен прозасын зерттеушілер, әсіресе, соңғы жылдары талай-талай тамаша мақалалар жазды. Енді бір назар аударуға тұрарлық қыры – Әлімқұловтың этнографтығы. Көркем шығармашылығы мен очерктерінде, тіпті, өлеңдерінде ол танымдық жәйттерді жиі қозғайды. Қозғағанда өз қаламының желісін өзі қызықтап далаға лақпайды, жаңа, бұрын жазылмаған, жалпыға жария емес, кей-кейде даулы, дүдәмал дәстүрлер мен таным-түсініктерді соқырға таяқ ұстатқандай нақты дәлелдермен тастиықтап отырады. Ол кейде натуралист, зоолог, есепші (бұл жердегі есепші сіз бен білетін бухгалтер емес, Ілияс Жансүгіров айтатын «ел жайлауға көшіпті, есепші айтты десіпті» деген өлеңдегі есепші), кейде жұлдызшы, кейде жауырыншы, кейде ат сейіс, кейде домбырашы, кейде қобызшы, кейде диқан, кейде тіпті аспаз, кейде шарқшұнас (шығыстанушы) ретінде ой толғайды. «Энциклопедиялық білім дегеніміз не? Ол негізінен сопылардан қалған жол» деп жазған көне парсы ойшылдары. Сопылық жолы көбінесе жалғыздық жолы. Асылы, көп білетін адам көп сөйлемейді. Олар, әдетте, жұртпен емес, өзімен-өзі сөйлескенді ұнатады. Кезінде Тәкеңнің көркем әңгімеге бергісіз очерктерін «әңгіме де емес, газет материалы да емес дүбәрә дүниелер» деп сынағандар да болды. Өз басым, оның «Шолпан шіркінге сенім жоқ, тас қараңғыда адастырмайтын қайран Темірқазық қой» дегенде ауыр күрсінді. Ақырында бастан кешкен шерудің сағынышын бөгде өлеңге аударды. «Әуеде бір жұлдыз бар тең таразы, төреші пайғамбарым тәңірім қазы» деген сонау екі жұлдызды меңзеген. Жіті бақсаң, екеуі таразының басын тең асқандай теңселіп тұрады. Егіздің қарасы өшкенде, Есекқырған туады» деген жолдарының астын сызып оқимын. Сондай-ақ, «Дарияның ортасында борық тұрған, Борықты қара балық сорып тұрған» деген жолдарды да әдеби айналымға алғаш салған Тәкен көкеміз болатын. Немесе «Бай жақсы батырдан да, биліктен де, Әр істі ақша бұзар киліккенде», немесе «Табаны тарлан боздың ескен желдей, Қоңырдан қой қоздатып көшкен елдей», немесе «Ауылың ат тоқтатсам ыраңдағы. Беліңіз азғана күн бұраңдады» деген секілді егіз жолдардың тасасында қанша һікая жатқанын ойлап көріңізші. Бүгінде фольклор деп жариялап жүрген дүниелеріміздің өзі редакторлардың қайшысынан өткені не қолдан қиюластырғаны көрініп тұрады. Мысалы, Тәкен көкем айтқан ескі жұмбақтың бірі былай басталатын: «Не қалды Қаратауда, алтын қалды, Дариға алтынға тең барқым бар-ды // Үй сырты ұйықтап жатқан атыз бойлап // Сан жетпес ала шапан сартым бар-ды.// Ағасы ауылымның Әлім еді // Әлімнің сыры жұртқа мәлім еді // Кешегі ақ қоянда ауыл үйді // Сарт сойып садақаға бағып еді». Бұл жұмбақтың шешуі – қарбыз. Тәкен көкемнің ауылының тілімен айтсақ дарбыз.
Мені Тәкен ағамен Асқар Сүлейменов таныстырды. Осылай да осылай, түстіктен келген жас ақын деген секілді әңгімеден бастап біраз жерге апарып тастады. Асекеңнің һәм оған еріп барған менің сол күнгі «аса көтеріңкі көңіл күйіміз» ұнамады білем, Тәкен бір қарады да қойды. Байқаймын, жақтырмай тұр.
– Сонда бұ жігіт қырықсадақ па, жоқ сейіттерден бе? – деп сұрады аптығымыз басыла бере мені нұсқап. Асекең де, мен де түсіндік, ол қожалардың руын айтып тұр.
– Обба, кәрие, бұяқ уммуман бізден емес, қазақ турбайбы, – деді Асекең өзбекше, қырғызша араластырып.
– Қайдам, біздің Созақтың қожаларына ұқсайды екен, – деді Тәкен. Жас кезім ғой, «бәлкім, сіздің Созақтың қожалары маған ұқсайтын шығар» дегім келіп қитығып тұрдым да үндемедім.
– Шырақ, сіз Кәмәләдін Бекзат туралы білесіз бе? – деп сұрады Тәкен біраздан соң.
– Біледі, – деді Асекең мен үшін жауап беріп.
Тәкең қырсығып қалды. Булығып, үнсіз отырды да «ертең сөйлеселік» деп орынынан тұрып кетті. Ертеңіне түсте «кешегі ақтың офицері секілді қожа бала қайда екен?» деп іздетіпті. Бардым. Асқарсыз бардым. Құр қол емес, әрине ... «Шырағым, руын не қу жасырады, не құл жасырады деген, қожа екеніңді айтудан неге қорқасың?» деп біраз тақымдап алды да, Шығыс шайырлары және орта ғасырлық суретшілер туралы әңгімелеп, Бекзаттың (Кемаледдин Беһзод деп ұғыңыз) «Патша ағзам» деген суретін іздеп таба алмай жүргенін айтты. «Естуімше Шығыс патшаларының бәрі қазақ бәдендес көрінеді» деді. Оның «Патша ағзам» деп отырғаны Беһзодтың Шығыста кең тараған «Шәйбани ханның портреті» болса керек деп түйдім іштей. Кейін Ташкентте шығатын «Фан ва турмуш» журналынан Беһзод туралы мақала әкеліп бергенімде риза боп, алғысын айтты да мақаланы өзіме оқытып, тәржімелетіп отырды. Ақыры соңында «Біздің Пәленшеев секілді бір қырт жазған ғой мынаны» деп журналды шетке тастай салды. Мен Тәкеңнің қай шығармасында да Шығыс шайырлары туралы айтылатынын, әсіресе, Ақан сері күйінгенде парсыша бір ескі бәйітті сәл қазақшалап айтатынын еске алдым. Мені бірде болмаса бірде шатасып шынын айтып қояды деп ойлай ма, әлде Аманханман шатастырып жүрді ме, әйтеуір «сонымен, шырақ сен қожаның қайсысы болдың?» деп күтпеген жерден сұрайтын. Олай емес деуден жалыққаным сонша, ақыры соңында бас шұлғи салатын болдым. Асекеңнің «Тәкеннің шаңқанбоздары» атты мақаласын қашан оқығанын білмеймін, қобыраған қағаздарының арасынан «мұны түсіну үшін лұғат ләзім-дүр» деп бұрыштама қойған ескі бір нұсқасын өз көзіммен көргенім бар. Бұл не – риза болғандық па, әлде ұнамағанын айтқаны ма – ол жағы маған әлі күнге жұмбақ.
Тәкен Әлімқұлов 1986 жылы қазақ радиосына Ықылас туралы «Қобыз сарыны» деген хабар жазғызды. Шығармашылық үйіндегі төртінші бөлмеде бірге отырып тыңдадық. Өзінің осы аттас повесі туралы айтты. Ара-арасында Ықаңның күйлерін тыңдатты. Көкем өз сөзінде ажалдан қашқан Қорқытты шағып өлтіргісі келген айыр құлақ (?) жылан қанша қаһарланып келсе де, қобыз үнін естіген сәт буыны босап, елтіп қала бергенін айта түсіп, «мұның негізі бар, осы күнге дейін Үндістан факирлері сырнай тартып, сұлу музыкаға жылан ойнатады» деді.
– Көке, жыланның құлағы естімейді ғой, – дедім мен ойымда ештеңе жоқ.
Көкем мұрынын уқалады.
– Оны саған кім айтты?
– Брэмде бар, – деп бастай бергенім сол еді:
– Ал маған мұны Созақта жөгі тама Қожаберген деген айтқан. Сенің Брэмің оттай береді, – деп шорт кесті.
Күлдім де қойдым.
Арада екі-үш күн өткен соң тағы да сол Шығармашылық үйінде түскі астан соң фоэде демалып отырғанбыз, ол асханадан әдеттегідей жұрттың ең соңынан шықты да, мені көрсе де көрмегенсіп, терезенің алдына барып тоқтап, тамағын кенеді. «Мен Москваға звандап білдім, сенің айтқаның дұрыс екен, жыланның құлағы естімейтіні рас көрінеді» деді. Бірақ, неге-дүр осы араға келгенде көкем кенет «сізге» көшті де, «сіз, – деді даусын қатайтып, – сіз бұл туралы мақала жазбай-ақ қойыңыз, мен повесті де, радио жазбаны да түзеттіремін. Сосын аналарға айтпай-ақ қойыңыз. Менде пиуа бар, свежий»,– деп далаға қарады. Әдепкіде сасып қалдым да, сөз астарын түсінген соң барып, есімді жиып күлдім. Күлмеске шарам да жоқ еді, қаупін қараңыз, «Кәрия, сізге мені мақала жазады деп кім айтты, мен немене пәлеқорға ұқсаймын ба?» дегім кеп бір тұрды да, «сіздің білгеніңіздің біз ширегін де білмейміз ғой» деп ағымнан жарылдым. Расы да солай еді. Көкем қайта насаттанып, «мені шатастырған сенің ағаң Қожаберген» деп шалқи сөйледі. Осымен гәп тамам деуге де болар еді, соңыра бұл қауіптің қайдан шыққанын өзі айтты. Жаратылысында аңқау ағамыз сол кездері әлдекімдердің сөзіне еріп баспадағы, Одақтағы ескі достарымен, талантты достарымен кермалдасып қап жүріпті. Мені де сол топтың бірінде деп ойласа керек. Кейін бір мақаласында атақты «Шаһнәманың» авторы Фирдауси есімінің лұғауи мағынасын қазақшаға аударғанда «пайғамбардың дауысы» деген сөз шығады деп жазды. Бір реті келгенде түзетермін деп жүргенде... ажал деген айтып келмейді екен, көкемізден көз жазып қалдық. Сөзге ереді дегеннен шығады, оның осы қасиетін өз мүдделеріне пайдаланғандар да болды. Бірақ біз ондайларға қаламымызды былғағымыз келмейді. Меніңше, ол ел жақта болмаса Алматыдағы өз тұстастарының арасында көп ешкіммен етене араласа қоймаған секілді. Созақта оңаша бір жерге там салып алып, жатып жазамын дегені де арман күйінде қалды. Партия мүшелігі жарнасын төлеуге мұқият болды. Бір тиынын қалдырмай төлейтін. Оның дағы себептері болған сыңайлы... Осы партиясы бар болғыр Тәкеңе көп залалын тигізгені анық. О баста мүшелікке неге өткенін мен білмеймін, әйтеуір осында бір кілтипан болған секілді, кейде біреулермен телефон арқылы сөйлесіп, «сенің шантажыңнан қорықпаймын, мен документ бойынша тазамын» деп жататынын естіп күлетін едік. Жасы келген кісіні кім арандатуы мүмкін? Өмірбаянының кейбір тұстарын айтпай, аттап өтетіні немесе айтқысы келмейтіні маған әлі күнге жұмбақ.
(Жалғасы келесі санда)
Есенғали Раушанов,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты