Өмірмен ерте қоштасуға құмарлық

Өмірмен ерте қоштасуға құмарлық

Өмірмен ерте қоштасуға құмарлық
ашық дереккөзі
Дүниежүзінде әр 40 секунд сайын 1 адам өз-өзіне қол жұмсаса, Қазақстанда айына 300-ге жуық адам қайтыс болады. Олардың 75 пайызы табыс көлемі орташа және төмен отбасыдан. Қазақстан суицид саны бойынша әлемде алғашқы ондықта. Суицидтің негізгі себептері: 41 пайызы – белгісіз; 19 пайызы – жазалау алдындағы қорқыныш; 18 пайызы – рухани дерт; 18 пайызы – отбасылық уайым-қайғы; 6 пайызы – қорқыныш; 3 пайызы – қаржылық мәселелер; 1,5 пайызы – өмірден жалығу; 1,2 пайызы – ауруға шалдығу. Зерттеулер мен жасалған анализдер негізінде Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы 2017 жылы келесідей есеп ұсынды. Өкінішке қарай, аталған ауруға шалдыққан елдер тізімінде Қазақстан 4-орынға жайғасыпты. Халқының саны 20 миллион Шри-Ланка дамыған ел. Бірақ бұл ел өз-өзіне қол жұмсайтын елдердің көшін бастап тұр. 1948 жылы тәуелсіздік алғаннан бері өзін-өзі өлтіретін адамдардың саны белгісіз себептермен үнемі өсіп келеді екен. Соңғы жылдары Моңғолияда жас жігіттердің суицидке баруы өсіп кеткен. Олардың көпшілігі, яғни 85 пайызы 34 жастан 39 жасқа дейінгі ер адамдар. Негізгі себептері – жұмыссыздық, әлеуметтік және экономикалық тұрақсыздық, терең депрессия, нашақорлық, маскүнемдік және түрлі аурулар. Ал енді Қазақстан мектеп жасындағы жасөспірімдер арасындағы суицидтің көш басында тұр. Бұған себеп не? Дағдарыс орталығына күніне хабарласатын 70-80 шақты кісінің 15-17-сі суицид бойынша телефон соғады екен. Бұл – бүкіл Қазақстан бойынша жалпы көрсеткіш. Маслоу пирамидасы бойынша адамның алғашқы жеті қажеттілігі, яғни, жейтін тамағы, өмір сүретін жері бар болса және әлеуметпен қарым-қатынасы көңіл көншітерлік болғанда ғана адамның психологиялық жағдайы жақсарады, көңілі тыныш болады. Демек, елдегі экономикалық жағдай да адам жан-дүниесінің қалыптасуына бірден-бір әсерін тигізеді деген сөз. Суицид жиілігінің әлемдік кестесіне қарасақ, Қазақстанның жағдайы жақсы дей алмаймыз. Қазақстанның суицидті көп жасайтын елдер кестесінде төртінші орынға тұрақтағаны да халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігінен шығар. Десе де, 2018 жылдың сәуір-маусым айында Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің орташа жалақысы 162 751 теңгені құрайды деген мәлімет айтты. Алайда бұл цифр шындыққа сай ма, әлде сай емес пе, ол жағы күмәнділеу. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Қазан дегеніміз мемлекет, қақпақ деген идеология. Идеология әлсіреген кезде жат ағымдар, азғындық ойлар, идеялар, парадигмалар бізге кіріп, ұлттық дүниетаным азайған кезде адамдардың басындағы вакуумды осылар басады», – дейді абайтанушы, қоғам қайраткері Омар Жәлел бір сөзінде. Яғни, жерге не ексең, соны орасың. Сол сияқты адам да ойына тоқығанының жемісін, я кесірін көреді. Егер миды уақтылы мәнді, мағыналы, ақылды дүниелермен толықтырып отырса, нәтижесінде адам оң жолдан адаспайды. Ал егер ми керек дүниелермен толықпаса ше? Абайдың «Он жетінші қарасөзінде» қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгінетіні бар. «Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын – мен, сенің сөзіңді ұғатұғын – мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» – депті. ...Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты: – Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ешнәрсе табылмайтұғыны да рас. Жаратқан тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да –бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман, – депті». Яғни, адам кез келген азғындыққа, соның ішінде әлсіздікке беріліп, өз-өзіне қол жұмсамауы үшін ұлттың идеологиясы, отбасының тәрбиесі мықты, ал өзінің ақылы оң жолда болғаны керек. Себебі адам ақылы жақсыға да, жаманға да бірдей барады. Тағы да Абайға жүгінсек: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват». Үстіміздегі жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында депутат Артур Платонов Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаевтың атына депутаттық сауал жолдап, кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының мәселесін көтерді. «Өкінішке қарай, 2018 жыл балалар арасындағы тоқтаусыз жалғасқан суицидтермен басталды. 15-17 жас аралығындағы бұл көрсеткіш өте жоғары – 100 мың балаға шаққанда 14,8 оқиға тіркелген. Кәмелетке толмаған балалардың өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші бойынша Қазақстан көш бастап келеді. Қазір суицидтің алдын алу жөніндегі мемлекеттік жоба ұсынылған. Бағдарлама үш кезеңнен тұрады: ақпараттық, оқыту және қауіп-қатер топтарды анықтап, оның алдын алу. Қызылорда облысында 2015 жылы өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу бойынша тестілеу жобасы оң нәтиже көрсетті және ол 2016 жылдан бастап 2017 жылға дейін біртіндеп, елдің әр аумағында бастау алып, осыған байланысты 2017 жылдың сәуірінде облыстар және Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері жергілікті бюджеттен бөлінетін шығындарды есептеуі керек болған. Бірақ жобаның жақсы нәтижелеріне қарамастан, ол бірқатар өңірлерде әлі енгізілмеген күйі қалып отыр», – деп қынжылды депутат. Күнделікті қоғамда, білім беру мекемелерінде мұғалім баланың сөзі мен іс-әрекетінен суицид туралы ойдың белгілерін танып үйренуі тиіс. Ол қиын емес. Бала мінезіндегі өзгерістер, жалғыздық туралы әңгімеге әуестік, «мен шаршадым», «бәрінен жалықтым» деген сияқты сөздер, жеке заттарын тарату секілді өмірге қызығушылықтың азайғанын білдіретін әрекет – осының барлығы мұғалімдер және балалармен етене жұмыс істейтін басқа да мамандар игеруі қажет қарапайым дағдылар. Жалпы, елімізде «2019 жылға дейін балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидалдық мінез-құлық алдын алу Жол картасы» әзірленіп, бекітілген. Десе де, жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші өршіп тұр. Мысалы, ағымдағы жылдың басынан бері 124 бала өз-өзіне қол жұмсап үлгерген. Бұл туралы ҚР Балалар құқығы жөніндегі уәкілі Сәуле Айтпаева мәлімдеді. Бұған әлемдік көрсеткіштер де дәлел. 2011 жылғы Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының өз-өзіне ең көп қол жұмсайтын елдерге жүргізген есепте Қазақстан 10-орында, Литва 5-орында тұрған. Ал 2017 жылғы есепте Қазақстан 4-орынға көтеріліп, Литва, керісінше, 8-орынға шегінген. Бұл елімізде аталған түйткілмен күрестің әлсіздігін байқатады. 2017 жылғы көрсеткіш бойынша Қазақстан бойынша өз-өзіне қол жұмсаудан Солтүстік Қазақстан облысы бірінші орында – 100 мың адамға шаққанда 47 оқиға тіркелген. Екінші орында Шығыс Қазақстан облысы – 42,7. Үшінші орында Қостанай облысы – 41,4 оқиға. Ақмола облысы – 41,3; Павлодар облысы – 31,8; Қарағанды облысы – 24,1; Батыс Қазақстан облысы – 26,7; Алматы облысы – 19; Қызылорда облысы – 18,6; Маңғыстау облысы – 17,2; Атырау облысы – 14,3; Жамбыл облысы – 9,3; Оңтүстік Қазақстан облысы – 8,7. Ең төменгі көрсеткіш Астана қаласында тіркелген – 7,2. Ал Алматыда көрсеткіш орташа – 13. Байқап отырғанымыздай, елдің Солтүстігінде суицид жасау деңгейі тым жоғары және бұл аймақтарда өзге ұлт өкілдері басым екенін естен шығармаған жөн. Облыстар бойынша қазақы өңір деп танылатын елдің оңтүстігінде көрсеткіштің төмен болуы да осыдан болар. Гендерлік тұрғыдан зерттегенде Қазақ­­стан жасөспірімдер суициді бойынша бірінші орында, ер адамдар суицидінен 7-орында, ал әйелдер суицидінен 21-орында. Ең көп суицид жасаған кез 1996 жылы тіркелген – бір жылда 4796 адам өз-өзіне қол жұмсаған. 2012 жылға дейін көрсеткіш бірқалыпты деңгейді сақтап, 2014 жылы ең төменгі көрсеткішіне жеткен – 2957 адам. Ал 2015 жылы аталған көрсеткіш бірден 20 пайызға өсіп, 3735 адам өмірмен қош айтысқан. Бұл жылы суицидтен күніне 10 адам о дүниеге аттанған. 2017 жылы 3644 адам өмірмен өз еріктерімен қош айтысты. Халықаралық зерттеулер балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алуға болады дегенді растайды. Тиімді алдын алу жұмысын ұйымдастыру үшін бізге білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, құқық қорғау және ақпараттандыру қызметтерін қамтитын салааралық кешенді бағдарлама қажет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша әлемнің 30 елінде суицидтің алдын алуға арналған мұндай бағдарлама ұлттық стратегия деңгейінде іске асуда. Стратегия мақсаты – 2020 жылға дейін суицидті 10 пайызға дейін азайту. Қызылордада жүргізілген пилоттық жоба тоқтап қалмауы тиіс. Керісінше, әр облыс пен қалаға толық енгізілуі керек. Елімізде бұл түйткіл жасөспірімдер арасында өршіп тұрғандықтан, балалармен күнделікті кездесетін педагогтар мен психологтар да зейінді болуы қажет. Суицид – ғаламдық өзектілігі бар түйткіл. Ал ата дәстүрін ардақтаған қазақ елінің кеселді ауру кестесінде 4-орынға орналасуы, тіпті, өрескел жағдай. Мамандар аталған дертке көп жағдайда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мүшелері шалдығып жатады дейді. Жұмыссыздық, жалғыздық та себеп. Бірақ мұндай қиын түйткілмен мектеп жасындағы балалар бетпе-бет келмеуі керек. Бір анық бар. Тәңірі сыйға тартқан өмірден өз еркімен бас тарту – әлсіздік. Өмір сол үшін де өмір. Жеңу үшін, жеңілу үшін, үйрену үшін, жирену үшін. Тағы бір анық, Абайша қорытқанда «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?».
Алғашқы бес ел 100 мың адамға шаққанда суицид саны (бір жылда) Діні
1   Шри-Ланка (Оңтүстік Азия) 34,6 70 пайызы будда дінін ұстанады
2   Гайана (Оңтүстік Америка) 30,6 57 пайызы христиан дінінде
3 Моңғолия 28,1 53 пайызы будда дінін ұстанады
4 Қазақстан 27,1 70 пайызы ислам, 26 пайызы христиан дінінде
5   Кот-д’Ивуар (Батыс Африка) 39 пайызы мұсылман, 33 пайызы христиан, 17 пайызы атеист, 11 пайызы аборигендер
 Басқа елдер
8 Литва 26,1 (2000 жылмен салыстырғанда 40 пайызға азайған) 77 пайызы католиктер (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Литваны Еуропадағы және әлемдегі ең көп ішімдік ішетін ел деп таныған)
17 Ресей 17,9 75 пайызы православиелік христиан дінінің ұстанушылары
90 Түркіменстан 10,3 89 пайызы сүнниттік ислам дінінде
104 Өзбекстан 9,2 93 пайызы ислам дінінің ұстанушылары
120 Қырғызстан 8,2 83 пайызы ислам дінінде
146 Грузия 5,3 (Грузияда әйелдермен салыстырғанда ерлер көп суицид жасайды) 83 пайызы православиелік христиан дінін ұстанады
150 Тәжікстан 4,9 95-99 пайызы ислам дінінде
168 Әзірбайжан 3,1 (соңғы отыз жылда суицид 4 есе өскен) 96 пайызы ислам дінін ұстанады