Алматы облысы Талғар ауданы Бесқайнар ауылы маңындағы «Букреева» шыңында тауға шығу кезінде 2009 жылы туған екі қыз адасып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Олар жеті адамнан тұратын топ құрамында тауға шыққан, алайда «Пионер» тау кешеніне қарай түскен кезде қалғандарынан қалып қойып, олармен байланыс жоғалған.
Құтқару қызметіне хабарлама түскен соң, ТЖМ Республикалық «Барыс» құтқару қызметі және Алматы қаласы ТЖД құтқару қызметі дереу іздестіру жұмыстарын бастады. Іздеу түнгі уақытта, қиын ауа райында жүргізілді.Тауда жаңбыр жауып, қозғалыс пен жерді тексеруді едәуір қиындатты.
Іздестіру-құтқару операциясы барысында мамандар Бутаков шатқалы мен «Букреева» шыңы маңындағы таулы маршруттарды тексерді. Адасқан қыздар қатты тонып және шаршап қалған күйде табылды.
Құтқарушылар оларға қажетті көмек көрсетіп, қыздарды бір-бірлеп арқаларына отырғызып, қиын өту жолдары арқылы қауіпсіз аймаққа эвакуациялады. Оларға медициналық көмек қажет болмады.
Қыздар таудан аман-есен түсіріліп, туыстарына тапсырылды.