Жұмагүл Айымбетова, ғарышкердің анасы: Жусанның иісі балама қуат берді
Жұмагүл Айымбетова, ғарышкердің анасы: Жусанның иісі балама қуат берді
Қазақтың үшінші ғарышкері түпсіз аспан тұңғиығына самғайтыны белгілі болған сәтте алаш жұрты алақайлап қуанған. Ұзақ күткен қуанышты күнді көру бақыты қазақ халқына 2015 жылдың қыркүйегінде бұйырды. 2 қыркүйекте Халықаралық ғарыш стансасына сапар шеккен ғарышкер Айдын Айымбетов 12 қыркүйек күні Жерге қайтып оралды. Бүкіл елдің күткені де осы күн болатын. Алаштың Айдыны өз міндетін табысты аяқтап, туған топыраққа табаны қайта тигені де ұмытылмас күн. Ел мақтанышына айналған азаматтың ақ жаулықты анасы үшін бұл сапар мүлдем бөлек сезім, бөлек дүние еді. Бұл сезімді сөзбен суреттеп жеткізу Жұмагүл апай үшін аса қиын. Асыл ана Жұмагүл Айымбетованың әсерлі әңгімесін толқымай отырып тыңдау мүмкін емес. Ақ дастарқан басында өрбіген ана махаббаты, балалықтың бал дәмі туралы тартымды әңгіме арқылы ғарышкердің бала күніне, оның тұңғиық әлеміне біз де сапар шеккендей болдық.
Айдын ғарышқа ұшады деген ақжолтай жаңалықты естіп, ел қуанған сәттен бастап Жұмагүл апаймен хабарласып, әңгімелесуге тырысқан едік. Бірақ бұл мүмкін болмады. Өйткені Айдынның отбасы, туған-туыстары әуелі Алматыда, содан кейін туған ауылдары Талдықорғаннан 272 шақырым қашықтықтағы Қарабұлақта құдайы тамақ беріп, осыдан 8 жыл бұрын қайтыс болған отағасы Ақан Айымбетовтің бейітіне барып, құран оқытты. Оның үстіне, Жұмагүл апай Айдын аман-есен Жерге қонғанша сұхбат беруден бас тартқан. Біз де ана жүрегіндегі қатар келген қуаныш пен уайымды жақсы түсіндік. Сөйтіп, қазақ ұлының сапары сәтті аяқталуын тағатсыздана тостық. Ал сүйікті ұлы туған Отанымен қайта қауышқан сәтте Жұмагүл апайдың шаңырағында қонақта болып, алғашқылардың бірі болып ардақты ананың жүрек тербеген әңгімесін тыңдап қайттық.
Бауыр еті – баласын ғарышқа аттандырудың қаншалықты қиын екендігін екінің бірі ұғына бермейтіні хақ. Ал Жұмагүл апай бұл сезімнің қандай болатынын жақсы біледі. Асыл ана баласының көкке көтерілген сәтінен бастап, Жерге оралғанынша күнін күлкісіз, түнін ұйқысыз өткізді. «Ананың көңілі балада» деген сөзді қазақ тегін айтпаса керек. Қазір де сонау Мәскеудегі ғарышкер ұлының хал-жағдайын ойлап жүр. Айдынның Жерге қонғаннан кейін: «Аяғым жерге тиді. Жусанның иісі маған күш берді. Енді әрі қарай жұмыс істеуге дайынмын», – деген сөзін Жұмагүл апай мақтанышпен еске алуда.
Биікке жетелеген бала арман
Ғарышкердің анасымен әңгімеміздің әлқиссасы Айдын Айымбетовтің балалық шағынан басталды. Расында, бүгінгі 43 жастағы қазақ ғарышкерінің балалық арман-қиялы қай қиырларға жетеледі екен?
– Жұмагүл апай, Айдын бала кезінде қандай болды? Бала күнінде оның ғарышқа деген қызығушылығын байқай алдыңыздар ма?
– Кішкентай кезінде ол да барлық балалар секілді өсті. 1970 жылы үлкен ұлымыз Айдар, 1972 жылы Айдын дүниеге келді. Екеуі қатар жүріп, ер жетті. Әкесі екеуі таласып қалмасын деп, үнемі бірдей ойыншықтар сатып әперетін. Бірақ екеуі ешқашан өзге балалар секілді жаға жыртысқан емес. Кішкентай кездерінен өте тату, бауырмал болды. Балабақшаға да бірге барды. Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Құлан селосында алғаш мектеп табалдырығын аттады. Өйткені сол кезде жолдасымның жұмыс бабымен Шымкентке қоныс аударғанбыз. Айдынның тілі шығып, сөйлей бастағаннан әкесі: «Балам, үлкендердің айтқанын тыңдау керек. Айдар сенен үлкен. Сондықтан оны да тыңда», – деп үйрететін. Содан бері ол Айдардың жетегінде жүріп ержетті. Екеуі сабаққа бірге барады, үйге бірге қайтады. Біз әкесі екеуміз жұмыстамыз. Өздері сабақтан келген соң үйде тамақтанып, сабақтарын да өздері дайындайтын. Екеуі де сабақты өте жақсы оқыды. Ол кезде қазақ мектебі деген өте аз болатын. Сондықтан екі ұлымыз да орыс мектебіне барды. 1981 жылы ауылда атамыз қайтыс болды, апамыз жалғыз қалған соң, біз Шымкенттен өз ауылымыз Қарабұлаққа көшіп келдік. Қарабұлақтағы мектепте 3 жылдай оқыды. 1985 жылы Талдықорғанға көшіп барып, мектепті сонда бітірді.
Айдын бала кезінен биіктікке құмар болатын. Биік ағаш болсын, үй болсын төбесіне өрмелеп шығып алатын еді. Бір жылдары Ақан (Айдынның әкесі – ред.) бір училищеде директор болды. Сол училище жатақханасының алдында үлкен, биіктеу қол жуғыш болған. Бір күні Айдын соның төбесіне өрмелеп шығып, биіктен құлап кеткен. Айдар үйге қолынан жетектеп алып келді. Бетінің бәрі қан. Қол жуғыш үстіне құлап кеткен екен. Тағы бір осындай оқиғасы есімде қалыпты. Қарабұлақта жолдың шетіндегі ағаштарды кесіп тастайтын еді. Сол көше бойындағы биік ағаштардың бірі жартылай кесілген екен. Оның кесілгенін білмеген Айдын тағы да ағаштың ең төбесіне дейін өрмелеп шыққан. Содан ағашпен бірге құлаған еді. Өзі үнемі солай биікке өрмелеп жүретін.
Бала күнінен болмысы бөлек болды. Үлбіреген сүйкімді кішкентай бала бүгінде талапшыл, еңбекқор арқа сүйер азаматқа айналды. Айдын үнемі күлімдеп жүреді. Өзі ақкөңіл, айналасындағыларға мейіріммен қарайды. Адамдармен тез тіл табысады. Біздің үлкен ұлымыз Айдар томаға тұйық, артық сөзі жоқ болып өсті. Ал Айдын мүлдем керісінше, айналасына жылулық шашып жүреді.
Өзі спортқа да бейім болды. Дзюдо, каратэ, самбо секілді спорт үйірмелеріне қатысты. Мектеп жасында Айдар екеуі үнемі спортпен айналысты. Тіпті, 6-дан кейін тамақ ішпейтін. Екеуі де мектеп бітірер алдында әскери оқуға түсу үшін солай дайындалды. Оның үстіне, жолдасым Ақан балаларды жастайынан әскери тәртіпке үйретті. Таңертең уақытында ұйқыдан тұрып, кешкісін сағат 9-да ұйқыға жататын. Ол кезде теледидардан мультфильмдерді бір ғана уақытта көрсететін. Мультфильм кешкі сағат 8.30-да басталып, сағат 9-да аяқталады. Сонда Айдар мен Айдын жарты сағат уақыттарын ғана теледидар алдында өткізетін.
Балам химия, физика деген сабақтарды өте қатты жақсы көретін. Үйдің балконында өзі зертхана жасап алып, сол жерде бір реакцияларды жасап отырады үнемі. Радионы құрастыру, жинақтау секілді істермен айналысқанды жақсы көрді. Сосын балкондағы зертханасында кітапшаға дәрілердің аттарын, олардың қандай ауруға қарсы қолданылатын жазып, жаттап жүретін. Қазір қарап отырсам, Айдын сол кезде-ақ балкондағы өзінің кішкентай ғана зертханасында болашақтағы жұмысына дайындалып жүрген екен ғой. Ойнап отырғанда да орындықтарды біріктіріп, ұшақ жасап, ұшырып отыратын.
– Демек, ұшқыш болу Айдынның бала күнгі арманы. 17 жасар Айдынның авиациялық училищеге түсемін деген шешімін сіздер қалай қабылдадыңыздар?
– Айдын 8-сыныпты бітіргенде-ақ Ленинградтағы авиациялық училищеге құжат тапсырғысы келді. Әкесі қарсы болмады, рұқсатын берді. Бірақ ол кезде маған балам әлі кішкентай секілді көрінді. Сөйтіп оқуға жібермедім. Айдынға: «Әуелі Айдар мектепті бітіріп, оқуға түссін. Сен де 10-сыныпты тәмамда. Содан кейін қалаған оқуыңа түсесің», – деп өз ойымды ұғындыруға тырыстым. Ол менің сөзіме қарсы келмеді. Айтқанымның бәріне келісті. Жалпы, біз балаларды ешқашан бетінен қаққан емеспіз. Өздерінің талаптары болса, ынталанып тұрса, біз тек қолдау көрсетуге тырыстық. Десек те, екі ұлымның да әскери саланы таңдағанына кішкене ренжіген едім. Бүгінде еңбектерінің жемісін жеп отырғандарын көріп, сол кезде ұлдардың жолына бөгет болмағанымызға қуанамын.
Сөйтіп, Айдын 1989 жылы мектепті жақсы аяқтап, Армавир қаласындағы жоғары әскери авиациялық училищесіне түсті. Бұл училищеде қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров оқыған екен. Армавирге Айдынның ант қабылдау рәсіміне барғанда кеудемізді ерекше қуаныш кернеді. Сол уақытта радиодан Айдынды аталмыш училищеде оқитын жалғыз қазақ баласы деп хабарлап жатты. Айдынның әкесі: «Әне, менің балам авиациялық училищедегі жалғыз қазақ. Осындай жетістікке жеткен Алаштың бірегей азаматы», – деп қуанышы қойнына сыймай, шаттанды. Әрине, бұл да ата-ана үшін үлкен мақтаныш. Балаңның кішкене жетістігін көрудің өзі бақыт.
Айдын Армавирде оқып жүрген кезде үйде телефон деген болған жоқ. Алыстағы ұлымызбен сөйлесу пункті арқылы байланысатынбыз. Оқуын жақсы оқыды, қателеспесем, дипломында бір ғана 4 деген баға бар. Мен Айдынға хабарласқан сайын «Сабақтарымды беске аяқтадым. Пәлен сабағымнан автоматты түрде жоғары баға алдым, түген сабақты сәтті тапсырдым» деп қуанышымен бөліседі. Сөйлесу пунктінде уақыт санаулы ғой. Сосын ұлыммен тез-тез сөйлесуге тырысамын. Сонда телефонист келіншек «тағы да 5 минут қосып қойдым, сөйлесе беріңіз, ақшасын келесі келгенде төлейсіз» деп үнемі уақытымды ұзартып беретін. Біздің сөзімізді естіп отыратын болуы керек, баламның қуанышын да сезінеді. Алыстағы баласын сағынған ананың жүрегін де түсінеді. Сөйтіп, ана мен баланың сөзін бөлмейтін. Өзі таңдаған училищені Айдын 1993 жылы аяқтады. Оқуды бітіргеннен кейін оны Жалғызтөбеге жіберді, сосын Луговойда қызмет етті. Соңында Талдықорғанның маңындағы авиабазада жұмыс істеді. Оқуын бітіргеннен кейін ешқашан бос жүрген емес. Жұмысын жасады, міндеттерін орындады.
Орындалған ақ арман
Айдын Айымбетов ғарышқа ұшуды 12 жыл күтті. Бұл аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында ғарышкер өзінің ізденісін тоқтатқан жоқ, күндердің күнінде ғарышқа сапар шегетініне сенді.
– Ғарышқа ұшу үлкен еңбекті, дайындықты талап ететіні белгілі. Ұлыңыздың ұзақ жылдары ғарышкерлік дайындыққа арналды. Алғаш ғарышкерлік кандидатурасы 2000 жылы қабылданды. Осы кездерге көз жүгіртіп өтіңізші...
– Ең алғаш 1995 жылы ғарышкерлер отрядына өтініш жазған. Ол кезде Айдынның өтініші қабылданбады. Сөйтіп, 2000 жылы қайтадан өтініш білдірді. Сол жылы 2000-ға жуық ұшқыштың арасынан іріктеліп, Айдынның кандидатурасы мақұлданды. Дәл сол 2000 жылы Айдынмен қатар Мұхтар Аймахановтың да өтініші қабылданды. Шыны керек, екінші рет үміткер ретінде өтініш жазғанда, іштей «Айдынның кандидатурасын мақұлдамаса екен» деп ойлаған едім. Өйткені ғарышқа ұшу, оған дайындалу оңай емес. Өзің айтқандай, барлық уақытын соған арнайды. Сондықтан, балам үшін алаңдадым.
2000 жылы кандидатурасы мақұлданғаннан кейін 3 жыл бойы медициналық комиссияның тексеруінен өтті. Сөйтіп, 2003 жылы жұлдызды қалашыққа дайындыққа кетті. Мұхтар екеуі Ресейдің Ю.Гагарин атындағы ғарышкерлерді дайындау орталығында жалпы ғарыштық дайындықтан өтті. Ғарышкерлерді дайындау орталығында Айдын 6 жылын өткізді. Дайындық уақытының құлыныма оңай болмағанын да мен іштей сеземін. Бірақ ол ешқашан еңсесін түсіріп, қиналғандығын білдірген емес.
Талғат Мұсабаев 2009 жылы Айдын мен Мұхтарға екеуінің біреуі ғана ұшатынын, бірақ ұшатын адамның кім екені белгісіз екендігін ескерткен. Алайда 2009 жылы қыркүйектегі ұшырылымнан Айдын да, Мұхтар да тыс қалды. Сол жылы Қазақстан қаржы жоқ болғандықтан, ғарышкерлерді сапарға жібере алмады. Содан кейін Астана қаласына барып, «Қазғарышта» жұмыс істеді, Тоқтап қалған жоқ, өзінің жұмысын әрі қарай жалғастырды. Ал Мұхтар сол уақытта Ресейде қалып қойды. Кейін сол елдің азаматтығын алды. Бұйырса, оның да ғарышқа ұшатын уақыты келіп қалар. Бұл – Мұхтардың өз шешімі ғой. Оны сөгудің қажеті шамалы.
– Ұлыңыздың арманы орындалды. Сіздің аналық тілегіңіз қабыл болды. Айдын Айымбетов қазақтың үшінші ғарышкері атанды. Ұзақ күткен сапарға Айдынның дайындығы қалай басталды?
– 2009 жылдан 2015 жылға дейін арада 6 жыл уақыт өтті. Бірақ өзінің ынта-ықыласы, талабының арқасында дайындыққа ұзақ уақыт қажет болмады. Ойлап қарасам, 6 жылдың ішінде дайындық барысын ұмытып қалуы әбден мүмкін ғой. Биылғы жылдың 22 мамыры күні Айдынды жұлдызды қалашыққа медициналық комиссиядан өтуге шақырды. Мәскеуге, тіпті, Америкаға барып медициналық комиссияның тексеруінен өтіп келді. Мұндай тексерулерге кез келген адам шыдай бермейді. Сөйтіп, 3 айдың ішінде 6 жылда ұмытылған дүниелерді қайта еске түсіріп, дайындық жұмыстарын жүргізді. Оның барлығын қысқа уақыт ішінде игеру, меңгеру үлкен еңбекті, күш-жігерді талап етеді. Ешбір демалыссыз дайындалды. Өзінің еңбегінің нәтижесі болар, үлкен арманына қол жеткізді.
2 қыркүйек күні Айдынды шығарып салуға барлығымыз бардық. Сол күнді есіме алсам, әлі күнге дейін аузыма сөз түспейді. Бір мен ғана емес, сол кезде бүкіл халық менің күйімді кешіп тұрды-ау. Бәрі көздеріне жас алды. Бұл – менің ғана емес, алты Алаштың қуанышы болды. Балама тек «Ақ жол! Сәт сапар!» деген тілегімді ғана білдіре алдым. Содан аман-есен оралғанша, уайымдаумен болдым. Сұхбат беруден бас тартқаным да сондықтан. Күні-түні мазам болмады. Ұлымның ғарышқа сапар шегуі бір жағынан біз үшін үлкен қуаныш болса, екінші жағынан жүрегімде бір қорқыныш ұялады. Балам өзге елге емес, мүлдем басқа әлемге кетті ғой. Оның үстіне, ана жүрегі балаң жаныңда отырса да, уайымдайды емес пе?
Осының барлығы қаншама еңбекпен, төзіммен келді. Бақандай 12 жыл күтті осы күнді. Шүкір, өзіне жүктелген міндетті орындап, аман-есен оралды. Астанада өткен кездесуге келгенде тәлтіректеп әзер жүрді. Маған жағдайының жақсы екендігін, уайымдаудың қажеті жоқтығын айтты. Мені жұбатқандағысы ғой. Өзі қанша білдіргісі келмесе де, ана жүрегі бәрін де сезеді.
Елбасы өз баласындай қолынан жетелеп келе жатқанын көргенде көзіме еріксіз жас келді. Мемлекет басшысы өзі Мәскеуге шығарып салды. Енді Мәскеуде 1 айдай уақыт болады. Қайта бейімделу керек қой. Баламды Астанада көрдім. Әлі өзім де баламды емірене сүйіп, құшағыма алғаным жоқ. Айдынның Астанаға келгенін асыға күтудеміз. Бар тілегім – балаларымның амандығы. Айдынымның ақ арманы орындалып, асыл тілегі қабыл болды. Бастысы, еңбегі ақталды.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!
Айдын ғарышқа жасаған 10 күндік сапары барысында маңызды зерттеулер жасап келді. Олардың қатарында Арал мен Каспий теңізінің, шаңды дауылдар мен мұнайдан ластанған аумақтардың ахуалын бақылау шарасы бар. Ғарышкердің бұл сапары қазақстандық биотехнология мен биомедицина саласы үшін де пайдасы ерек болмақ. Өзіне жүктелген міндеттерді толық аяқтаған ғарышкердің сапары сәтті болды деп ауыз толтырып айта аламыз.
Бүгінде 1 ұл, 2 қыздың әкесі Айдын Айымбетов Астана қаласының тұрғыны. Елордадағы Оқушылар сарайында жас ғарышкерлер мектебінде тәлім береді. Өзінің білгенін кейінгілерге үйретіп, жас ғарышкерлерді әзірлеуге өзінің септігін тигізуде. Келешекте Айдын Айымбетовтің шәкірттері зеңгір көкті бағындырды деп сүйіншілейтін де күн туар. Біз білген ұстаз, ғарышкер Айдын Айымбетовтің ана сөзімен жасалған бейнесі осындай.
Әңгімелескен Әсел ӘНУАРБЕК