Білім көкжиегін кеңейтетін бағдарлама
Елімізде талантты жастарға әлемнің беделді университеттерінде білімдерін тереңдетіп, біліктіліктерін шыңдауға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Оның айқын дәлелі ретінде Елбасының бастамасымен құрылған «Болашақ» бағдарламасын айтуға болады. Бұл бағдарлама студенттерге өз мамандығын заманауи технологиялар мен әдістемелер арқылы терең меңгеруге, табысты жетістіктерге жетуге, жаңа белестерді бағындыруға жол ашады. Мемлекет басшысы ұсынған «Болашақ» халықаралық стипендиясы – посткеңестік мемлекеттер тарихында тұңғыш рет дарынды жастарға мемлекет есебінен шетелде білім алу мүмкіндігін ашқан еді. Осылайша, 1994 жылдан бастап бағдарламаның алғашқы талапкерлері шетелдің озық жоғары оқу орындарына құжат тапсыру құқығына ие болды. 2004 жылға дейін әлемнің 13 елінде 785 стипендиат білім алу мүмкіндігіне қол жеткізді. Өкінішке қарай, «Болашақ» бағдарламасын іске асырудың бастапқы кезеңінде (1994–1997 жылдар) стипендиаттардың 30 пайыздан астамы үлгерімінің төмен болуына байланысты бағдарламадан шығып қалды. Сондай-ақ, стипендиаттардың біршамасы оқуын аяқтағаннан кейін елге оралмады. Осы жағдайды талдай келе, стипендиаттардың елге оралуы үшін жаңа шешім шығару қажет болды. Іле-шала Елбасының 1997 жылғы 3 наурыздағы №3375 Жарлығы негізінде, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау тәртібі туралы ереже әзірленді. «Болашақ» бағдарламасы Қазақстандағы алғашқы ғылыми-зерттеу университеті – «Назарбаев Университетін» құруға да негіз болды. 2008 жылдан бастап бағдарлама бойынша оқу ауыл жастары, ғылыми және педагог кадрлар үшін қолжетімді болды. Елдің қарқынды дамуы, жаңа өнеркәсіптік объектілердің ашылуы, әлемдік қоғамдастыққа тығыз шоғырлану экономиканың барлық салаларында қызметкерлердің құзыретін жаңартуды қажет етті. Бұл міндеттерді шешу үшін бағдарлама толықтай жетілдірілді. Мемлекет стипендияны іске асыру принципін түбегейлі өзгертті. Академиялық оқудан басқа, шетелде ғылыми және кәсіптік тағылымдамалар енгізілді. 2011 жылдан бастап бағдарлама жасы үлкен, тәжірибелі адамдар үшін де қолжетімді болды. «Болашақ» бағдарламасы шетелде оқытудың академиялық бағдарламаларынан басқа, үздік жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтарда, зертханалар мен әлемнің ірі өндірістік кәсіпорындарында тағылымдамалардың кең спекторын ұсынады. Тағылымдамалар – бұл ересек үлкен кадрларды қысқа мерзімде жылдам даярлаудың жақсы тәсілі, себебі одан экономиканың түрлі секторларының өкілдері, кәсіпорын, ғылыми ұйымдардың қызметкерлері өтеді. Бағдарламаға 20 жыл толған 2013 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақ» бағдарламасы ел дамуында зор рөл ойнады. Ең алдымен, бұл экономика, білім, ғылым, денсаулық сақтау, ұлттық мәдениет, өнер үшін жаңа кадрлар. Әрбір түлектің екіншісі бүгінде қазақстандық жеке және мемлекеттік компанияларда жұмыс істеуде. Олардың 19 пайызы ұлттық компаниялардың менеджері, шамамен 4 пайызы халықаралық ұйымдар мен Үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істейді. Толықтай алғанда түлектердің төрттен үші ел экономикасының шынайы секторында қызмет етуде. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда «болашақтықтардың» төрттен бірі жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік басқару жүйесінде 19 пайызы қызмет етеді. Қазіргі таңда «Болашақ» бойынша шамамен 2 мың инженер-техникалық маман дайындалды. Олар біздер үшін бүгінде өте маңызды. Бұлар инновациялық технологиялар, металлургия, коммуникация салаларының мамандары», – деген болатын. Бүгінде әлемнің 35 елінің 200-ден астам жетекші жоғары оқу орны бағдарламаның стратегиялық серіктесіне айналған. Алғашында тек төрт қана елдің – АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Францияның жоғары оқу орындарын таңдау еркі болса, кейінгі жылдары басқа да өркениетті елдердің атағы алысқа кеткен білім ордаларында қазақстандық жастардың да дәріс алуына кең жол ашылды. Атап айтқанда, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур секілді елдердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында мұнай ісі, энергетика және экономиканың басқа да басым бағыттары бойынша білім алу мүмкіндігіне ие болды. Олардың алдыңғы легі елге оралып, Қазақстанның өсіп-өркендеуі үшін лайықты үлестерін қосып келеді.Қатаң талап – сапалы білім
Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұловтың дерегінше, «Болашақ» бағдарламасының 25 жылы ішінде 10 096 маман даярланды, оның ішінде 5 мыңнан астамы – магистрлер, 3 мыңға жуығы – бакалаврлар, 300-ден астамы – PhD докторлары, аспиранттар мен интерндер, сондай-ақ 1800-ге жуығы – тағылымдамадан өтушілер. Түлектердің жалпы санының 53 пайызы – гуманитарлық мамандықтар бойынша, 37,8 пайызы – инженерлік-техникалық, 7,4 пайызы – медицина және 1,8 пайызы – шығармашылық мамандықтар бойынша оқуларын тәмамдады. Түлектердің 40 пайыздан астамы экономиканың нақты секторында, 20 пайызы – білім және ғылым саласында, 7 пайыздан астамы медицина және денсаулық сақтау салаларында жұмыс істейді. «Қазіргі таңда 1255 стипендиат білім алып жатыр. Экономиканың нақты секторының қажеттіліктерін ескере отырып, 160 мамандықты қамтитын 2018 жылға арналған басымдықты мамандықтардың тізімі жаңартылды», – дейді Талғат Ешенқұлов. Осы жылы стипендиялардың шекті саны анықталды – 555 бірлік. Құжаттарды қабылдау мерзімі: 2018 жылдың 9 наурызынан 31 тамызына дейін. 2018 жылғы 24 мамырдағы Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысының нәтижесі бойынша 67 үміткер «Болашақ» стипендиясына ие болды. 2018 жылдың 26 маусымындағы жағдай бойынша «Болашақ» стипендиясына конкурсқа қатысу үшін 381 адам өтініш білдірген, оның 222-сі тіркелген, 159-ы ұсынылған құжаттардың толық еместігі немесе үміткерлерді іріктеу ережелеріне сәйкес келмеуі және басқа себептер бойынша қабылданбады. 2013 жылдан бастап бағдарламаны іске асыруда айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Біріншіден, «6+6» (6 ай – елде, 6 ай – шетелде) форматы бойынша тіл үйренуге даярлау жергіліктендірілді. Екінші, IELTS бойынша ағылшын тілін білуге қатысты жеңілдікті санаттарға қойылатын талап та арттырылды. «Мәдениет және БАҚ қызметкерлері», «Жалпы конкурс», «Докторантураға өз бетімен түскендер» тәрізді қосымша жеңілдік санаттары енгізілді (бағдарлама аясында тіл үйренуге даярлауды қарастырады). Үшінші, дипломның орташа балына қойылатын талаптар күшейтілді (GPA 3,0-ден 3,3 дейін). Төртінші, стипендия тағайындау үшін үміткерлерді конкурстық іріктеу процедурасына өзгерістер енгізілді. Жасалған келісімшарттар негізінде міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету үшін кепілдіктер ұсыну механизмі енгізілді. Бесінші, өңірлік тепе-теңсіздікті азайту және өңірлерге кадрлық ротацияны қамтамасыз ету үшін Астана және Алматы қалаларында 5 жылдың орнына өңірлерде 3 жылмен «орталық-өңір» сұлбасы бойынша жұмыс істеу мерзімін қысқартумен еңбек өтілі үшін сараланған тәсіл енгізілді. Сонымен қатар, облыстық, аудандық маңызға ие қалалардағы және облыстың басқа да аудандарындағы білім беру ұйымдарындағы өтілі – 2 жыл. ҚР квазимемлекеттік сектор субъектілерінде «мемлекеттік қызметкер» санатының түлектеріне өтілге рұқсат етілген. Өтілін өтеу кезінде декреттік демалысты ескеру бойынша механизм енгізілді. Алтыншы, тәжірибеден өту үшін жаңа қызметкерлер санаттары енгізілді: «ғылыми қызметкер», «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметкерлері», «ақпараттық (кибер) қауіпсіздік саласының қызметкерлері». Жетінші, «магистратураға өз бетімен түскендер» санаты үшін GPA қойылатын талаптар 3.3-ден 3.0 дейін төмендетілді. Тіл үйрету курстарынан өту кезеңінде тілді игеруін бақылау механизмі енгізілді. Бұдан өзге, бағдарламаның тиімділігін одан әрі арттыру үшін алдағы бес жылдық кезеңге бірқатар маңызды іс-шаралар жоспарланып отыр. Ең алдымен, конкурстық іріктеуге қатысу үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында өңірлік деңгейде онлайн-тестілеу рәсімдерін енгізу көзделген. Одан кейін үміткерлерді сапалы іріктеу мақсатында магистратураға үміткерлер үшін ағылшын тілін білу талабын IELTS 6.0-ға дейін және басқа барлық квота санаттары үшін жоғары балл жинау жоспарлануда. Тек «инженерлік-техникалық қызметкерлер» санатына – IELTS 5.5. Ағылшын тілі деңгейіне қойылатын талаптардың күрделенуіне байланысты 2025 жылдан бастап стипендия аясындағы барлық квота санаттарын алып тастау жоспарда бар.«Болашақ» – мемлекеттің жарқын болашағы
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдің озық оқу орындарында білім алып келген жастардың еліміздің білім саласын дамытуға да үлес қосарына сенімді. Осы бағдарлама арқылы Қазақстандағы университеттер де білім беру сапасын арттырары сөзсіз. «Қазіргі заманда адамға оқу керек, білім керек. Жеңіске жету қабілеті көп жағдайда адамның жас кезіндегі жігеріне байланысты қалыптасады. «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу бітіріп келген жастар күні ертең істе ысыла отырып, бірте-бірте билік басына келе бастайды. Сол кезде ата-баба арманымен, көптеген қиындықтармен келген тәуелсіздік біздің ең басты құндылығымыз екендігі ешуақытта естен шықпауы керек. Тәуелсіздікті қорғап, алға жылжыту бағытында үлкен істер тындырылуы тиіс. Әлемде ең көп жұмыс істейтіндер оңтүстік кореялықтар болса, ең аз жұмыс істеп келгендер гректер екен. Осыдан-ақ қорытынды шығаруға болады», – деген еді Нұрсұлтан Әбішұлы. «Болашақ» – қарапайым қазақ баласының білім көкжиегін кеңейтіп, әлемнің озық университеттерінде білім алуға мүмкіндік беретін бірегей бағдарлама. Оны шенеуніктер мен қалталы азаматтардың балалары оқитын бағдарлама деген түсінік әу бастан дұрыс емес. Бірақ кез келген талапкердің «Болашақ» стипендиясын жеңіп алуға мүмкіндігі бар. Ол үшін әуелі байқауға қатысып, іріктеуден өту керек. «Болашақ» бағдарламасының стратегиялық міндеті елде бөлек алынған құрылымдар мен салалардың сапалы түрленуін көрсету, ұлттық экономиканың дамуына өздерінің үлесін тигізіп жатқан мамандардың озық шоғырын қалыптастыруға мүмкіндік береді. «Болашақ» – біздің мемлекетіміздің болашағы. «Болашақтан» білім алған зиялы жастар ел ертеңі үшін аянбай тер төге беретіні анық. Бұл жастар қазірдің өзінде түрлі өндіріс орындарында, әлеуметтік нысандарда еңбек етіп, жаңа технологияларды енгізуге мұрындық бола бастады. Шетелден үйреніп келген тәжірибелері, білімдерімен бөлісіп, әріптестеріне үлгі болуда. Сондықтан Қазақстан қарқынды дамыған елдердің қатарына қосылатын күн де алыс емес секілді. Бір жағынан, Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік кеңістігіне әлемдік технологиялар трансфертінің магистралі тартылды. Екінші жағынан, әлем біздің стипендиаттар арқылы Қазақстан, оның халқы, мәдениеті мен дәстүрлері, еліміздің мүмкіндіктері мен әлеуеті туралы көбірек біле түсті. «Болашақ» бағдарламасының арқасында біз жаhандық элита даярлаудың әлемдік жүйесіне қосылдық. Бұл – Тәуелсіздік дәуірінде қазақстандықтардың жаңа буынын қалыптастыру жөніндегі менің жоспарымның аса маңызды бөлігі.Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен дүниеге келген «Болашақ» халықаралық бағдарламасының еліміз үшін, жастардың келешегі үшін маңызы зор. Ширек ғасыр бойы ел игілігіне қызмет еткен бағдарлама түлектері бұл жайында не дейді екен? «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет мемлекеттерде білім алып, қазіргі уақытта еліміздің дамуы үшін қызмет етіп жүрген жоба түлектерінің пікірін оқырмандарымыздың назарына ұсынған жөн деп санаймыз. Мадина КЕРІМҚҰЛОВА, «Болашақ» бағдарламасының түлегі (Лестер университеті):



Дайындаған Әсел ӘНУАРБЕК