277
Қазақ тілінде сөйлеген «Notre Dame de Paris»
Қазақ тілінде сөйлеген «Notre Dame de Paris»
Гиннестің рекордтар кітабына енген әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклі қазақ тілінде сахналанады. Бұл мюзикл бұған дейін әлемнің 9 тіліне аударылған.
20 жыл бұрын алғаш рет Париж қаласында қойылған мюзиклдің қазақ сахнасының төрінен табылуы «Notre dame de Paris» мюзиклінің қойылымы көрерменнің эстетикалық талғамын арттырып, еліміздегі мюзикл бағытының дамуына, бүкіләлемдік өнер сахнасында Қазақстанның музыкалық театр қойылымдарын насихаттауға зор үлес қоспақ.
«Notre dame de Paris» – әлемдік мәдениеттің жауһарына айналған ерекше туынды. Уақыт сынынан өтіп, талғампаз көрерменнің ыстық ықыласына бөленген мюзикл ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Алғашқы қойылымынан-ақ үлкен табысқа қол жеткізген мюзикл атақты классик жазушы В.Гюгоның романында баяндалған шынайы махаббат пен сатқындық оқиғасы, француздық шансон мен сыған мотивіне құрылған әсем әуезді музыка, ғажайып пен сиқырға толы цирк және акробаттар өнерімен өрнектелген. Мюзикл желісінде орындалатын «Belle», «Danse mon esmeralda», «Le Temps des Cathedrales» секілді елуге жуық әннің әуені тыңдарманды бірден баурайды.
Айта кетейік, Орталық Азияда тұңғыш рет сахналанатын «Notre dame de Paris» мюзиклінің премьерасын көрермендер Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақконцерт» ұйымына қарасты «Астана Мюзикл» театрынан тамашалай алады. Қазір аталмыш туындыны қазақша сахналау үшін вокалдық әншілер, бишілер мен акробаттар арасында кастинг өтті. Үміткерлерді Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрында мюзикл авторлары Р.Коччанте мен Л.Пламондон, Франциядан арнайы келген продюсерлер мен хореографтар қабылдады.