Хиджаб, қысқа белдемше... һәм қыздар

Хиджаб, қысқа белдемше... һәм қыздар

Хиджаб, қысқа белдемше... һәм қыздар
ашық дереккөзі
Кей мәселеге келгенде кеңестік кезеңнің жақсы жақтарын еріксіз айта жөнелетініміз бар. Себебі қоғамның әр мүшесі өз қызметін, өз орнын білетін еді. Дәлірегінде, ұстаз – ұстаз, оқушы – оқушы. Өзін-өзі ұстауында да, киім киісінде де көзге көпекөрнеу ерекшелік байқалмайтын. Ал қазір ше? Бүгінде студенттер тұрмақ, оқушыларды танымай қаласыз. Мектеп формасында бірыңғайлылық жоқ. Ол аздай, боянып, өзін ересек көрсетуге асығатын қыз балалар көп. Бұл жаһанданудың салдары ма, әлде тәрбиенің дұрыс берілмеуі ме? Бәлкім, білім саласындағы жүйесіздік балалардың жүйкесіне де кері әсерін тигізген шығар?! Бұған дейін мектеп формасы туралы түйткіл сан мәрте көтерілген. Кейбір білім ұялары өз киім үлгісін таңдап, арнайы тапсырыспен тіктірді де. Ал қалған мектептер кәдімгі көк түсті киімді киіп жүр. Алайда базардағы, дүкендегі дәл осы мектеп формасының сапасы сын көтермейді. Қызбалаларға арналған белдемшелері – қысқа әрі денеге жабысып тұрады. Ал жұрт базардағы бар киімді сатып алады. Жоқты қайдан таппақ? Жасыратын несі бар, көрші қырғыз елі Қазақстанның халқын да, білім ұяларындағы оқушыларды да мектеп формасымен қамтамасыз етіп отыр. Егер көрші қырғыздар болмаса, жалаңаш қалар ма едік? Бұл елдің тіккен киімі сапа жағынан төмен болса да, басқа елдің тауарымен салыстырғанда арзан әрі қолжетімді. Осы тұрғыдан келгенде, бізде өркен жая алмаған жеңіл өнеркәсіпті әп-сәтте дамытқан қырғыз еліне сүйсінуден басқа амалымыз жоқ.

Қысқа белдемшеге тыйым салына ма?

Соңғы кезде еліміздің мектептеріндегі киім үлгісі үлкен дауға айналып барады. Бұған дейін кейбір өңірде қызбалалардың мектепке хиджаб киіп келуі қоғамда дүрбелең туғызса, жақында ғана Қоғамдық даму министрлігі қысқа белдемшеге тыйым салу керектігіне баса назар аударды. Қоғамдық даму министрінің орынбасары Берік Арын оқушы қыздарға мектепте қысқа белдемше киіп, кеудесін ашып жүруге, сондай-ақ, әшекей бұйым тағуға тыйым салу керектігі туралы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, кей ата-ана хиджаб киюге тыйым салынып, ашық-шашық киінуге рұқсат етілді деп есептейді екен. Осыған қатысты арыздар Білім және ғылым министрлігіне жеткен. Сондықтан министрлік бұл мәселені мықтап қолға алмақ. «Мектепте діни киім киюге тыйым салса да, денеге жабысып тұратын қысқа белдемшеге ешкім мән бермейтініне қатысты көптеген сын-ескертпелер айтылды. Осыған байланысты біздің министрлік Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жолдады. Қазір олар тиісті түзетулер енгізуді жоспарлап отыр», – деп атап өтті қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын. Бұл ұсынысты қоғам қалай қабылдады? Whatsapp әлеуметтік желісіндегі 10-сынып ата-аналарының тобында осы мәселе талқыға салынды. Ата-ананың бәрі бұл талапқа қарсы емес. Клара ханымның айтуынша, белдемшенің тізеден төмен болғаны дұрыс. «Бұл қызбаланың өзіне де жақсы. Себебі байқаусызда өзі қысқа белдемше түріліп қалса, не болады? Мейлінше, тізеден төмен сатып алуға тырысамыз. Бірақ сатылымдағы белдемшенің бәрі тізеден жоғары. Мына қырғыз тігіншілері де сұранысқа сай тек қана тізеден жоғары тігетін болған ба, әлде материалды үнемдей ме, бәрі қысқа. Ал ұзынырақ сатып алайық десек, онысы тобыққа жетеді. Сондықтан министрлік белдемшенің ұзындығын нақты бекітіп, айтуы керек», – дейді ол. Шын мәнінде, бұл мәселені көрші елдер де қолға алған. Тіпті, өзбек университеттері хиджаб пен қысқа белдемше киген абитуриенттердің құжатын қабылдамай қойған еді. «Киім кию этикасын талапкер кезден білу керек. Өйткені олар кейін бала оқытатын болашақ мұғалімдер ғой», – дейді Навои қаласындағы Мемлекеттік педагогикалық институт қызметкері. Әндіжан мемлекеттік университеті өкілдері мұндай талаптың Ташкенттен түскенін жеткізді. Өзбек заңдарына сәйкес, қоғамдық орындарда діни киім киіп жүргендерге айыппұл салынады немесе 15 күнге дейін әкімшілік қамау жазасы қолданылады. Бұл қатаң талап Тәжікстанда да қалтқысыз жүзеге асуда. Былтырдан бері Тәжік­станда университет студенттерінің қысқа белдемше киюі мен ислам орамалын немесе хиджабын тағуға тыйым салынатыны жарияланды. Ол ол ма, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон студенттердің ұялы телефонды және жекеменшікті автокөлікті пайдалануға, сондай-ақ, студент кештері мен той-думан өткізуге тыйым салуға шақырды. «Оқытушы мен студент мейманханада қатар отырып, бірге арақ ішеді! Бұл неғылған қылық?! Сіздер бұған тыйым салуға тиіссіздер! «Әліппе кештеріне» мектеп табалдырығын енді аттаған балалар ғана қатысуға тиіс! Оны заңнан тыс деп жариялау керек! Не оқу бітіргендердің кештері, не «Әліппе кештері» радио мен теледидардан насихатталмауға тиіс! Олай істемеңіздер! Қалтасында ұялы телефоны бар студент сабаққа көңіл аудара ма?! Мектепке өзінің жекеменшік автокөлігіне мініп келген 10-сыныптың оқушысы ғылымға көңіл бөле ме?! Бұл түйткілдің заңға сәйкестігін тексеріңіздер! Оған кім бағынбайды екен, автокөлігінен айырылады», – деді тәжік президенті. Президенттің осы үндеуінен кейін көлік полициясы сабаққа өзінің жеке автокөлігіне отырып келген студенттерді жазалау үшін ел астанасы – Душанбедегі университеттердің ғимаратына қаптап келді. Білім министрі Абдулджаббор Рахмонов студент қыздардың ислам хиджабын, яғни орамалын тағып жүруіне және қысқа белдемше мен кеудесі ашық көйлек киюіне тыйым салып, президенттің бастамасын одан әрі «дамытты». Тәжікстанда басына хиджаб байлап жүретін студент қыздар онша көп емес. Әйтсе де, ислам дәстүріне сәйкес, ұзын көйлек пен шалбар киіп, басына орамал тағу – қыздардың кейбіріне ұнайды. Басына орамал байлап жүретін қыздардың бірі – Тәжікстанның Ұлттық университетінің студенті Мәмләкәт Сафарова. «Азаттық» радиосына сұхбат берген қыздың айтуынша өз бұйрығы орындалған-орындалмағанына көз жеткізу үшін университетке білім министрі А.Рахмонов өзі келіпті. Душанбедегі Шет тілдер университетінде оқитын Давлатмох Сафарова басындағы орамалына бола өзін университет есігінен өткізбей қойғанын мәлімдейді. Оның айтуынша, басына орамал байлап жүргісі келген студенттерді оқудан шығару үшін университет кез келген нәрсені сылтау етеді. Ресми билік университеттерден кертартпа діншілдер оқитын топтарды ашпауды ұсынады. Сонымен қатар, білім министрлігі қысқа белдемше мен тар көйлек киюге де тыйым салды. Бірақ Душанбенің студенттері «еуропалық үлгідегі» киім кигенді құп көреді және университеттер министрліктің әлгі бұйрығын орындауға онша асығатын емес. Ал студенттердің кейбірі ұялы телефоны мен автокөлікті пайдалануға және студенттік кештер өткізуге бөгет қойылғанына аса наразы. Ал тәжік халқының басым бөлігі президенттің ол бастамасын қолдап, ол шара өскелең ұрпақты кішіпейіл болуға тәрбиелейді деп санайды.

Хиджаб дауы бәсеңдер емес

Жыл басынан бері ел мектептерінде хиджаб киетін 2 жарым мың қыз бала білім алып жатқаны анықталды. Жаңа оқу жылы алдында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев хиджаб киетін оқушыларға қатысты мәселеге нүкте қойған-ды. «Мектептерде хиджабқа тыйым салынған. Біздің ұстанымымыз өзгерген жоқ. Балаларды бөлек оқытуға қатысты айтарым, бөлек және діни оқытуды шатастырмаңыздар. Оқыту түрі қандай болмасын, мектеп бағдарламасы бір. Мектептерде кез келген оқу мемлекеттік жалпы білім беру стандарттары аясында, біз қабылдаған бағдарламалар бойынша жүргізіледі», – деді министр. Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, Фирдоуси ауылында Білім күні хиджаб киген оқушы қыздарды мұғалімдер мектепке кіргізбей, кері қайтарған еді. Әлеуметтік желіде тараған видеодан оқушы қыздардың басқа ұлт өкілі екенін аңғаруға болады. Осы келеңсіз жайттан кейін министрлік аталған елді мекенге арнайы комиссия жіберген. «Заң бойынша діни киіммен мектепке баруға болмайды. Біз оқушылардың ата-анасымен әңгіме жүргізіп, бір шешімге келуіміз керек. Менің тапсырмам бойынша орамал таққан оқушылар мектепке кірмейді. Мұндай жағдай Ақтөбеде де болған», – деп қорытындылады Ерлан Сағадиев. Бұдан кейін әлгі ауылдағы хиджаб дауы реттеліп, оқушылар орамалын шешкен көрінеді. «Ауыл тұрғындары, ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің арқасында қазір ортақ тіл табыстық. Оқушы қыздар білім заңына мойынұсынып, мектепке орамалдарын шешіп келетін болды. Қазіргі уақытта орамалын шешкендердің үлесі шамамен 75 пайызға жетіп қалды. Ата-аналардың берген уәдесі бойынша сабаққа қыздар толығымен орамалсыз келуі тиіс», – деді Мақтарал ауданы білім бөлімінің басшысы Серік Төребеков. Айтпақшы, Атырауда мектепке орамал тағып келген 16 оқушының ата-анасына жалпы алғанда шамамен 200 мың теңге (Ұлттық банк бағамы бойынша 550 доллар көлемінде) айыппұл салынды. «Міндетті мектеп формасын кию ережесі барлығына ортақ. Алдымен ата-анаға ескерту жасалады. Егер балалар ережені бұзуын жалғастыра берсе, онда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 409-бабы бойынша (Қазақстанның білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу) олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік шара қолданылады, онда 10 АЕК (24050 теңге немесе 67 доллар) айыппұл қарастырылған», – деді аймақтағы Білім саласын бақылау департаментінің басшысы Сатқан Есенғалиев. Оның айтуынша, 16 ата-анаға қатысты іс сотқа жолданды, содан кейін олардан бес АЕК көлемінде айыппұл өндіру туралы шешім қабылданды, бұл 12025 теңге. Ал өткен жылы мектеп оқушыларының ата-аналарына қатысты алты іс қаралған болатын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай Ораз Ақтөбе облысына барған сапарында аймақтағы «хиджаб дауына» қатысты «ата-ана ұрпағын білім алудан шектемеуі тиіс» екенін айтты. «Бәлиғат жасына жетпеген қыз балалардың, тіпті 7-8 жастағы қыз балаларды, яғни жас баланың тағдырын тәлкекке, саудаға салу – жаңсақ дүние. Алла парыз еткен, бұйырған сәті келмегенге дейін балаға өз көзқарасын таңу дұрыс емес. Бас мүфти ретінде азаматтарды түсіністікпен қарым-қатынас жасауға шақырамын», – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай Ораз. Қазір Ақтөбе облысында «мектеп формасы талабын сақтамағандықтан» сабаққа қатыса алмай отырған 34 оқушы қыз бар. Ақтөбе облыстық дін істері департаментінің дерегінше, олардың көбі – бастауыш сынып оқушылары. Кеңшілік Тышхан, дінтанушы: – Елімізде күнделікті көптеген пікірталастар орын алып отырады. Заманға сай әлеуметтік желілердің дамуы да бұл үрдісті тездетіп жібергендей. Әсіресе, дінге, діни ұстанымдарға қатысты пікірлер қайшылыққа түскен кезде қоғамдағы пікірлердің әралуандығына көзіміз жетіп жүр. Сол үлкен жаңғырық тудырып жүрген таластардың бірі мектеп формасына қатысты талаптар. Жылда оқу жылының басталуымен бір дүркіреп басылу әдетке айналғандай. Әрине, ешкім заңды айналып өте алмасы анық. Екінші жағынан діннің талаптары бойынша ересек саналатын жастағы қыздардың белгілі талаптар шеңберінде киім киюі қажеттілігін де түбегейлі жоққа шығаруға болмайды. ҚМДБ-ның да ұстанымдары осыған саяды. Алайда осы орамалдың өзінен оның астарындағы мүдделер қайшылығы ұлғайып кеткендей сыңай танытады. Тіпті, бастауыш сыныптағы кішкентай қыздарға дейін киіндіріп, әртүрлі арандатушылықтарға барып отырған топтардың да бар екендігі анық. Бұл жағдайды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Өркениетті, зайырлы қоғам дегеніміз дінсіз, тәрбиесіз қоғам дегенді білдірмесе керек. Сондықтан осы тақырыпты ары қарай ушықтыра беру ешкімге де тиімсіз. Әсіресе, бұдан үлкендер емес, балалар зардап шегіп отыр. ҚР БҒМ-ның бірыңғай мектеп формасын бекітуі құптарлық жайт. Қоғамдағы бай мен кедейдің арасын ашпай, ұстаз бен оқушының ерекшеліктерін көрсету үшін әлемнің көптеген елдерінде бұл тәжірибе қолданылады. Алайда мектеп формасының белгілі талаптары жөнінде әлі де нақтылайтын жайттар жоқ емес. Мәселен, белдемшенің ұзындығы бойынша нақты талап болуы тиіс. Батыстың әртүрлі үлгісіне еліктеу белең алған заманда жыртық шалбар, шолақ көйлек те сәнге айналып барады. Мектеп тек білімнің ғана емес тәрбиенің де ордасы екендігін ұғынатын уақыт жеткен сияқты. Қоғамдағы өрескелдіктер білімсіздіктен емес, тәрбиесіздіктен туындап жатқанын өкілетті мекемелер назарға алуы керек. Қорытындылай айтқанда, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» ортақ мүддеге негізделген мектеп формасын бекіту уақыт талабы. Сондықтан ұлттық санаға негізделген, имандылық құндылығына сай киіну баланың білім алуына кедергі болмаса керек.   P.S. Таяуда ғана Алматы мен Атырау қалаларында радикалды ислам дінін насихаттайтын балабақшалардың бар екені анықталды. Онда балаларға 4 жастан бастап сүре жаттатылса, 6 жастан намаз оқуды үйретеді екен. Қоғамдық даму министрі Берік Арынның айтуынша, діни бағытты ұстанатын балабақшаларға барған балалардың ата-аналары да діни секталардың мүшелері. Өкініштісі, былтырғы жылдың өзінде радикалды ислам бағытын балаларға насихаттайды деген күдігі бар мыңнан астам балабақша анықталыпты. Онда 30 мыңнан астам бөбек тәрбиеленген көрінеді.