Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасы басталды

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасы басталғанын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгіннен бастап бағдарлама іске аса бастайды. Екінші деңгейлі банктермен келісімдерге қол қойылды. Алматы, Астана, Атырау, Орал қалаларында алғашқы ипотекалық қарыздар берілуде», – деді Данияр Ақышев.

Оның айтуынша, жаңа бағдарлама қазақстандықтар тарапынан баспанаға сұранысты арттырып, құрылысқы тың серпін бермек.

Айта кетсек, ҚР Ұлттық банкі төрағасы аталған бағдарламаның операторы «Баспана» ипотекалық ұйымы  болатынын 5 мамырда айтқан еді.

Ұлттық банк бекіткен бағдарлама бойынша ипотекалық қарыздар 7% жылдық мөлшерлемемен 25 жылға беріледі. Келесі шарттарының бірі – алғашқы салым 20% болмақ. Жаңа ипотекалық займдарды ҚР кез-келген азамат ала алады. Ол үшін ең басты шарт – адамның басында жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Бағдарлама бойынша Қазақстанның кез-келген өңірінен Алматы, Астана, Атырау қалаларынан ең максималды 25 млн теңгеге, қалған өңірлерде 15 млн теңгеге баспана сатып алуға болады.

Back to top button