275
Күршад Зорлу: Түркістанның түлеуі – барша түркілерге абырой
Күршад Зорлу: Түркістанның түлеуі – барша түркілерге абырой
Күршад Зорлу – «Ватан» газетінің колумнисі. Селжук университеті Әкімшілік басқару бөлімін бітірген. Кырыккале университеті Әлеуметтік зерттеулер институтында докторлық диссертациясын қорғап, ғылым докторы атанды. Түркия Денсаулық сақтау министрлігінің Баспасөз қызметін басқарды. Түркия Көлік және коммуникация министрінің кеңесшісі, Халықаралық Қожа Аxмет Ясауи атындағы университетінің баспасөз xатшысы, ТИКА агенттігі төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарды. «Жаңа дәуір» (Yeni Çağ) газетінің колумнисі болып жұмыс істеді. Түркі әлеміне, Қазақстанның дамуына қатысты көптеген ғылыми зерттеу еңбектерінің, мақалаларының авторы. Біздің кейіпкеріміз әңгімені жақында ғана облыс орталығына айналған, түркі елінің рухани шаһары – Түркістан қаласы туралы тебіреністен бастады.
– Куршад мырза, сіз талайдан Қазақстанның даму баспалдағы жөнінде зерттеп, жергілікті жердің тілінде жариялап та келесіз. Түрік бауырлар Түркістан қаласының аты мәшһүр боп жатқанын естіп үлгерді ме?
– Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2018 жылдың 19 шілде күні оңтүстік өңірі Түркістан облысы болып өзгертілді. Облыс орталығы Шымкенттен Түркістан қаласына ауысты. Мұндай шешімді ресми тұрғыдан бөлек, стратегиялық және келешекке қамданудың әрекеті деп түсінеміз.
Елбасы Н.Назарбаевтың маңызды шешімдері мемлекет дамуына тың серпіліс береді. Елбасының қаламынан туған «Ұлы дала ұлағаттары» атты еңбегінде: «Қазақ тарихында астана болған қалалардың барлығы да өз кезінде ұлттың өсіп-өркендеуіне тікелей әсер еткен. Сыр бойындағы киелі Түркістан... Ұлы даланың әр қиырындағы сол тарихи мекендердің бәрі орда ауыстырудың да қилы кезеңін бастан кешкен» делінген. Бұл көзқарас Түркістан шаһарының киелі тарихына сүйене отырып, халқы мен жері үшін қаншалықты мәртебесі биік екендігін айшықтап отыр.
Қазақстанның бас қаласы Астанаға көшкеннен кейін араға 20 жыл салып, Түркістанның облыс атануы жаңа бір демографиялық өсудің кезеңіне қадам басуы деп білемін. Түркістанның жаңа архитектуралық үлгіде іргетасының қалануы – жердің, халықтың және мемлекет жүйесінің одан әрмен нығая түсуінің белгісі. Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздік алған күннен бері үшінші маңызды өзгеріске қадам басты. Ол – Түркістан облысының құрылуы мен дамуы, ең бастысы, оңтүстік пен солтүстіктің жақындасуы. Бұл тарихи шешімнен халықтың жаңа бір серпіліс алғандығы сезіледі. Заманауи мекемелер, бизнес орталықтар, қонақүйлер, мектептер, ауруханалар және жаңа секторлардың пайда болуы облыс бойынша маңызды өзгерістердің бастауына алып келді. Әсіресе, туризмге сұранып тұрған өңірдің жарқын символы ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін айтуға болады. Өткен жылы бір миллионнан астам туристің жолы түскен Түркістан қаласына алдағы 3 жылдың ішінде 5 миллион турист келеді дегенге таңғалуға болмас. Егер тез арада жаңа әуежай салынып, халықаралық әуе бағыттары ашылса, бұл көрсеткіш бұдан да асып түсуі мүмкін. Түркістан-Шымкент қалалары арасындағы күре жолы бұрыннан іске қосылған. Қазіргі таңда өңірдегі басқа да қала мен аудан аралығындағы тас жол бағыттары жаңартылып, іске қосылмақшы екен. Қазақстан теміржолдарының Астана-Шымкент бағыты бойынша жүретін жүрдек пойызы биыл қараша айында Түркістанға да жол тартады деген жаңалықты естіп, қуанып қалдық.
– Түркістан – тек Қазақстанға ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан Ер Түріктің бесігі саналатын құтты мекен. Әсіресе, түрік халқының Түркістанға ықыласы ерекше екенін бәріміз жақсы білеміз...
– Кеңес Одағында қала мәдениетінің дамуына көңіл бөлінсе де, Түркістанның дамуы назардан тыс қалды. Урбанизация, қала-ауыл мәдениетінің тепе-теңдігі және қаржыландыру сияқты мәселелерде орталық және солтүстік аймақтарға қарағанда көзге түсетін айырмашылықтар бар. Бұны қаланың бай тарихы әрі сындарлы кезеңінің ықпалы ретінде қабылдаймыз. «Түркістан» атауы – тек Қазақстанға ғана емес, барша түркі жұртына ортақ мекен. Тарихи деректер бойынша, Түркістан Қазақ хандығының астанасы болғанға дейін де қала іргетасының тарихы көне ғасырларға дейін созылады. Түркістан қаласы қазақ, өзбек, түркімен және жалпы түркі халықтары үшін «Түркілер Елі» ретінде танылды. Бұл ұғым XX ғасырдың алғашқы ширегіне дейін жалғасты. Қазақ халқының көрнекті саяси қайраткері Мұстафа Шоқай «Жас Түркістан» журналында: «Біздің мақсатымыз – тәуелсіздікке қол жеткізгісі келетін түркістандықтар үшін жалғыз Түркістанды сүю ғана емес, өзгелерге де Түркістанды және түрікшілдікті сүйдіру қажет» деген. Мұстафа Шоқайдың бұл сөзі Еуразия аймағында тәуелсіздікті аңсаған өлке халқына арналған. Сол себептен, «Түркістан» дегенде бүгінгі Қазақстан жеріндегі Түркістан қаласымен қатар 200 миллионнан асатын ауқымды аймақтың тарихи-рухани құндылықтарын ескеру қажет.
– Қазақстан жайында әңгіме болса, ойыңызға бірден не оралады?
– Түркия Республикасында Қазақстан дегенде, еске кейбір символдар мен ірі тұлғалар түседі. Бұлардың ішінде ұлы ұстаз Қожа Ахмет Ясауи бабамыз, Түркістан мекені және де бүгінгі күннің ірі тұлғасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаттағы бедел-білігі жайындағы мақалалар көзге оттай басылады. Түркияда Қожа Ахмет Ясауи жайында ғылыми зерттеулер жеткілікті болмаса да, оның жолын ұстанған Қажы Бекташ Уәли, Юнус Эмре, Ахи Эвран сынды Анадолының ғұлама тұлғалары арқылы халық тарапынан танылып келеді. «Түркістан» атауын Түркиядағы кей топтар жақсы білмесе де, көпшілігі түгел түркінің құтты мекені және Қазақстандағы қасиетті қала екенінен хабардар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында екі елдің шешімімен Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті бой көтерді және содан кейін қала ауылдық деңгейінен көтеріліп, қарқынды дами бастады. 2016 жылы жүргізген зерттеу жұмысым бойынша, Түркия азаматтарының 84 пайызы Түркістан қаласын және Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көргісі келеді. Сол себептен Түркістанның туризм саласындағы қарқынды дамуына түркиялық туристердің үлесі зор. Осыған байланысты БАҚ-та Түркістанның туризм саласы бойынша көптеген ақпараттардың таралуы қажет. Бұған қосымша ретінде айтарым, Түркияда елші қызметін атқарған Жансейіт Түймебаевтың Түркістан облысына әкім болып тағайындалуы өңір үшін үлкен мүмкіндік, әсіресе, түрік кәсіпкерлерінің өңірге деген қызығушылығын арттыра түсті.
Қазақстанның қазіргі Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы да бұл үрдісті жалғастырып келеді. Түрлі кездесулер, форумдар мен жиындар ұйымдастыру арқылы Түркияның ірі кәсіпкерлерінің назарын Қазақстанға аудартып отыр. Осылайша Түркістан облысы түркітілдес аймағына жаңа серпіліс, жаңа үміт, жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін ұсынып отыр.
– Сіз халықаралық Қожа Аxмет Ясауи атындағы университеттің баспасөз xатшысы қызметін атқарған 2000 жылдары Түркістан қаласы қандай еді? Қазір ше?
– Әрине, ол кезде елдің экономикасы да, халықтың әлеуметтік тұрмысы да қазіргідей емес еді ғой. Қазақстанның тәуелсіздік алғанына небәрі он-он бір жыл толған кез. Ал Түркістан қаласының аты күллі түркі жұртына мәлім болса да, бұйығы жатқан кішкентай шаһар еді. Сүреңсіз тартқан қала көшелерімен жүріп өткенде «Шіркін, қаланың туризм мен мәдени саласын дамытса, Түркістанды нағыз рухани орталыққа айналдыруға болар еді» деп арман жетегіне еріп кететін едім. Білдей бір халықаралық университеттің баспасөз хатшысы ретінде оқу орнын да, ол орналасқан қаланы да барынша насихаттауға тырысатынмын. Әсіресе, шетелден, көбінесе Түркиядан мәртебелі меймандар келер алдында біршама сабылып қалатын едік. Сондай кезде қаланың көз тартар керемет жерлерін көрсету жағына келгенде қолбайлау тұстарға ішім ашитын-ды. Тіпті, сол кезде 2017 жылы «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» болады дегенді ойламаған да шығармыз. Міне, бүгінгі Түркістан сұлу қыздай таранған, түрленген, жанданған қала. Облыс орталығының даму жоспарын көріп, ерекше тебірендім. Көп ұзамай қасиетті мекен біз қол созған, біз армандаған биікке жетеді. Әлі-ақ талай туристің бір көруге асық шаһарына айналатыны сөзсіз.
– Биыл Астана қаласына 20 жыл толды. Осы тұрғыда біраз талдамалық мақалалар жариялаған едіңіз. Демек, әсем шаһардың жылдан-жылға гүлденіп жатқанынан хабардарсыз ғой.
– Кеңес одағы ыдырағаннан кейін 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасы тарихи өлшеммен алғанда қысқа ғана мерзім ішінде саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан биік мақсаттарға қол жеткізіп, Еуразия аймағындағы ықпалды елдерге бәсекелестік туғызды. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан стратегиялық және геосаяси жағдайымен ерекшеленетін Қазақстан жер асты байлығымен де әлемнің ең дәулетті елдерінің қатарында. Егемендіктің ең бірінші жылдары ел ішіндегі жағдайға қарап болашаққа үмітпен қарау қиындау еді. Экономиканың шамамен 50 пайызға құлдырауы, капиталдың жетіспеушілігі, гиперинфляция және жоғары мөлшердегі жұмыссыздық, алдағы күнге сенімсіздікті күшейтіп, инфрақұрылымды дамытып, технологиялық мүмкіндіктерді көбейту мәселесі қысқа уақытта шешілуі мүмкін еместей көрінетін.
Ішкі наразылық, шекарадағы қақтығыс сияқты мәселелердің туындауы елдегі әлеуметтік аласапыранды өршіте бастады, идеологиялық бірліктің жоқ екендігі анық сезілді. Аңтарылған жұртқа қарап сыртқы сарапшылардың басым бөлігі Қазақстан өз алдына өмір сүре алмайды деген болжам жасады.
Қазақстанда қазіргі сәтте баламалы энергия көздерінен тыс экономиканы әртараптандыру бағытында жаңа үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы іске қосылды. Халықтың жан басына шаққандағы табысы 13 мың долларды құрайтын орташа табысты елдердің қатарына жетті. Алтын валюта қорын арттыруды көздеп отыр. Ұлттық банк пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында жинақталған алтын валюта резервтері 100 миллиард АҚШ долларынан асты.
2008 жылғы дағдарыста көмекке келген осы резервтер АҚШ-Ресей бәсекелестігі салдарынан құлдыраған мұнай бағасының тұрақталуына септігін тигізді. Қордың арқасында Қазақстан даму жоспарын жалғастырды және инвестициялардың қауіпсіз жағдайда жүзеге асуына қолайлы жағдай туғызды. Жаһандық дағдарыс жағдайында да экономикалық өсімін тежеген жоқ. Ел ішіндегі қой үстіне бозторғай ұялаған заман әлемдегі үздік биржалардың негізінде халықаралық қаржы орталықтарының құрылуына сеп болып, шетелдік инвесторлар мен қаржыгерлердің назарын аударды. Тәуелсіздік алған 13 жылда 240 миллиард доллар тікелей инвестиция құйылды. Орталық Азия бойынша көш бастап келеді.
Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылдан «экономикалық дипломатия» кезеңін бастап, Таяу Шығыс елдерінің бай капиталын тікелей әрі жанама түрде тартуды мақсат етті. Сонымен қатар, құрлықтағы мемлекеттік шекарасының жалпы ұзақтығы – 14 мың шақырым болатын Қазақстан көрші Ресей, Қытай және өзге де елдермен стратегиялық қарым-қатынастар орнатып, АҚШ, Еуропа және ислам әлемімен байланысын күшейтуде. ЕҚЫҰ және ИЫҰ кезекті төрағалығынан кейін әлемде ұйымдастырылған ең ірі үшінші шара – ЕХРО-2017 көрмесін сәтті өткізді. Дүбірлі доданың павильондары халықаралық қаржы орталығына берілді.
Тәуелсіздіктің 26 жылында Қазақстандағы өзгерісті айтпай-ақ ұғындырған маңызды символдардың бірі – Астана. 1998 жылы бас қала атанғаннан кейін қысқа уақытта салынған елорда әлемнің ең тартымды орталықтарының біріне айналды. Қазіргі орналасқан аймағы және архитектурасымен Қазақстанның ғана емес, ислам әлемінің солтүстіктегі бас қаласы ретінде мойындалды. Дархан дала кіндігіндегі қазақ елінің жүрегі, маңдайға біткен мақтанышы. Зәулім тұрғын үй кешендері, заманауи әлеуметтік-мәдени нысандар, жол ережесіндегі тәртіп өзге елдерде сирек кездеседі. 1999 жылы қала құрылған қысқа уақытта ЮНЕСКО шешімімен «Астана – әлем қаласы» атағын алды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ататүрікке деген ерекше құрметін айта келе, Түркия Республикасының құрылу тарихына айрықша мән бергендігі туралы жазған естеліктері бар. Сондықтан біз де Астананың құрылысы мен Анкараның астана атануының арасында тылсым байланыстың бар екендігін жоққа шығармаймыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы