Тынық мұхитын тулатқан «Мангхут»

Тынық мұхитын тулатқан «Мангхут»

Тынық мұхитын тулатқан «Мангхут»
ашық дереккөзі
Филиппинде «Мангхут» дауылынан 59 адам қаза тапты. Соңғы деректер бойынша, із-түзсіз жоғалғандардың саны – 16 адам. Жергілікті билік опат болғандардың саны әлі де артуы мүмкін екенін айтады. Лусон аралына дейін жеткен тайфун аймаққа нөсер жауын мен лай көшкінін әкелді. «Reuters» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, табиғи апаттан жолдар жабылып, көлік қозғалысы тежелді. Тұрғын үйлер  электр желісінен ажыратылды. Елдегі барлық ғимараттар жұмысын тоқтатты. Чек  Лап Кок халықаралық әуежайында жүздеген әуе рейстері кейінге  шегерілді. Жергілікті билік қауіпті аймақтан  шамамен 105 мың тұрғынды  уақытша баспанаға көшірді. Мамандар апат орын алған аймақта тағы лай  көшкіні басталу қаупі бар екенін бірден ескерткен. Апат аймағында лай  көшкіні салдарынан 40-тан астам жұмысшы жер астындағы кеніште қамалып қалды. Мұнда қазіргі уақытта құтқару жұмыстары үзіліссіз жүргізілуде. Дауыл соққан аймақта шамамен 4 млн адам тұрады. Қазір сұрапыл тайфун Филиппиннен өтіп, Қытайға да қайырылды. «Мангхут» сұрапыл дауылы Гонконгты басып өтіп, Қытайдың оңтүстік-шығыс жағалауына жетті. Сағатына 200 шақырым жылдамдықпен соққан дүлей желден Гонконгта 362 адам жарақат алды. Сұрапыл дауыл  талдар мен бағаналарды құлатып, электр жарығы жүйесін бүлдірген. Табиғат  апатынан жүздеген әуе рейсі кейінге шегеріліп, метро мен қоғамдық көлік  жұмысы тоқтатылды. Ал ұйытқып соққан дауылға байланысты Гуандун  провинциясында 2 жарым  миллионға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді.  Аймақта қауіптің жоғары деңгейі жарияланды. Мамандар «Мангхут» биыл  аймақта соққан ең алапат дауыл деп отыр. Ал ауа райын болжаушылардың  айтуынша, дауылмен бірге қалың жаңбыр жауып, су тасқыны мен лай көшкіні жүру қаупі бар.