Жұмыссыздық мәселесі шешімін табуы тиіс

Жұмыссыздық мәселесі шешімін табуы тиіс

Жұмыссыздық мәселесі шешімін табуы тиіс
ашық дереккөзі
Биылғы Үкіметтің отырыстары мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен бюджеттің игерілуіне жиі арналып келеді. Ал сейсенбіде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев келер жылы елімізде қандай басымдықтарға көңіл бөлу керектігін және қандай жаңа заңдар қабылдау жоспарда тұрғанын тілге тиек етті. Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелерімен бірлесіп, Үкіметтің алдағы жылға арналған жұмыс жоспарын ұсынды. Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, 2019 жылы «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің және «Экологиялық кодекстің» жаңа жобалары, сондай-ақ, «Педагогтың мәртебесі туралы» заң жобаларын әзірлеу көзделген. Бұған қоса мемлекеттік органдар құқықтық мониторинг нәтижелеріне сүйеніп, бірқатар басқа да заң жобаларын жазуды жоспарлап отыр. Жалпы алғанда, үкіметтік заңнамалық жоспар келер жылы 29 заң жобасын әзірлеуді қарастырады. М.Бекетаев жаңа заң жобаларын Парламенттің қарауына жыл бойы әрі жоспарлы түрде енгізу қажеттігін ескергендерін айтады. Мәселен, Парламентке 2019 жылдың І жартысында 16, ал ІІ жартыжылдықта 13 заң жобасын енгізу белгіленген. – Заң жобаларының ең көбін Энергетика министрлігі жазады, оған бесеуі тиесілі. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері үш-үштен заң жобасын дайындайды. Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы, Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері екі-екіден заң жобаларын әзірлейтін болады, – деді Әділет министрі. Қорғаныс, Қоғамдық даму, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, Инвестициялар және даму министрліктері, сондай-ақ, Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі бір-бір жобадан даярламақ. Бұл заңдар қабылданған соң, мемлекеттік органдар түсіндіру жұмыстарын жүргізуге міндеттелді. Осы отырыста Үкімет мүшелері 2017-2021 жылдарға арналған «Өнімді жұмыспен қамту» және «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын іске асырудың алдын ала жасалған қорытындыларын қарады. Бұл бағдарлама «мемлекеттік» мәртебесін иеленіп, өзекті бола түспек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бұл құжат «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы ретінде қайта бекітіледі. Онда бағдарламаның қолданыстағы тетіктерінің тиімділігін арттыру және жаңа шаралармен толықтыру мақсатында кешенді өзгерістер көзделген. Негізгі мақсаты – еңбек ресурстарының білімін арттыру, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды нәтижелі жұмысқа орналастыру. – 2018 жылы бағдарламаны іске асыру үшін 112,9 миллиард теңге бөлінген, жыл соңына дейін 571 мың азаматты жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарда бар. Өткен 9 айдың қорытындысы бойынша 82,5 миллиард теңге немесе жылдық жоспардың 73 пайызы игерілді. 563 мың адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. Бұл жылдық жоспардың 99 пайызына тең. Олардың ішінен 458 мың адам жұмыс тапты, соның 327 мыңы немесе 71 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты, – деді Еңбек министрі. Бағдарламаның бірінші бағыты еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен дағдылар бойынша жаппай оқытуға бағытталған. Тегін техникалық және кәсіптік оқыту аясында биылғы 1 қыркүйектен бері 20 мың жас оқуға кірісті, бұл жылдық жоспардың 99 пайызы. М.Әбілқасымованың мәліметінше, республика бойынша қысқамерзімді кәсіптік оқытуды аяқтаған 31 мың адамның 18 мыңы немесе 60 пайызы тұрақты жұмыс тауыпты. Бұл ретте бірқатар өңірлерде жұмысқа орналастыру көрсеткіші төмен, бұлар – Маңғыстау (25 пайыз) және Жамбыл (39 пайыз) облыстары, Алматы (27 пайыз) және Астана (41 пайыз) қалалары. Осы орайда бірінші бағыт бойынша жаңа мемлекеттік бағдарлама жобасында оқуды аяқтаған адамдарды толық жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тетіктер енгізілмек. Біріншіден, оқу орталықтары мен оқу орындарына қойылар талаптар күшейтіледі. Олардың білікті оқытушылары және тиісті материалдық-техникалық базасы болуы тиіс, қосарлы-дуальды оқыту элементтерін пайдалануы, оқу бітірушілердің кемінде 60 пайызын жұмысқа орналастыруы қажет. Екіншіден, оқыту ұйымдарын сапалы құраммен қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы оқу орталықтары мен оқу орындарының реестрін қалыптастырады. Үшіншіден, еңбек нарығында шын сұранысқа ие кәсіптер бойынша оқытуды қамтамасыз ету мақсатында қысқамерзімді кәсіптік оқытуға арналған сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылардың тізбесін кеңейту және бекіту көзделеді. Төртіншіден, ел экономикасы салаларын цифрландыру және технологиялық жаңғырту жағдайында 4.0 Индустриясы үшін еңбек ресурстарын қайта даярлаудың жаңа тетігі ұсынылады. Ол бойынша жұмыс берушілерге оқуының кемінде 50 пайызын қаржыландыру шартымен жұмыскерлерін, соның ішінде қысқартылатын жұмыскерлерді басқа мамандыққа қайта даярлау мүмкіндігі беріледі. Қазіргі уақытта ірі кәсіпорындармен арада 694 жол картасына қол қойылды, оған сәйкес, қысқартылатын кадрлар қайта даярлау курстарынан өту мүмкіндігіне ие болады, – деді министр. – Бағдарламаның екінші бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамытуды нысанаға алуды көздейді. Қазандағы жағдай бойынша ауылдарда және қалаларда микрокредит беру аясында 42 миллиард теңге немесе жылдық жоспардың 68 пайызы игерілген. Соның ішінде ауылдарда 31 миллиард теңге (68 пайыз), ал қалаларда 11 миллиард теңге (63 пайыз) жұмсалды. Жыл басынан бері барлығы 9 801 микрокредит берілді, оның 8 778-і ауылдардың, ал 1 023-і қалалардың еншісінде. Микрокредиттің орташа көлемі ауылдарда – 3,5 миллион теңге, ал қалаларда – 10,6 миллион теңге. Ұсақ несие алғандар қосымша 9 117 жұмыс орнын құрған. Өңірлер бойынша Атырау (45 пайыз) және Маңғыстау (42 пайыз) облыстарында, Астана (19 пайыз) және Алматы (30 пайыз) қалаларында микрокредит беру көрсеткіші 50 пайыздан төмен екені атап өтілді. Микрокредиттерді соңғы қарыз алушыларға дейін жеткізуді тездету үшін мемлекеттік бағдарлама жобасында келесі өзгерістер көзделген. – Біріншіден, ауылдарда зәкірлі кооперацияны дамыту үшін микрокредит мөлшері 5-тен 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Екіншіден, зәкірлі кооперация қатысушыларына және ауылдар мен шағын қалалардағы іс басындағы кәсіпкерлерге қойылатын «жұмыс орындарын құру» талаптары жеңілдетілді. Үшіншіден, бағдарламаға қатысушылар қатары іс басындағы кәсіпкерлермен толықты. Төртіншіден, салық органдарында тіркелу мерзімі үш жылдан асқан зәкірлі кооперацияға қатысушы кәсіпкерлерге кепілдік беру нормасы қосылды. Бұл шаралар микрокредит беру мүмкіндіктерін кеңейтуге, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жеңілдікті ұсақ несие алуына ықпал етеді, – деді М.Әбілқасымова. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ұсақ несиені 7 банк пен 2 шағын қаржы ұйымы ғана беретінін жеткізді. Салық органдарының мәліметінше, 2017 жылы микрокредит алған бағдарлама қатысушылары 7,6 млрд теңгенің өнімін шығарды, шамамен 1 мыңға жуық жұмыс орнын құрып, сақтап қалды. – Бюджетке 299 млн теңге салық төленді. Осы жыл қорытындысы бойынша тиімділік көрсеткіштері айтарлықтай артады деп күтіліп отыр, – деді ол. Қарыз алушылардың басым бөлігі сауда, қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі және құрылыс салаларында қызмет атқарады екен. Ұсақ несиелерді кепілдендіру бойынша 2018 жылы 1,9 млрд теңге сомасына 320 шарт жасалды. Әрбір үшінші қарызға кепілдік ұсынылған. Талқылауды қорытындылаған Премьер-министр Б.Сағынтаев өзектілендіру жоспарларын және бағдарламаның мемлекеттік мәртебеде қайта бекітілетінін назарға ала отырып, оны одан әрі іске асыруға қатысты нақты тапсырмалар берді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың табысы қаншалықты артқанына, өнімді жұмыспен қамту шараларының әсеріне мониторинг жүргізу жүйесін жолға қою жүктелді.