1111
Сәбит Мұқановтың сырға толы хаттары
Сәбит Мұқановтың сырға толы хаттары
Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Сәбит Мұқанов жазған және қаламгерге келген хаттар кітап болып басылып шықты. Кітаптың құрастырушысы – ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әділғазы Қайырбеков.
«Ақниет» корпоративтік қорының демеушілігімен жарыққа шыққан жинақта Сәбит Мұқановтың 1924-1973 жылдар аралығында жазған және басқалардан алған хаттары жарияланған. Бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған 300-ден астам хат хронологиялық тәртіппен беріліп отыр. Кітапқа енгізілген хаттардың әрбірі алуан түрлі сыр шертеді. Қаламгердің қолымен жазылған хаттарды оқи отырып, сол кезеңнің тіршілігінен, қоғамдық өзгерістерден хабар алуға болатындай. Жинаққа әртүрлі мазмұндағы хаттар іріктеліп алынған. Жазушының хат алмасқан адамдарының арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері, жерлестері, туыстары, түрлі мамандық иелері кездеседі. Оның ішінде Сәбит Мұқановтың А.Толстой, М.Шолохов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердіұлы, Д.Нұрпейісова, М.Әуезов, І.Жансүгіров, И. Сталин, Ж.Шаяхметов, Д.Қонаев, К.Симонов, С.Құдаш, І.Омаров, А.Тоқмағамбетов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Нұршайықов сынды тұлғалармен жазысқан хаттары бар.
Кітап парасатты, пайымды оқырмандарға, әдебиет тарихын, жазушы шығармашылығын зерттеушілерге арналған. Ә дегеннен-ақ оқырманның қызығушылығын оятатын «Мұқановтың хатханасы» жинағының тұсаукесер рәсіміне Алматы қаласы музейлер бірлестігінің өкілдері, жазушының ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің қызметкерлері қатысты. Салтанатты рәсімде алғашқылардың бірі болып сөз алған кітаптың құрастырушысы Әділғазы Қайырбеков: «Бүгінгі күн – қазақ әдебиетінің тарихында есте қалатын күн. Қазір түрлі кітаптар жарық көріп жатыр. Бірақ бүкіл бір дәуірді қамтитын, сол кезеңдегі адамдардың тағдырынан сыр шертетін ХХ ғасырда өмір сүрген қазақ әдебиеті алыптарының бірі Сәбит Мұқановтың жеке мұрағатында, орталық және облыстық архивте, әртүрлі адамдардың жеке архивінде сақталған хаттарды ұзақ жылдар бойы музей қызметкерлері жинақтады. Міне, соның бәрін бүгін жеке кітап ретінде шығарып отырмыз», – деді.
Жиынға қатысушылардың бірі ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсынбек Кәкішевтің жары Күләш Ахмет мұндай кітапты жарыққа шығару Тұрсынбек Кәкішевтің орындалмай кеткен арманы болғанын тілге тиек ете отырып, жинақты шығарушыларға алғысын білдірді. Ал жазушының екі қызы – Жанна және Баян Сәбитқыздары кітаптың жарыққа шығуына атсалысқан барша шығармашылық топқа, музей қызметкерлеріне, жинақты жарыққа шығаруға көмек көрсеткен демеушілерге, кітаптың құрастырушысы Әділғазы Қайырбековке ризашылықтарын жеткізіп, мұндай игі жұмыстардың жалғаса береріне сенім артты. Зиялы қауым өкілдері бұл кітаптың басылып, шығуы қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа екенін айтып, тұсаукесер рәсімін қорытындылады.