Сүзгісі жоқ сахнадан сән кетті

«Әннің де естісі бар, есері бар». Бүгінгі күннің тыңдарманы қандай ән тыңдап жүр? Қазақтың «құлақтан кіріп, бойды алатын» әсем әндері қайда? Неге көгілдір экраннан мәтіні мәнді, әуені әдемі ән тыңдай алмай жүрміз? Бұл сауалдар сауатты қазақ тыңдарманын талайдан бері ойлантып келеді. Ал енді аталған мәселе Мәдениет және спорт министрлігін де алаңдата бастаған сыңайлы. Ведомство әншілердің киімінен бастап әннің мәтініне дейін сүзгіден өткізетін ережені заңға енгізуді қолға алмақ.

Көк жәшікті жаулаған әншілердің жұлдызы биік бұл күнде. Қазақ қашанда өнерпазын сыйлап, оларға төрін берген. Сал-серілер бойға біткен таланты мен өнерінің арқасында көптің ықыласына бөленген. Бірақ қазір бұрынғы сал-серілер мен әншілердің ізін жалғайтын есті әншілер саусақпен санарлықтай. Ең өкініштісі де сол. Қазақ эстрадасының қазіргі ахуалына көз салсақ, жан ауырады. Өйткені көп әншілер қандай ән айтып,  нені жырлап жүргенін өздері де білмейтін тәрізді. Бүгінгі кейбір қазақ әншілерінің әрекеті «атың шықпаса, жер өрте» дегенге саяды. Олар өздерінің бұл әрекеттерінен еш әбестік көрмейтіні одан әрі өкінтеді. Алайда сол әншілердің мағынасыз әндері мен есер қылықтарына тосқауыл болу қолдан келмей тұр.

«Хайп» қуып, әннің мәтініне түрлі шатпақтарды қосып, тыңдарманның сауатын да, талғамын да төмендеткен әншілерге қандай жаза қолдану керек? Талай уақыттан бері естілердің есін шығарған бұл мәселені министрлік мықтап қолға алмаса, өзге қолданар шара қалмағандай. Қазір Мәдениет және спорт министрлігінде арнайы комиссия құрылып, осы мәселемен айналысуда. Қуантатыны да осы. Әйтеуір, таза, саф өнерге шөліркеген жандардың шағымы тиісті жерге жетті. Олар тыңдарманның құлақ құрышын мәнді әндер қандыруы керектігін үнемі айтып келеді. Ал ол үшін қазақ эстрадасына сүзгі қажет. Енді сол сүзгі министрлік енгізетін жаңа ереже арқылы жүргізілмек. Жаңа ереже бойынша, сахнада ән айту үшін  орындаушылар арнайы лицензия алуға да міндеттеледі. Заңға түзету енсе, бірінші кезекте жанды дауыста айта алмайтын көлденең көк аттылар сүрінетін сұры бар. Оның үстіне, концерт өткізу үшін  арнайы рұқсат беріледі. Ал оны елеп-ескермегендер әкімшілік  жауапкершілікке тартылады.

Мәнді мәтін, әуезді ән қайда?

 «Әу демейтін қазақ жоқ» деп бүгінгі таңда сахнаға шығып ән айтып,  бірнеше бейнебаянның тұсауын кесіп, әнші атанып жүргендер аз емес. Сондықтан болар, саны көп, сапасы аз қазақ әндері көбейді.  Қазіргі заманның сазгерлері  музыка өнерін бизнеске айналдырды. Жасанды, асығыс түсірілген шала бейнебаян, ұлтқа қызмет етпейтін кинолар қаптады. Оның үстіне, көптеген өнерпаз жүдә бесаспап болып алды да,  әннің сазын да, сөзін де өзі жазып, өзі айтатын күйге жетті. Қазіргі таңда «тыңдаушының құлағын тескен» есер дауысты әншімен бірге, талғам-талаптан жұрдай, мағынасыз, мәнсіз мәтіндер көбейіп кетті. Сыры терең, ұлттық бояуы қанық әндерді табу қиынның қиыны. Бүгінгі әншілердің басым бөлігі «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруге әуестеніп алды. Соның арқасында тыңдармандар көбіне жүйкеңді жұқартатын әндер мен ырду-дырду тойда ғана өнер көрсетуге шеберленіп алған әншілердің шетелден ұрлап алған әндеріне жазылған мәнсіз мәтіндерін тыңдап жүр. Бүгінгі тыңдап жүрген әндердің атауларынан да мәнсіздік сезіледі. Мәселен, «Чики-чики», «Че там, қарындас?», «Әкеме айтшы, мама», «Пах-пах», «Зың-зың» секілді әндердің тақырыбынан-ақ мәтіннің қандай екенін білуге болары сөзсіз. Жасыратыны жоқ, бұл әндер бүгінгі жастардың талғамына сай секілді. Соған қарап бүгінгі жастар сөз бен әннің жүйесі мен киесін түсінбейтін жағдайға жетті ме деген ойға қаласың.

Соңғы жылдары қазақ сахнасынан жарқ етіп көрінген жас әнші Дана Кентайдың әуелде дауыс ырғағы мен сөздерді анық айтатынына қуана қарап едік. Бірақ әлгі әншінің кейбір әндерінің мәтінінен мазмұн таба алмай, алғашқы қуанышымыз су сепкендей басылды. «Қоңырау» атты әнінің мәтініне үңілсек былай дейді:

Маған қоңырау шалған кезіңде

Телефоным сөніп қалды.

Әлемде жарық сөнгендей,

Сезім пайда болды-ау,

Жаяу көшенің бойымен мен жүріп келем

Күтпеші, жаным, тек қоңырау менен.

Бұл әннің мәтініне қарап отырып, не ұйқас, не мағына таба алмадық. Енді соңғы күндері аталмыш орындаушының «Жаным Қайрат» деп ән салып жүргенін құлағы шалғандар көп.

Ал талай жылдан бері көрерменнің көзайымына айналған Әйгерім Қалаубаеваның «Әкеме айтшы, мама» деген әнінің сөздері талайдың жағасын ұстатты. Күнделікті үй ішіндегі әңгіменің бәрін әнге айналдыратын әншілерді қалай түзетуге болады?

Əкеме айтшы, мама,

Жіберсін вечерге!

Жас емеспін мен енді,

Қорқады несіне?

Бұл – Әйгерім Қалаубаеваның отандық арналардың эфирінде емін-еркін таралып жүрген әнінің сөздері. Ал бұдан кімге қандай тәрбие беріп, талғам қалыптастырмақпыз?

Сахнада селкілдеп би билеп, мәнсіз ән айтатын әншілер жастардың үлгі тұтатын тұлғасына айналғаны тіптен түсініксіз. Жас жеткіншектер сол әншілерге ұқсағысы келеді. Соларды үлгі тұта отырып, өзінің ұлттық музыкасына емес, өзгенің жеңіл, сырты жылтыраған іші қуыс әндеріне бой үйреткен жастар тобы толық  қалыптасты. Қазіргі таңда «rap», «r’n’b», «pop» стиліндегі әндер жастар арасында үстемдік етуде. Бірақ онда не жайлы айтылып жатқанын білмей, бастарын қайта-қайта изейді. Одан бөлек, кореялық өнерпаздарға еліктейтін жас әншілер тобы пайда болды. Ең сорақысы, олардың қайсысы жігіт, қайсысы қыз екенін айыру қиын. Қала берді, олардың не айтып жатқанын ұғыну да мүмкін емес. Тіпті, әлеуметтік желілерде әртістер үшін қырқысып жататындар да табылады. Сөзге ерекше мән беретін халық едік. Ал бүгінгідей мәнсіз-мағынасыз сөздерге жол беріп отырғанымыз қалай? Жас ұрпақ бұл әндерден қандай өнеге алмақ? Әншілер көбейген заманда ән табиғатының бұзылғанын жасырып қайтеміз.

Оның үстіне, бүгінде әншілер тілді шұбарлап, бірнеше тілде біріктіріп ән жаздырып, «дүбәра ән» шырқаудан да алдына жан салмайтын болған. Қазақстанның «үш тұғырлы тіл» саясатын бірден-бір қолдаушылар да осы «өнерпаздар» сияқты. Тіпті, бірнеше тілде аралас ән салатындардың жастар арасында абыройы асқақ, беделі биік. Көрермен жинап, тыңдармандар санын арттыру мақсатында әртістердің көбі осы жолға жүгінуден кетәрі емес. Мәселен, 10 жылдан астам уақыт бойы өнер сахнасынан көрініп, жас қыздардың үлгі тұтар тобына айналып үлгерген «Кешью» тобы соңғы уақытта «дүбәра ән» айтудан алдына жан салмайтын болды. Жас әншілердің басым көпшілігі осы жолды таңдап кеткенін ескерсек, эстраданың ертеңгі күніне алаңдамасқа болмайды. Түрлі жаргон сөздерді, көшедегі қолданып жүрген тіркестерді сахнаға алып шыққан әртістерді қалай ақтауға болады?  Қазақ ән өнерінің бүгінгі деңгейі көше сөздерінен әрі аса алмағаны ма?

Бүгінгі күннің осындай кейіптегі әндерін тыңдап, әннің ажары кеткенін анық байқауға болады. Қазақтың «Ән – көңілдің ажары» деген сөзін де сағынып еске аласың. Қазақ эстрадасының қазіргі сиқына қарап, болашағымыздың қалай боларын елестету қиын емес. Әрине, баршаға бірдей қара күйе жағып, топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ мән-мағыналы, айтар ойы бар ән орындап жүрген есті әншілер кейінгі жастарды неге ізгілікке тәрбиелемейді? Арналарда әндерді эфирге жіберу үшін көркемдік кеңес құрылуы керек деген бастама көтерілгелі неше жыл?! Алайда мұның бәрі әлі де тек ұсыныс түрінде қалып келеді. Көркемдік кеңес құру туралы идеяны Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бірлесе отырып қарастырып, шешім шығармаса, бұл мәселеге жақын жылдары нүкте қойылмайтын түрі бар.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button