Дүрбелеңнен көз ашпаған Дамаск

Дүрбелеңнен көз ашпаған Дамаск

Дүрбелеңнен көз ашпаған Дамаск
ашық дереккөзі
250

Әлемдік БАҚ-та аты жиі аталатын екі мемлекет болса, соның бірі, егер жалғыз ел болса, соның өзі – Сирия. Төрт жылдан бері қақтығыстар алаңына айналған мемлекетке дүрбі салып, аңысын аңдығандар, уақыт өткен сайын ушығып бара жатқан жанжал дүбіріне құлақ түргендер қатары артпаса, кеміген жоқ. Азаматтық соғыс бүкіл әлемге қауіп боп төнген лаңкестік топтармен күреске ұласып, онсыз да үрей буған сириялықтардың зәресін зәр түбіне жіберді. Еуропаға үдере қашқан босқындардың, қақтығыстар кезінде опат болған жүз мыңдаған құрбанның отаны – Шығыс пен Батыстың мүдделері тоқайласқан жер. Ондаған мемлекеттің бас ауруы да, әлемдік саясат серкелерінің шатқаяқтайтын тұсы да – осы ел.

Азаматтық соғыстың алғышарттары

Мұндай тағдыр неге дәл Сирияның пешенесіне жазылды деген сауалдың тууы орынды. Ең әуелі, Сирияның өркениеттердің тоғысқан тұсында орналасқанына екпін түсіргіміз келеді. Мұнда Шығыс пен Батыстың (Александр Македонский мен Ахеменидтердің, Рим мен Парфияның, Византия мен Сасанидтердің қақтығыстары), Солтүстік пен Оңтүстіктің (Ежелгі Мысыр мен Хетт патшалығының, Хулагуидтер мен мәмлүктердің таласы) және біздің заманымыздың екінші мыңжылдығынан бастап ислам мен христиандықтың (Крест жорықтары) мүдделері тоқайласып жатыр. Бұған қоса, Сирия – әлемдік маңызы бар аса ауқымды транзиттік дәліз. Азияда өндірілетін көмірсутектер ең төте жолмен еуропалық нарыққа дер кезінде жеткізіледі. Сондықтан Таяу Шығыстағы беделді саяси және экономикалық топтар өз қолшоқпарлары арқылы Сирия аумағын бақылауда ұстауға қашан да мүдделі.

Мемлекеттің ірі сауда жол­да­­­рының тоғысқан жерінде ор­на­­ласауы ел ішіне әр түрлі мә­дени және діни ағымдардың еркін енуін жеделдетіп, ұлттық ерек­шеліктердің қалыптасуына айтарлықтай бөгет болды. Бір сөзбен айтқанда, Сириядағы көптүрлілік оның біртұтас мемлекет болуына мүмкіндік бермеді. Француздық мандат кезінде заманауи Сирияның Дамаск мемлекеті, Алеппо мем­ле­кеті, Алавиттер мемлекеті және Друздар мемлекеті болып 4 бөлікке бөлін­генін айта кету керек.

Сириялықтардың басым бөлігі ислам дінін ұстанғанымен, хрис­тиан дінінің де үлесі салмақты. Азамат соғысы басталғанға дейін мемлекеттегі христиандардың саны 2 миллионға жуық болатын. Бейбіт жағдайда діни көзқарастың алуандығы түйткіл тудырмас еді. Алайда 1980-1990 жылдары Сириядағы ішкі жалпы өнім көлемі күрт төмендеді, халықтың әл-ауқаты жыл өткен сайын құлдырай берді. 2007 жылы ел тұрғындарының үштен бір бөлігі кедейлердің санатына жатқызылды. Сириядағы унитарлы саясат саны өзгелерден басым конфессия – сунниттердің наразылығын тудырды. Бұл өз кезегінде исламның әр түрлі ағымдарының алауыздығын үдетіп, лаңкестік топтардың тілеуін берді. ИГИЛ содырлары халифат құру мақсатымен Сирия аумағында ауқымды соғыс қимылдарын бастап кетті. Сириядағы қақтығыстардың тағы бір алғышарты – 2006 жылдан 2010 жылға дейін созылған қуаңшылық. 1990 жылдан бастап елдегі ауа температурасы Цельсий шкаласы бойынша 1-1,2 градусқа артты, ал жауын маусымының ұзақтығы 10 пайызға қысқарды. Бұл ауылдық жерлерде тұратын 1,5 милиионға жуық сириялықтың өз үйлерін тастап, тұрғындары онсыз да аузы-мұрнына шыққалы тұрған қалаларға үдере көшуіне әкелді. 800 мыңнан астам шаруашылықтың күлі көкке ұшты, ал астықтың бағасы 27 пайызға қымбаттады. 2008 жылы жанармай үшін берілетін субсидияның алынып тасталуы да ел тұрмысының төмендеуін айтарлықтай тездетті. Мұның бәрі әлеуметтік наразылықты ушықтырып, азаматтық соғыстың бас­талуына түрткі болған алғы­шарт­тардың біріне айналды. Ғалымдар мемлекеттің қазіргі жағдайы мен ежелгі Аккад патшалығының тыныс-тіршілігін жиі салыстырады. Мамандардың осыдан төрт мың жыл бұрын болған оқиғаны еске түсірулері бекер емес. Ол кезеңде де қуаңшылық пен соғыс қимылдары орталық билікті тақтан тайдырып, ақыр соңында мемлекеттің күйреуіне әкеп соқтырған болатын. Ішкі жалпы өнімінің 30 пайызы ауыл шаруашылығының үлесіне тиетін Сирияны да табиғаттың тосын мінезі тығырыққа тіреді. Оның соңы азаматтық соғысқа ұласып, энергетика, пайдалы қазбаларды игеру сияқты экономиканың өзге де кірісті салаларын тұралатты. Төрт жылға созылған қақтығыстардың жалпы шығыны 202,6 млрд. АҚШ долларын құраған, бұл – 2010 жылғы ІЖӨ көлемінен 3,8 есе көп.

Мемлекеттегі берекесіздіктің бастауында тұрған тағы бір фактор – демографиялық жарылыс. Соңғы онжылдықтарда Сирия халқының саны өте жылдам артты. 1950 жылдары сириялықтардың саны 4 миллионға жуық болса, 2010 жылы елдегі халық саны 22 миллионға жетіп жығылды. Егер 1990 жылдары 15-24 жастағылар 2,5 миллион адамды құраған болса, 2000 жылы бұл жас категориясы 3,8 миллион адамды, ал 2010 жылы 4,6 миллион адамды біріктірді. Халық санының көбеюі жыл сайын 400 мың жаңа жұмыс орнын ашу қажеттілігін тудырған. Бірақ қалт-құлт күн кешіп отырған ел экономикасы бұл міндетті орындай алған жоқ. Нәтижесінде жүз мыңдаған жас екі қолға бір күрек таппай, сенделіп қалды. Кейіннен қарулы топтардың қатарын толықтырған да – сол жұмыссыз жастар.

 Алавиттер үстемдігі һәм алауыздық

Әлемдік картада 1926 жылдан бастап пайда болған елдің тарихына көз жүгіртіп шыққан адам Сирияның мемлекеттілігі әу бастан-ақ солқылдақ болғанына көз жеткізе алады. Бірін-бірі өлердей жек көретін топтардың – сунниттер, друздар, христиандар, күрдтер мен алавиттердің бір мем­лекеттің құрамынан табылуы оның болашағы баянды болмасын ертеден айқындап бергендей. Саны аз бола тұра, әкелі-балалы Асадтардың билігі арқасында күші мен мысы басым түскен алавиттердің үстемдігі елдегі өзге діни топтардың зығырданын қайнатты. Шииттерден бөлініп шығып, өз ұстанымдары мен көзқарастары бойынша ислам дүниетанымынан мүлдем аулақ кетіп, теологияда христиандық пен джахилияның (исламға дейінгі сенім) қоспасы саналатын алавизмді ұстанатындарға іші жылымайтындар көп. Сондықтан халықаралық сарапшылар елдегі азамат соғысының тұтануының ең басты және негізгі себебі ретінде алавит ұстанымындағы Хафез Асадтың билікке келуін және қаныпе­зер­лігі жөнінен әкесінен асып түскен Башар Асадтың режимін атайды.

Бір кездері ықпалды көшбасшы сана­лып, кейін бүкіл әлемнің көз алдында диктаторға айналған Башар Асад 11 қыркүйек күні ердің жасы – 50-ге толды. Мерейтойы қарсаңында батыстың беделді басылымдарының барлығы дерлік оған үлкенді-кішілі мақалаларын арнады. Айқарма беттерін қиса да, газеттердің ешқайсысы Асадтың атағын аспандатып, мерейін тасытқан жоқ. Мақтаудан гөрі даттау басым, ақ тілектен гөрі президенттің билігі мен елдің болашағына қатысты жағымсыз болжамдар көп. Өйткені Башар Асадтың тақтан таюын Батыс та, Шығыс та талап етіп отыр. Бірақ Асад режимі құлайды дегелі бірнеше жылдың жүзі болса да, Сирия басшысының жүген ұстауы тым сенімді.

Башар Асад президенттікке әкесі Хафез Асадтың нұсқауы бойынша тағайындалғанымен, халықаралық сая­сат оның билікке келуін кездейсоқ­тыққа балады. Өйткені Сирия көшбас­шысы мұрагерлікке кіші ұлы Башар­ды емес, үлкені – Базильді дайындаған болатын. Алайда ол 1994 жылы жол апатынан қаза тапты. Әскери қызметті таңдаған ағасы сияқты емес, Башар Асад бейбіт саланың маманы болғанды құп көрді. Дамаск университетінің медицина факуль­тетін қызыл дипломмен тәмамдап, дәрігер-офтальмолог мамандығын игеріп шықты. Кейін Лондондағы Western Eye Hospital ауруханасының интернатурасында оқыды. Жат елде өзінің Сирия президентінің ұлы екенін жасыру үшін ол лақап атпен жүрді. Халықаралық ғы­лыми симпозиумдарға жиі қаты­сып, уақытының көп бөлігін Ұлыбрита­ния­дағы сириялық зиялылар ортасында өткізді. «Ол өзін маңызды адам ретін­де ұстаған емес, қатардағы адамның бірі сияқты жүретін», – депті The Guardian басылымына сұхбат берген Western Eye Hospital ауруханасының қызметкері.

Ағасы қайтыс болғаннан кейін Башар Асад Сирияға оралып, Хомс қала­сындағы әскери академияға түсті. 1995 жылы капитан шенін алып, танк батальонына, одан кейін Республикалық гвардияға жетекшілік етті. 1999 жылы оған полковник шені берілді.

2000 жылы 11 маусымда, яғни Хафез Асадтың өлімінен бір күннен кейін президент қызметін уақытша атқарған бірінші вице-президент Хаддам Башар Асадқа генерал-лейтенант шенін беріп, қарулы күштердің жоғар­ғы бас қолбасшысы етіп тағайын­дады. Көп ұзамай Сирия парламенті конституцияға өзгерту енгізіп, президенттікке үміткердің ең төменгі жасын 40-тан 34-ке дейін төмендетті. Бұл – мемлекет тізгінін Башар Асадқа ұстатудың жалғыз жолы еді.

20 маусымда билеуші партия – БААС партиясының съезінде Сирия көшбасшысының мұрагері бас хатшы болып сайланды және партия атынан президенттікке жалғыз үміткер ретінде ұсынылды. Бір аптадан соң парламент оның кандидатурасын бекітті. 10 маусымда Сирияда мемлекет басшысын сайлауға байланысты референдум өтіп, 97,29 пайыз дауысқа ие болған Башар Асад президент болып сайланды. 2007 жылы 27 мамырда Сирияда Асадты президенттікке қайта тағайындау үшін кезекті референдум өтті. Сайлау бюллетеніне: «Сіз Башар Асадтың 2014 жылға дейін мемлекетті басқаруын қолдайсыз ба?» деген бір ғана сұрақ енгізілді. Референдум нәтижесі бойынша 97,62 пайыз дауыс жинаған Башар Асад екінші мерзімге сайланды.

Бастапқыда сириялықтар Башар­ды араб тілінен аударғанда «арыстан» деген мағынаны білдіретін атақты Асад тегін иемденгені үшін ғана оң қабылдады. Оның басқару жүйесін және мемлекетті өзгертеріне, халық­тың тұрмысын жақсартатына сен­ді. Ұлыбританияда білім алып, батыс­тан мол тәжірибе жинап келген президенттің билігі әкесіне ұқсамауы тиіс деп топшылады. Алғашында игі­лікті істерімен көзге түскен мемлекет басшысы көп ұзамай Хафез Асадтың ізін жалғаушы екенін дәлелдеді. Мұқият ойластырылған жүйе мен әкесі құрған ескі гвардия оның билікте тұрақтап қалуына көмектесті.

Асад Ресей өзінің одақтасы екенін жиі айтады. Лаңкестермен күресте сириялықтарға барынша қолдау көрсетуге әзір екенін Владимир Путин де жасырмайды. Бірақ әкесіне қарағанда Башар Асадтың Мәскеумен байланысы әлсіздеу. «Ол Мәскеуге қарағанда Парижге көбірек барады». 2012 жылы француз журналистері Ресейдің Сирия көшбасшысына пана беру мүмкіндігі туралы қойған сауалына В.Путин осылай жауап берген болатын.

Бір кездері Асадтың Еуропа астаналарында жиі қонақ болғаны рас. 2000 жылы президент тағына отырғанда батыс баспасөзі оны реформатор деп атап, АҚШ-тың болашақ мемлекеттік хатшысы Джон Керри оны өзінің досы деп мәлімдегені есте. «Сирия – аймақтағы тұрақтылықты сақтауға көмектесетін маңызды ойыншы», – деген болатын Керри. Вашингтон ол кезде Сирияны Иран мен Ирактың қатарына қойып, «қаһар нүктесі» деп қараған Джордж Буштың сегіз жылдық билігінен кейін Дамаскпен қарым-қатынасты жақсартуға күш салып жатқан. Хафез Асад сияқты ұлы да аз уақыт болса да АҚШ-қа сенімді әріптес бола білді. Бірақ кейіннен Джон Керри бастапқы пікірін өзгертіп, Сирия көшбасшысын Гитлермен салыстыра бастады. Өйткені зиялы дәрігер азаматтық бостандық шеңберін кеңейтуді талап еткен оппозицияның бас көтеруін күштеп жаныштап, өзінің қаһарын көрсетіп үлгерген болатын. Оппозиционерлердің бір бөлігі өлтіріліп, тағы бір бөлігі елден қашты. Ал кейбірі бір кездері Асадтың рақымшылығымен босатылған түрмелеріне қайта қамалды. Мұның бәрін сырттай бақылап отырған АҚШ Башар Асадтың екпінін басу үшін Сирияға қарсы санкциялар енгізді.

Ақ үй «араб көктемі» Тунис пен Мысырдағыдадай Сирия президентін де райынан қайтарар деп ойлады. Бірақ ол бас көтергендерді шетінен басып-жаныштап, «реформаларды» одан әрі жалғастыруға сөз берді. 2011 жылы америкалық тележүргізуші Барбара Уолтерстің «Сіз өзіңізді диктатор деп есептемейсіз бе?» деген сауалына Башар Асад: «Ең маңыздысы – сириялықтардың мені кім деп санайтыны, өзімнің ойым маңызды емес», – деп жауап берді. «Біз өзімізді ешқашан демократиялы ел деп жариялаған емеспіз, бірақ біз алға жылжып келеміз», – деді ол. Алайда көп ұзамай алға жылжу тоқтады: Сирияда азаматтық соғыс өрті тұтанды. Сол жылдың тамызында америкалық телеарналардың жаңалық­тар топтамасында «Президент Обама Асадтың биліктен кетуін талап етуде» деген шұғыл хабар тарады. Бірақ Асад кеткен жоқ, соғыс жаңа қарқын­мен жалғаса берді. Сириядағы қақты­ғыстарға қатысу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен еріктілер ағыла бастады.

2013 жылы Башар Асадқа тағы бір ескерту жасалды. Сирия әскерлері көтерілісшілерге қарсы химиялық қару қолданды деген хабардан соң Вашингтон Дамаскқа қарсы әскери операцияны бастауға тас-түйін дайындалды. Сирияның бағына орай, Ресей араша түсіп, АҚШ-пен келіссөз жүргізді. Химиялық қару мемлекет аумағынан шығарылатынына, ал Сирияның өзі оған тыйым салу жөніндегі халықаралық уағ­да­ластықтарға қосылатынына сендірді. Азаматтық соғыс жағдайына қара­мас­тан бұл уәде орындалды. Сол кезде халықаралық саяси шолушылар әзіл-шынын араластырып: «Ресей Асадты дар арқанынан құтқарып қалды» деген болатын. Қып-қызыл өрттің ортасында тұрған бүгінгі Сирияның жағдайы қазір ол кездегіден де мүшкіл. Бұл Асадтың президент сарайында тойлаған ең соңғы туған күні болуы мүмкін деген болжамдар өз алдына, қақтығыс басталғалы бері 230 мың адамын жоғалтқан Сирия әлемдік картадағы өз орнын сақтап қала ала ма деген күдікті ойлар қылаң бергелі де көп болған.

Асад: Еуропаның екіұшты стандарттары шаршатты

Өткен аптада америкалық БАҚ-қа сұхбат берген Башар Асадтың сөзінен ұққанымыз – Сирия соғыстан әбден шаршаған, елді лаңкестерден тазарту үшін кез келген шегініске әзір. «Қазір кез келген сириялықтан не қалайтынын сұрасаңыз, ең бірінші еститін жауабыңыз – әр азаматтың қауіпсіздігі мен мемлекеттегі тұрақтылық», – деді президент.

ИГИЛ лаңкестері мен өзге де радикалды топтардың шабуылы үдеп бара жатқан соң Асад америкалық БАҚ арқылы әлемдік қауымдастықпен диалог орнатқысы келген болуы керек. Идлиб провинциясы мен Пальмирадағы басымдықтан айрылған үкіметтік күштер сыртқы күштердің қолдауына зәру. Өткен аптадағы екі бірдей ірі лаңкестік акт сириялық құрбандардың санын еселеп жіберді. Эль-Хасакедегі екі жарылыс кезінде 30 адам қаза тауып, 70-тен астам адам ауыр жарақат алды. Алеппода да радикалдар ұйымдастырған атыс­тар ондаған сириялықты ажал құштырды. Сұхбат кезінде Башар Асад ортақ жаудың көзін жоюға мүдделілердің бәрін бірігуге ша­қырды. Десе де, Сирия президенті екіұшты стандарттар қолданатын Батыстың саясаты лаңкестікпен күреске көмектесудің орнына кедергі келтіріп отырғанын мәлімдеді. Асадтың айтуынша, ресми Дамаскпен келіспей ИГИЛ содырларына соққы беруге әрекеттенген мемлекеттер шын мәнінде лаңкестермен күресіп жатырмыз деген желеумен өздерінің геосаяси мәселелерін шешіп алуды көздейді.

Сұхбатта босқындар мәселесі де көтерілді. Башар Асад сириялық­тардың басым бөлігі исламистердің бақылауындағы аудандардан қашып жатқандарын алға тартты. Сондықтан босқындықтың салдарын жоюмен ғана шектелмей, себебімен күресті жолға қою керек. «Еуропаның түсінігіне салсақ, оның бар кінәсі – миграция мәселелерін уақытылы шешіп, қажетті құралдармен қамтамасыз етпегендіктен Жерорта теңізін кесіп өтпек болған босқындар суға кеткен. Біз үшін барлық құрбанның қадірі бірдей. Теңізге батқан адамның өмірі Сириядағы қақтығыстар кезінде қаза болған адамның өмірінен несі артық? Денесі Түркия жағалауынан табылған сәбиді әлем болып жоқтаймыз, ал содырлардың құрбанына айналған мыңдаған баланы неге көзге ілгіміз келмейді? Бұл да – Еуропаның екіұшты стандарттарының көрінісі. Лаңкестерді қауіпті, қауіпсіз деп екіге бөлетіні сияқты олар құрбандарды да бөліп-жарады. Еуропа таратқан ақпараттарға сүйенсек, босқындар лаңкестерден емес, батыс баспасөзі «режим» деп айдар таққан Сирия үкіметінен қашуда», – деді Асад. Өткен аптада әлемдік БАҚ таратқан ақпараттар легі, «Charlie Hebdo» жариялаған карикатура төңірегіндегі дау-дамай Сирия президентінің бұл сөзінің астарында шындық жатқанын дәлелдеп бергендей.

Толағайлар текетіресіне телулі тағдыр

15 қыркүйек күні Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Душанбеде өткен саммитінде Ресей президенті Владимир Путин де мигранттардың Еуропаға үдере қашуының және оның салдарынан туындаған Еуроодақтағы дағдарыстың басты себебін көрсетіп берді: «Сирия халқы ең әуелі, мемлекетке сырттан тасымалданған қару-жарақ пен қуатты техниканың кесірінен үдеп бара жатқан атыс-шабыстардан қауіпсіз болу үшін қашуда. Лаңкестердің айуандығы оларды босытып жіберді», – деді Путин. Ресей президенті Сириядағы қақтығыстардың алғаш­қы кезеңінен бастап АҚШ осы мемлекеттегі оппозициялық күштерді қарумен ұдайы қамтамасыз етіп келе жатқанын, жеткізілген жойқын оқ-дәрінің кейбірі ұрыстар кезінде лаңкестердің қолына түскенін меңзеді.

«Таяу Шығыстағы жағдай өте күрделі. ИГИЛ Ирак пен Сирияның үлкен аумағын бақылауда ұстап отыр. Лаңкестер Мекке мен Мәдинаға, Иерусалимге көз тігіп отырғандарын ашық мәлімдеуде. Болашақта Еуропаға, Ресей мен Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияға да тамыр жая ма деген қаупіміз бар. Сондықтан біз лаңкестік агрессияға қарсы күресте Сирия үкіметіне барынша қолдау көрсетудеміз», – деп қосты Владимир Путин. Ресей президенті ИГИЛ содырларының қаупі сейілгенше Башар Асадқа көмек көрсетуді тоқтатпайтынын да ашық айтты. «Егер Ресей Сирия билігіне қолдау көрсетпегенде бұл елдің жағдайы Ливиядан да ауыр болар еді, босқындардың саны да әлдеқайда көп болуы мүмкін еді». Владимир Путиннің бұл пікіріне Ақ үй түбегейлі қарсы. АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Джон Кирбидің айтуынша, Сирия президентіне көмек көрсету ИГИЛ-мен күреске ешқандай септігін тигізбейді.

Мәскеу мен Дамасктың қарым-қатынасын қалт жібермей аң­дып отырған Вашингтон өзінің осы аймақтағы жоспарларының орын­далуына кедергі келтіріп отырған Кремльді қорқытуға көшті. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Эрнест Джош БАҚ арқылы АҚШ-тың Ресейге ескертуін жеткізді: «Егер Ресей Сирия президенті Башар Асадқа қолдау көрсетуді тоқтатпаса және ИГИЛ-ге қарсы күресуші халықаралық коалицияға қосылудан бас тартса, оған әлемнен оқшаулану қаупі төніп тұр». Ресейдің әлемдік қауымдастықпен байланысын үзуді кім және қалай ұйымдастыратынын америкалық шенеунік ашық айтқан жоқ, бірақ бұл жауабын таппай шарқ ұратын қиын сауал емес сияқты.

Еуропалық сарапшылар Сирия­дағы жағдай екі алпауыттың – Ресей мен АҚШ-тың қарым-қатына­сына байлаулы тұрғанын жоққа шығармайды. Екеуі екі тараптың сөзін сөйлесе, аймақтағы берекесіздіктің реттелуі екіталай деп есептейді. Италияның бұрынғы премьер-министрі, Еурокомиссияның экс-төрағасы Романо Продидің пікірінше, Мәскеу мен Вашингтон өзара келісімге келмейінше, Сириядағы соғыстың соңғы нүктесі қойылмауы мүмкін.

Проди Римнің «Il Messagero» басылымындағы өзінің тұрақты бағанына: «Ресей Асадты жақтап, халифатқа қарсы күресуге бел шеше кірісті. Бұл өз кезегінде АҚШ-ты күрделі шешімдер қабылдауға мәжбүрледі. Ресей мен Американың қарама-қайшы пікірлерінен ұққаным – екі державаның арасындағы келісімге қол жеткізудің бір ғана жолы бар: лаңкестікпен бірлесіп күресу және Асад режимін оңтайлы уақытта, оңтайлы тәсілмен құлатуды бірге ойластыру», – деп жазды. Ол алпауыт мемлекеттердің күшін пайдаланбайынша терроризмді жеңу мүмкін емес екенін бірнеше жылдан бері қайталап келе жатқанын айтыпты. Алайда экс-премьер бұл мәселеде мәмілеге келу оңай емес екенін мойындаған: «Егер Ресей мен АҚШ келіссөздер үстеліне отыратын болса, Украина дағдарысын айналып өту мүмкін емес екенін жақсы білемін. Екі тарап өзара келісімге келе алмаса, қантөгіс көбейіп, босқындар тасқыны қазіргіден (7 миллионға жуық адам) бетер үдеп кетуі мүмкін екенін де түсінемін», – дейді ол. Бірақ Америка мен Ресей тіл табысуға тырысып көрулері керек деп есептейді. Еурокомиссияның экс-төрағасының айтуынша, Сирия мәселесі бойынша уағдаластық Ресей мен АҚШ-тың ғана емес, Қытай мен Еуроодақ елдерінің де мүддесіне сай келеді.

Проди өз мақаласын «Асығу керек!» деп аяқтапты. Біздің де айтарымыз – сол. Мұндай шие­леніскен жағдайлардың соңы қайғылы оқиғалармен аяқталып, өзекті өртер өкінішке ұласпас үшін асығу керек. Қалай десек те, дәл қазір Сирия өз жағдайын өзі реттеуге қауқарсыз. Әлемдік қауымдастықтың оны өрттің ортасына тастап кетуге қақысы жоқ. Өйткені лаңкестік топтар жеңіске жетер болса, бейбіт халықтың төбесіне қара бұлт үйіріледі. Әлемнің тұтастығы таразыға тартылғалы тұрғанда мемлекеттер жеке мүддені алға тартып, «аққу, шортан һәм шаянның» ісіне баспаса екен дейміз.

Осы орайда, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері V съезінде сөйлеген сөзі ойға оралады. «ХХI ғасырда барлық саладағы – саяси, экономикалық, мәдени, рухани диалогқа ештеңе балама бола алмайды. Бүгінде адамзат материалдық, ғылыми-техникалық және зияткерлік тұрғыдан зор әлеуетке ие. Егер жұрт бір-бірімен татулықта және рухани келісімде өмір сүруді үйренбесе, ешқандай ілгерілеу болмайды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Рухани және саяси көшбасшылар бірлесіп, әлемді адамгершілік тұрғыдан мейлінше ізгі әрі толерантты ете алатынына назар аударған Елбасы: «Қарсы тараптардың барлығы келіссөздер үстеліне отырып, зорлықты тыю, азаматтарды қорғау, барлық қайшылықты бейбіт шешу жөнінде келісім әзірлеуі керек. Әрбір елде және мемлекетаралық қатынастарда кез келген саяси қайшылықты күш қолдану арқылы шешу әдісінен бас тарту қажет. Мұның барлығы қауіпсіз және жарасымды әлемнің жаңа архитектурасының бөлшегіне айналуы тиіс», – деген болатын. Қолымыздан келетіні – ақылдан бұрын қаруға жүгіретін, келісуден гөрі керісуге оң иығын беріп тұратын күштердің сабасына түскенін күту. Әйтпесе қауіпсіз әлем құру арман күйінде қала бермек.

Серіктес жаңалықтары