25 Қазан 2018, 17:37 805 0 Өнер Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреткен

Бүгінде тәуекелге бел буып, өз кәсібін бастап жатқан жандар аз емес. Себебі заман талабы көштен қалмауға үйретуде. Ал ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер ақыл-кеңеске жүгінетіні заңдылық. Оларға кәсіпкерліктің қалтарысы мен бұлтарысы жайында кеңінен мәлімет беретін оқу құралдары бар ма?

Шыны керек, осыдан он жылдай бұрын нарықтық экономикаға байланысты оның қыр-сырын жете таныстыратын қазақ тіліндегі кітаптар болмады. Әрине, бұл тақырыпта орыс тілінде оқу құралдары жетерлік. Осы сеңді бұзып, оқырман қауымның сұранысымен бірнеше рет қайта басылып шыққан «Қазақ кәсіпкерінің әліппесі» атты кітаптың көпке көмегі тигені рас. Белгілі кәсіпкер Құрманғали Ашанұлы бұл кеңеске толы құралды өз тәжірибесімен байланыстырып жазған-ды. Мұнда кәсіпкердің істі бастауға дейінгі дайындығы, істі қолға алғаннан кейінгі есеп-қисап жүргізу ісі, сатылымдағы немесе өндірген тауардың сұранысқа лайық болуы, бәрі-бәрі егжей-тегжейлі айтылған. Ал осы оқу құралының жалғасы іспеттес – «Қазақ жеке кәсіпкерлігі» атты кітап алғашқы дүниені толықтырып тұр. Ұлттық мүдде, нарықтық экономика, банк, қаржы, ауыл шаруашылығы, т.б. экономиканың драйверіне айналған салалар жайында қордаланған мәселелерді қалай шешу керектігін тәптіштей түсіндіретін құнды еңбек деректерге толы. Атап айтқанда, нарық заңына сай ұтымды ойлар сандық көрсеткіштермен сабақтасып, айқын дәлелдермен берілген.

«Қазақ жеке кәсіпкерлігі» еңбегінің авторы Құрманғали Ашанұлы: «Кәсіпкерлік салада бiраз тәжiрибе жинағаннан кейiн өзiмiздiң қаракөздерге арнап «Қазақ кәсiпкерiнiң әлiппесi» атты кiтап жаздым. Осындай кiтаптың халыққа керек екендiгiне көзiм жеттi. Себебі осы еңбегімді оқып, өз кәсiбiн ашып жатқандар көптеп саналады екен. Жаңадан кәсiбiн ашып жатқан кәсiпкерлерге кiшкентай болса да септiгiм тисе, соның өзi маған абырой», – дейді. Оның айтуынша, бүгінде ақшасыз да жұмыс iстеуге болады. «Ол үшiн өзiң бiр кәсiптiң тiлiн меңгерiп, 2-5 жылдай тынбай істеуге тиiссiң. Мысалы, шағын кәсiп ашып, ақша тауып жатқан мыңдаған жiгiттердi бiлемiн. Егер бiр кәсiптiң қыр-сырын бiлмесең, қалай жұмысшы жалдайсың? Маман болуың керек. Өйткенi сен жалдайтын адамыңнан бiр саты жоғары тұрғанда ғана барып келiсiмшарт жасайсың» деген пікірімен де бөлісті.

Сауда-саттықты қалай бастап, немен айналысу, осы салада адал қызмет ету, көпшілікті алдамау, таза ақыл-оймен және іскерлікпен жұмыс істеу, еңбексүйгіштік, т.б. тұжырымдар кітап құнын арттыра түскендей.

Соңғы жаңалықтар