813
Өмірдің өзі шыңдаған Сужиков
Өмірдің өзі шыңдаған Сужиков
Уақыт бір орнында тоқтап қалмайды. Жылжып жылдар, аршындап айлар, ат желісті апталар, қас-қағым сәт күндер жылғадан аққан судай өте шығады. Тіршілікте адам небір қайшылыққа кезігіп, қуанышқа кенеледі. Бұл – өмір заңы.
Рас, адам өмірі мәңгілік емес. Уақыт әрі қарай жалғасады. Сенің орныңды басқа ұрпақ жалғастырады.
Жә, философиялық тұрғыдан талай тағылым айтуға болар еді, ең бастысы, қазақ деген ұлттың ірі тұлғасы туралы әлі күнге ашып айтуға іркіліп келе жатқанымыз өкінтеді.
Мұхамедғали Әленұлы Сужиков (тегінің мәнісін анықтап айтқанды жөн көрдік) Астрахань облысының Володар ауданында дүниеге келген. Қазақтардың бұл жері кейіннен Ресейдің меншігіне өтіп кеткені мәлім. Теңіз жағасындағы көлдер мен бұғаздарды бөліп тұрған аққұмда «шөжік» деген бидайға ұқсас шөп өсіп, оны сол мекеннің адамдары (қазақтар) орып, әбден кептіріп, диірменге тартып, ұн ретінде пайдаланыпты. Ұлы бабасының аты осы «шөжік» сөзінен шыққан екен. Ал Мұхамедғалидың әкесі Әлен балықшы еді. Ұстаған олжасы – балығын ауылға таратып берген қайырымды адам болған екен.
Мұхамедғали 1910 жылы 15 қыркүйекте дүниеге келіп, 1925 жылы Баклано-Лопатина ауылының он бес жасар бозбаласы ауылдық кеңестің оқуына жіберіліп, балалар интернатына қабылданады. 1927-1929 жылдары Астраханьдағы педагогтар курсын бітіріп, 1929-1931 жылдары қазақ педагогикалық техникумының алғашқы бітірушісі ретінде Астрахань облысы, Марфино ауданындағы бастауыш, кейіннен жеті жылдық мектептің мұғалімі әрі меңгерушісі қызметін атқарады. Ал 1932-1938 жылдары Володар қазақ жұмысшылар факультетінің директоры болады. Жұмысына зерек әрі еті тірі жігіт ауданның саяси-қоғамдық жұмыстарына белсене қатыса жүріп, ауданның партия конференциясында аудандық комитеттің басшысы және бюро мүшесі атанады. «Жас келсе, іске»дегендей, көп ұзамай Мұхаң Сталинград облысы, Володар ауданының атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл уақыт Гитлер армиясының Сталинград облысына сұғына енген шағы еді. Майдан шебіндегі аймақтарының қорғаныс мақсатындағы құрылыстарына жауапты қызмет атқарып, жойғыш батальонды жасақтауға белсене араласады. 1945-1948 жылдары БК(б)П Орталық комитетінің жоғарғы мектебінің тыңдаушысы болған.
Қанды соғыс жеңіспен аяқталса да, қираған шаруашылықты қалпына келтіру қиынның қиыны еді. Ел экономикасын көтеру үшін білікті кадрлар ауадай қажет болатын. Өзінің бір әңгімесінде Мұхаң:
«1949 жылы оқуды ойдағыдай бітірген соң, Мәскеу аспирантурасында оқуымды әрі қарай жалғастырғым келген. Ойда-жоқта мені Г.М. Маленков пен А.Н. Суслов шақырып алып:
– Сізді Қазақстан күтіп отыр. Тездетіп жұмысқа барыңыз, – деді. Мен қазақтар арасында жұмыс істемегенімді, орыстар арасында өскенімді айттым. – Жұмабай Шаяхметов жолдас сізді Қазақстанға жіберуімізді өтініп отыр, – деді олар. Олар партия қайда бар десе, бас тартуға құқың жоқ. Сөйтіп мен туған Отаным – Қазақстанға келдім, – деп еске алады бұрынғы әріптестері. Сонымен Мұхамедғали Әленұлы 1949 жылы Ақтөбе облысына партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгеруші-хатшысы болып тағайындалды.
Облысқа келген бетте, өмірдің небір қиын баспалдақтарынан өткен жас маман бірден іске бел буған. Соғыстан кейінгі ел жағдайын көзімен көреді. Ең бір сорақы келеңсіздікті Қарабұтақ ауданында көзі шалады. Осы жерде ол соғыстан кейін неше жылдар өтсе де, биліктің елге жасаған тыйымдары мен заңдары әлі күнге сақталғанын, қатал тәртіптің түк те өзгермегенін көреді. Шындығында, Қарабұтақ ауданында халықтың әл-ауқаты өте төмен дәрежеде еді. Көптеген отбасылардың ішер асы, киер киімі де жұтаң болатын. Әкімшілік мәжбүрлеу әдісімен қазақтар тұратын аудандардағы жиналған астық мемлекет меншігіне алынып, тіпті, жұртқа жекеменшік малдарын сойып жеуге де рұқсат берілмейді. Бұл оспадарлықты көзімен көріп, ойға түйген Әленұлы мәселені шешудің амалы Орталық биліктен көмек сұрау деп еді. Бірақ облыс басшысы Елубай Тайбеков мұндай мәселені міндетті түрде республика басшылығымен ақылдаспай шешуге болмайтынын ескерткен. Қайсар Сужиков Елубай Тайбековке мұндай іске Алматының келісім бермейтінін айтып, өз дегенінен бас тартпайды. Ол кезде республика басшылығы Орталықтың айтқанын ғана орындап, алдында бүгежектейтінін білсе де, Сужиков айнымас принциптерін алға тартып, Сталинге баратынын баяндайды. Сөйтіп облыстың партия комитетінің бюро мүшелері екіге жарылып, облыс атқару комитетінің Шашан Оразбаев бастаған өкілдері Сужиковты қолдап, Мәскеуге хат жібереді.
Қалай дегенде де іс оңтайымен шешіліп, Қарабұтақ ауданына материалдық көмек көрсетіледі. Халық жақсылықты ұмытпайды. Әленұлының батылдығына, бастаған ісін аяқтамай қоймайтынына өте риза болып, елге деген адалдығын мақтан тұтады. 1951 жылы облыстық IX партия комитетінің конференциясында М.Ә. Сужиковты облыстың басшысы етіп бекітеді. Мұхамедғали Әленұлы көп ұзамай, 1951 жылы қазан айында Қазақстан Орталық комитетінің үшінші хатшысы болып тағайындалады.
Мұхамедғали Әленұлы Қазақстанның идеология басшысы болып келгенде, қазақ жұртының бетке ұстар әдебиетшілері мен тарихшыларына, атап айтқанда, тарихшы Е.Бекмахановқа қарсы дау өршіп тұрған. Мұхамедғали Әленұлы өзінің Жұмабай Шаяхметов жөніндегі естелігінде Орталық Комитет хатшылығына П.К. Пономаренко мен Л.И. Брежнев келгенде, Кәріпжанов, Тәжиев және басқа талантты тұлғалармен ауызбірлікте, қазақтың маңдайалды зиялы өкілдерімен қоян-қолтық араласып еңбек еткенін баяндай отырып, А.Жұбанов, М.Әуезовті қудалауды тоқтатуға қатысқанын айтады. «Әңгіменің шыны керек, – деп жазады Мұхаң. – Қудаланған М.Әуезовті, Қ. Сәтбаевты Мәскеуден Алматыға шақырып алған, Бекмахановты түрмеден босатуға көмек берген П.К. Пономаренко мен Л.И. Брежнев еді».
1954 жылы Қазақстанды басқарып отырған Пономаренко үш хатшының басын қосып, Орталық Комитетке хат келіп түскенін, онда «Осы күнге дейін Қызылорда облысында Кеңес өкіметі жоқ» деп жазылғанын, кемшіліктерді түзеп, аталмыш облыстың экономикасын, мәдениетін, әлеуметтік мәселелерін жолға қою керек екенін әңгіме қылады. Сол үшін төрт хатшының біреуі сонда баруы керектігін талқыға салады.
Сонымен, 1954 жылы мамыр айының аяғында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы М.Сужиков Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші басшысы болып тағайындалады. Расында көптен қордаланған күрделі түйткілдерді шешу үшін жаңа, белсенді басшы қажет еді. Сужиковтың ең негізгі ұстанымы – халықтың мүддесі болатын. 1954 жылдың 27 желтоқсанында облыстың барлық саласын қамтитын 36 тармақтан тұратын республикалық дәрежедегі қаулы қабылданады. Мұхаң Әленұлы бұл қаулыға аса қанағаттанбай, 1956 жылы КПСС Орталық Комитетінің төралқасына «ҚСРО-дағы күріш өндірудегі елеулі кемшіліктер туралы» арнайы хат жазды. Онда Сыр бойында 100 мың тонна тауарлы күріш өндіруге болатынын, оны сатып алуға жоғары баға енгізудің қажеттілігін баяндады. Екінші бір хатында Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы суландыру жүйесін қайта құруға қаржы бөліп, егіс көлемін ұлғайтуды ұсынды. Ұсынып қана қоймай Одақ басшыларының көзін жеткізіп, келісімін алады. Арал жағалауына балық өндіретін артельдер салуды да ұмытпайды.
Ерді елі өсіреді. Сужиков туралы жұрт әңгімесіне құлақ түрсек, оның Қызылорда облысындағы жылдары нағыз толысқан, білімді, елдің шаруасына жан-тәнімен кірісетін, кемеліне келген басшы маман ретінде қалыптасқан кезеңі болатын. «Алған бетінен тая қоймайтын Мұхаң өзінің қажыры мен беделінің арқасында республиканы да, Одақты да мойындатты, шындыққа көздерін жеткізді», – деп жазыпты мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашев. Бұл әділ баға еді («Халқым деп соққан жүрегі» кітабы» 207-бет).
1958 жылы қаңтардың сақылдаған сары аязында Мұхамедғали Әленұлы Семей облысының облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына жұмысқа жіберіледі. Сарыарқамен тұтасып жатқан бұл аймақ қазақтың киелі жері, ұлылар мекені, Абай, Шәкәрім, Мұхтарды берген киелі топырақ, өндірісі мен ауылшаруашылығы дамыған ілгері мекен еді. Әленұлы ол кезде жар астында адамзаттың қас жауы – Семейдің атом сынақ полигоны жасырын жұмыс істеп жатқанын білмеген болатын. КСРО үкіметі ежелгі киелі жерді сынақ алаңы етіп, ғасыр жалмауызын – атом бомбасын 1949 жылы сынап үлгерген. Бұл қасіретті полигон зардабы өте құпия жағдайда ұсталды.
Алғашқыда бұл жайдан мүлдем бейхабар Мұхамедғали Әленұлы бірде түн ортасына дейін жұмыс істеп, ертеңгісін қызметке келгенде, облыс әкімшілігі үйінің терезесі быт-шыты шығып сынып, шашылып жатқанын көреді.
Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін аудандарды аралап, адамдардың денсаулығына бақылау жасайды. «Бұлтсыз күндегі найзағай» – атом қаруын қазақ жерінде әдейі сынау, халық көзінен құпия іске асыру, орталық биліктің ұлтқа деген астамшылдығы екені айқын. 1949 жылдан атом қаруын атмосферада сынау басталды, тіпті, сутегі бомбасы адамдардың көз алдында жарылды. 260 ашық жарылыс, 300-360 жер астындағы «жабық» сынау іске асырылды. Мұхамедғали Әленұлының 1991 жылы айтылған әңгімесінен үзінді келтірейік: «Ұзамай академик Балмұқанов экспедициясының мәліметтері қолыма түсті. Бомбаның адам ағзасына тигізер зиянын анықтаған зерттеумен Орталық Комитеттің мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде өзім ғана танысуымның реті келді. Ал Балмұқановтың өзімен жүздескенімде ол ақ қандылық пен рак ауруларының, әсіресе, Абай, Мақаншы, Үржар аудандарында көбейіп кеткенін айтты. Жұмыс барысымен аудандарды аралағанда адамдардың денсаулығымен таныстым. Жоғары радиациялық деңгейде тұрған Семей өңіріндегі алып ет комбинатының өнімдері Одақтың түкпір-түкпіріне жіберіліп жатыр екен». («Хрущевке хат жазған себебім». «Халқым деп соққан жүрегі» кітабы, 195-бет).
Облыс басшысы 1959 мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясы кезінде маршал Малиновскийге кездесіп, «Бұл неғылған соғыс» деп, экспедицияның мәліметтерін көрсетеді. Облыс өкілдерінің полигонға кіруін талап етеді. Мәскеуден келген бетте облыстық партия комитетінің бюросын шақырып, полигон туралы құжаттарды жайып салады. Н.С. Хрущевтің, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Беляевтің атына атом сынағы және қарудың зардабы жайлы хат жолданады. Бір ғажабы, Мәскеу де, Алматыдағы билік те хатты еш негізсіз деп есептейді. Сөйте тұра КСРО Министрлер Кеңесі құпия түрде жергілікті атом сынағына ұшыраған халыққа материалдық, медициналық көмек көрсету туралы қаулы қабылдайды. Бұл кезде сынақ басталғалы он жыл өткен еді.
Халқы үшін, қазақ үшін шырылдаған Мұхамедғали Әленұлын қайткенде жұмыстан босатып, «тәртіпке салу» осы бір оқиғадан соң үдеп сала берді. Алматы да, Мәскеу де құтылудың амалын іздестірумен болды. Қай облысқа басшы болып барса да, ақиқаттан аттамай, әділ қызмет істеп, облыстың әлеуетін, экономикасын көтеріп, жаңалықтарға жол ашып, ұйымдастыру қабілетін танытқан Сужиковты біраз уақыт аяғынан шала алмады. Бірақ «аңдыған жау алмай қоймайды» деген бар емес пе?!
1958 жылы Теміртауда салынып жатқан металлургия комбинаты Бүкілодақтық екпінді комсомол-жастар құрылысы болып жарияланған. Бұған Ресей мен Украинадан 132 мың еш іріктеусіз алынған жастар ағылып келіп жатты. Бірақ оларға ешқандай жағдай жасалмады. Ауыз судың жетімсіздігі, асханадағы сапасыз ас, төменгі еңбекақы, дүкендерде керек-жарақтың болмауы жастарды қатты ашындырды. Адам төзгісіз жағдайға шыдамаған келімсектер көтеріліске шықты. Қаланы басып алған ызалы жастар қоймаларды, азық-түлік дүкендерін тонап, білгенін істеп үлгерді. Билік бұрыннан қалыптасқан әдетіне басып, көтерілісшілерді оқтың астына алды. Талай боздақ қала көшелерінде көз жұмды және мұны жұрт «Теміртау трагедиясы» деп атады. Мәскеуден КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Л.И. Брежнев Теміртауға жедел ұшып келіп, көтерілісті басуға бар күш-жігерін жұмсады. Қаладағы дүкен сөрелері азық-түлікке толтырылды. Ет өнімдері көбейді. Тіпті, қызыл уылдырыққа дейін жеткізілді.
Алайда 1960 жылы бұл бүлік Қазақстан Орталық Комитетінің жабық пленумында қайта қаралды. Мұхамедғали Әленұлы бұл мәселеде принциптілік танытпағаны үшін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюросын қатты сынап, Қарағанды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исаевты елдің аса ірі өндірістік аймағына басшы етіп қою қателік болғанын баса айтты. Қызметтік тәжірибеден ада, республиканың ерекшеліктерін, елдің, ұлттың жан дүниесін, табиғатын білмейтін кейбір адамдардың билік тағына кездейсоқ қонатынын, Қазақстан билігінде түрлі алауыздық пен жікшілдік пайда болып, жергілікті басшылардың тиісті шешім жасай алмайтынын ашық баяндады. Әр сөзіне шынайы деректермен мысал келтірді. Қазақстанға келетін өзге ұлтты басшылардың қазақтың тарихын, әдет-ғұрпын, салтын, әдебиеті мен мәдениетін білуге тырыспайтынын, білгісі келмейтінін, олардың аңсары Мәскеуге ауып тұратынын, қызметтен босай қалса, келген жағына тайып тұратынын, тіпті, көбісінің бала-шаға, отбасының сыртта екенін, құдды уақытша іссапардағы адам сияқты көрінетіндігін де тілге тиек еткен еді.
«Мылтықтың шаппасы» әдеттегіден де тез басылды. Ертеңінде-ақ «Семей обкомы хатшысының ұлтшылдығы» жайлы хабар Мәскеуге жетіп, іле-шала КПСС Орталық комитетінің нұсқаушылары Калинников, Мерзляков және Захаров Әленұлының «ұлтшылдығын» тексеру үшін үш ай «ревизияны» бастап кетті.
Үш ай Семей даласын, Ақтөбені, Қызылорда облысын – Мұхаң жұмыс істеген жерлерді тексеріп, үш нұсқаушы Сужиковты айыптауға, жұмыстан кетіруге дәлел болар кемшілік таба алмады. Жала жабуға табиғат көмектесті. 1959-1960 жылдары жалпы ауыл шаруашылығы өте мүшкіл жағдайда болғаны жалпақ жұртқа белгілі. Тек қана Семей облысы ғана емес, басқа да өңірлер құрғақшылықтың кесірінен қысқы мал азығын жеткілікті дайындай алмаған. Семей аймағы қысы өте қатал, аязды болып келетіні белгілі. Мұндайда мал шығыны болатыны анық. Бірақ «Табиғаттан керегін тартып алу» деген ұран ауызда, билік мұндайды есепке алмайтын. Сөйтіп амал табылды. Тексерістің қорытындысы бойынша «Правда» газетіне «Сөзі ісіне сай емес» деген мақала шықты. Мұхамедғали Әленұлының тағдыры КПСС Орталық комитетінің нұсқаушыларының айтуымен атышулы «Правда» газетінің мақаласына сай шешілді. 1960 жылы 27 тамызда М.Ә. Сужиковты облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы және бюро мүшесі міндетінен босатты.
Осындайда ешкімнің бет-жүзіне, мансабына қарамайтын, қатаң принципшіл, жұмысына аса мән беретін М.Ә. Сужиков республика мен Мәскеу көсемдеріне неге жақпай қалды деген сауал туады. Жауап дайын.
Біріншіден, ол ұлтын жанындай сүйді, өктем саясатқа қарсы тұрды. Республиканы аттап өтіп, Семей полигонын жабуды талап етіп, бас көтерген алғашқы азамат. Бұл Мәскеудегі «мырзаларға» ұнамады.
Екіншіден, Орталықтан келіп басқарушыларға тікелей қарсы тұрды (мысалы, Исаев сияқтылар). Кеудемсоқ келімсектердің қазақ ұлтын сыйламайтынын, тілін, табиғатын, әдет-ғұрпын, әдебиеті мен мәдениетін білмейтінін, ондай жандардың елді басқара алмайтынын, кемшіліктерін бетіне айтты. Партия функционерлері оған «ұлтшыл» деп ат тағып, орнынан босатқанымен, елін, ұлтын сүйген азамат екенін жұрт көзімен көрді.
Үшіншіден, қазақ халқы өздерінің бодандық қалпын кезекті рет шын сезінді. Әділетсіздіктің не екенін түсінді. Мәдениет және әдебиет қайраткерлерінің қуғынға түсуін көзімен көріп, көңіліне түйді.
М.Ә. Сужиков 1967-1971 жылдары Қазақ ҚСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі комитеттің басшысы болды. Мұхаң жаңа қызметке де құлшына кірісті. Бұрын полиграфиялық өндіріс орындары, қосалқы құрамдары, баспалар Алматының әр түкпірінде тарыдай шашылып жатқан еді. Әленұлы осылардың бәрін бір жерге жинауды ойлап, үлкен құрылысты жобалады. Өзі ойлаған баспа қалашығын, жұмыскерлерге арналған тұрғын үй мен балабақшаны салу үшін кірмеген есігі қалмады. Түптің түбінде бәрі ойдағыдай шешіліп, қалашықтың құрылысы басталды. Бұл басқа одақтас Республика өкілдері қызыға қарайтын, Одақтағы алғашқы баспагерлер мен полиграфистер мекені, баспагерлер мен полиграфистер үйі еді.
Мұхаңның туған інісі Үмбеттің қызы Альмира атасының зейнетке шыққан кезі туралы: Атам зейнетке шыққанда министрлік сыйлаған «УАЗ» автокөлігі бар болатын. Еңбекқор атам сол көлікті жүргізуді үйреніп, саяжай құрылысына қажетті заттарды таситын. Саяжайы Достық даңғылының жоғары жағындағы қазіргі шекарашылардың оқу орнының жанында еді. Белгілі жазушылардың саяжайымен көршілес болатын ( Ә. Нұрпейісов, С.Қирабаев, С.Мәуленов, Т.Ахтанов, Ж. Молдағалиев). Студент кезімде жиі барып тұрушы едім. Тұрмыс құрғаннан кейін де сол саяжайда отбасыммен бірге тұрдық. Ол саяжай әркез көз алдымда. Атам қыс мезгілінен басқа уақытта таң атқаннан кеш батқанша саяжайдағы бау-бақшасын күтетін. Жеміс-жидектердің сан түрін өсіретін. Қандай жұмысты қолға алса да, Ботаника бағының ғалымдарынан кеңес алатын. Атама көп жылдар бойы көмекші болғанымның пайдасы көп тиді. Мен де бағбандықтың қыр-сырын меңгердім десем, артық емес. Бір қызығы, ол кісі келер күнін алдын ала жоспарлауды ұмытпайтын. Атам өте қонақжай адам еді. Туысқандарды айтпағанда, жазушылар, әртістер, қоғам қайраткерлері, әскери адамдар атама сәлем беріп, әңгімесін тыңдауға жиі келетін. Атам қандай тіршілік тауқыметін тартса да қаймықпады, төзді».
Әсілі, «Осы жұрт Сужиковты біле ме екен?» деген сауал талайдан бері жанымды мазалап жүр. Расымен, ол кісіні былайғы жұрт, кейінгі жастар біле ме екен?
Шәкен Күмісбаев,
жазушы, Халықаралық
«Алаш» сыйлығының иегері