Қысқы отынды қамдаудың қиындығы

Қысқы отынды қамдаудың қиындығы

Қысқы отынды қамдаудың қиындығы
ашық дереккөзі
853
Қазақ әу бастан «қыстың қамын жазда ойлайды». Күз мезгілінен бастап ауылдағы ағайын қыста пайдаланар отынын түгендеуге қамданады. Алайда соңғы жылдары көмір тапшылығы және оның қымбаттығы қарапайым халықты әбігерге салып-ақ жүр. Осыны ескерген шенеуніктер биыл көмір тапшылығының алдын алуға ерте бастан кірісті. Соған қарамастан, еліміздің кей өңірлерінде қара отын бағасы қымбаттап үлгерген.

Тасымалдауда түйткіл жоқ, бірақ...

Осыдан бір ай бұрын көмір өндірісі Энергетика министрлігінен Инвестициялар және даму министрлігінің құзырына өткен еді. Коммуналдық мекемелерге, халыққа көмір жеткізуге бұдан былай аталған мекеме жауапты. Көмір жеткізуді енді ғана мойнына алған министрлік отын тапшылығы өткен жылғыдай үлкен дауға айналып кетеді деп үрейленді ме, әйтеуір өткен аптада елордада жиын өткізіп, «биыл тапшылық болмайды» деп сенімді түрде мәлімдеме жасады. Тіпті, осы нарықтағы жұмыстың аяқ алысын жіті бақылайтын арнайы штаб та құрылыпты. Министрліктің мәліметінше, қазір елде 60 млн тонна көмір қоры бар. Ал 2018 жылдың 7 айында «Қазақстан Теміржолы» 56 млн тонна көмір тасымалдады. Былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш біршама жоғары. Ішкі республикалық байланысқа 34,4 млн тонна, ал коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға 4,5 млн тонна жеткізілді, ол былтырмен салыстырғанда 10 пайызға көп. Жыл соңына дейін 106,5 млн көмір тасымалданады деп болжанып отыр, былтыр 103 млн тонна көмір тасымалданды. Соның ішінде қазақстандық тұтынушыларға 75,9 млн тонна көмір жеткізілді, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3,55 млн тоннаға жоғары. Инвестициялар және даму министрлігінің дерегіне сүйенсек, бүгінде өңірлер жылу маусымына қажетті отынмен 70 пайызға қамтылған. Бірақ Қызылорда облысына көмір әлі жеткізілген жоқ. Бұл аймақта күн ыстық болғандықтан, көмір іштен күйіп кетеді. Сондықтан көмірді тасымалдау жұмыстары қыркүйек-қазан айына ғана жоспарланып отыр. Астанаға да көмір әлдеқашан жеткізіліп үлгерді. Бірақ көмір тасымалдаушылар шілдеде жеткізілген қатты отынға сұраныс жоқ деп қамығуда. Көмірді ертерек жеткізіп, өткен жылғыдай дүрбелеңнің алдын алуға тырысқан Астана әкімдігі жұртшылықтың отын сатып алуға асықпайтынына ашулы. Қазіргі уақытта әкімдік қажетті 400 мың тонна көмірдің 36 мың тоннасын жеткізіп қойған. Одан бөлек қордағы 10 мың тонна қатты отын бар. Оны 7 бекеттен сатып алуға болады. Әкімдіктегілер халық қар жауғанда ғана қимылдайды деп отыр. Расымен де, былтыр 23 мың теңгеге көмір алған астаналықтардың әзірге қатты отынға қарайтын шамасы жоқ. Өйткені оқу жылы қарсаңында жұрттың бәрі бала-шағасын киіндіріп, мектепке қажетті құралдарына қолындағы барын жинайды. Онсыз да айлығы шайлығына жетпейтін жұрт қолындағы аз қаржысын қайда тартарын білмей дал. Ертерек отын алып қойса, балаларын киіндіре алмай қалады. Ал бар қаржысын оқу құралдары мен мектеп формасына жұмсаса, қыста былтырғыдай қымбат отынға ұрынып қаламыз ба деп уайымдайды.

Баға билікке бағына ма?

Қарапайым халықты уайымға салған көмір бағасының биыл тұрақты боларына көпшілік күмәнді. Өйткені қазірдің өзінде еліміздің кей өңірлерінде қатты отын құны қымбаттады деген сөз желдей есіп жүр. Мұндай жағдайдың орын алуына алыпсатарлар кінәлі. Инвестициялар және даму министрлігі де мұны растайды. Дегенмен ведомство көмір бағасы 10-16 мың теңгеден аспауы керек деп шек қойып отыр. Баға бойынша әкімдіктерді Бас прокуратура қатаң қадағалап отырмақ. «Біз көмірдің бастапқы бағасын білеміз. Сонымен қатар, оның тасымал құны туралы да хабарымыз бар. Енді жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, делдалдардың қосқан бағасын анықтаймыз. Көбіне көмірдің құны теміржол бекеттеріндегі қоймаға жеткеннен кейін көтеріліп кетеді. Сондықтан біз әкімдіктермен байланыса отырып, әрбір бекеттегі бағаны бақылауда ұстаймыз. Әрине, жолдың қашықтығына байланысты әр өңірде баға әртүрлі болуы мүмкін. Тасымалдаушы компаниямен бірлесіп, әр аймаққа қажетті көмірді уақтылы жеткіземіз», – деп уәде берді Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Роман Скляр. Бірақ бақылау қатаңдағанымен, көмір­дің қымбаттамайтынына кепіл жоқ. Өйткені алыпсатарлар әбден өз дегенін жасап үйренген. Яғни, нарықтың өз заңы бар. Алыпсатарлар қара көмірдің бағасын өздері белгілейді. «Жылу беру маусымы алдында нарықта тағы да көмірдің бағасын қолдан өсіру байқалады. Бұл бірінші кезекте көмір өндірушілері мен тұтынушылар арасында бірқатар делдалдық ұйымдардың болуымен байланысты. Өкінішке қарай, біз олардың әрекетіне ықпал ете алмаймыз», – деді Үкіметте өткен жиында «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Сауырбаев. Ұлттық экономика министрлігі былтыр қақаған қыста көмір бағасын қымбаттатқандардың ісін әшкереледі. 50-ден аса көтерме-бөлшек саудамен айналысқан әкімшілік компания жауапкершілікке тартылды. «Әкімшілік айыппұлдың жалпы көлемі 300 млн теңгені құрады. Бүгінгі таңда оның 40 млн теңгесі төленді. Олар көмірдің бағасын бастапқы құнынан екі-үш есеге көтеріп жіберген. Биыл да біз жағдайды бақылап отырамыз», – дейді Ұлттық экономика министрлігіне қарасты бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Мұрат Рақымжан. Тамыз айының басында «Шығыс Қазақстан облысында көмір бағасы шарықтап кетті» деген ақпарат тараған. Сол ақпараттарға сай, облыс орталығында көмірдің бір тоннасы 8 мың, ал аудандарда 18 мың теңгеге дейін жеткен. Алайда Үкіметте өткен жиында министрлік өкілдері мұның жалған хабар екенін мәлімдеді. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мұның теріс ақпарат екендігін, мұндай баға болмағанын айтты. «Біреу біреуге баға өсіп кетті деп айтқан сияқты. Бірақ Шығыс Қазақстан облысында дәл мұндай баға болған емес», – деді ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Қанат Байытов. Министрліктегілер осылай дегенімен, 8 тамыз күні «Алтай» арнасына сұхбат беріп, көмір бағасына қатысты мән-жайды түсіндірген Шығыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев: «Алыстағы аудандарда бүгінгі бағасы 16-17 мың теңгеден асып жатыр. Монополияны реттеу облыстық басқармасымен қосылып, бағаның өсуін қадағалап зерттейміз. Зерттеуге сәйкес өзіміз шара қолданамыз», – деген еді. Сонда кімнің сөзіне сену керек? Өңірдегі ахуалды бақылап отырған басқарма басшысының сөзі рас па, әлде Үкіметке жағдайдың дұрыстығын жеткізген өңір басшысының сөзі рас па? Күз келмей жатып-ақ өңірлерде көмір бағасына қатысты түйткілдер туындап үлгерді. Әзірге жұрттың көбі қысқы отынын қамдауға толықтай кірісе қойған жоқ. Қыркүйек-қазан айларында отын-суын түгендеуге барын салатындардың қатары көбейеді. Сол кезде делдалдар тағы да жағдайды ушықтырып, бағаны шарықтатып жіберуі бек мүмкін. Мұндай кезде министрлік құрған арнайы штаб қаншалықты көмек көрсете алар екен?

Серіктес жаңалықтары