8 Қараша, 15:24 200 0 Сыртқы саясат Арман Құдайберген

Қарттар мен жетімдер үйі бірігуде

Қазір әлемде қарттар мен жетімдер үйін біріктіру қарқынды даму үстінде. Ұлыбритания өткен жылы осындай орталықтың тұсауын кескен-ді. Балалар мен ересектер бір үйде бір отбасы секілді тұрып жатыр. Жаңа үйлердің артықшылығы да жетерлік. Nightingale House орталығы Лондон қаласында орналасқан. Кешен Ұлыбританиядағы қараусыз қалған қарттар мен жетім балалар тұратын ең алғашқы орын. Мұнда олар күн сайын бірге уақыт өткізіп, әңгімелеседі. Түрлі буын өкілдерін бір ғимаратта бағып-қағу идеясы 1976 жылы Токио қаласында пайда болды. Ал алғаш болып бұл тәжірибені АҚШ енгізді. «Мұндай әдістің пайдасы көл-көсір», ‒ дейді сала мамандары. Зерттеу нәтижелері де оң нәтиже берген. Мұндай қарым-қатынас егде жастағылардың денсаулығына оң әсер етіп, жалғыздық сезімі ұмтылып, қан қысымы реттелген. Сондай-ақ, күн сайын кішкентай бүлдіршіндермен сөйлескен қарттардың көңіл-күйі жақсарған. Олар музыка, би, сурет салумен айналысып, әңгіме-дүкен құрып, бірге тамақ дайындайды. Осылайша мейірімге зәру балалар махаббатқа бөленіп, ал үлкендер өнегесін оларға мирас етеді. «Балалар келмес бұрын бұл жер мазарға ұқсайтын. Олар бізді энергиясымен қуаттап, өмірге деген құлшынысты оятады. Жасарып қаламыз. Өзімнің балам жоқ. Айтайын дегенім: бұл тәжірибе маған қатты ұнады», ‒ дейді қарттар үйінің тұрғыны Фэй Гарсиа. Мұндай орталықтар бірнеше жыл бұрын алғаш рет АҚШ-та ашылды. Қазір Құрама Штаттарда осындай жүздеген мекеме бар. Бұл тәжірибе көршілес Канада мен Қытайда біртіндеп енгізіліп жатыр. Ал Сингапур үкіметі алдағы жылдары осындай 10 мекеме ашуды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар