351
Еуропалық құндылықтардың өлшемі
Еуропалық құндылықтардың өлшемі
Қайбір жылы Еуропа елдері босқын десе, ат тондарын ала қашып, тіпті босағасынан аттатуға қарсылық білдірген. Әсіресе, Италия, Франция, Ұлыбритания, Чехия сынды мемлекеттер бұл мәселеге қырын қарап, шекара сызығын кескен жатжұрттықтарды айыптауға дейін барған еді. Сол кезде тек Германия канцлері Ангела Меркель аяушылық танытып, босқындарды паналатуға келісім бергені есте. Оның өзінде жергілікті тұрғындар Меркельдің бұл шешімін аса құптай қойған жоқ.
Көп ұзамай Еурокомиссия Италия мен Грекияда шоғырланған босқындарды қабылдаудан бас тартқан Еуроодаққа мүше мемлекеттерге санкция салатынын ескертті. Бұл жайында ішкі істермен, көші-қонмен және азаматтық мәселесімен шұғылданатын еурокомиссар Димитрос Аврамопулос мәлімдеді. Айта кетейік, қазіргі уақытта Грекия мен Италиядан және бірқатар Еуропа елдерінен 15 мыңға тарта босқын ЕО-ға мүше мемлекеттерге орналастырылған. Еурокомиссия өз мойнына алған міндетті орындау үшін 40 мың мигрантты ЕО-ға мүше елдерге бөлуі керек. Былтыр Еуроодаққа мүше әрбір ел квоталар бойынша 160 мың мигрантты бөліп алуға келіссе де, ол орындалған жоқ. Соған қарамастан, Еуропалық комиссия квота бойынша босқындарды қабылдаудан бас тартқан Еуроодақ елдерін жазалауын жалғастыра бермек. Қаржылық санкциялар – Еуроодақ елдерін келісімді орындауға мәжбүрлейтін соңғы тетік. Бұл мемлекеттер босқындарды кері қайтарса, 250 мың еуро айыппұл төлеуі тиіс. Айталық, Польша 6200 мигрантты қабылдамай қойды. Сондықтан бұл ел 1,5 млрд еуро төлеуі мүмкін. Яғни, бұл қаражат босқындарды артығымен қабылдаған мемлекеттерге көмек ретінде беріледі делінді. Бірақ бұл бастамаға Польша, Чехия, Венгрия мен Словакия наразылығын білдіріп, өз құқығын сотта қорғауға дайын екенін жеткізді.
Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сийярто: «Бұл – бопсалау. Мұны Еуропалық комиссияның ұсынысы деп айтуға келмейді. Босқындар бойынша квоталар мәселесі бізді тығырыққа тіреп отыр. Еурокомиссияны бұл бағыттан бас тартуға шақырамын. Бұдан басқа, Еурокомиссия Дублин келісімшартын қайта қарауды ұсынды. Бұл құжат бойынша босқын Еуроодақ аумағына өтуге мүмкіндік жасаған елге баспана беру туралы өтініш ұсынуға міндетті. Негізі мұндай шектеу Грекия мен Италияға бағытталған. Себебі мигранттар көп жағдайда осы елдер арқылы келуде. Заңсыз көші-қон мәселесі Еуроодақ үшін түйткілге айналды. Соңғы кездері босқындар легі азайғанымен, Германия, Австрия, Франция мен Бельгия сияқты бірқатар ел шекара бақылауын тағы жарты жылға ұзартты», – деді.
Айта кету керек, таяуда Жерорта теңізі арқылы қайықпен Еуропаға жетпек болған жеті жүзге жуық мигрант Ливия жағалауына жақын маңда құтқарылған. Алайда оларды Италия қабылдамайтынын мәлімдеп, мұндай шешімді Венгрия мен Словакия бірауыздан қос қолдап құптады. Грекиядағы босқындар лагерінде бірнеше рет болып, мигранттар дағдарысымен жақынырақ танысқан Эмигранттар интеграциясы мәселесінің тәуелсіз сарапшысы Йозеф Ройиктің пікірінше, Еуропаның Венгрия мен Словакия сияқты елдері бірнеше жылдан бері ЕО-ның босқындарға көмек көрсету бойынша қабылдаған шараларына қарсылық танытып келеді. ЕО соты екі елге де екі мыңға жуық мигранттарды қабылдау жайлы шешім шығарса да, Словакия үкіметі босқындарды босағадан сығалата алмайтынын айтып, бірнеше рет ресми түрде мәлімдеді. Эмигранттардың интеграциясы жөніндегі тәуелсіз сарапшы Йозеф Ройик: «Словакия мен Венгрия елінің өкіметі мен бас партиясының саясаты осы. Словакия – Еуропадағы мигранттарды ең аз қабылдаған елдің бірі. Жыл сайын жүз және екі жүз шетел азаматы босқын мәртебесін алуға тапсырыс береді, алайда бес-алты адамға ғана Словакияда тұруға заң жүзінде рұқсат беріледі» дегенді айтады.
Сондай-ақ, Йозеф Ройиктің пікірінше, қазіргі күні Еуропаға ағылған босқын азаматтардың санын нақты айту қиын. «Бұл ретте Словакия мен Венгрияның «қабылдай алмаймыз» деген уәжі заңсыз мигранттар легін тоқтата алмайды. Босқындарға кешенді түрде әлем болып көмек көрсету керек. Олар Африка, Ауғанстан, Сирия секілді елдерден ағылады. Жан сақтау үшін Еуропаға қарай жүгіретін мұндай босқындар кейбір мемлекетке ұнай бермейтіні рас», – дейді ол. Яғни, оның пікірі кез келген мемлекет адам құндылығын биік қойып, діл мен дін, түрлі ұлт өкілдерін алаламай көмек көрсетуі қажет дегенге саяды. Бұл ретте Еуропаның ақпарат құралдары да босқындарды «қылмыскер» етіп көрсетпей, өмір мен өлімнің арасында тұрған қарапайым адамдар деп жазуы тиіс екенін айтады.
Бұл мәселе Мысыр елін де айналып өткен жоқ. Себебі Мысыр билігі Брюссель конференциясындағы саммитте ел аумағында босқындар лагерін ашу талабынан бас тартты. Мысыр өкілдері палатасының спикері Әли Әбдел Әлдің айтуынша, босқындарды қабылдау ел конституциясы мен заңына қайшы келеді. «Мысырда заң жүзінде босқындарды қабылдауға тыйым салынған. Еуропа елдерінде баспана ала алмаған босқындарды Мысырға депортациялау құқықтық тұрғыда мүмкін емес», – дейді Әли Әбдел Әл. Бұған дейін Еуропа мемлекеттері басшылары Жерорта теңізі арқылы Еуроодақ елдеріне табан тіреген босқындарды Мысыр мемлекетінің де қабылдау керектігін мәлімдеген еді. Алайда оларды ел шекарасына кіргізуден Мысырдан бөлек, Марокко, Тунис, Алжир және Албания елдері де бас тартып отыр.
Макрон идеясы құптарлық па?
Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропа аумағындағы мигранттарды қабылдауға арналған «жабық» орталықтар желісін құруды ұсынды. Ол бұл туралы Парижде Испания премьер-министрі Педро Санчеспен бірге өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеген. Осыдан біраз уақыт бұрын Италия мен Мальта Судан, Нигерия мен Эритреядан шыққан 600-ден астам мигрант (арасында кәмелетке толмаған 140 бала мен алты жүкті әйел бар) отырған кемені өз порттарына кіргізуден бас тартқан. Ақыр соңында, сол кемені Испания қабылдауға келіскен еді. Екі ел басшысы босқын тиеген кемелер келетін елдер аумағында мигранттардың жеке істерін сұрыптап, кейін оларды еуропалық мемлекеттерге бөліп орналастырумен айналысатын ұйымдар желісін құруды ұсынды. Қазір мұндай шаруамен айналысатын мекеме жоқ. Тек БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Грекия мен Италиядағы бірнеше қабылдау орындары ғана жұмыс істейді. Сондай-ақ, Макрон босқындарды қабылдаудан бас тартқан Еуропа Одағына мүше елдерге қатысты қаржы санкцияларын енгізу туралы ұсынысты қолдады. Оның пікірінше, «Еуроодақ қолдауына ие болып отырған елдер көші-қон саясаты туралы сөз болғанда ұлттық эгоизм танытпауы тиіс». Ал әзірге Испанияға бет алған мигранттардың легі күрт өсуде. Осы аптада бұл мемлекеттің жағалау күзеті елдің оңтүстігіндегі теңіз аумағынан 1200-ден астам мигрантты аман алып қалды. Әскерилердің айтуынша, сенбі күні сақшылар Мароккодан Испания жағалауын бетке алған 22 үрлемелі қайықты кездестірген, сөйтіп 330-дан астам кембағал, жексенбі күні 25 қайыққа мінген 450-ден астам босқын құтқарылды. Олардың барлығы Тарифа, Альмерия және Альхесирас кемежайларындағы миграциялық орталықтарға жеткізілді. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, Африкадан Испанияға бет алған келімсектер легінің артуына елге жақын теңіз аймағында қолайлы ауа райының қалыптасуы себеп. Ал ресми дерекке сүйенсек, биыл жыл басынан бері Испанияға табан тіреген мигранттардың саны 18 мыңнан асып кеткен. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 22 мың 400-ге жеткен-ді. P.S. Айтпақшы, күллі Еуропа елдері шарасыз босқындарды қабылдау мәселесімен бас қатырып жатқанда, әлемдік ақпарат құралдары екі апта бойы Тайландта үңгірде адасып, он күннен кейін табылған балалардың тағдырына көптің көңілін бұрды. Тіпті, үңгірде ас-сусыз жатқан оларды қорқыныштан арылтып, құтқарып қалуға күш салған футбол бапкерінің әрекеті де ерлікке баланды. Әрине, баланың қауіпсіздігі қашан да қымбат. Алайда бағыты белгісіз, ажал сағаты қай тұтқиылдан келетіні беймәлім босқындардың жай-күйі неге ескерусіз қалуда? Барар жері, басар тауы қалмаған көңілі пәс жандарды құтқару – екінші мәрте өмір сыйлаумен пара-пар. Ендеше, тіршілікте бәрінен де адам өмірін сақтау маңызды болып қала бермек.