Біз жансыз қуыршақ емеспіз

Біз жансыз қуыршақ емеспіз

Біз жансыз қуыршақ емеспіз
ашық дереккөзі
559
Марат ҚАБАНБАЙ. Тәуелсіздік алған жылдары қазақ баспасөзінің дамуына үлес қосқан бірден-бір тұлға. Арамызда аман жүрсе, биыл70-ке келген болар еді. Әсіресе, ол «Ана тілі» газетінде қызмет атқарған жылдары ұлт газетінің тынысы ашылып, тақырып ауқымы кеңейгені оқырман есінде. Егемендікке қол жеткізген жылдарда-ақ кез келген мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан қараған журналист-қаламгердің өткір мақалалары салиқалы ой қозғап қана қоймай, түйткілді шешудің жолдарын жіліктеп береді. Басты ерекшелігі – сараптамаға аса бай, тілі көркем, өрнекті. Біз халықаралық Х.Х. Андерсон атындағы сыйлық иегері Марат Қабанбайдың күні бүгінге дейін өзектілігін жоймаған дүниелерін қайта парақтап шыққан едік. Өшпес таланттың сөзі – өмірдің өзі екен.

Жүзге бөлу – Қазақстанды бөлу

«Біз маймыл құйрығымызға қоңырау тағып алған қызық ұлтпыз. Соңғы ғасырларда біреуін аз көріп, үшеуін тағып алдық. Сән үшін емес. Себебі тат басқан, тілі түсе жаздап тұрған ескі қоңыраулар... Қай інге бас сұқсақ та, әлгі қоңыраулар әрқайсысы кезек-кезегімен: «Ойбай, Ұлы жүзбіз! Жоқ, Орта жүз деген мен едім! Кіші жүзді қайда қоясыңдар, оу, ағалар?!» деп, шылдырлайды да тұрады. Құлақтың етін жейтін мазасыз-ақ шылдыр... Қоңыраулы құйрықты шауып тастай алмайсың. Не құтыла алмайсың. Өйткені құдай бере салған құйрық. Түкке тұрғысыз феодалдық жүндес құйрық пен қоңыраулар!.. Ал бұл «аурудың» нақ диагнозы – жерлестік те, қан қуалау да емес, күштілер мен әлділердің қара қазан төңірегінде ұйымдастырған, қолынан дым келмейтін надан Жантықтар қостаған кәдімгі хан талапай. Пәтерге таласу, түрлі-түсті лауазым, атақтылардың тақия тастамақ «ұлттық ойыны», одан басқа түк емес. Бала, жас кезде бөлісетінің жоқ, ойыншық, стипендияға таласпайсың ғой. Адам болып, қатарға қосылғасын, әңгіме «конкретный!». Отау құрғасын бәрі керек – пәтер, саяжай, машина... Және оның бәрі бірден үйіліп-төгіліп келіп жатса, қандай жақсы! Тас маңдай талант емес екенсің, ондай үйіліп-төгілу болмайды. Ұзақ та күнбе-күнгі қажырлы күрес керек. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» атты ұзақ сапарға жарамаймыз да, дереу төте жолды іздейміз. Ол оңай – әрі қысқа әмбе ескі жолмен көзді жұмып қойып, топ, партия құру. Және ата-бабамыз құрып беріп кеткен ру, жүз пирамидасы әзір тұр. Сонда ғана кезексіз үлестен құр қалмайсың, әрі талантта кеткен есемізді қайтарамыз. Лидерінің алдына бас тартылатын, қалғандарына бүйрек-сирақ тиетін зор да айбынды пирамида. Алда-жалда ұры-қарылардың қосынына бір кіріп кетсең, одан өлігің ғана шығады. Жүз, ру партиясы да соны тұтынады. Қара құл болып, жамбасың жер сипағанша тәк тұрып қызмет етесің, етпесең ай жарықта адасып, айдалада ұмыт қаласың – екінің бірі. Қысқасы, қай жерде қазақ бастығы отырса, сол жерден әлгі үлкен-кіші пирамиданы оңай-ақ табасың. Трайбализм деген тентек тәтеңіз осы. Шындығына келгенде, бүйтіп бөліну әлі де ұлт болып, түбегейлі қалыптасып бітпегенімізден, ұлттық санамыздың әлі де балаңдығынан. Жүзге бөлу – Қазақстанды бөлу екенін ұғатын уақыт жетті. Әлем осыған дейін әманда үш түрмен соғысып келген: мемлекетаралық, этникалық және трайбализм... Соңғысы – ең сорақысы, бұл – өз-өзіңмен соғысу. Ұлттардың ұлтаны сөйткен. Құдай сол масқарадан сақтасын».

8 маусым, 1995 жыл

Жер шары – алып стадион

«Тарих әділ!» деген адамның аузы қисық. Тарих – аяусыз табиғи сұрыптау. Ал Жер шары – алып стадион. Сол стадионда толассыз жүріп жатқан сұрыптау олимпиадаларында озып шыққан ұлттарды Тарих-әке маңдайдан сипап, мойындарына медаль тағады, ал қалып қойғандарын баяғы спартандықтар сияқты терең шатқалға лақтырады. Небір бойына сенген абажадай алып ұлттар күніге жаттығуды ұмытып кетіп, ұлы жарыстан шығып қалды. Бүгінде біз оларды білмейміз. Әбжіл, шақар кейбір шағын ұлттар алтыннан алқа тақты. Алғашқысы – грек, ортаңғысы – еврей, соңғысын сәл күтелік. Бізге керегі – «ортаңғысы». Халықтың ең сапалы бөлігі – жоғары білімділер екен, осының 90 пайызы сапасыз дипломның иелері. Ауылдың бір айқай тойында: «Өмір бойы веттехник болсам да, бір қой сойып көрмеппін» деген бір мырзаның шертиме сөзін естігенбіз. Үлкен трагикомедия! Қазақ профессионализмінің көрсеткіші осы. Қуаты жоқ қатырма дипломдар қазақстандық капитализмге керек болмай қалды. Оның үстіне барлық жүйеде ұрпақ алмасып жатыр; базарға бара жатқандар мен қайтып келе жатқандар сеңдей соғылысып, «соғысып» та жатыр. Базардан қайтқандардың біразы қазақ емес, кеңестік категорияда ойлайды. Бүгінгі, ертеңгі оппозицияның жасанған жасақтары осы қуатсыз дипломдар мен базардан қайтқандардан түзілуде. Осының бәріне бізде бір-ақ қару бар; ол – ҚАЗАҚ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ. Мақаламызды Голда Меирдің бізге керек мына ғақлияларымен аяқтайық: «Тәуелсіз жас мемлекеттер екі нәрседен өте-мөте сақ болуы керек. Біріншіден, «өткен-кеткенім» деп сол шұңқырдан шықпай отырып қалу, екіншіден, «саяси тәуелсіздік біздің бар мәселемізді шешіп береді деп, дәмегейлену». «...Әлем әлі де қатал, дөрекі, эгоист. Кішкентай ұлттардың көз жасын олар көрмейді. Ең озық, демократ, саналы деген лидерлер басқарған үкіметтер халықаралық қатынастарға келгенде әділетке жақ бола бермейді. Сондықтан ұлы деген державаларға құлдық ұра бермей, көбінесе өз-өзімізді қорғау инстинктіне сенеміз...».

5 қыркүйек, 1996 жыл

Ауыл қалаға қарай ат қойды...

«Бүкіл қазақ үмбетін бесігіне салып, тербетіп өсірген, тіліміз бен ғұрып, салт-дәстүрлеріміздің қаймағы мен кілегейі боп отырған ауылдың бүгінгі жағдайы бәрімізге де белгілі – аянышты! Жұмыссыздық... жалаңдаған саудагерлер... айлар бойы ақша көрмек... кейбір шалқақтаған бастықтар... Ауыл абыржулы, ауыл сасулы. Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданынан 3 мыңдай адам қала-қалаға көшіп кетіпті. Елбасы мен үкімет мұны сезіп отыр. Қазір қандай жолмен болса да елді тығырықтан тез арада шығару керек. Бұл аксиома. Қай елде болмасын, салған капиталыңды тез арада-ақ табыс етіп қайтарып беретін бірден-бір сала – өндіріс... Сондықтан да қазір қолдағы жоқ-жұқана қаржының бәрі соған жұмсалып жатыр. Өндіріс шетел салымын түсіруге де өте қолайлы. Осы шұғыл шаралардың арқасында қала-қалаға жан кіріп, тіріле бастады. Ақша дегенде аузын ашып отырған екінші бір үлкен сала – астық... Нан бәрімізге керек. Күніге үш уақыт. Ендеше бұған да қаржы! Және бұл екі сала үдеп тұрған эмиграцияның көзі. Соңғы кезек, әрине, өріс болса түртінектеп жайыла беретін момын малға қалады. Сөйтсек, қоржын түбі қағылып қалыпты. Шындық осы. Ауылым деп аңқалақтап қалсақ та, оған деген ақшаның ауылы алыс. ... Саны бар да, сапасы жоқ университеттерді жапырлатып аша бергенше, біз ең алдымен жоғары білікті жұмысшы, құрылысшыларды көп қып, әрі сапалы етіп дайындауды қолға алуымыз керек. Сырттай оқу деген «өтірікті» азық етпей, оларды жауып, оған жұмсалатын қаржыны кәсіптік-техникалық училищелерге бұрып жіберу керек. Кезінде университет бітірген жарым жанды, жарты санды диплом иелерінің қақ жартысы қазір базарда. Қысқартылған жұмысшылардың жатақханаларын жөнді, жөнсіз тәркілей бергенше, осы болашақта ашылатын училищелерге қалдырсақ қане! Қаланың қуаяқ балалары ондай оқуға өлдім десең де бармайды, ендеше Жастар ісі жөніндегі уәзірлік, Еңбек министрлігі жанынан жаңадан ашылған Кәсіптік білім жөніндегі комитет екеуі бірлесе отырып, ауыл жастарын бесаспап жұмысшыға айналдыру жөнінде бағдарлама жасап, дереу іске кіріспесе болмайды. Ауыл-ауылда шұжық, ет, кілегей, май өндіретін, киім тігетін цехтар ашып, жастарды соған тартпаса, жуық жылдарда да қала босқындар астында қалайын деп тұр. Қылмыс та ешқашан азаймайды. Ең алдымен, ауылдың өзінде азаймақ емес. Арақкештік, нашақорлық екі бастан. Бұл күнде әр қалада жұмысшы жатақханалар төңірегінде өзіміздің Гарлем, Бронкстер пайда бола бастады. Құжынаған базар-базарлар ауылдан келгендердің екінші үйіне айналғалы қашан. Ауыл – қала – адам деген мәселенің екінші аты – миграция. Ауылға қамқорлықты ұмытсақ, қалаға келген жастарды жөн бағытқа бұрмасақ, миграцияңыз қолма-қол арамтамақ, люмпендік тасқынға айналады. Бұл талай министрліктердің басын ауыртатын, үкіметтік дәрежеге көтеріліп, күніге қойылатын өте, өте күрделі мәселе. Социологтар алдымен арбаға жегілуге тиіс бұл тұста. Ауыл қалаға қарай андыздап, бауырымдап ат қойып келеді! Қамқорлық, көмек тілеп, аңырап келе жатыр... Бүгін мұны көрмесек, көр де тұрыңыз, ертең кеш қаламыз.

20 сәуір, 1995 жыл

Бұл зиялы – қай зиялы?

«Біз ең жаман деген болжамдарымыз қолма-қол расқа айналып жатқан қысыр да қыңыр уақта өмір сүріп жатқан халықпыз. Ең сорақысы – кеңес тұсында системаның сценарийімен алдымен ұлтымыз, қалды зиялымыз бұл дүниеде басы қосылуы екіталай екі топқа дай-дай бөлініп кетіппіз. Бір шаңырақ астында екі жерден от жағып, қазан асып, бір-бірін менсінбей, тоңторыс теріс қарап, жауласуға шақ қалған, сөз тыңдаудан қалған бұл марқасқалар. Сөйтіп, ұлтқа бас болатын, жөн сілтейтін мынау қысылтаяң тұста екі тілде сөйлейтін қазақ зиялылары бір-біріне қас. Ұлтымыз иесіз қалды. Алғашқы топқа қала қазақтарының орысша оқып, жетілген қандастарымыз жатады. Әлем, орыс мәдениеті десе, бізді шеніне келтірмейді. Әттең, табаны топырақ иіскеп, балтырын күс басып көрмеген бұл жүйріктер дәстүрлі қазақ өмірі дегенде екі аттап, бір сүрінгіш. Алыстағы Америка: «Әй, осы қазақ тілі түбінде бір керек болар» деп шұғыл үйреніп жатса, бұлар менсінбейді. Өйткені күні кешеге дейін тұғыры кеңестік идеология болып табылатын славяндық кеңістікте еркін қалықтап, биік ұшамыз деген мутант, шата будан ұрпақ. Дұрысы, империялық саясаттың құлы. Орыс тілінің сойылын ары қарай соға беруге ұяты барларының намыстары жібермейді. Сонымен күнделікті қызмет, пәтер деген шағын ғана жылы ұяларында бұғып-бұғып отыр. Яғни, апатия, әрекетсіздік, үнсіз жиырылу... Оның үстіне оларды қазақ тілінен «қамал» жасап алған төл шикілі-пісілі зиялысымақтарымыздың ожарлығы мен қодарлығы қатты шошытады. Орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беру үшін жанын жалдап жүргендері – номенклатураға іліккендері мен капитализмнің жас капитандары. Олар орыс тілінсіз өздерінің, қалды Қазақстан болашағын көз алдарына елестете алмайды. ...Қазақтілді зиялыларымыздың да оңып тұрғаны шамалы. Орыс тілді қандастарды қатарға шақырып, тізе қосып қимылдауға да болар еді, егер оған біз жарасақ... Тіпті сол «жарау»-ға арамызда құлық жоқ па деймін. Өйткені әлгі бес қаруы сай өзге тілді қандастарымыздың қасында одағайлығымыз бен ожарлығымыз, ашқарақтығымыз бірден білініп жатыр. Бұл екі сырқаттан аман, жаңа қазақ зиялысын әзірлейтін мемлекеттік бағдарлама керек. Әзірше оған мұрша жоқ – қалта таяз. Егер қой емес, ой бақсақ, болашақта нигилистер мен феодал-кеңестік төл зиялылар «тақтан таяды» да, оның орнында бұл «ғасыр шайқасынан» аман қалған ат төбеліндей аз интеллигент қалады. ...Бүгінгі 600 жазушының соңғы бір «0»-ін алып тастаса, түгі кетпейді. Қазаққа осы әзірге жетеді. Қайта сапасы жақсарып, сұлулана түседі. ...Елуге келмей еңіреп, ақыл айту ұят-ты. Айтатын ақсақал болмаса, қайтейік».

 15 қыркүйек, 1994 жыл

Біз көкектің бір ұядағы балапандарымыз

«Әуелі танауын таңырайтып тәуелсізді­гі­міз­ді алдық. Көзіміз ашылып, көкірегімізге жан бітті. «Біз осы қай ұяда омпайып отырмыз?» деп, оң, сол жағымызға бекімеген мойнымызды бұлғақтатып қарасақ, сол­түстігіміз – Ресей, түстігіміз – Қытай екен. Екеуі де ядролық супердержавалар. Бұл алыстағы АҚШ-ты, жақындағы Еуропаны қатты ойлантады. Қусырылып бара жатқан христиан мен құмырсқадай қаптап келе жатқан мұсылман әлемінің арасындағы буферлік зонамыз. Бұл біздің бәсті арттыра түседі. Айтпақшы, бүгінде жүз миллионнан асып кеткен түрік қауымына, қай жағынан болсын, қарашаңырақ болып табылады екенбіз. Бұл да біраз көрші-қолаңның басын ауыртады. Қысқасы, шөже балапан еместейміз, бәріне керек қыран секілдіміз. «Жеке мемлекетпіз дегенде сондайсыңдар, қанатыңды қақ та, кеңістіктен өз орныңды тап» деп түрлі-түрлі қабақ танытады. «Батыс Қазақстанның бірнеше ауданы Еуропаға кіреді-ау» дегенде, сұлу да сылаң континентке емексіп қараймыз. Айтпақшы, болашақта Еуропа ару мен Қарт Қожақ Азияның арасындағы алым-берім әуе, автомобиль, шойын жолдары біздің үстімізді басып өтеді. Тағы бір ұпай! Жер астымыз толған пайдалы қазба. Мұнай мұхиты көлкіп, газ аспанға атып жатыр. Егінің мен малыңды өзіңе қойғанда, жаңағы аталған деректер Қазақстанды бұдан былай ылғи да әлем саясаткерлерінің қарауылында ұстайды. Есебі, қай елге барсақ та, дәл осы себептен, өтірігі, шыны болсын, қошуақ боп қарсы алатыны сондықтан. «Шіркін-ай!» дейміз қиял қысып кеткенде алақанымызды уқалап. Қазірдің өзінде шетелдік инвесторлар Қазақстан картасында сүзісіп қалып жүр. Әзірше пайдалы қазба жағынан. Сәл сабыр етсек, тәртібіміз түзу болса, қалғаны да болатындай. Осы байлықты сыртқа сату үшін, өзгенің өнерін үйрену үшін Еуразиядағы тыныштық бізге ауадай қажет. Ол болмаса, бәрі болмайды.

Сонымен сыртымыз бүтін секілді. Ішіміз ше, ішіміз түтін емес пе? Жер көп, халық аз. Аз халықтың өзі қырық құрау. Яғни, бір ұяда бірнеше балапан шиқылдап жатыр. Жетім балапандар! Шөже кезінде тарих көкек өзге ұядан алып кеп, тастап кетіпті. Қазақтан басқасын. Тағдырдың бізбен ойнаған ең зілді әзілі осы. Жетім қазақ аз болғандай, орыс, неміс, украин, қысқасы, ірілі-ұсақты жүз шақты ұлт тарихтан таяқ жепті. Қазағы екі – қазақ, орыс тілінде, өзгесі жиылып, орыс, өз тілінде сөйлейді. Кең дүниені қусырып, тар еткен тарихи дамудың дегені осы. Қанаттары қатайғаны өз ұяларына ұшып кетіп те жатыр. Қалғандарымен тату-тәтті, ынтымақты тұрыс керек. Ең алдымен, қазақ үшін. Құдай басқа бермесін, бір-бірімізбен шоқысып-тебісіп кеп кетсек, «Қазақстан» атты ұя әлем бәйтерегінен жерге құлап түсуі әбден ықтимал. Басқалардың бұдан ештеңесі кетпейді, негізгі ұяларына самғап кете барады. Құритыны – тағы қазақ! Ендеше барлық балапандардың ынтымағы керек. Әйтсе де, әр ұлттың, әр тілдің өз мүддесі бар. Жүз мүддені бір ұяға сыйыстыра білу керек – біз таңдайтын басқа жол жоқ. Бүлік шыққан елді ешкім сыйламайды. Салыстыруға да болады. Қытай, Үнді, Швейцария, АҚШ, Бельгия секілді ондаған елдер халқы түрлі-түсті тілде сөйлегенмен, бір қазан-ошақтың отын жағып отыр. Ошақтағы отты шашып, үйін өртеп жатқандар да бар. Біз тату-тәттілікті қалаймыз. Бірақ оған ұйтқы болатындай, бәрімізге ортақ темірқазық қағида болу керек қой. Оны да адамзат бізден бұрын ойлап тауып қойған. Сынап көріп, дұрыс деген. Ол – ОТАНСҮЙГІШТІК, ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМ! Қазақстан, кейбіреулер ойлап жүргендей, жұтаң сахна, біз жансыз қуыршақ емеспіз. Қазақстан – Отан, біз – халықпыз! Бұлай болуы өзімізге байланысты».

 22 наурыз, 1995 жыл

Ақмолаға көшкін, ағайын!

«Сонымен, астанамыз Ақмола – Қазақ-стандай алып пластинканың қақ ортасы, нақ кіндігі. Түптеп келгенде, Алматы қазақтың, Ақмола қазақстандықтардың астанасына айналатындай. Ежелден найзасы желкілдеген батырлар мен кітап ақтарған ағартушы ойшылдардың, үкісі бұлғақтаған сал-серілердің, қаламын халық тағдырына қайраған ақын-жазушылардың бір Отаны – осы төңірек – Сарыарқа-тын! Жері жасыл, орман, көлді, сулы, нулы, берекелі өлке. Сан ғасырлар бойы халқымыздың рухани орталығы болып келген Сарыарқаға XX ғасырда Алла, неге екені белгісіз, қаһарын қатты тікті. 16-жылғы көтеріліс, азамат соғысының ылаңы ең алдымен осы Торғай, Қызылжар, Кереку, Көкшетау, Ақмоланы ұйпап-тұйпап, қан қақсатты. 1921-22, 1932-33-жылғы атақты аштықтарда алдымен Сарыарқа ақсүйек болып қырылды. Тек қолдағы төрт түлік малға ғана қарап отырған сері халық жүгенін ұстап, ақ таяққа сүйеніп, сенделіп қалды, шөкелеп түсті. Tipі қалғаны ақтабан шұбырындыға ұшырап, түстікке қарай жосылды. Сондай сойқандардан енді-енді ес жия бергенде тың көтерілді, ішкі Ресейдің бір бөлігі қотарыла көшіп келіп, сансыраған, әлсіреген жамағатты тура талтүсте нақ үстінен басты. Нәтиже не? Қазақ астаналық облыста – 24%, Көкшетауда – 33%, Қостанайда – 18%, Солтүстік Қазақстанда – 19%, Қарағандыда – 20%, Павлодарда – 32% ғана. Және де қазақ екенін ұмытпағаны, негізінен, ақсақал ата мен кимешекті әже, апаларымыз. Кейінгі толқынның басым көпшілігі төлқұжаттан ғана қазақ екенін білетін, славян менталитетіндегі қазақтар. Биағаң, ұлы Бейімбет Майлин жазып кеткен қалың ауыл бұл күнде жоқ, іздемеңіз, таба алмайсыз, құрып біткен. Оған олар кінәлі емес. Айыпты – бұл өлке үшін кері дөңгелеген тарих доңғалағы, терісінен соққан алағай да бұлағай замана желі. Әйтсе де, өткенге – салауат, келешекке – бақуат! Аш болсақ та, тоқ болсақ та, көк байрақты егемен елміз. Сонау Батыс Қазақстаннан басталатын теміржол республикамыздың түстігін бөктерлей басып өтіп, Семейге дейін алдымен орысты, сонсоң талай қазақты тасып, бір-біріне араластырып, құда-құдандалы етіп, туыстастырып, табыстырып, бұл аймақтарды қазақтандырып үлгірді. Түрксіб орай құшақтап, қысып жатқан тек осы Орталық және Солтүстік Қазақстан ғана біз дегенде бетін бермей, сеңдей қатып жатыр еді. Астананың Ақмолаға көшуі сол сірескен көкмұз сеңге ауыр сүймен түсіргендей екен. Замана ақыр аяғы қазақ үмбетінің ғасырлар бойы көлдетіп төккен көз жасын көргендей болды. Өз Отанын іздеген неміс, орыс бұл өлкеден ірге көтеріп, сөгіле бастады. Біраз селоларда трактор, комбайнға мінетін, машина рулін ұстайтын адам қалмады деп естиміз. Олардың орнына Моңғолиядан келген туыстарды қоныстандырып жатырмыз. Ресей жерінен өз аяғынан келіп жатқан қандастар да жоқ емес. Сөйтіп, 250 жыл бойы Ресей империясы қазақты шалғынды өлкеден шөлейт түстікке қарай ығыстырып келсе, енді, қарама-қарсы процесс – Арқаға оралу басталды. Інжілде жазылғандай, адасқан ұл өз ортасын іздегендей. Бірақ, бұл – аз, өте аз! Моңғолдық ағайындар ел есеңгіреген мынау шаққа тап келіп, іркіліп қалды. Ал кезінде қазақтың қолынан қысылған кезде дәм татқан Александр Солженицын сол табаққа түкіріп, жуықта ғана теледидардан аузы қисаймай: «Қазақстанның бес облысы ежелден Ресей жері» деуге дейін барды. Ауыз Солженицындікі болғанмен, ниет – әлі де империялық пиғылда қалып отырған Ресейдікі. Яғни, астықты, малды, құт берекелі, құнарлы өлкені қиғысы жоқ, уыстан шығармай бауырға мүлдем басып қалу – түпкі ойы. Оның үстіне базбір халықаралық ереже бойынша, жергілікті халықтың саны 30%-ға жетпесе, ол жер дәл сол халықтікі деп есептеле де бермейді. Есебі, Арқа мен Солтүстіктің тағдыры қазір қалт-құлт, қыл көпірдің нақ үстінде тұр. Ашығын айтқанда, ғасырдың аяғына шейін таласып, тырмысып, аталмыш бес облыстың әрқайсысында қандастарымыздың санын, кем дегенде, 30%-ға жеткізбесек, XXI ғасырда бұл өлкенің қазақстандық деп аталуы да екіталай. Ендеше, сырт елдерден келіп жатқан қазақтарды осы өлкеге төгу керек. Ресейдің бергі бетінде мал бағып жүрген қазақтардың арасына адам, өкіл жіберіп, өз ішімізге тарту қажет. Оның үстіне империя қазақтың басым көпшілігін шөл, шөлейттерге қуып тастағаны мәлім. Қазақ іргесін бермей отырған Сыр бойы, Арал төңірегі құлазып, ауру жайлап, Семейдің біраз жері радиацияланып бітті. Ендеше, осы төңіректегі қазақтар өз ұрпақтарын жарымес, кемтар, мутант ұрпаққа айналдырмайын десе, жері көп бүлінбей, суы лайланбай тұрған Арқаға, Ақмолаға жаппай қоныс аударуы керек. Қазақтың туған жер дегенде күрсінгенде қарс ұрып, өкпесі түсетіні, ата-баба зиратын қимайтыны, өлсек те сүйегіміз осында қалсын дейтін мінез-құлқы бәрімізге белгілі. Қазақстан келешекте тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпесін десек, алты жасар баладан алпыс жасар данаға дейін ойланыс керек. Ақсақал аталар мен қария әжелер туған жерін қимаса да, жас, қайратты балалары мен немерелеріне ақ батасын беріп, алыс жолға – Ақмолаға, Арқа жеріне қолтықтан көтеріп, аттандырып салғаны жөн. Әр қазақтың Отаны – Алатау мен Арқа, Атырау мен Алтайдың кез келген пұшпағы мен шаршы метрі! Бала мен шаға, немере мен шөбереміз жаудың жеріне бара жатқан жоқ, ежелден бойымызға құт боп қонған қазақ жеріне, абайсызда айырылып қала жаздаған өз Отанына қоныс аударып бара жатыр – осы естен екі елі шықпасын. Және олар құр кетпей, өздерімен бірге түстік пен батыстың, шығыстың әлі оншама іріп бұзыла қоймаған қазақ діні мен тілін, мінез-құлқын, салт-дәстүрін өздерімен бірге алып барады. Барған жерінде баяғы тың көтерген жылдардағыдай білекке білек, күшке күш қосып, Ақмолаға, Арқаға көк туды әбден орнықтырып тігеді. Сөйтіп, бұрын да құда-құданда дегенде жанын беретін қазақ тағы да бас жесіп, туыстасып, Арқа жерінде ошақтың үш бұтындай Үш жүздің балаларынан түзілген, қайратты да өжет, қаны жаңарған жаңа қазақ өсіп-өне бастайды. Қысқасы, әр қазақ – ұлтымыздың қиналып отырған жерінен табылса ғана нағыз қазақ! Күн сәулесі ұлы даланың барлық жеріне бірдей түсетінін естен екі елі шығармайық. Ұлтымыздың ендігі тағдыры Арқада шешіледі. Астананы ауыстыру оңай емес, бірақ бұл тұста байбалам да артық. Орынбордан Қызылордаға, одан Алматыға ауысқанда жағдайымыз бұдан ауыр болмаса, жеңіл болған жоқ. Соғыстан кейін де елбесіп-селбесіп күн көрдік қой, басқа түскен бір салмақты көптеп көтеріп алармыз. Тек түбі баянды болсын. Бұл ұлы жорық, тың серпілісті – миграция мәселесін мемлекет онсыз да базар нарқы тұралатқан халықтың өзіне итере салмай, көші-қон департаменті ұзақ жылдарға есептелген бағдарлама жасап, мұрындық болса қане! Моңғолиядан, Иран, Қарақалпақ жерінен ірге көтерген ағайындарды онсыз да халқы тығыз, өсіп-өну потенциалын тауысуға таяу оңтүстік облыстарға, уланған құладүз Семей жеріне тоғыта бермей, ең алдымен осы бес облысқа орналастыру жағын ойластырған дұрыс. Ойластырып қана қоймай, департаменттің өзі, Тіл комитеті халыққа үлгі көрсетіп, Ақмолаға тез арада түпкілікті көшіп алуы керек. Тіл үшін нағыз күрес енді қызады. Дәл қазір Алматыдан бастап Кереку, Семей, Өскемен, Талдықорған, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда қалаларындағы Қожанасырдың лашығындай қисайған жаман жатақханаларда қазақ жастары екі қолдары бос, ішерге ас таба алмай, ішіп-жемін күнделікті сауда-саттық, ұрлық-қарлықтан ғана айырып, қаптай өріп сандалып жүр. Яғни, криминалды, наразылыққа өте бейім орта! Оларда жазық та жоқ, ауылды ала бастаған жұмыссыздықтан қажып, қаладан кәсіп тауып, үй алам ба, адам боламын ба деп аңқалақтап келгенде мына сұм заман «маңғыт, аузыңа саңғыт!» деп, ту сыртын беріп, алдап кетіп отыр. Ақмолада басталайын деп отырған үлкен-үлкен құрылыстарға осы жастарды ең алдымен апарып салу керек. Тағы басқа толып жатқан құрылымдарға да өзіміздің қаракөздерді пайдалану қажет. Тың өңіріндегі орыс, неміс кетіп, босап қалған селоларды Орта Азия мен Кавказдан бас сауғалап келгендерге үлестіре бермей, жұмыс табылмай, өз ауылында өзі босқын болып жүрген қазақ жастарын көшіріп апарып, мал бақтырып, егін өсіртпесек, ертең – кеш. Өзгеге мырза, өзіне сараң, өзімшіл емес, өзгешіл мінезден құтаятын болсақ, осы ғасырда басымызға бақыт құсы әлдеқашан қонатын еді. Ол бізге бақыт құсы емес, империяның екі басты самұрық құсы болып қонақтап, жез тырнағын туған жерімізге аямай салып отыр. Оған қазақстандық орыс халқы жазықты емес, олардың өздері де кезіндегі империя саясатының құрбаны. Сондықтан, қазақстандық, оның ішінде арқалық орыс ағайындар береке, бірлік болса, қазақ жері қазаққа да, ниеті түзу орысқа да емін-еркін жететінін ұққандары жөн. Жалпы, астананың Ақмолаға көшуін әрбір қазақ ел өміріндегі үлкен бетбұрыстың басы деп ұғып отыр. Бұдан былай сөзіміздің мәтелі «Баяғыда, Ақмола астана болғанда…» деп келеді. Біздің дәуірімізге дейінгі, кейінгі деген сияқты. Осыған дейін болдық, егемен болдық деп той тойладық. Енді білек сыбанып, жұмыс істейтін кез әбден келді. Тәуелсіздігіміздің сыналар сын сәті енді туды. Ел, халық ұлттың сапалы санаға ауысар кезі осы жаңа астанаға көшумен тұспа-тұс келгендей. Сарыжұрттағы бойкүйездікті, жүзшілдік пен парақорлықты, надандықты ескі, кір, қоқыс киімдей үстімізден шешіп тастап, жаңа астананың шаңырағын игі ниет, ақ көңілмен үш қолдап көтерейік те!».

 1994 жыл

 

Ой шіркін ойқыл-тойқыл

«Мына Қазақстанды бізге сырттағы 4,5 млн диаспора нәубет жылдары күзеттіріп кеткен. Өздері келгенге дейін!».

***

«Бұ дүниені білмеймін, менің о дүниеге кеткендер мен бұ дүниеге әлі келіп үлгірмегендер арасында достарым өте, өте көп...»..

***

«Өзің нағыз патриот болғаннан гөрі 16 млн қазақстандыққа «Патриот бол!» деп аттандау әлдеқайда оңай».

***

«Біреуді дереу түзегіміз, күзегіміз, басқарғымыз кеп құлшынып тұрамыз. Ал өзіміз кімбіз, онда шаруа шамалы. Қазақтың құлшына-құлшына «ауыратын», еш жазылғысы келмейтін құрт ауруы осы».

***

«Таңертең оян да, екі қол, екі аяғыңды түгенде. Сонсоң айнаға қара; басың орныңда ма? Осы бес мүшең аман болса, ол – жарты бақыт! Түгел бақытты осыларды пайдаланып, күні бойы зыр жүгіріп ізде!».

***

«Күй – ұлы бостандық, қалай ұқсаң, солай ұқ. Ал, ән саған сөзімен-ақ зорлық жасай бастайды».

***

«Әр шенеунік, неге екені белгісіз, бізге Абай болып көрінгісі келеді».

***

«Ақымақ адам ит секілді, кімді қапқанын білмейді. Ол ас құйылған итаяғын қориды. Сондықтан иттен емес, итаяққа ас құятын адамнан сақ бол».

***

«Ең үлкен шындық ең қарапайым сөзбен айтылады».

***

«Мұқағали, Төлеген, Сағат, Оралхан, Асқарлар арамыздан ерте кетіп, бізді аяусыз жазалады».

***

«Тілімізді өстіп тәркілей берсек, келер ғасырдың ортасында-ақ қазақ баласы Абай мен Мұхтарды аударма арқылы оқитын болады».

***

«Екі дүниедегі ең қиын күрес – біздің «қазақша», астыртын күресіміз. Өйткені ешбір өркениетте жоқ, ешбір Олимпиада, чемпионаттарға кірмеген, осы реттен де күресуші екі жақтың да хұқықтары қорғалмаған, төрешісі және жоқ, барып тұрған жабайы, феодалдық жауыз күрес».

***

«Шындық – біреу, өтірік – миллион. Кез келген кабинетте шындықтың қылқындырылып жататыны да сол себептен».

***

«Қазақ қалпағын тігіп, Алматы базарында сатып жүрген қырғыз ағайындар өлмейді; оған ойсыз күлген қазақ ешқашан оңбайды».

***

«Бұрынғы шенеуніктердің 90 пайызы қазақты емес, кеңесті «құшып – сүюге» үйретілген. Сондықтан олар ешқашан да қазақ патриоты болып жарытпайды».

***

«Еврейлер бала тәрбиесін неге аналарға тапсырған? Аналар – жасампаз, эволюция да, еркектер көбінесе, қиратушы күш, революция ғой. Бейбіт, еңбек сауған қалада – матриархат, ал қауіп-қатерге толы далада – патриархат белең алады. Біздің қолөнерге, жер саууға илікпей қалғанымыз, ақкөз, кеудемсоқ болатынымыз сол патриархаттық тәрбиеден».

                               Дайындаған Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары