«Студенттік баспана» мәселені шеше ме?

«Студенттік баспана» мәселені шеше ме?

«Студенттік баспана» мәселені шеше ме?
ашық дереккөзі
384

Ауылдан білім қуып келген студент үшін басты қажеттілік – жатақхана. Бір өкініштісі, жатақханаға қол жеткізу барлық студентке бұйыра бермейді. Өйткені студенттер көп, ал жатақханадағы орын әдеттегідей жеткіліксіз. Оның үстіне, елімізде мұқтаж студентті баспанамен қамтамасыз етуді міндеттейтін арнайы заң жоқ. Әр жоғары оқу орны студенттерге жатақхана берудің өзіндік ішкі ережелеріне сай әрекет жасайды. Мәселен, көптеген университеттерде жатақхана ең алдымен мемлекеттік грант иеленген 1-курс студенттеріне, «Алтын белгі» иегерлеріне, жетім балаларға, көп балалы отбасынан шыққан, әке-шешесі немесе өзі мүгедек студенттерге беріледі. Екінші кезекте университеттің қоғамдық жұмыстарына белсене араласатын студенттер, студенттік құрылыс жасағының мүшелері мен қабылдау комиссиясында жұмыс істеген студенттер тұрады. Осылайша жатақханаға мұқтаж өзге студенттер кейінге ысырылып қала береді. Университет мамандары жоғарыда аталғандардан кейін ғана жалпы тізімде тұрған студенттердің жатақханамен қамтамасыз етілетіндігін айтады. Сондай-ақ, жатақханаға қол жеткізу үшін жалпы тізімде тұрған студенттердің келген жерінің алыс-жақындығы да ескеріледі екен. Қазір шет аймақтардан Алматыға білім іздеп келген жастардың көпшілігі жатақханаға қол жеткізе алмай, әуре-сарсаңға түсіп жүр. Мұндай жайт тіпті, соңғы уақыттарда дәстүрге айналып кеткендей-ақ. Ал ақылы оқуға түскендердің жатақханаға қол жеткізуі тіптен қиын. Өйткені оларды жатақханамен қамтамасыз етуді оқу орындары ең соңынан қарастырады.

Жатақханаға жайғасу бүгінде оңай шаруа емес. Студенттердің бұл мәселемен жыл сайын бетпе-бет келетіні сондықтан. Студенттер қатары артқан сайын, жатақхана мәселесі күрделене түсуде. Оның үстіне, уақыт өткен сайын жоғары курс студенттерінің жатақханадан қағылуы да әдетке айналып барады. Әуелі 1-курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуді мақсат тұтатын жоғары оқу орындары 4-курс студенттерін көбіне тіптен тізімге алмайды. Ал бітіруші студенттер амалсыздан жатақханадағы орындарын босатып беруге мәжбүр. Мамандардың айтуынша, жоғары курс студенттерін алдын ала психологиялық тұрғыдан да даярлайды екен. «Жоғары курс студенттері қаланы біледі, өмір сүру жағдайынан хабардар. Сондықтан, пәтер жалдап күнелтуге мүмкіндік табады» дегенді желеу еткен университет қызметкерлері 4-курс студенттерін жатақханасыз қалдырады. Мұндай жағдай 2,3-курс студенттерінің де басына түсе бастағанға ұқсайды.

Қорғансыздың күні

 Былтыр жатақханаға орналасып, биылғы жылы орнынан айрылып қалған студенттердің бірі – Әсем. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің 2-курс студенті. Әсемнің айтуынша, жатақхана алу үшін мамыр айының соңында өтініш жазыпты. Бірақ ол кезде тізімге ілінбей қалған. Мұғалімдер «оқу жылының басында қайтадан өтініш жазып көр, 1-курстан артылса, жатақхана алып қаларсың» деп шығарып салады. Бірақ қыркүйекте оқуға келген Әсем жатақханаға әлі қол жеткізген жоқ.

«Өзім Оңтүстік Қазақстан облысынан келгенмін. Былтыр жатақханада тұрдым. Бірақ биыл бермей жатыр. Мұғалімдер «жатақханада орын жоқ, бола қалса, береміз» деп сендіруде. Қазір туыстарымның үйіндемін. Енді жатақхана ала алмасам, пәтер іздеуім керек», – дейді 2-курс студенті. Әсем көп балалы отбасынан шыққан, сонымен қатар, анасының 3-топтағы мүгедектігін дәлелдейтін анықтамасы да бар. Өкінішке қарай, бұл құжаттар да Әсемнің жатақханаға орналасуына септігін тигізе алмаған. Сонда жоғары оқу орындарының жатақхана ең алдымен көп балалы отбасынан шыққандарға және әке-шешесі мүгедек студенттерге беріледі деген ережелері қайда қалды? Олар неге ережеге бағынбай жүр? Сөйтсек, олар бұл ережені тек 1-курс студенттері үшін жарамды деп таниды екен. «Мен 1-курста осы құжаттарымды тапсырып, жатақхана алдым. Сол кезде маған келесі жылы жатақханаға қол жеткізу үшін қоғамдық жұмыстарға белсене араласуым керектігін ескерткен. Мен осыны ескеріп, жыл бойы барлық шараларға қатыстым. Ешқандай қоғамдық жұмыстардан тыс қалмадым», – деп отыр Әсем. Демек, жатақхана берудегі ережелердің маңыздылығы шамалы. Әсемнің айтуынша, әлеуметтік жағдайы жақсы, тіпті, қоғамдық жұмыстарға араласпаған қатарластары жатақханаға орналасып алыпты. Бірақ, Әсем секілді студенттерге орын жеткіліксіз.

Қазір ҚазҰТУ-да жатақханаға қол жеткізе алмай жүрген Әсемнің бір топ құрбылары бар. Ал университет қызметкерлері қазан-қараша айларында жатақхана бөлмелеріне бесінші төсектерді кіргізетіндігін, сол кезде оларға орын бұйырып қалуы мүмкін екендігін айтып, жұбатып жүр. Өзі 4 адамға жоспарланған тар бөлмеге 5-інші адамды кіргізу биыл ғана орын алып отырған жоқ. Жыл сайын оқу жылы басталғаннан соң-ақ жатақханаларда осы жайт қайталанады. Аядай тар бөлмеде 5 адамның бірігіп тұруы қиындау. Бірақ шалғайдан келген студенттер үшін сол тар бөлменің өзі хан сарайындай. Аз да болса жатақханадан бір орын бұйырып қалар деп үміттеніп жүрген Әсем қазір демалыс күндерін жұмыс іздеуге арнапты. «Егер пәтерге шығатын болып қалсам, ата-анам үшін ай сайын пәтер ақысын төлеу қиындық тудырады. Сондықтан өзім де жұмыс істеп, ата-анама көмектесуім керек. Бір жағынан сабағыма үлгермей қаламын ба деп қорқамын. Қазір оқу бағдарламамыз да күрделі. Алайда жұмысқа орналасудан басқа амал жоқ», – дейді қапалы қыз.

Жатақхана құны неге қымбат?

Білім және ғылым министрлігінің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, былтырғы оқу жылының соңындағы жағдай бойынша, елдегі жоғары оқу орындары студенттерінің 70 пайызы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген. Алматыда бұл көрсеткіш – 66, ал Астанада – 61 пайыз. Қазір еліміз бойынша тағы да 10 жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Биылғы оқу жылының соңына дейін соның 8-і пайдалануға беріліп, студенттердің жатақхана мәселесі біршама шешімін таппақ. Әзірге Білім және ғылым министрлігінің өкілдері осыған сендіріп отыр. «Министрлік студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты тиісті шаралар қабылдауда. Оқу жылының аяғында екі жаңа жатақхана іске қосылды. Олар Павлодар және Астана қалаларында. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғаса береді», – дейді ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері.

Жалпы, еліміздегі студенттік жатақханалардың айлық ақысы бекітілген бұйрық бойынша студент  шәкіртақысының 15 пайызынан аспауы қажет. Биылғы шәкіртақы көлемі – 17500 теңге. Ал ай сайынғы шәкіртақының 15 пайызы 2625 теңгеге тең. Демек, студенттердің жатақханада 10 ай тұратынын ескерсек,  жылдық ақы 26250 теңгенің көлемінде болуы тиіс. Бірақ бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындарындағы жатақхана құны әртүрлі. Алматыдағы Қазақстан менеджмент экономика және болжау институтында (КИМЭП) жатақханада тұру үшін әрбір студент 1 семестрге 135 мың теңге төлеуі керек. Ал Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде жатақхананың жылдық бағасы – 120 мың теңге екен. Жатақхананың жылдық  төлемі Қазақ ұлттық аграрлық университетінде – 26 мың, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде – 22 мың, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде – 25 мың, Алматы энергетика және байланыс университетінде – 28 мың, Алматы технологиялық университетінде – 50 мың, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде – 36 мың, Халықаралық бизнес академиясында – 25-35 мың, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде – 38-40 мың теңгені құрап отыр.  Жоғарыда көрсетілген жатақхана бағасына қарап отырсақ, министрлікте бекітілген бұйрыққа еліміздегі ешқандай жоғары оқу орнының аса үлкен назар аудармағандығы байқалады. Тіпті, бір ғана Алматы қаласының өзіндегі университеттерде жатақхананың бағасы сан қилы. 22 мыңнан басталған жатақхана бағасының шегі 130 мыңға дейін жетеді.

«Студенттік баспана» мәселені шеше ме?

Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Білім және ғылым министрлігі 2011-2015 жылдарға арналған «Студенттік баспана» бағдарламасын қабылдаған болатын. «Студенттік баспана» бағдарламасы бойынша елімізде 32 жатақхана салынып, 54 жатақхана күрделі жөндеуден өткізілуі керек. Сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларында студенттік қалашықтар салу жоспары бекітілді. Білім және ғылым министрлігі енгізген бағдарлама аясында 2010-2014 жылдар аралығында елімізде 4423 орындық 10 студенттік жатақхана бой көтеріпті. Олардың екеуі Еуразия ұлттық университетінде, қалғандары Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті, Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті, Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университеті, Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Йассауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде орналасқан.

Сондай-ақ, «Студенттік баспана» шеңберінде өткен жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде 822 орындық, Нұр-Мүбәрак университетінде 610 орындық, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 274 орындық жатақхана ашылды. Ал биылғы оқу жылында Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде «Студенттік баспана» мемлекеттік бағдарламасының аясында 450 орындық жаңа Студенттер үйі пайдалануға берілді.

Қазақстанда 75 904 орынға есептелген 237 жатақхана бар. Бірақ бұл жатақханалар қазақстандық студенттер үшін жеткіліксіз. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігі 2012-2015 жылдарға жатақханалардың желілерін дамыту бойынша Кешенді жоспар әзірледі. 2010-2013 жылдар аралығында республикада жоғары оқу орнында білім алу уақытында 3601 студентті тұрғын үймен қамтамасыз етуге қабілетті жаңа 9 жатақхана салынып, пайдалануға берілді. 2014 жылы  республикалық бюджеттің есебінен жатақханалардың құрылысы бойынша 16 инвестициялық жоба іске асуда. ҚР Білім және ғылым министрлігі Экономика және бюджеттік жоспарлау Министрлігіне 16 жатақхананың құрылысына 2015-2017 жылдарға бюджеттік тапсырыс жолдады. Бюджеттік тапсырыс құны 15 млн. 599 мың 030 теңге. Білім және ғылым министрлігі аталмыш жоспар бойынша 2020 жылға дейін 32,6 мың студентке арналған жатақханалар желісін салуды көздеп отыр. Жоспар бойынша биылғы оқу жылында оқу орындарының мұқтаж студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуді 80 пайызға дейін жеткізу міндеттелген болатын.

Аталмыш мемлекеттік бағдарламаның арқасында біршама жұмыстар атқарылып, жатақханалар салу ісі қолға алына бастады. Бірақ студенттердің жатақхана мәселесі әлі де күйіп тұрған тақырып. Жыл сайын студенттер қатарының артуы жатақхана тапшылығының қаттырақ сезілуіне ықпалын тигізіп отыр. Ең бастысы, кезінде көптеген жатақханалар жекешелендіріліп кетті. Сол жатақханалардың бүгінде қандай мақсатта қолданылып жатқанын іздеген де, сұраған да жан жоқ. Бұрын жеке қолдарға өткен балабақшалардың біразы мемлекет меншігіне қайтарылды. Алайда жатақханалар қайтарылыпты дегенді естімедік. Бүгінгі жатақхана тапшылығының бір себебі осында болса керек.

Көп мұңға бір мұң қосылып...

Күз мезгілі басталысымен, жатақханадан құр қалған студенттер жалдайтын пәтер іздеуді бастайды. Алматыда арзан бағаға пәтер табу да оңай шаруа емес. Оның үстіне пәтер иелері жалдау ақысын дәл осы күз маусымында шарықтатып жібереді. Қазір Алматы қаласында бір бөлмелі пәтерді жалға алу үшін айына кемінде 60 мың теңге төлеу керек. Екі немесе одан да көп бөлмелі пәтердің құны 100 мың теңгеден асып жығылады. Айта кетейік, пәтер ақысына коммуналдық қызмет ақысы кірмейді. Ал мұндай соманы ай сайын төлеп тұру қарапайым студент үшін мүмкін емес. Сондықтан, бірнеше студент бірігіп, бір пәтер жалдауға тырысады. Пәтер иелері көбінесе студенттерге пәтерін беруден қашқақтайды. Жастарға сенім білдірмейтіндіктен болар, бәлкім. Кейбір пәтер иелері жігіттерге жалға беруге мүлдем қарсы. Сондай-ақ, пәтер ақысын өз уақытында беру пәтер иелері қоятын басты талаптардың бірі. Пәтер ақысын уақытында төлемеген студенттердің мұңын тыңдайтын да ешкім жоқ. Сол сәтте-ақ оларды пәтерден қуып шығады. Бұл үлкен қалада күн сайын орын алатын жайт. Студенттердің оқу жылының соңына дейін жалдайтын тұрақты пәтер таба алмауының басты себебі де сол.

Жатақханадан орын бұйырмаған бейбақ студенттің пәтер жалдаудан өзге амалы жоқ. Оқу жылы басталғаннан-ақ арзан пәтерден үміттілер Жетім бұрышты жағалап, өзгелері интернет сайттары арқылы уақытша баспана табуға тырысады. Пәтер жалдап тұратын студенттердің көпшілігі – ақылы бөлімде оқитындар. Өйткені әлеуметтік жағдайы төмен болмаса, оларды жатақханамен қамтамасыз етуге кепілдік берілмейді. Ал еліміздегі оқу бағасының қымбаттығын ескерсек, баласын 4 жыл бойы университетте оқыту үшін ата-аналар біраз шығынданады. Қазіргі уақытта Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы орташа оқу ақысы 500-600 мың теңге. Оған ай сайын студенттің жол жүру құны, азық-түлігі, өзге де шығындарын қосқанда, қарапайым ата-ана үшін нағыз қиындық тудыратыны сөзсіз.

Пәтердің ақысын төлеу үшін студенттердің көпшілігі қосымша жұмыс істеуге талпынады. Өз кезегінде бұл студенттердің білім алуына кері әсер етеді. Осылайша, үлкен қалаға білім іздеп келген жастар амалсыздан оқуын ысырып қойып, өз шығындарын өтеу үшін табыс табуды көздейді. Жастардың ата-анасына қол ұшын беріп, ең болмағанда күнделікті шығындарын өтеуге тырысатындықтары орынды-ақ. Бірақ жастардың білім алуы – басты міндет емес пе?

Серіктес жаңалықтары