925
Жиырма жыл бұрынғы жеңіс
Жиырма жыл бұрынғы жеңіс
Тұлпардың тұяғымен жазылған Ұлы Дала тарихындағы ұмытылмас сәттің бірегейі – жиырма жыл бұрын Есілдің бойына ел қонып, алты алашқа тәж болған Елорданың аяулы Алатаудың баурайындағы Алматыдан айбынды арқа төсіне көшуі еді. Төрткүл дүние көз тіккен тарихи тұсаукесерде Астанадағы «Құлагер» ипподромындағы аламан бәйгеде «ауыздықпен алысып, аузымен құс тістеген» әулиеаталық «Вальсок» атты сәйгүлік бас жүлдені еншілеп, киелі Жамбыл жерінің ғана емес, мұқым қазақ елінің абыройын асқақтатты.
1998 жылы Орта Азияның барысы өз астанасына қасқа жолы қасиетті Қасым мен ескі жолы өсиетті Есім хандардың, текті Абылай мен кекті Кенесарының ерліктің мөріндей болып ізі қалған Арқа төсінен орын берді. Әр қазақ баласының жүрегін тебіренткен әсерлі сәт дүбірлі тойға ұласты. Ұшқан құстың қанаты талатын ұшы-қиыры жоқ ұлан-ғайыр Ұлы Даланың жаңа астанасында Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина елдерінің президенттері мен Қытай, Ресей, Түркіменстан, Татарстан, Тәжікстан, Беларусь, Молдова, Армения, Грузия, Ингушетия мен Саха елдерінің белгілі саяси өкілдері мен зиялы қауымы бас қосты. Салмақты һәм салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болар істің басына, жақсы келер қасына деген осы. Жақсылығыңа алыстағы дос та қуанады, жамандығыңнан жаныңдағы бауырың да безінеді деген халқымыз... Тәуекелге бел байлап, назарымызды сындырмаған, ізгі ниеттің ізгі нәтижеге, асыл арманның абыройлы іске айналуына кеңінен қолдау көрсетіп, қысылғанда тірек, қиналғанда медет болған туған халқыма, барша отандастарыма, күллі қазақстандықтарға басымды иіп, адал перзенттік жүрегіммен: Садағаң кетейін, айналайын халқым!
Сенің мүддең жолында бойда қуат, ойда нәр – бәрін аянбай сарп етуге пейілмін!» – деп, ағынан жарылған еді. Өз сөзінде Мемлекет басшысы көзі тірісінде көлденең көк аттыға тізгін бермей, әділдікті ту еткен ақын бабамыз Әбубәкір Кердерінің «Жігітке ерлік те оңай, билік те оңай, қажытпас қабырғалы болса халқы» деген терең ойлы сөзін тілге тиек етіп, қабырғалы қазақ халқының рухын асқақтатқаны күні бүгінге дейін елдің есінде, жұрттың жадында, жүрегінде. Тарихи тұсаукесерге еліміздің түкпір-түкпірінен облыс, аудан басшылары, халық қалаулылары мен зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен өнер майталмандары, кәсіпкерлер мен атқамінер азаматтар өз сый-тартуларын арқалап ала келген. Топырағы текті Тұрар Рысқұлов ауданының атбегілері де тойға желмен жарысқан жүйрік сәйгүліктерін сайлап барған еді. Жеңіс тұғырына желдей жүйткіген жүйріктердің жұлдызы биіктен жарқырап, айы оңынан туған сәт те осы. Ипподромда ине шаншар жер жоқ. Жиналған жұрт Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Ақанның Құлагері мен Төлегеннің Көкжорғасын жоқтатпай, шашасына шаң жұқпаған жүйріктердің шежіресін жалғайтын бас қаладағы бірінші бәйгенің жеңімпазын күтті. Міне, ақыры аламан бәйгенің мәресіне батырлар жырындағы әрі жүйрік, әрі ақылды қазанаттардай басын шұлғып, Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданынан барған «Вальсок» атты қызылкүрең топтан бөлініп, дара жетті. «Тай атқа жеткізер, ат мұратқа жеткізер» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Қуатымен қан қыздырып, делебені қоздырған, сусылдап ала жөнелгенде үстінен су төгілмес бәйге жеңімпазы халықтың құрмет-қошеметіне бөленді. Сәйгүліктің иесі Мүбархан Қазыбеков, ал шабандозы сол кездегі Ленин орта мектебінің оқушысы Ернұр Төреқұлов. Күллі көпшіліктің алдында Елбасы өз атынан тіккен су жаңа «Тойота-королла» автокөлігін Ернұр мен Т.Рысқұлов ауданының сол кездегі әкімі Қасымхан Төлендиевке салтанатты түрде табыстады. Бұған қоса, бәйгеде өңірдің атынан қатысқан қазіргі «Шәушен» шаруа қожалығының төрағасы Сайрамбай Дөненбаевтың тұлпары да жүлделі орыннан көрінді. Осылайша, осыдан жиырма жыл бұрын қызылкүрең тұлпар тұғырды биіктетіп, төбемізді көкке жеткізгені әлі ұмытылған жоқ, ұмытылмайтын да шығар.
– Еңселі Елордамыздың тарихындағы бұл бәйгеге біз он күн бұрын бардық. Жалпы, Жамбыл өңірінен 2 жүйрік сынға түсетін болды. Біреуі Сайрамбай Дөненбаевтың «Қаршыға» есімді жүйрігі, екіншісі менің сәйгүлігім. «Вальсок» ол уақытта 3 жастағы дөнен еді. Оның алдында да талай бәйгеде алдына қара салмаған. Дәл осы Елорданың тұсаукесеріндегі аламаннан бір ай бұрын өзіміздің Т.Рысқұлов ауданында үлкен ас болып, бәйге берілді. Сол аламанда «Вальсок» пен «Қаршыға» құйрық тістесіп, қатар келді. Төрешілердің шешімі бойынша жүлдеге тігілген «Волга» автокөлігін «Қаршығаның» қожайыны иеленсе, маған түйе мінгізген болатын. Аталмыш астан кейін сол кездегі аудан әкімі Қасымхан Төлендиев Астананың тұсаукесеріне орай менің сәйгүлігім мен «Қаршығаны» облыс басшылығына ұсынып, елордаға апаруды жөн көріпті. Ақыры ұсыныс қабылданып, әкімдік тарапынан арнайы көлік бөлініп, он күн бұрын еліміздің жаңа астанасына ат басын бұрдық. Бәйгеде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері, белгілі атбегі Орынтай Әмірғалиев бас төреші болды. Ол сәт жиырма жыл өтсе де әлі көз алдымда. Қаптаған қалың ел. Барлығының назары жүйріктердің шабысында. Сол кезде: «Ең болмаса, жетінші орын алса екен, марапат қағазын естелік қып сақтап қоятын» – деп, іштей қатты тілеп отырдым. «Вальсоктың» шабыс кезінде басын шұлғып отыратын әдеті бар. Ақыры 25 шақырымдық аламанның соңғы айналымында 3 ат бөлініп, алға шықты. Мәреге 600 метр қалғанда екі ат оза шапты. Небәрі жүз метрдей қалғанда сәйгүлігім басын шұлғып, жалғыз өзі қатарласынан 40 метр алға шықты. Атылған оқтай қызылкүрең мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. Өз-өзіме сенбедім. Ел шулап, қошемет көрсетіп жатыр. Мұндай тебіреністі ешқашан ұмыта алмайды екенсің. Елбасының өзі қуанышымызды бөлісіп, темір тұлпар табыстады. Сайранбайдың «Қаршығасы» мәреге жетінші болып келді. Қуаныштан көзіме жас үйірілгенін де жасыра алмаймын. Ернұрға бірден өз атымнан байтал мінгіздім. Әрине, ол кезде Астана кіп-кішкентай қала еді. Бірақ іргетасы берік, мақсаты үлкен болатын. Қазір еліміздің мақтанышына айналды. Сол бәйгедегі сәйгүліктердей жедел дамып, биіктерді бағындырып келеді. Оған көзіміз куә. Өзімнің қолымнан ешқашан ат үзілген емес. Қазір «Вальсоктың» ізін басқан «Тасқын» атты жирен қасқа мен «Көкжал» есімді англараб тұқымды сәйгүліктерді баптаудамын. Олардың да бағындырар биігі әлі алда, – дейді «Қазыбек әулеті» шаруа қожалығының төрағасы Мүбархан Қазыбеков.
Дана халқымыз «Жолға салсаң – жорға, Жонға салсаң – жүйрік» деп әспеттеген шын жүйріктерді жыға тани білген сол кездегі аудан әкімі Қасымхан Төлендиев қазір «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының директоры, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі. Ел өміріндегі елеулі сәтті Қасымхан ағамыз да жиі еске алатын көрінеді.
– Ол ұлы тойға еліміздің барлық өңірлерінен қонақтар келді. Біздің облысты сол кездегі облыс әкімі Сарыбай Қалмұрзаев бастап барды. Делегация құрамында Тілеуғабыл Төребеков, Амангелді Момышев, Нильзия Рақышева, Оңласын Есіркепов, Сәуле Мұсаева, Амангелді Омаров, Жұмакүл Омарова, Сәуле Рысбаева секілді елге белгілі тұлғалар болды. Астананы танытуға арналған салтанатты іс-шаралар кейін орталық стадионда, ипподромда және басқа алаңдарда мереке болып жалғасып жатты. Ауданнан шығар алдында аудандық ақсақалдар алқасының мүшелері аудан делегациясына оң батасын беріп, шығарып салды. Нәтижесінде, Астананың «Құлагер» ипподромында өткен Аламан бәйгенің, Қазақ-стан Республикасы Президентінің бас жүлдесін Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының «Вальсок» атты сәйгүлігі жеңіп алып, облыстың абыройын асқақтатты. Бүкіл халықтың алдында Президент судай жаңа «Тойота королла» автокөлігінің кілтін салтанатты түрде табыс етті, «Тойотаға» шабандоз бала Ернұр екеумізді мінгізіп, құрмет шеңберін жасатты, жеңіспен құттықтады. Сөйтіп, Астананың алғашқы «Тұсау кесер» тойы Жамбыл облысы үшін, оның ішінде Т.Рысқұлов ауданы үшін өте табысты және естен кетпейтін әсер қалдырды. Сол тойда Жамбыл облысының делегация мүшелері «Астана» медалімен наградталды. Үлкен абыроймен, қуанышпен Таразға оралдық, – дейді Жамбыл облысының Құрметті азаматы Қ.Төлендиев.
Расында, «Жылқы деген бір мал бар, Ер жігіттің қанаты, Ту көтерер тұлпар бар, Батырлардың санаты» деп халқымыз ән мен жырға қосқан жүйріктеріміздің жүрек елжіреткен сәті көңілді марқайтып, ой тұңғиығына жетелейді. Сол кезде «№50» деген жейде киіп, алдына қара салмаған он екі жастағы Ернұр есімді сары бала қазір отыздан асқан жігіт ағасы. Бүгінгі таңда ол сұлулығына сөз құдіреті жетпейтін ажарлы Астананың аспанмен астасқан зәулім ғимараттарына қолтаңбасын қалдырып, құрылыс саласында еңбек етіп жүр. Оның осындай азаматтығы перзенттік парызға адал боламын деген кез келген патриот ұрпаққа өшпес өнеге десек, артық болмас. Құдды бір тәуелсіздігіміздің төлқұжаты, егемендігіміздің ең басты символы, бейбітшілігіміздің бойтұмарына айналған Елтаңбамыздағы қанатты пыраққа жан бітіп кеткендей әсер сыйлаған шабысы бөлек, намысы биік жамбылдық жүйрікті самала сазбен сыр шерткен Сырбай Мәуленовше айтсақ:
...Шіркін, тұлпар көсіле алмай,
Тұрып еді байлауда.
Бүгін тұңғыш ерік тиіп,
Шыққандай бір сайранға.
Туды еркін шат күндері,
Қонды жеңіс құсы кеп.
Құйындатып тартты ілгері,
Желге қарап кісінеп.
Лайым, еңселі Елордамыз бүкіләлемдік бәсекелестік бәйгесінде де қазанаттың қадамымен қамшы салдырмай қарыштап дамып, өсіп-өркендей бергей!
Ерсайын Жолдыбек
Жамбыл облысы