10 Қазан, 21:05 224 0 Қоғам Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

ДІН ЛИДЕРЛЕРІ НЕНІ КӨЗДЕУІ КЕРЕК?

Біз бүгіндері оқыс оқиға, ұрлық-қарлық, кісі өлімі туралы ақпаратқа селт ете қоймайтын қоғамда өмір сүреміз. Теледидардан атыс-шабыс пен зорлық-зомбылық көрсетіліп жатса да, оның барлығын сценарий желісімен түсірілген фильмдей қабылдаймыз. Бұл уақыт өте келе адам бойындағы қайырым атты қасиеттің жоғалуына алып келмей ме?

Егер адамзатты мейірім мен қайырым тастап кетсе, әлемдегі қақтығыстар өрши түседі. Әдетте  жер бетіндегі жамандық надандықтың салдарынан, адами   құндылықтар мен қағидаттардың болмауынан туындайды дейді. Ендеше осы бір диагнозы қойылған дертті әлем болып емдеудің жолы қайсы?  Бұл бағытта Қазақстан қал-қадарынша әрекет етіп жатыр.  Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі соның бір мысалы.

Астанада үш жылда бір рет бас қосатын дәстүрлі діндер лидерлері өз күштерін қайырымсыз құбылыстарға қарсы істе біріктіріп,  адамзатты қатыгездік пен жаншудан құтқару ісіне атсалысып, адамдарды бейбітшілік пен келісімге шақырып келеді.  Осыған дейін өткен съездерде сөз алған дәстүрлі діндер өкілдері мен саясаттанушылар қай дінді ұстансақ та адами құндылықты алдыңғы орынға қоюға үндейді. Мәселен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үшінші съезінде сөз алған Дүниежүзілік Шіркеулер Кеңесінің бас директоры Самюэль Кобиа кез келген кездесулер жемісі қатысушылардың бір-бірін қаншалықты білетіндігіне тәуелді болатынын айтқан болатын.

«Біз түрлі дін өкілдері болсақ та, бір-бірімізді жақсы танысақ, өз кезегінде психологиялық кедергілер мен стереотиптердің бұзылуына әкеледі. Бұл «басқаларды» барынша жұмсартып, бізге өткен туралы тарихты шешіп, қауіптерді бағалау мүмкіндігін береді. Шынымен, «өзгелермен» кездесу әр бірімізге бірінші тұрғыдан кімнің жау, ал кімнің бізбен ортаға салары барлығын көрсетіп, сол қорқыныш пен қысымды, сол тәжірибеге ие болуға мүмкіндік береді», – деген еді.

Яғни, қай діннің өкілі болмасын,  бір-бірінің діни нанымына құрметпен қарап, ортақ мәселесін ойласып шешкені жөн дегенді меңзейді.

Үшінші съезд кезінде айтылған мына пікір де әлі өзекті.

«Біз келешек ұрпақтың білімі туралы ойлануымыз керек. Екі жауласқан халық мектеп бағдарламасына екінші тарапқа қарсы нәсілшілдік пен қаскөйлікті тудыру үшін пайдаланылатын оқулықтар қоспауы керек. Егер оқулықтарда өзара жаушылдықты тудыратын ұсыныстар болса, біз, дін өкілдері ретінде, Білім министрлігі екіншіге жеккөрініш сезімін тудыратын сөздерді оқулықтан сызып тастауына қол жеткізуге міндеттіміз. Себебі өзгеге деген қаскөйлікпен өскен ұрпақ, уақыт өте келе оны жылы сезімге ауыстыруы неғайбыл», – деген еді Израильдің сол кездегі Бас Ашкеназий Раввині болған Йон Мецгер.

Астанада өткен діндер лидерлері съезіне келген Малайзияның экс-премьер-министрі Махатхир бин Мохамад осы уақытқа дейін халықтар арасындағы проблемаларды шешудің тәсілі – адамдарды өлтіру деген түсінікті сынағаны есте.

«Соғыс халықтар арасындағы проблемалар мен келіспеушіліктерді шешуге көмектеседі деген  идеядан іргемізді аулақ салатын уақыт жетті. Міне, осы пікірге келуде діннің өз рөлін атқара алатынына  сенімдімін. Өкінішке қарай, әлемнің көптеген бөліктерінде адамдар діннен бас тарта бастаған, олар казірдің өзінде оған деген сенімін жоғалтуда. Сол себепті діни лидерлердің тағы да адамдардың өз діндерін еске алуларына күш салатын уақыты жетті және  тек діннің арқасында, адамдар арасындағы өзара карым-қатынастардың арбитраж әрі заңды соттық процестер арқылы шешілетіндігіне сенуі арқасында біз қазіргі уақытта бүкіл әлемде жалғасып келе жаткан адам өлтірушілікті тоқтата аламыз», – деген Махатхир бин Мохамад биылғы жылдың мамыр айында екінші рет Малайзияның премьер-министрі қызметіне кірісті.

Ал Екінші съезде сөз алған Константинополь православие шіркеуінің Патриархы I Варфоломей дінді әлеуметтік шындықтан бөліп алу әрекеті   жағдайдың нашарлауына әкеліп соқтырғанын айтқан еді.

«Адамзаттың дінаралық соғыстарға талай рет тартылғаны тарихтан белгілі. Мұның өзі зорлық-зомбылық пен барып тұрған қаталдық зәрін ала келді.  Өкінішке қарай, дінаралық соғыстар термині біздің күнбе-күнгі сөздігімізден өз орнын тауып отыр. Біз оны халықаралық форумдардың кестелерінен барған сайын көптеп табамыз. Осы трагедиялық жағдай әлемнің барлық жерде дінмен байланыстырылатын діни күштеуді немесе дау-дамайды көрсетеді. Әйтсе де діни жанжалдарды шешу өте қиынға соғатындықтан, мұндай жағдай үлкен проблемаға айналып жатыр. Бұл үшін осы жанжалдарға тартылған діни басшылардан неғұрлым адал жұмыс істеу, адал қызметтестік талап етіледі. Себебі діни құндылықтар нағыз бағалы құндылықтар болып табылады», – деген сөзі үнемі назарда тұрса, қанеки.

Оның айтуынша, діни сипаттағы кез келген жанжал неғұрлым ұзаққа созылады, аумақты да жоғары қарқынды болады. Бұл сөз осыдан 12 жыл бұрын айтылды. Дінді жамылған қақтығыстар әлі де жалғасып келеді. Қазақстан ендігі кезекте Сириядағы соғысты тоқтатуға сеп болар іс-әрекетке   кірісті. Сөйтіп, алты жыл бойы ауызбіршілікке бара алмаған Сирияның бүгінгі билігі мен оппозициясын Астана процесі кезінде бір үстелдің басына отырғызды.

Әрине, алғашқы қадам көп жылдан бері қырылысып келе жатқан тараптардың бір шешімге келтіре алмасы белгілі. Десе де, тараптардың кездесу соңына дейін сабыр сақтап отыруының өзін үлкен жеңіс деп бағалағандар бар.

10-11 қазанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Алтыншы съезінде де әлем билеушілеріне ықпал ететін тұлғалар келеді. Бүгінге дейін Алтыншы съезге келетінін растаған тұлғалар бар. Ал жуырда ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ватиканға жасаған сапарында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Рим Папасы Францискке арналған алдағы форумға қатысуға шақыруды Ватиканның Мемлекеттік хатшысы Пьетро Паролинге табыс етті. Қазақстан астанасына келуге және Съезге қатысуға шақыру кардинал Пьетро Паролинге де берілді.

Ал Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктерінде болып, БАӘ Толеранттылық министрі  шейх  Нахаян бен Мубарак Әл Нахаянмен кездесіп, дінаралық  диалог пен қоғамдық келісім мәселелері жөнінде екіжақты ынтымақтастықты дамытуды талқылады. Нахаян бен Мубарак Әл Нахаян Қазақстан Президентінің бастамасымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі,  шын мәнінде, түрлі дін өкілдерін біріктіретін жаһандық диалог алаңына айналғанын және VI Астана съезіне өздерінің қатысуын растайтынын мәлімдеді.

Министр Дубай әмірлігінің Ислам және қайырымдылық істері департаментінің Бас директоры Хамад аш-Шейбанимен де кездесті. Аталған құрылым қайырымдылық қауымдастықтар мен ислам институттарына лицензия  беру, қоғамдағы діни сауаттылықты арттыру мәселелерімен айналысады. Хамад аш-Шейбани да  Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің  VI съезіне қатысуға дайын екендіктерін білдірді.

ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын Қытай Халық Республикасы Халықтық саяси консультативтік кеңесі жанындағы ұлттар мен дін істері жөніндегі Комиссия төрағасы Ван Вэйгуанмен кездесті. Кездесу барысында «бір белдеу, бір жол» бағдарламасының  5 жылдығы аясында Қазақстан–Қытай қарым-қатынастарының негізгі бағыттары мен дін және этносаралық келісім саласындағы диалогты нығайту – ҚР Қоғамдық даму министрлігі мен ҚХР Дін істері жөніндегі мемлекеттік басқармасы арасында ынтымақтастық жөнінде Меморандум бекіту туралы  пікір алмасты.

Берік Арын Қытай тарапына  Астана дінаралық форумының жұмысына белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, сондай-ақ,  осы жылдың 10-11 қазанында Қазақстан астанасында өтетін VI діндер съезіне  ҚХР делегациясының қатысатындығына сенім білдірді.

Ал бұған дейін «Діндер бейбітшілік үшін» Дүниежүзілік конференциясының Бас хатшысы Уильям Вендли,  Франция Митрополиті Эмануэль, Дәстүрлі діни және бітімгерлер торабының директоры М.Эльсануси, Еуразиядағы еврейлерді колдау жөніндегі ұлттық коалицияның басты атқарушы директоры Марк Левин, БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Насир Әбдел Әзиз Ан-Насeр өздерінің қатысатындарын  растаған болатын.

Алтыншы съезге аузы дуалы, сөзі уәлі тұлғалардың қатысатыны аса маңызды.  Себебі, бүгіндері сөз сүйектен өтпесе де, қарапайым халықтың санасына сәуле түсіруге жарайды. Ал бұл өз кезегінде қоғамдық пікірдің қалыптасуына, азаматтық қоғамның оянуына сеп болады.

Сұлтанмұрат АБЖАЛОВ,

философия ғылымының кандидаты, дінтанушы

Соңғы жаңалықтар