Озық технологияларды батыл енгізу – заман талабы

Озық технологияларды батыл енгізу – заман талабы

Озық технологияларды батыл енгізу – заман талабы
ашық дереккөзі
1405
Бүгінде өнеркәсіп саласына цифрлық технологияны енгізу маңызды қадам болып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында атап өткен болатын. Елбасы индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс екенін тілге тиек еткен еді. Алматы қаласының басшылығы Президент Жолдауында көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында «Алматыны дамытудың 50 жоба-драйвері» бастамасын қолға алды. Цифрландыру – бұл уақыт талабы. Кәсіпорын (не болмаса өндіріс) цифрлық технологиясыз бәсекеге қабілетсіз болады және өнім бағасы мен сапасынан ұтылады. Сондықтан елімізде жоғары деңгейдегі заманауи технологиямен қаруланған қоғам қалыптастырып, ішкі жалпы өнімнің озық елдердегідей 50-60 пайызын қамтитын өнеркәсіп арқылы Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруі – алдағы стратегиялық бағдар болмақ. Бүгінгі заман талабының тренді – индустрияландыру, озық технологияларды батыл енгізу. Бұл ретте индустрияландыру процесінде жаңа технологиялық қалыптың барлық жетістіктерін пайдалана отырып, барынша инновациялық сипатқа басымдық беру қажет. «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс. Оның нәтижелері мұнай бағасы күрт төмендеген 2014-2015 жылдардағы дағдарыста негізгі тұрақтандырушы факторлардың бірі болды. Сол себепті жоғары еңбек өнімділігі бар қайта өңдеу секторына деген бағдарымыз өзгерген жоқ. Сонымен қатар индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында. Алматы қаласында қолға алынған 50 драйвердің ішіндегі маңыздысы – Индустриалды аймақты дамыту. Биылға дейін мұнда 180 млрд теңгенің 41 жобасы іске асырылды. Жобаларды жүзеге асыруда экспортқа бейімделуге, импортты алмастыруға және қала экологиясы мен қауіпсіздігі үшін өндіріс орындарын қала сыртына шығаруға жете назар аударылуда. «Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асырудың жобалық қағидасы бойынша біз экономиканың одан әрі дамуын және қала келбетінің оң өзгерісін қамтамасыз ететін «Алматыны дамытудың 50 жобалар-драйверлері» туралы бастаманы қолға алдық. Әрбір жоба бойынша нақтылы мерзімдер, орындаушылар мен ресурстар анықталды. Әлеуметтік саладағы жобалар саны едәуір – 30 пайыз, көлік саласында – төрттен бірі, энергетика мен абаттандыру бойынша 10 пайыз. Бұлардың барлығы Жобаның мақсаттары мен міндеттеріне сай, сондықтан оларды міндетті түрде жүзеге асыру қажет», – деген еді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек. Шаһар басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалаға беріліп, «Алматы» АЭА болып қайта құрылатын «Алатау» инновациялық технологиялар паркі де бір драйверге айналды. Әлеуетті салалар тізімін кеңейту жоспарланып, фармацевтика, өндірістік қорғаныс, машина жасау салалары бойынша жобалар қолға алынды. Айта кетейік, Елбасы биылғы Жолдауында «Алатау» инновациялық технологиялар паркіне айрықша назар аударған болатын. Алматы қаласындағы Алатау ауданының солтүстік-батыс бөлігіндегі Іле және Қарасай аудандарының шекарасындағы индустриялық аймақтың құрылысы 2012 жылдан бастап жүргізілуде. Жалпы ауданы – 490 гектар. Бүгінде индустриялық аймақ аумағында 4 жоба бар, 24 жоба іске асырылу сатысында, олардың 9-ы осы жылдың соңына дейін іске қосылады. Атап айтар болсақ, қазіргі уақытта «Алатау» индустриялық аймағында «BRB APK» ЖШС жылыжай өндірістік кешені, «Almapack Co LTD» ЖШС қағаз қаптар шығаратын зауыт, «DOC Co Ltd.» ЖШС кеңсе техникаларына арналған картридж шығаратын цех, «Asia Steel Pipe Corporation» ЖШС үлкен диаметрлі дәнекерленген болат құбырлар шығаратын зауыт жұмыс істейді. «Алматыны дамытудың 50 жоба-драйвері» бастамасы аясында мегаполистің Индустриалды аймағында «Tokyo Rope Manufacturing» трансұлттық корпорациясының инженерлік жүйелерді қорғайтын өнім шығаратын жаңа зауыты техникалық тұрғыда ашылды. Кәсіпорынның ТМД-да баламасы жоқ және жапондық инвестиция есебінен салынды. Жоғары технологиялы зауыт ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдік инвестицияны тарту және республика аймағында инновациялық өндіріс құру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ашылды. Жаңа кәсіпорында бұрғылайтын анкерлер, жоғары төзімді металл арқандар, тау және карьерлерде қолданылатын болат торлар шығаратын және техникалық параметрі жағынан өте құнды жабдықтар орнатылған. Зауыттың қуаты жоғары, жылына 17 мың тоннадан астам болат өнімдерін шығарады. Жалпы, Алматының Индустриалды аймағында қазіргі кезде құрылыс, фармацевтика, химия, тамақ және жеңіл өнеркәсібі салалары бойынша 40-тан астам ірі отандық және шетелдік жобалар жүзеге асуда. Биыл 9 жаңа жоба енгізу жоспарланған, соның ішінде кабель өткізгіш өнімдерін шығаратын ресейлік «КМК Investment» компаниясы, мұнай, газ, су және мұнай өнімдерін тасымалдау үшін үлкен диаметрлі болат құбырлар өндіретін қазақстандық-қытайлық «Asia Steel Pipe Corporation» кәсіпорны бар. 2018 жылдың соңына дейін Алматының индустриалды аймағында машина жасау, құрылыс индустриясы, фармацевтика, тамақ және химия өнеркәсібінің салаларына қатысты жобалар іске қосылуы тиіс. Осылайша, қалада скотч, тоңазытылған қамыр, кабель өнімдерінің, медициналық мақсаттағы өнімдердің, полимерлік бұйымдардың өндірісі басталады. Алматы қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының дерегінше, қазіргі уақытта индустриялық аймақ аумағында өзінің өндірістерін іске қосқан алматылық үш кәсіпорын толығымен пайдалануға берілді және қаланың өнімге деген қажеттілігін толықтай қамтамасыз етіп отыр. Қазір алматылықтар «DOC Co.LTD» ЖШС жергілікті өндірісінің картридждерін, «Almapack Co.LTD» ЖШС қоспаларға арналған қағаз қаптарын, «BRB APK» жылыжай кешенінің жасаң көкөністерін сатып алуда. Кәсіпорындар іске қосылған сәттен бастап, 3,2 млрд теңгеге өнім өндірді, қала бюджетіне 107 млн теңге төлем салды және 252 жаңа жұмыс орындарын құрды. Қазір іске қосылған 3 нысан мен 2018 жылдың соңына дейін 12 жобаны қосымша енгізу нәтижесінде, салық мөлшері 1 млрд теңгеден асады. Индустриалды аймақты дамыту – әкімдік жұмысының басым бағыттарының бірі. Өнеркәсіп аймағын дамыту бойынша ауқымды жұмыс өзінің нәтижелерін беріп келеді. Мысалы, ағымдағы жылы инфрақұрылым құрылысын 62 пайызға, ал 2019 жылы толығымен аяқтау жоспарланған. Сол уақытқа қарай жұмысы аяқталған жобаларды ескере отырып, 22 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Биыл «Алатау» инновациялық технологиялар паркін дамытудың жаңа бағдарламасы жасалды. Өйткені 163 гектардан асатын экономикалық аумақтың 50 гектардан астам телімі бос тұр. Ол жерде ІТ технологияларды дамытып, қалаға қажетті жобалар жасайтын өнеркәсіптер ашу көзделген. Жаңа бағдарламаны жасақтауда студенттердің де стартап жобаларына мән беріледі. Бұл алаңда қазіргі таңда 135 компания жұмыс істеуде. Мемлекет басшысы өз Жолдауында өнеркәсіптік кәсіпорындарға цифрлық технологияны енгізудің маңызды екендігін атап өткен болатын. Бұл ретте Алматы ғалымдары мұнайды магистральдық құбырлармен айдауды онлайн режимінде бақылап, оңтайландырып отыратын және мониторинг жасауға мүмкіндік беретін цифрлық технология дайындап шығарды. «SmartTran» деп аталатын бағдарлама онлайн режимінде ақпараттарды жылдам өңдеп, мұнай тасымалын басқарып, реттеп және бақылап отырады. Сонымен бірге, бағдарламаның сорғы агрегаттары мен жылыту пештерінің және басқа да құрылғылардың жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндігі бар. Ақпараттық технологиялар тұрғысынан алып қарағанда, «SmartTran» бағдарламасының әзірге әлемде баламасы жоқ. Бағдарлама арқылы мұнай қоспаларын айдау кезінде электр қуатын үнемдеп, модельдеу және оңтайландыру жұмыстарын жүзеге асыруға болады. Дәл осындай бағыттағы жұмыстар Алматыдағы өнеркәсіптік кәсіпорындарда жыл соңына дейін жалғаса бермек.   «Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет. Бұлар, бірінші кезекте, технологиялардың трансфертін ынталандыруға тиіс. Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек». ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан

Серіктес жаңалықтары