348
Тізім қысқарса, денсаулық түзеле ме?
Тізім қысқарса, денсаулық түзеле ме?
Денсаулық сақтау саласындағы әрбір өзгеріс қоғамда қызу талқыға түседі. Себебі халықтың денсаулығын сақтау – маңызды мәселе. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың «әлеуметтік мәні бар аурулар» тізімін қысқарту туралы бастамасы да елеусіз қалған жоқ. Министрліктің кезекті жаңалығы қазақстандықтарды қуантқаны шамалы. Керісінше, жұртшылық ведомствоның бұл қадамға не себепті барғанын біле алмай әуре. Ал министр бұл жағдайдан ешкімге зиян келмейтінін түсіндіруге барын салуда.
Динамикалық бақылау деген не?
Қазіргі таңда Қазақстанда 13 топтағы ауру әлеуметтік сырқаттар тізіміне енгізілген. Оңтайландырудан кейін оның саны төртке дейін қысқартылмақ. Бұған дейін электрондық үкімет сайтында денсаулық сақтау министрінің 2015 жылы 21 наурызда қабылданған әлеуметтік маңызы бар аурулар мен өзгелерге қауіп төндіретін аурулар тізімін өзгерту жобасы жарияланған. Жобада ұсынылып отырған әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне бұрын осы тізімде болған созылмалы вирустық гепатиттер, бауыр циррозы, қант диабеті, балалар миының салдануы, миокардтың жедел инфаркті, ревматизм, жүйке жүйелерінің дегенеративті ауруы және тағы бірнеше ауру енбей қалған. Жаңа тізімде туберкулез, ВИЧ/СПИД, қатерлі ісік, мінез-құлық пен психика жүйесіндегі ауытқуларды, яғни емхана деңгейінде бақылауға келмейтін ауруларды қалдыру көзделген. Ал қалғандары динамикалық бақылауға көшіріледі. Динамикалық бақылау науқастардың тікелей қатысуымен жүргізіледі. Яғни, пациент емхана дәрігерімен бірлесіп, өз денсаулығын күн сайын бақылап отыруы тиіс. Мамандардың айтуынша, мұндай менеджмент жақсы нәтиже береді екен. Өйткені ол тиімділігі төмен диспансерлеу жүйесіне қарағанда аурудың асқыну, мүгедектіктің көбею қаупін төмендетеді. Мамандардың болжамына сүйенсек, аурудың алдын алуға, дер кезінде диагностика жасау мен емдеуге ден қойғаннан кейін өлім-жітім көрсеткіші 25 пайызға қысқаруы тиіс. Яғни, науқас белгілі бір өмір салтын ұстанып, дәрігер жазып берген дәрі-дәрмектерді уақтылы қабылдап, денсаулық жағдайын бақылап жүруі қажет. Мысалы, қан қысымын, қандағы глюкоза мөлшерін, салмағын өлшеп, дәрілерді тұрақты ішіп тұрғаны абзал. Медициналық сақтандыру қорының дерегінше, динамикалық бақылау соңғы 3 жылда еліміздің бірқатар өңірлерінде жоба ретінде енгізіліп, өз тиімділігін дәлелдеді. Атап айтқанда, аурулардың асқыну көрсеткіші едәуір төмендеді. Осыны ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар сырқаттардың бірқатары динамикалық бақылауға көшіріліп отыр. Жаңа жобаның негізінде соңы мүгедектікке әкеп соқтыратын және орасан зор демографиялық шығын келтіретін негізгі созылмалы аурулар тізімі жасалды. Бұл тізімге енген созылмалы аурулар еліміздегі жалпы өлім-жітімнің 70 пайызына себепкер болатыны белгілі. Әлеуметтік маңызы бар аурулар көп жағдайда әлеуметтік-экономикалық жағдайдан туындап жатады. Оған шалдыққан науқастарға әлеуметтік қолдау көрсету қажеттігі даусыз. Тегін медициналық көмектің жаңа нұсқасы әрбір адамға шұғыл және алғашқы медициналық көмек көрсетуге, қоғамдық мәні бар ауруларды мемлекеттік бақылауға алуға негізделген.Сақтандыру төлемі болмаса сырқат не істемек?
Денсаулық сақтау министрлігі «әлеуметтік мәні бар аурулар» тізімін қысқартуға ниетті екенін мәлімдеді. Ал ведомствоның мұндай жаңалығы сол тізімге енетін ауруларға шалдыққан балалардың ата-аналарын, ересек науқастарды және қоғамдық ұйым өкілдерінің мазасын қашырды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халықты сабырға шақырып әуре. Министрдің сөзіне сенсек, мемлекет есебінен тегін емделетін әлеуметтік мәні бар аурулар тізімін қысқартқанмен, тізімнен түсіп қалатын кейбір аурулар үшін мемлекет есебінен тегін дәрі беріле береді. Министр өзгерістер бойынша, тегін дәрімен қамтамасыз етілетін аурулар тізімі қысқартылмайтынын, керісінше «медициналық сақтандыру аясында дәрі-дәрмек тегін берілетін ауру тізімі біртіндеп кеңейтілетінін» айтады. Ал диабет, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық дерті, сал ауруы секілді сырқаттар 30 ауру жинақталған топқа кіреді. «Денсаулық сақтау министрлігі бұл науқастарға сенімді бақылауды қамтамасыз ету мен дәріге қол жеткізу үшін емханалардың рөлін күшейтпек. Екіншіден, біз мемлекеттік тегін көмектен ештеңені алып тастамаймыз, аталған аурулардың бәрі қалады. Біз әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізімін және диспансерлік бақылауды талап ететін аурулардың тізімін жасаймыз. Сырқаттар, әсіресе, қант диабеті және басқа да көптеген маңызды аурулар енді арнайы динамикалық бақылауды талап ететін аурулардың тізіміне енгізіледі», – дейді министр. «Әлеуметтік мәні бар аурулар» тізімінен шығып қалған сырқат түрлері бөлек тізімге енгізілгенімен, олар жеке мамандардан кеңес алу сынды қосымша медициналық қызмет түрін пайдаланудан қағылады. Өйткені мұндай қызметті пайдалану үшін медициналық сақтандыру болуы шарт. Ал қазіргі уақытта елімізде азаматтардың біразы медициналық сақтандырылмағанын ескерсек, тізімнен шығып қалуы мүмкін сырқат түрлерімен науқастанғандардың жағдайы қиындайтыны сөзсіз. Ал Денсаулық сақтау министрі бұл мәселенің жақында шешілетінін айтумен ғана шектеліп отыр. Алайда 2020 жылы күшіне енетін медициналық сақтандыру туралы заңда әлеуметтік мәні бар аурулар тізіміне кірмейтін аурулар түрі екінші пакет арқылы емделетіні жазылған. Яғни, диабетке шалдыққандар сақтандыру төлемдері болса ғана тегін емделе алмақ. Ал ондай төлемі жоқтар қайтпек? Олар қалай емделмек? Денсаулық сақтау министрлігі жаңа бастаманы қолға алмас бұрын осы мәселелерді ойланбады ма екен? Қарапайым жұртшылықты мазалаған бұл сауалдардың жауабы анық болмағанымен, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары жағдайды өзінше түсіндіріп отыр. «Динамикалық бақылауға алынған пациенттер бұрынғыша диагностикалық қызметтердің негізгі түрлері мен салалық дәрігерлер консультациясын да тегін ала алады. Сондай-ақ, амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамту да тоқтатылмайды. Ал пациенттің созылмалы дерті асқынып, ауыр жағдайға душар болып жатса, тиісті медициналық көмек мемлекет есебінен көрсетіледі. Бір сөзбен айтсақ, диспансерлеу тізімінен алынып, динамикалық бақылауға өтетін созылмалы ауруы бар пациенттер мемлекет қамқорлығынан қағылмайды», – деп хабарлаған болатын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры. Бірақ аурудан зәрезап болғандар министрліктің де, сақтандыру қорының да сөзіне сенім арта алмай отыр. Себебі жер-жерде бұл бастама әлі іс жүзіне асырылмаса да, «әлеуметтік аурулар тізімінен шығуы мүмкін сырқат түрлерімен ауыратындарға тегін дәрі-дәрмек берілмей жатыр» деген қауесеттер желдей есіп жүр. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтынын» ескерсек, мұндай жағдайлардың жай қауесет болмауы да ықтимал.Қант диабетімен ауыратындар көп
2016 жылғы статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде әлеуметтік мәні бар дерттерге шалдыққан 508 мыңнан астам адам бар. Ал қант диабетімен ауыратын 309 783 адам тіркелген. Оның 3032-сі жасөспірім болса, инсулинді дәріні тұрақты тұтынатындар саны – 1426 адам. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік мәні бар ауруға ұшырағандардың барлығы медициналық сақтандыруы жоқ болса да, тегін емделе алатынын мәлімдеп келген еді. Ендігі жағдай мүлдем өзгеретін тәрізді. Өйткені әлеуметтік мәні бар ауру ретінде бұрын тегін емделіп келгендер алдағы уақытта бұл көмекті ала алмайды. Жұрттың шамына тиіп отырған да осы жағдай. Оның үстіне, бұл жағдай тегін берілетін дәрілерден айыра ма деп қорқатындар көп. Өйткені соңғы жылдары тегін дәрі алу қиындап барады. Тегін дәріге қолы жетпеген жандардың сабылып жүргені талай тақырыпқа тұздық болған. Әсіресе, қант диабетімен ауыратын жандардың дәріге тәуелділігі өршіп барады. «Соңғы уақытта тегін дәріге қол жеткізу қиын болып кетті. Қазір мемлекет есебінен берілетін дәрі-дәрмекке үміт артпайтын да болдық, өз ақшамызды жинақтап, дәрі-дәрмекке жұмсап жүрміз. Бірақ дәріханаларда дәрілік заттардың бағасы тым қымбат. Шамамыз жеткенше, дәрілерімізді сатып алып жүрміз. Бір уақытта ішілуі тиіс дәрілерді де кезектестіріп аламыз. Олай етпеске амал да жоқ. Баға шарықтап тұр», – дейді тегін дәріге қолы жетпей қиналған алматылық тұрғын Сәбира Танаева. Дәрігерлердің деректеріне сәйкес, елімізде қант диабетіне шалдыққан азаматтардың саны жыл сайын көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Көңіл жұбатпайтын жайт бұл ғана емес. Қант диабетін емдеуге арналған тегін дәрілік заттар да өңірлерге дер кезінде жеткізілмейді. Бұған дейін еліміздің бірқатар өңірлерінде қант диабетіне шалдыққандарға инсулин жетіспей, науқастар өлместің күнін кешкен еді. Жалпы, қант диабетін емдеуге қажетті дәрілердің дәріханаларға кеш жеткізілуі – жыл сайын қайталанатын келеңсіздік. Мамандардың сөзінше, емделушілерді дәрілік препараттармен дер кезінде қамтамасыз етуге тендерлік рәсімдердің кеш жүргізілуі себеп. Егер қант диабетіне шалдыққан балалар уақытында дәрі-дәрмекпен қамтылмаса, жағдайлары күн өткен сайын нашарлай береді. Осыны ескерген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қант диабеті әлеуметтік маңызды аурулар тізімінде қалуы қажет деп отыр. Мәулен Сағатұлы бұл ұсынысын Денсаулық сақтау министрлігіне жолдады. Аталған мәселе талқыланған жиында қант диабетіне шалдыққан балалардың ата-аналары дәрінің жетіспей жатқанын тағы да айтты. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері бұл жұмыстарға қажетті қаржының бөлінгенін, тек кейбір жергілікті емханалардың дәрі-дәрмек жетіспеушілігі туралы ақпаратты уақытында хабарламайтынын айтады. Сырқаттардың инсулинді терапияны ала алмай отырғаны аздай, глюкагон дәрісінің тегін берілетін препараттар тізімінен шығарылып тастауы мәселені одан әрі күрделендіруде. Себебі онсыз науқасты ажалдан арашалап қалу қиын. Бір ғана қажетті препараттың уақтылы жеткізілмеуі өлімге әкеп соғуы ықтимал. Оның үстіне статистикалық деректер бойынша, әлемде әрбір 7 секунд сайын қант диабетінен бір адам көз жұмады. Бұл көрсеткіш қант диабетінің қаншалықты қауіпті дерт екенін айғақтаса керек. Ал егер бұл сырқат түрі «әлеуметтік мәні бар аурулар» тізімінен шығарылатын болса, жағдайдың тіпті қиындары анық. Еліміздің денсаулық сақтау саласына жауапты ведомство басшылығы бұны неге назарға алмай отыр? Медициналық сақтандыру қоры қант диабеті басқа тізімге енгізілетінін айтқанымен, науқастардың бұрынғы тегін медиициналық көмек пен дәрі-дәрмектен қағылмасына кім кепіл? Жоба бекітілгенге дейін науқастардың көңілін аулағанымен, жағдайдың әп-сәтте өзгеріп шығуы да әбден мүмкін. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді бүгінгі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мырзаның әкесі, көрнекті дәрігер, белгілі азамат Амантай Біртанов айтқан деуші еді. Қарапайым халықтың ауырмайтын жол іздеп жүргеніне сандаған жылдардың жүзі болған. «Құдай дәрігердің алдына барғызбасын» деп тілейтін көнбіс жұрт «Өмір – мәңгілік күрес» екеніне де әбден мойынсұнып алған. Бірақ барлық «жолдар» таусылғанда амалсыздан «ем іздеуге» кірісетіндер бұдан былай қайтпекші?!