ҚоғамСаясат

Қазақ елінің мақтанышы – агрокешен

Елімізде агроөнеркәсіп кешенін жан-жақты және қарқынды дамытуға баса назар аударылып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да атап айтқан болатын. Елбасының жүктеген тапсырмаларын орындау мақсатында Алматы қаласында да аграрлық ғылымды дамыту басты назарға алынуда.

Аграрлық ғылымды дамыту үшін ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысу қажет. Осыған орай, аграрлық университеттердің ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауы аса маңызды. Бұл ретте аграрлық университеттерге жүктелетін міндет ерекше. Қазіргі уақытта аграрлық ғылымды дамыту және білікті мамандар дайындауда Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университеті табысты жұмыс жүргізуде. Еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніне білікті маман дайындау бойынша университетте халық­аралық студенттік тәжірибе алмасулар, жас ғалымдар конференциялары, жазғы және қысқы мектептер және стартап-жобалар байқаулары ұйымдастырылып келеді. Тек ағымдағы жылда 200 стартап жобасы ұсынылды. Оның ішіндегі ең үздіктеріне 150-1000 АҚШ доллары көлемінде қаржылай сыйлықтар табысталды. Өткен жылдың ішінде университет ғалымдары ауылшаруашылық өндірісіне енгізуге арнап 25 монография, 39 ұсыныс шығарып, патент алуға 24 оң шешім берілді. Университеттің барлық әрекеттері креативті ойлайтын және инновацияға бейім, еңбек нарығында сұранысқа сай, бәсекеге қабілетті мамандар дайындауға бағытталған. Бүгінгі таңда университет бастамасымен республика көлемінде 22 мыңнан аса фермердің, ауылдық кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру үшін Қазақстанның оңтүстік-шығыс және оңтүстігінде 36 ғылыми орталық пен серіктес – жоғары оқу орындарын қамтитын фермерлердің жоғары мектебі және Экстеншн бағдарламасының жүйесі қызмет етеді.

Сонымен қатар, аграрлық саланы дамыту мақсатында биыл Алматы қаласында «Агро-өнеркәсіптік кешенді цифрландыру орталығы» ашылды. Бұл орталық еліміздің ауыл шаруашылығындағы ахуалдарды бақылауға мүмкіндік туғызбақ. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ситуациялық орталықтың жұмысы табысты болатынына сенім артуда. Орталыққа шетелдің озық технологияларын тартып, оны еліміздің климатына бейімдеу көзделіп отыр. Құрылғылар арқылы жер, су ресурстары талданып, өсімдіктер мен мал шаруашылығының болашағы болжанбақ. Сондай-ақ, аграрлық саладағы бар ақпараттар ортақ базаға жинастырылып, мониторинг жүргізіледі. Орталықты құруға АҚШ-тың білікті мамандары атсалысты.

Сондай-ақ, Елбасының «Төртінші өнер­кә­сіп­тік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керектігі айтылған болатын. Осы ретте Алматы қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы Өндірістік ауыл шаруашылығының кеңсесі мамыр айында өз жұмысын бастады. Алдағы бес жылда еліміздегі иесіз, қураған жайылымдар мәселесі толығымен шешіледі. Жоба аясында еліміздегі егістіктерді құнарландыру мен суару жүйесі қолға алынбақ. Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, қазір елімізде 180 миллион гектар жайылымдық жер болса, оның 20 миллион гектары қараусыз жатыр. «Жоба аясында жайылымдарды қолдану үшін пилоттық жүйеде жұмыс істейміз. Өйткені әр өңірде климаттық жағдайлар әртүрлі. Сондықтан ауылшаруашылығы министрлігімен осы бағдарлама шеңберінде мал шаруашылығы саласын жетілдіруді көздеп отырмыз», – дейді өндірістік ауыл шаруашылық ұйымының Қазақстандағы өкілі Қайрат Нәжімеденов.

 

Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс. Ол ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажет. Осыған орай аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керек. Олар диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауға тиіс. Бұл жоғары оқу орындарынан оқу бағдарламаларын жаңартып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналу талап етіледі.

ҚР Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан

Back to top button