__МаңыздыЖаңалықтарҚоғам

Алматыда Денис Тенге арналған көрме ашылды

Алматыда 26 тамызда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді еске алуға арналған D10 WORLD фотокөрмесі ашылды, деп хабарлайды centralasian.org.

Esentai Gallery көрме залында Денис Теннің үлкен жарыстарға қатысқан сәтіндегі және өзі түсірген суреттері қойылған. Денис қысқа ғана ғұмыры ішінде Қазақстан тарихындағы ең үздік мәнерлеп сырғанаушы ретінде ғана емес, музыкант (ән айтатын, ән жазатын), фотограф ретінде де өзін танытқан. Ол авторлық кино түсіруді де жоспарлаған.

Көрменің ашылуына Қазақ ССР-нің халық әртісі Роза Рымбаева келіп, сөз сөйледі. Ол соңғы он жылда екі рет қатты жылағанын мойындады: әнші әрі композитор Батырхан Шүкенов пен Денис Тен қаза тапқанда. Роза Рымбаева оларды қазіргі заманның батырлары деп атады, бірі – музыка саласында, екіншісі – спорт саласында.

D10 WORLD көрмесі 2 қыркүйекке дейін жұмыс істейді. Көрмені Денис Теннің жақындары мен достары ұйымдастырған.

19 шілдеде Алматыда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапқан. Спортшы қала орталығында көлігінің жанында әлдекімдер салған пышақ жарақатынан ауруханаға жеткізілген соң қайтыс болған.

Денис Теннің қазасына күдікті ретінде 23 жастағы Арман Құдайбергенов пен 1994 жылы туған Нұралы Қиясов ұсталғаны белгілі болған. Бұған қоса, тағы бір күдікті қамауда.

Back to top button