Ақынның 95 жылдығы аталып өтті

Ақынның 95 жылдығы аталып өтті

Ақынның 95 жылдығы аталып өтті
ашық дереккөзі
Маусым айының 15-ші жұлдызы күні Алматы қаласында, Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде қазақтың көрнекті ақыны Сырбай Мәуленовтің 95 жылдығына арналған салтанатты кеш болып өтті. Кештің шымылдығын ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып ашып: «Сыр-ағаның қазақ әдебиетінің тарихында да, қазақ поэзиясының шежіресінде де орны ерекше. Былтырғы жылдың 17-қыркүйегінде 95 жасқа толар еді, биыл 95 жылдығын еске алу кешін атап өтуді ұйғарып, Сыр-ағаның поэзиясына оқырманды бір сүңгітіп, Сыр-ағаның сыршыл лирикасына қайта бір сусындатып, Сырбай ағамызды еске алуды дұрыс деп шештік. Ақынның 40-қа жуық кітаптары өз оқырмандарына жетті. Әсіресе, махаббат тақырыбындағы өлеңдері мәңгі өлмейді», – деп ойын білдірді. Айтулы кеште Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Есенғали Раушанов Сырбай Мәуленовтің өмірі мен шығармашылығы туралы баяндама жасады. Сонымен қатар қарымды қаламгер Мыңбай Рәш және публицист Ғаббас Қабышұлы өз естеліктерімен бөлісіп, құттықтау сөз сөйледі. Шара барысында бірқатар жас жеткіншектер ақынның өлеңдерінен үзінділер оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кеш соңы салтанатты жиын қонақтарына арналған мерекелік концертке ұласты.  

Гүлім ЕГІСБЕКОВА,

Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, Журналистика факультетінің 2-курс студенті