"Менің Қазақстаным" және "Саламатты Қазақстан" жолға шықты
"Менің Қазақстаным" және "Саламатты Қазақстан" жолға шықты
Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы және Ата заңымыздың 20 жылдық мерейтойын тойлау аясында Астана стансасынан «Менің Қазақстаным» пойызы жолға шықты. Акцияның ұйымдастырушылары елдің әр аймақтағы тұрғындарына Елбасы Жолдауының және «Мәңгілік ел» жалпыұлттық стратегиясының негізгі идеялары мен мақсат-міндеттерін түсіндірмек. Сондай-ақ, сапар барысында қаржы және әлеуметтік сала мамандары жергілікті халыққа консультациялық қызмет көрсетеді, мәдени-спорттық сайыстар ұйымдастырылады. Астана стансасынан «Мәңгілік ел» пойызымен бір уақытта «Саламатты Қазақстан» медициналық отарбасы да жолға шықты. Бұл пойыз еліміздің шалғай стансаларының тұрғындарына соңғы үлгіге сай медициналық қызмет көрсететін болады. Мыңнан астам адамды қажетті ем-доммен қамтамасыз ету, шағын оталар жасау, ақыл-кеңес беру көзделіп отыр. Дәл осындай мақсатпен Алматы және Ақтөбе стансаларынан «Денсаулық» және «Жәрдем» атты екі пойыз батыс және оңтүстік облыстарға аттанды. – Еліміздің шалғай стансалары мен разъездеріндегі тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін мамандандырылған пойыздарды жіберуді «Қазақстан темір жолы» компаниясы бірнеше жылдан бері дәстүрге айналдырып келеді, – дейді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Берік Қамалиев. Заманауи диагностикалық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған отарбалар 2010 жылдан бері 832 стансаға аялдап, жергілікті халыққа қызмет көрсеткен. Медициналық көмекке 200 мыңнан астам адам жүгініп, 1400 адам тексеруден өткен. Сонымен қатар, 374 мың медициналық және лабораториялық зерттеулер жүргізіліп, 2 мың шағын ота жасалған және 57 мың адам стамотологиялық ем алыпты. Медициналық пойыздардың биылғы сапары 150 стансаны қамтуы тиіс.