281
Қазаққа зор қуаныш – Қанат жайған ауылдар
Қазаққа зор қуаныш – Қанат жайған ауылдар
Таяуда Түркістанда Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен семинар-кеңес өткен еді. Кеңесте Түркістан облысындағы агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасы мен инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы талқыланды.
Жиынға Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, аудан, қала, ауыл әкімдері, ірі тауар өндірушілер және кооператив төрағалары қатысып, агросекторды жедел дамыту жолдары бойынша ой-пікірлерімен бөлісті. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрі агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасының орындалуы тікелей аудан және ауыл әкімдерінің міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ, əрбір аудандағы қолданылмай жатқан егістік жерлерді қолданысқа енгізіп, суармалы жерлердің көлемін арттыру, қарқынды бау шаруашылығын дамыту жəне ауылшаруашылық саласына инвестиция тартуды басты назарға алу қажеттігіне тоқталды.
«Бүгінде отандық ет өнімдеріне Өзбекстан мен Иран ғана емес, Қытай да қызығушылық танытып отыр. Əсіресе Қытай нарығының ашылуы – қазақстандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Мұны фермерлер тиімді пайдалануы тиіс. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркəсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін айтқан болатын. Елбасы тапсырмаларын орындау үшін біз агроөнеркəсіп кешенінің 2017-2021 жылдардағы даму бағдарламасын қабылдадық. Алдағы бес жылда саладағы еңбек өнімділігі мен экспорт көлемін 2,5 есеге арттыруды көздеп отырмыз», – деді жиынды ашқан Ауыл шаруашылығы министрі.
Агроөнеркəсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы ұсынатын мүмкіндіктер туралы баяндаған бірінші вице-министр Арман Евниев мал шаруашылығымен айналысатын 80 мыңнан астам отбасылық фермаларды құру, жайылым алаңдарын 58 миллион гектардан 100 миллион гектарға дейін, ал ірі қара малдың санын 15 миллион басқа дейін, қой санын 30 миллион басқа дейін жеткізу көзделгенін атап өтті.
Ал Түркістан облысының əкімі Жансейіт Түймебаев биылғы жарты жылдықта саладағы жалпы өнім көлемі 146,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,4 млрд теңгеге артқанын атап өтті. Облыс əкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы экспортының көлемі 68,6 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 18,2 пайызға артқан. Сонымен қатар, бүгінде өңір бойынша 60 мыңнан аса үй шаруашылықтары мен шағын фермер мүшелерінен құралған 704 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркеліп, жұмыстарын жүргізуде.
Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында ауыл шаруашылығын дамытудың 4 бағыты айқындалып, 2018-2025 жылдарға арналған арнайы концепция əзірленген. Өңір басшысының мəлімдеуінше, осы төрт бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырғанда 5 жыл ішінде агроөнеркəсіп кешеніндегі еңбек өнімділігі кем дегенде 2,5 есеге артып, 2025 жылдары облыстағы барлық суармалы жердің көлемі 636,24 мың гектарды құрамақ. Ал мал шаруашылығы саласында қосымша 43,5 мың тонна сүт, 65,8 мың тонна (тірі салмақта) ет, 67 млн дана тағамдық жұмыртқа өндірілу көзделсе, экспортқа 3 жылда 5,5 мың тонна ет шығарылатын болады. Өңірлік салалық бағдарламалар бойынша облыста 10 жылда бордақылау алаңдарының айналасында жалпы сүтті ірі қара мал басы 150 мыңнан асатын 3000 отбасылық ферма құрылатын болады. Қой басы 300 мың басқа дейін ұлғаймақ.
Айта кетейік, Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы министрі Ордабасы ауданындағы «KazKioti» трактор зауытының жұмысымен танысты. Оңтүстік Корея инженерлерінің үлгісімен трактор құрастыратын зауыттың өніміне сұраныс жоғары. Қазір осы кəсіпорыннан трактор алатын шаруаларға «ҚазАгроҚаржы» қаржылық компаниясы арқылы несие беру шаралары қолға алынуда. Зауыт жылына 6 мың трактор құрастыруға қауқарлы. Кәсіпорын жұмысына оң баға берген Өмірзақ Шөкеев қажет болған жағдайда мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілетіндігін тілге тиек етті. Вице-премьер Арыс қаласы, Ақдала ауылдық округіндегі «Жаңа Ақдала» ЖШС-нің егістік алқабын аралады. 2009 жылы құрылған кәсіпорын томат және алма пастасын өндіреді. Серіктестікте 48 адам тұрақты жұмыс істесе, маусымдық кезеңдерде жұмысшылар саны 200-ге жетеді. Шаруалармен жүздескен министр мемлекет тарапынан бұл салаға көрсетілетін қолдаудың жоғары екенін айта келе, бастамаға сəттілік тіледі. Жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрі «Golden camel group LTD» компаниясының қымыз бен шұбатты өңдеп, құрғақ сүт шығаратын зауытының жұмысымен де танысты.