ЖАЗУШЫ – ХАЛЫҚТЫҢ АЛТЫН ҚАЛАМЫ

ЖАЗУШЫ – ХАЛЫҚТЫҢ АЛТЫН ҚАЛАМЫ

ЖАЗУШЫ – ХАЛЫҚТЫҢ АЛТЫН ҚАЛАМЫ
ашық дереккөзі
1993 жылы Алматы теледидарында Бас редактор болып жүрген кезімде Қазақ теледидары Бас директорының бірінші орынбасары қызметіне жоғарылап, Шерхан Мұртазамен етене араластым. Тікелей бастығым, Бас директор Рафаэль Жұмабаев – Қазақ теледидарында көптен бері қызмет атқарып жатқан тәжірибелі журналист, осы саланың білгірі. Ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленетін Рәкең басшылық пен шығармашылықтың қос тізгінін қатар ұстай білетін азамат. Бас директордың бірінші орынбасары ретінде шығармашылыққа тікелей жауап беремін. Журналистік еңбек жолымды газеттен бастаған соң, газет пен теледидардың кейбір ерекшеліктерін тәп-тәуір меңгергенмін. Қаламы, ойы ұшқыр газет тілшісі іздене отырып, қолға алған тақырыбын жан-жақты зерттеп, талдай біледі, күрделі мәселелер көтереді. Аталған ізденістермен бірге жазу стиліне көңіл бөліп, шынайылығы мен көркемдігіне айрықша назар аударады. Тілшінің қолынан өткен мақаланы бөлім меңгерушісі, редактор не болмаса оның орынбасары бір қарап шығып, тақырыбы ширай түседі. Яғни, мақаланың немесе очерктің сәтті шығуы – көбінесе тілшінің өз қолында. Ал теледидарда хабарды автордың өзі жалғыз сүйреп шығара алмайды. Оның сәтті, ұтымды, мазмұнды шығуы кинооператорға, режиссерге тікелей байланысты. Яғни, телехабар – ұжымдық жұмыс, ұжымдық ізденіс. Үлкен шеберлік танытып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанда ғана жібі түзу хабар көрерменге жол тартады. Жасыратыны жоқ, көптеген тележурналистердің жазу мәнері газет журналистерімен салыстырғанда солғындау. Теледидарда басты тұлға режиссер деп жатамыз, бұл пікірмен келісемін, бірақ журналист алған тақырыбын терең талдап, шеберлік шыңына көтермесе, режиссер қанша мықты болса да, хабар жөнді шықпайды. Майталман журналист Шерхан Мұртазаның көңілі осы жайларға толмай, біздің алдымызға тың, жаңа шығармашылық міндеттер қойды. Жаңа аптаның бірінші күні – дүйсенбіде міндетті түрде Қазақ теледидарының лездемесі өтіп, оған шығармашылық ұжым, Шерхан Мұртаза бастаған басшылар қатысып, жеті күн ішінде өткен телехабарларға талдау жасалып, жетістіктер мен кемшіліктер аталып өтеді. Бірде кезекті лездеме өтіп жатты. Апталық шолушы өз міндетіне жүрдім-бардым қарағаны айтпаса да белгілі болып тұрды. Ең өкініштісі, түкке тұрғысыз екі-үш хабар мақталды да, шын мәнінде көрермен көңілінен шыққан хабарлар әдейі еленбей, көлеңкеде қалып қойды. Нұртілеу Иманғалиев жетекшілік ететін қоғамдық-саяси Бас редакциясының дайындаған хабарлары қай тұрғыдан болса да мықты еді. Шолушы бұл туралы аузын ашпады. Одан соң сөйлеген екі журналист те мардымды ештеңе айта алмады. Шындық пен әділдік айтылмай қалса, Нұртілеу шыдай алмайды. Кейбіреулер құсап ойын бүгіп қалу деген жоқ. Бұл жолы да орнынан ұшып тұрды. – Эфирден өтетін хабарлардың шынайы әрі өткір болуына, мазмұны мен маңыздылығының жақсаруына бүкіл редакторлар және режиссерлер тобы болып, барымызды салып, сол шығармашылық ізденістің бағасын естуге келдік. Шынымды айтсам, әріптесімнің бүгінгі шолуына көңілім толмады. Біздің апта бойы жасаған хабарларымызға әділ баға беріп, талдау жасай алмады. Өткен хабарлардың бәрі шетінен төрт аяғынан тік тұрып кетті деп айта алмаймын. Дегенмен олардың жетістігі неде, кемшілігі неде? Лездемеде сол айтылуы керек еді. Жақсы дүние болса, бағалайық, кемшілік тұстары болса, оны да айтайық. Лездеменің басты мақсаты осы емес пе? Ол дәл бүгінгідей болып өте беретін болса, біз шығармашылық жағынан өспейміз, төмен құлдыраймыз. Басшы тарапынан да жағдайларың қалай, не істеп жатырсыңдар деген бір ауыз жылы сөз естімейміз. Бұл қалай? – деп, Нұртілеу Шерхан Мұртаза мен оның жанында отырған Рафаэль Жұмабаевқа қарады. Байқаймын, корпорация президенті Шерхан Мұртаза Нұртілеудің сөзін онша жарата қойған жоқ. Бас директор үндемей құтылды. Ертесіне Шерхан Мұртаза Қазақ теледидарының Бас директоры мен Бас директордың бірінші орынбасары ретінде мені шақырды. Шәкең күнделікті жұмыстың барысы туралы айтқан соң, кадр мәселесіне көшті. – Қоғамдық-саяси Бас редакциясының Бас редакторы Нұртілеу Иманғалиевті басқа жұмысқа ауыстырамыз. Оның орнына лайықты адам бар ма? – деді Шәкең бізге қарап. Мен тікелей бастығым – Бас директорға қараймын, ол болса үндемей жерге қарайды. Одан асып маған не жоқ деп үнсіз қалайын десем, арым мен ұятымның алдында үлкен сын болғалы тұр. – Нұртілеу Иманғалиев өз орнында отырған адам, – дедім пікірімді тура айтып. – Өте сауатты, іскер басшы, өзінен де, өзгеден де талап ете алады. Әрдайым шындықты ашық айта біледі. Оны басқа жұмысқа ауыстырудан ештеме ұтпаймыз. Өмірден көргені мен түйгені мол, әрқашан да әділдікке жүгінетін Шерағаң ойланып қалды. Осы әңгімеден кейін талай уақыт өтті. Бұл туралы Нұртілеуге айтқан да емеспін, ол да сұраған емес. Ар алдында таза екенімізді екеуміз де жақсы білеміз. Көптеген шығармашылық ұжымдармен салыстырғанда Қазақ теледидарында демократия басымдау, сынға жол ашық, ойыңды, пікіріңді еш іркілмей, ашық айтасың. Бірақ «Бояушы, бояушы десе, сақалын бояйды» демекші, арамызда сынағанның «көкесі» осы екен деп босқа айқайлап, елді әбден ығыр еткен «батырлар» да болды. Солардың бірі – менімен құрдас болып келетін батыр тұлғалы редактор анау-мынау шикі өкпе емес, өмір көрген жігіт. Қазақ университетіне кештеу түсті. Тұңғыш ұлы 1-сыныпта оқып жүргенде, ол 1-курс студенті атанды. Кеш болса да оқуын бітіріп, Қазақ теледидарында қатардағы редактордың бірі болып қызмет атқарып жатқан жайы бар. Оның мінезі қызық, нағыз ұр да жықтың өзі. Ішінде түртпектейтін сайтаны бар ма, біреуге тиісіп, сөзбен қағытып жүрмесе басы ауырады. Әсіресе, аптасына бір рет болатын шығармашылық лездеме кезінде бүйректен сирақ шығарып, айқайлайды да отырады. Кейде өзінің неге айқайлап отырғанын түсінбейді. Айтсаң, екі көзі адырайып, екіленіп шыға келеді. Айбатынан арыстанның өзі қорқатын Шерағаң бір-екі рет ескерту жасап еді, қарсы сөз айтып, өзінше «батыр» болды. Құрдасым деп бір рет шақырып алып, сөйлесіп көріп едім: «Енді сен аузыма қақпақ қоймақшысың ба?» – деп екіленіп шыға келді. Бірде қызмет орнымнан кеш шығып, төмен түспек болып, лифтіге бет алып едім, ұзын дәлізде қарсы алдымнан Нұрғали Өтежанов, Тынышбай Рахимов ұшыраса кетті. Жандарында дәу қара құрдасым бар. Байқаймын, үшеуі де сәл қызулау. – Кімді айтсаң алдыңнан сол шығады, – деді құрдасым маған тиісіп. – Шерханның мына інісін оңашада «қысып» алсақ қайтеді? – Сабап кетсек те ешкім көрмейді, – деді Тынышбай күліп. Ойыннан от шығып кетпесін деп, Өтежанов біресе маған, біресе екі серігіне қарайды. Әкем қатты ашуланғанда: «Мынаның құйрығына пістенің майын қайнатып құйсаң да адам болмайды» деуші еді. Құрдасымның жағдайы белгілі, айт, айтпа, оған сөз өтпейді. Қараптан-қарап тұрып, Тынышбайға ызам келіп, қатты ашуландым. Оның үстіне Тынышбай Шерхан Мұртазаның талай-талай жақсылығын көрген адам. – Әй, құрдасым, – дедім, – ұрынатын ешкім таба алмай жүрсең анау қазандай басыңмен қабырғаны соққыла. Ауыз менікі деп Тынышбай екеуің тілдеріңді босқа безей бермеңдер. – Ей, Шерханның інісі! Қабырғаны соғып, мен жынды емеспін! Одан да сені соқпаймын ба? – деді қара дәу екіленіп. Сонау 1970 жылдары Киевте әскер қатарында жүргенде белгілі каратиспен жолдас болғаным бар. Грузин жігіті өмірде керегі болады деп, жанды жерден ұрып талдыратын екі-үш әдісті үйреткен еді. Шынында да, өмірімде әртүрлі жағдайлар болып, әлгі әдістерді сирек болса да қолдануға тура келген. Көзі аларып, маған тұра ұмтылып, жағама жармасқан құрдасымды шынтағыммен қатты соғып қалдым. Жаңа ғана Сырдың суы сирағынан келмей тұрған құрдасым кескен теректей сұлап түсті. – Әй, енді сенің кезегің келді, – деп Тынышбайға ұмтылмақ едім, «Жығылған күреске тоймайды» демекші, есін жиған құрдасым «Ой, әкеңнің...» деп ұмтыла бергенде, тағы да «жайратып» тастауға тура келді. Өтежанов екі көзі атыздай болып, біресе маған қарайды, біресе есін жинай алмай тыпыршып жатқан інісіне қарайды. Құрдасым екі-үш минуттан соң есін жиды. Баяғы қарқыны жоқ, жүні жығылып қалған, қиралаңдап орнынан тұрып жатты. – Құрдас, – дедім, – осы тойғаныңмен үйіңе қайт, бұдан былай лездемеде орынсыз айқайлайтын болсаң, дәл бүгінгідей орынсыз сүйкеніп, тіліңді безейтін болсаң, жиі-жиі таяқ жейтін боласың, түсіндің бе? – Кеттік, кеттік, – деп Өтежанов әлі есеңгіреп тұрған құрдасымды сүйрей жөнелді. Бұл жұма күні болатын. Дүйсенбі күні әдеттегідей лездеме болды. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші, құрдасым біреуге реплика тастай беріп еді: «Әй, құрдас, әркімге бір соқтықпай тыныш отыр!» – деп айқай салдым. Ол жым болып, лездеме біткенше үні шықпады. – Доқтырхан! – деді жанымда отырған Шерхан Мұртаза таң қалып, – мына диюды қалайша ноқталап жүрсің? Адам айтса нанбайтын оқиға ғой бұл!.. «Журналистің арқалағаны алтын, жегені тікен» деп Шераға бекерден-бекер айтпайды. 1993 жылдың соңында Қазақ теледидары және радиосы корпорациясының кезекті бір алқа жиналысында қаламақы төлеу мәселесі қаралды. Жиналыста онша ашулана бермейтін төраға Шерхан Мұртаза бұл жолы бұлқан-талқан болып, бас экономиске, басқа да жауапты қызметкерлерге қатты шүйлікті. – Жылы кабинетте отырып алып, біреулердің еңбегін қанап, ақшаны күректеп тапқанға әбден еттерің үйреніп кеткен. Қызметкерлердің маңдай терімен, адал еңбегімен тапқан қаламақыларын қысқартуға, үнемдеуге сендерге кім құқық беріп жүр? Бес-алты жылдың ішінде осындай жолмен миллиондаған қаржы үнемделіпті. Әрине, үнемделген ақша үкіметке қайтқан жоқ. Жылдың аяғында аттың төбеліндей бастықтар, яғни сендер белдеріңді ауыртпай 13-ші айлық есебінде көл-көсір сыйлық алып отырыпсыңдар. Бұған қалай ғана дәттерің барды? Құдайдан қорықпайтын қандай адамсыңдар?! Төраға сынының қаһарына ұшыраған қызметкерлер төмен қарап, кірерге жер таппады. – Мына істеріңе қарап, сендерді шеттеріңнен соттап жіберсе сауап болар еді, – деді Шәкең қатуланып. – Биылғы үнемделген қаржы шығармашылық қызметкерлерге қайтарылып берілетін болсын. Әңгіме осымен бітті. Бас директор Рафаэль Жұмабаев ауруханада еді. Қосымша қаламақы төлеу жөніндегі құжаттарға маған қол қоюға тура келді. Қызметкерлер екі-үш айлық жалақы көлеміндегі қаламақы алып, қарық болып қалды. Екі-үш күннен соң кабинетіме құрдасым келді. – Доқтырхан, – дейді ол әлденеге мәз болып. – Бүгін қаламақыма көп ақша алдым, соны жуайын деп едім. – Ақшаңды құртпай тұрғанда, бала-шағаңа алып бар. Ниетіңе рахмет! Жуғаның сол болсын! – Түсіндім, – деді құрдасым. – Аман-есенімде үйіме жетейін. Шерхан Мұртазаның арқасында осы жылдың аяғында Қазақ теледидары және радиокорпорациясының қызметкерлері екі-үш емес, бақандай 64 пәтерге қолы жетіп, Абай мен Саин көшелерінің қиылысындағы тоғыз қабатты үлкен үйде дүрілдетіп қоныс тойын тойлап жатты. Пәтерге үмітті жандардың бірі – туған ағам Бектұрсын Тұрлыбеков болатын. Радиода анау-мынау емес, 18 жыл тапжылмай еңбек етті. Бірақ, «Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты» дегендей, пәтер алатындар тізімінде жоқ болып шықты. – Ойбай-ау, басқадан ұялуға болар, бірақ пәтер мәселесіне келгенде ұятты жинастырып қой, көке. Тез Шерағаңа кір, жағдайды түсіндір. – Інім-ау, ол кісіге кіру қиын. Оның үстіне Шерағаңнан біртүрлі сескенемін, – дейді Бектұрсын момындығына басып. Амалдың жоқтығынан Шерхан Мұртазаға өзім кірдім. – О, батыр, жайша келдің бе, отыр, – деді Шераға сәлемімді алып. – Бұл жолы жұмыс емес, жеке басымның шаруасымен келдім, Шераға, – дедім сөзімнің соңын жұтып қойып. – Айт, айт, ол қандай шаруа? – Өзіңіз де білесіз, туған ағам Бектұрсын радиода 18 жылдан бері жұмыс істейді. Пәтер аламын деп жүр еді. Тізімде жоқ... – Ол батыр қайда, өзі неге келмейді? – Сізден сескеніп, қорқатын сияқты... – Қайта-қайта қатын алғанда қорықпайды. Менен қорқа қалғанын қарашы... Шераға алдындағы түймені басып, әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қалаубек Тұрсынқұловты шақырды. – Ау, Қалаубек, мына інің мұрты едірейіп, өкпе айтып отыр, – деді Шерағаң. – Інімді өкпелетіп жүрген кім? – деді Қалаубек аға әдетінше маған жылыұшырай қарап. – Кімге өкпелеуші еді, екеумізге өкпелейді де. Менің ағам тоқалдан туды ма, неге пәтер бермейсіңдер дейді бұл батыр. – Білемін, білемін, – деді Қалаубек Тұрсынқұлов. – Інімнің өкпесі орынды, кезек Бектұрсындікі еді, екі баласы бар бір жесір келіншек килігіп кетті... – Қалаубек, – деді Шерағаң. – Бектұрсынды момын екен деп жерге қаратпайық, анау «Экраннан» босайтын бөлмелер бар, соның біреуін берейік. Сонда құда да, құдағи да тыныш болады. – Мұныңыз өте дұрыс шешім, – деп Қалаубек аға қуанып кетті. «Жақсыдан шарапат» деген осы. Аяқ асты туған ағамның пәтер мәселесі өз шешімін тапты. Бір аптадан соң, Бектұрсын қаланың ортасындағы бір бөлмелі пәтерге көшіп алды. Ағамның сондағы қуанғанын көрсеңіз ғой! «Жақсы адамның артынан сөз ереді» деген рас екен. Қазақ радиосы мен теледидарын қалай дұрыс жолға қоямын деп басын тауға да, тасқа да ұрған ұлтжанды Шерхан Мұртаза кейбіреулерге ұнамай, жоғары жаққа арыз-шағым қардай борады. – Мен Қазақстан Жазушылар одағында екінші хатшы болып жүргенімде үстімнен бір вагон, яғни 42 тонна арыз жазылған болар, – деп отырушы еді Шерағаң. Біреу жұмысқа белсеніп кіріссе, безгегі ұстап, ауырып қалатын ағайындар жазушы-ақындардан да асып түскен. «Шерхан Мұртаза барып тұрған ұлтшыл, бұл жағынан көкесі Тұрар Рысқұловтан асып кетеді, орыстарды иттің етінен жек көреді, орыс тіліндегі хабарларды қысқартып, жетім баланың халіне түсірді, көк көзді журналистер шетінен қудаланып, бастарына қара бұлт үйірілді» дегенге саятын арыз-шағымды екі вагонға немесе 84 тоннаға жеткізді. Көп ұзамай-ақ Шерхан Мұртаза қызметінен алынып, оның орнына бір кездерде «Алатау» ұлттық телеарнасында режиссердің көмекшісі болып, сол қызметтің өзін дұрыс атқара алмаған, екі ауыз қазақша білмейтін біреу төрайым болып тағайындалып, бәріміз жағамызды ұстадық. Қазақ теледидары мен радиосының қиын күндері осыдан басталды...  

Доқтырхан Тұрлыбек,

жазушы,

халықаралық «Алаш» әдеби

сыйлығының лауреаты