1531
ҮШ АТА КҮМБЕЗ-КЕСЕНЕСІ
ҮШ АТА КҮМБЕЗ-КЕСЕНЕСІ
Ислам дінінің қантөгісті, біреуге біреудің зорлық-зомбылығы, кісінің ала жібін аттауды, ар-ұятына кір келтіруді, ертеден қалыптасқан салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты бұзуды қаламайтын дін болғандығы үшін далада көшіп-қонып өмір сүрген парасатты бауырмал, ақ көңіл дархан халық қазақ ұлты арада бірнеше ғасыр өткенімен данышпан Хазірет Әлінің адамның жүрегіндегі рухани күші – сеніміне кіру арқылы кез келген қиындықты жеңуге болады деген өсиетін жадында ұстаған. Тәуелсіз қоғам орнату кезінде де сол киелі қағиданы да берік ұстанып алға басып келеді. Енді Үш ата әулие белгісіндегі
ардақтылар туралы аз ғана дерек бере кетелік.
Үш әулие де өз дәуірінде халқының бейбіт өмір сүруіне көп көмегі тиген асылдар болған. Сондықтан да Жаңақорған аймағындағы бүгінгі тұрғындар осы тарихи ескерткіштерді қазіргі ұрпағына тәлім ету үшін, игі іске мұрындық болған Сейілбек Шаухаманов, Ибрагим Абибулаев, Әнапия Әлжановтарға алғыс айтады. Үш ата әулиенің қазіргі Қожакент, Қоғалы көл, Жаңақорған, Түгіскенжеріндегі ұрпақтары кесенеескерткішінің күтімін өз қолына алып, тазартып, айналасына бау-бақша өсіріп, гүлдендіріп келеді. Бұл бүгінгі жас ұрпаққа өнеге, тағылым емес пе!
Ислам дінінің өзге діндерден артықшылығын қазақ ұлтында бұл Үш бабадан өзге неше бір үш жүзге аты мәлім болған даналар айтып кетті. Мәселен ұлттың ұлы ақыны Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» десе, белгілі ағартушы Ыбырай Алтынсарин «Кел, балалар, оқылық» деген әйгілі өлеңінің алғашқы жолын «бір Аллаға сыйынып, кел балалар оқылық» деп бастаған. Абылайханның жанында жүрген Бұқар жырау «өзіңді сыйласаң, алланы сыйла» деген емес пе, бір толғауында.
Иә қазақ халқы тәуелсіздікке «мың өліп, мың тіріліп» барып әзер жетті. Заманның неше түрлі құбылысында қиянатты, озбырлықты көп көрді. Жоңғар, қалмақ, ойрат, орыс, қоқан әміршілерінің басқыншылығынан көп қасірет шекті. Сонда да рухының күшіне айналған дінін, тілін, ділін өлтірмей, аман сақтай білді. Салты мен дәстүрін бұзбады. Солай етуіне Жаңақорған жеріндегі Шаһ Бүзірік, Шәмші Бүзірік, Қырықсадақ сынды ақылды ақын, батыр бабалар хал-қадірінше көмек көрсетті. Бүгінгі заман ұрпақтары сондықтан да оларды естен шығармаулары парыз.
Біз, Шаh Бүзірік ұрпақтары Әзіреті Ысқақ қожадан тараймыз. Оның анасы Қашғар бегінің қызы Бибайша. Бала Ысқақ мешітте оқып, дін, шариғат тану, Құран Кәрім, пайғамбар хадистерін толық меңгерді.Өте зерек сабырлы, шыдамды Әзіреті Ысқақ қожа уәлі (әулие) атанады. Ол жайлы Абдул Қадір Желаний «Исхакия Мағдум» деген еңбек жазған. Әзіреті Ысқақ уәли Әмір Темірден кейінгі сұлтандар мен әкімдердің бірін-бірі жаулап, халықты салықпен күйзелткендерін қабылдамаған. Оларға « Сондай күшті, әлемді тітіренткен Темір империясының небары үш жылда жоқ болғанын»естеріне салып, халықтың әл-аухатын көтеруді олардан талап етіп отырған. Ол «отанды сүймек иманнан» деген тұжырым жасаған.
Әзіреті Ысқақ уәліден Әзіреті Шады (Сәдір) қожа, одан Әзіреті Үбайдулла (Абдулла) қожа, одан Әзіреті Шайып (Сақып) қожа туды.Оның ұлы өзгенттік Шаһ-Бүзірік баба. Аңыздарға қарағанда Шаһ-Бүзірік әулие – «бұлттар падишасы» деген атақ алған. Халық оған бұлттарды бір жерден екінші жерге айдап, керек кезінде жаңбыр жауғызады деп сенген.Сондықтан оған «Сабұлт» атағын берген.
Сан ғасырлық тарихымыздың ішінде қазақ халқы талай теперішті бастан кешті. Ақорда мен Көкорда болды. Бөлшектенген нешеме хандықтарды көрді. Әсіресе Сыр бойының өркендегенмәдениетін Шыңғысхан ұрпақтары шаң-тозаң етіп суырды. Бұл өлке сұлтандарының сойқанын, қоқандықтардың қоқаңдауын өз басынан өткерді. Көшіп жүріп соғыста елін, жерін қорғай білді.Келімсектермен күресте парасатты ғұламалар да халықпен бірге болды.
Сол тар жол, тайғақ кешкен алай да түлейзамандарда, халықтың намысын жыртып, мүддесін ойлаған батыр да батыл, сөзі уәлі, аузы дуалы ел ағаларының бірі Шаһ-Бүзірік баба дер едік.
Ол Әзіреті Әли мен Мұхаммед пайғамбардың қызы, бибі Фатимадан тараған жиырма жетінші ұрпақ. Қазіргі Жаңақорған аудан орталығының оңтүстік өңірінде орналасқан «Көне Өзгент», немесе «Қырғы Өзгент» шаһарында дүниеге келіп, өмірден өткен.
Шаһ-Бүзірік молла Шәмшіден қара танып, Бұхарада, сонан Бағдатта оқып, діни ғылымды меңгеріп, «имам» атағын алған кісі. Бұл жайлы өзі былай деп баяндайды:
Хат жазып, қара таныдым,
Молла Шәмші ағадан.
Ашылды сонан адымым,
Тәлімі кетпес санадан.
Ғылым мен білім мәңгілік,
Тасып аққан дариядай.
Байлыққа батқан әңгүдік
Қарқылдып ұшқан қарғадай.
«Мир Арбаты» Бұхарада,
Жеті жыл оқып тауыстым.
Жолдама алып шығарда,
Бағдатқа қарай ауыстым.
Ғұламалардың қосында,
Бірге оқып қиналдық.
Үш жыл оқып осында,
Дәреже алдым «Имамдық», – деп түйеді.
Осыдан кейін ол бүкіл ғұмырын өз туған жерінде өткізген. Шаһардағы мешіттің бас имамы болып қызмет атқарған. Мешіт жанынан медресе ашып, балаларды оқытып, сауатын ашқан, көпке ұлағатты тәрбие берген.
Шаһ-Бүзірік бабаның лахаб аты «Сабұлт», яғни халық «бұлт үстіндегі әулие» деп таныған. Бұл жөнінде өзі былай толғайды:
Камаладдин бабам түсімде,
Қанаты бар қара атты,
Пайдалан, деді ісіңде.
Қасиеттерін айтып, таратты.
Ұстанудың тетігі,
Тазалық, әм адалдық.
Айрылудың шектігі,
Арамдық, әм жамандық.
Айтсаң ұшып жеткізер,
Қалаған елге, шаһарға.
Теңізден, таудан өткізер,
Ұшырамасаңдар қаһарға.
Бағдат және Бұхарға,
Қанатты қара апарды.
Он жылдан артық сапарға,
Арымай, талмай жарады.
Қасиетті ел көріп,
Әулие деп мені таныды,
«Сабұлт» деген ат беріп,
Ардақтады, табынды, – деп жазған.
Халық-жұрт, қалың ел бабамызды « таң намазын бұлтқа мініп, ұшып барып, Мекке, Мадинада оқып қайтады екен» деп сенген көрінеді. Соның саидтардың Шаһ-Бүзіріктен тараған ұрпақтары «Сабұлт» атанып кетіпті.
Бұл кісінің екі әйелінен бес ұлы болған. Бәйбішесінен Тұрсын қожа, Шәмші қожа, Қалдар қожа, кіші анамыздан Ұлан қожа, Жиен қожа. Бұл кісілерден тарағандар қазіргі Қызылорда қаласында, Жаңақорған, Сырдария аудандарында, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бөген, Шаян деген мекендері мен Шымкент, Түркістан қалаларында, Өзбекстаннның Қарақалпақ, Хорезм облыстарында, Бұхар облысының Тамды ауданы мен Самархан қалаларында тұрады.
Ендігі бір деректерде адайлардың ардагер, батыр ұлы Бекет әулиенің туған нағашысы – анасының әкесі Назарқожа да осы Шаһ-Бүзірік бабамыздың ұрпағынан көрінеді.
Бабамыз шамамен XV ғасырдың соңы XVI ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген. әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық университеті Ежелгі және Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымының кандидаты Берекет Кәрібаев өзінің «Егеменді Қазақстан» газетінің 14 желтоқсан 1996 жылғы нөмірінде жарияланған «Қасым хан» туралы мақаласында Жәнібектен кейінгі қазақ ханы болған Бұрындық хан (1470-1511) тұсында Әбілқайыр ханның немересі Мұхамед Шайбанидің қоластынан Сырдарияның орта ағысы бойындағы қалалар мен далаларды қайтарып алу күресі басталды деп жазған.
Бүл кезең 1470-1520 жылдар аралығында өтті деп көрсетеді.
Мұхамед Шайбани Мауреннахардағы саяси бытыраңқылықты ұтымды пайдалана отырып, 1500 жылы Самархан тағына отырды және де 1500-1504 жылдары Орта Азияның біраз аймақтарын өзіне бағындырып, қуатты мемлекет құрды. Осы мезгілде оның Сыр бойы қалаларына ықпалы өсе түскен. Ол 1505 жылы қазақтармен сауда-саттық жүргізуді тоқтату туралы жарлық шығарды. Сонымен бірге кездескен қазақ саудагерлерін тонап алуға бұйрық берді. Ол-ол
, ма мауреннахарлық дін басыларына қазақтар «дінсіздер» деп жариялатқызып, күреске Орта Азияның бүкіл мұсылмандарын жұмылдырған. Сөйтіп, ол 1505-1509 жылдар аралығында үш рет жорық ұйымдастырады. Осы жорықтар нәтижесінде Сыр өңіріндегі қазақ сұлтандары талқандалып, мыңдаған мал мен жанды олжа еткен. Бұрындық хан біле тұра Сыр бойы қазақтарына көмектеспеген көрінеді.
Осы тұстан кейін қазақ батырлары Бұрындық ханнан кетіп, Қасым сұлтанның төңірегіне топтала бастайды. Осы мезгілде ел жұрт сыртқы жауларға тойтарыс бере алатын жалғыз тұлға Қасым сұлтан деп таныды.
Қасым хан тағында (1511-1521) 10 жыл отырды. Мұхамед Шайбаниға қарсы соққы 1510 жылы берілді. Оны Ұлытаудан Сыр өңіріне дейін қуып келіп, Сығанақ түбінде тас-талқан етеді. Қашқан хан Мерв қаласында Иран шахы Исмайл әскерлерінің қоршауында қалып, өзі осы қоршауда мерт болды. Шайбани өлгеннен кейін 1510-1513 жылы Сыр бойында оның ықпалы әлсірей бастаған. Дегенімен, күш жинаған шайбанилық сұлтандар1516-1517 жылдары қыста қазақ хандығының Сыр өңіріне ықпалын жою мақсатында жорыққа шығып, Қасым хан оларға күйрете соққы береді. Осыдан бастап шайбанилық сұлтандар Сыр бойы және Жетісу өңіріндегі өз биліктерінен айрылды.
БабамызШаһ-Бүзірік осы тұста, қиындықтар мен сұмдық оқиғалардың ортасында өмір сүрген. Шайбани ханның қазақтарды «дінсіздер» деп жариялауға, алдымен дін басында отырған бабамыз сияқты адамдар үшін қасірет болғанын пайымдауға болады.
Сыр өңіріне М. Шайбани билік жүргізген уақытта «көне өзгент» қаласына Сәдуахас дегенді әкім етіп тағайындайды. Шаһ-Бүзірік бабаның «Сәдуахаспен шайқас» деген дастаны осы кезде шығарылған екен.
Бабаның жетінші ұрпағы Тілеу ұста Батырқожа (ұлы әкеміз) осы дастанды жатқа айтып отырған.Сұм соғыстың тәлкегінен Қызылорда қаласындағы оқуымды жалғастыра алмай, елде қалып қойған едім. Сол 1942 жылдың күзінде «Шеңгелді қақ» деген жерде Тілеу әкемізбен бірігіп қақпан салып, аң аулағанмын. Ол кісі әліпті таяқ деп білмесе де, тәңір берген зеректігі, дарындылығы арқасында «Жүсіп-Зылиха», «Фархад-Шырын», «Ләйлі-Мәжнүн» тәрізді көптеген қиссаларды жатқа айтатын-ды. Сол дарын иесі Тілеу бабасыныңөлеңдері мен дастандарын үйрететін. Одан бері де жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Заман ағымына орай қажет деп есептелмегендіктен жарты сағат жалықпай айтылатын «Сәдуахаспен шайқас» шығармасын ұмытыпта қалыппын. Жас келсе де жадымдағы дастанның кейбір бөлігін есіме түсіріп, «Қырық садақ» ата екеуінің ел үшін еткен еңбектерін қағазға түсірдім.
Шығармада өзінің «Көне Өзгент» қаласында туғанын, Бұхара мен Бағдатта білім алғанын, содан туған жерге оралып, мешіт-медресесінің бас имамы болғанын, бабасы берген «қанатты қара аттың» қасиетін пайдаланып, «бұлт үстіндегі әулие» деп таңылып, «Сабұлт» атанғанын жоғарыда жазып, баяндадық. Енді қалаға әкім болған Сәдуахастың момын елмен есептеспей, алым-салықтың неше түрін ойлап тауып, халықты қалай қанай бастағаны, яғни әр күн сайын халық күн тигізбей бағылған бағланын, сарыала қазысын, бір мес қымызын, ал кешкісін көңіл көтеру үшін бір қызын беруі тиіс болған. Мұндай жауыздық былайша суреттеледі:
«Бисмилла» деп бастайын,
Әдептен озып аспайын.
Адалдың ақырын жоқтайын,
Басу айтса ағалар,
Алтын тонды жағалар,
Арындап кетпей тоқтайын.
Болған істі бұлжытпай
Жеткізейін халқыма,
Шайбанидің әкімі, Сөйлей келді алқына,
Зындан, түрме соқтырып,
Ірілікті көрсетті.
Халықты жасқап бұқтырып,
Жаңғыртуға шықты төсекті.
«Қазы, қозы, қыз, қымыз»
Запы болды ел, салықтан
Келеке болған қызымыз,
Өртенді, өлді намыстан.
Жадына алмай Алланы,
Сыйлады елге қасірет.
Әйел болып арманы,
Әкімнен кетті әділет», – деп түйіндеді.
Міне, осы тұста қаланың ардақты азаматтары – ұстазы Шәмші-Бүзірік, батыр ағасы «Қырық садақпен» бірігіп әкімге қарсы шығып, көптің намысын қоздырып, жігерін жанып күреске бастайды. Бүл жолда:
«Халықтың қамын ойлаған,
Әкімің өлсе азала,
Халыққа қылса қиянат,
Шариғатпен жазала», – деген өзінің бабасы, Мұхаммед пайғамбардан есептегенде сегізінші ұрпағы, Мұхамед Әли Риза имамның өсиетін өзіне ту етіп ұстанады. Бұл өсиетті Аббас әулетінен шыққан бірінші әділ патша һарон Рашидтің бекітіп, өмірге жол ашқанын айтады.
Сонымен, жағдайды ақылға салып ойласқан ел алдымен Шәмші-Бүзірік бабаны Қоқанға, одан кейін Самарханға сұлтанға жұмсайды. Бұл жайлы мына өлең жолдарындаайтылған:
«…Шәмші кетті Қоқанға,
Одан әрі барыпты,
Самарханға сұлтанға,
Бұл халықтың мұң-зары,
Таусылмайды бір таңға,
Орындалмай арманы,
Қайтпай қалды Отанға…» деген
Жыр жолдары елге қайта алмай Самарханда дүние салғанын өкінішпен жеткізеді. Бұл шумақ Адырбек Сопыбеков інімнің «Сыр бойы» газетінде жарияланған «Шәмші-Бүзірік кім болған?» деген мақаласындағы оның бейітінің Самархан қаласынан табылғаны жайлы дерегін растайтын айғақ деп білемін.
Бабамыз Сәдуахасқа қарсы күресте «Қырық садақ» батырмен бірге болғанын, ол кісіден мықты қолдау тапқанын шығарманың өн бойында тілге тиек етеді.
«Сәдуахаспен шайқаста,
Бірге түстік айқасқа,
Әнекең батыр алдында
«Қырық садақ» атанған
Омардан жеткен бір ұрпақ
Әулиелерден бата алған», – деп түйеді.
Бір күндері Сәдуахасәкімге қыз беру кезегі «Көне Өзгент» қаласының тұрғыны Гүлайым мен Амандыққа жетіпті. Әкімге қарсы амал таппаған ата-ана, «жамандық жасамас, ол да мұсылман ғой»деген сеніммен өзі ақылды, өзі көрікті, өзі таза, өзі пәк жалғыз қызы Күмісайды басқа сыйларымен бірге апарып берген екен. Оның соңы қалай болғанын мына төмендегі сөздерден түсінесіз:
«…Гүлайым мен Амандық.
Күмісай қызды көрікті,
Жасамас деп жамандық,
Апарып қолдан беріпті.
Өтпес-ау бұдан арамдық,
Зорлықпен ойнап, күліпті,
Рахатын қыздың көріпті.
Күмісай сонда сөйлепті,
Сөйлегенде бүй депті:
«Арсызсың сен, арамсың,
Имансызсың, надансың.
Алла жүзін көрмейтін
Доңыз бейне адамсың.
Гүл едім мен таптадың,
Бұл қалай деп жатпадың.
Мұсылмандық сенде жоқ,
Батпаққа неге батпадың.
Ермеді маған жаманат,
Болғанды жалғыз аманат.
Егесіне жеткізбей,
Құрттың-ау сен лағынет.
Тыңдамадың зарымды,
Айырдың менен барымды.
Өлтірмедің неге сен,
Аяққа баспай арымды», – деп боздаған Күмісай енді ер-азамат, ағайындарға былай шағыныпты:
«…Қайдасың, қандас азамат?
Қарындасың боздақты.
Жерде жатпас жаман ат,
Ар-намыс неге қозбайды?
Зынданына өзін салыңыз,
Қараңғы әрі іші сыз.
Ала алмасын салығын,
«Қазы, қозы, қыз, қымыз»
Ата-анамның ардақты
Бермеді Алла тілегін
Іздемесін боздақты
Дариядан тапсын сүйегін», – деп, өзі тулап аққан Сырдарияға құлап кетіпті. Күмісайдың зары ел-жұртқа тез жетіпті. Намысы қозған жастар қолдарына сойыл мен балта алып, әкімшілік орналасқан қамалдың қақпасы алдына жиналып, «қанға-қан, жанға-жан» деп ұрандайды. Мұны бабамыз төмендегіше суреттейді:
«Алаңға сыймай адамдар,
Аттарын мініп жосылды.
Ойдан, қырдан жарандар,
Оларға келіп қосылды.
Дауа таппай дертіне,
«Жанға-жан деп қанға-қан»
Жібермедік еркіне,
Шешкенше дауды бас Имам.
Күмісайдың зары «Қырық садақ» бабамызды да жайма-шуақ қалпында қалдырмайды. Ашуға мінген батыр баба Сәдуахас әкімді мешітке әкеліп, имамның шешімін орындауды мойындатады. Ол жайлы шығармада төмендегіше жазылып, айтылған:
«Ашуға мінген мұны естіп,
«Қырық садақ» батырың.
Астына мініп «сұрбесті»
Қорғамас қалай жақынын.
Алдына барып қақпаның
Сәдуахасты шақырды.
Осыма ойлап тапқаның,
«Жекпе-жек» деп ақырды.
Айдап келді әкімді,
Құдай үйі мешітке.
«Берме – деп көпке өтінді,
Кірердей болып тесікке».
Сәдуахасқа құдайға құлшылық жасамай, ол жіберген қасиетті кітап – Құранды мойынсұнбай, жезөкшелік пен нәпсіқұмарлыққа, көрсеқызарлық пен даңғойлыққа жол беру, әсіресе бұл қылмыс пен күнәлар, қолында күші бар, лауазым иесі әкімнің тарапынан жасалып отырғаны, оның күнәға батқаны ғана емес, дінсіздігі деп танылыпты. Сен сияқты Құдайын ұмытып, халықты қанап,шал-кемпірдің Күмісайдай жалғызына, айы мен күніне қол салып, өлімге апарған найсаптарды сабасына түсіріп, жуасытатын, тәубасына келтіріп, жазалайтын құдіреттіде қасиетті күш бір Алланың қолында, ал мына мешіт Құдайдың жердегі үйі, Имам оның әділ төрешісі, оның кесімін бұлжытпай орындау керек. Көнсең шешім айтылады, көнбесең мына «жанға-жан, қанға-қан» деп ұрандатқан халықтың қолына береміз депті. Сонда Сәдуахас имамның шешімімен келісетінін білдіріпті. Шешім: Күмісай үшін үш әйел адамның құнын төлеу «қазы, қозы, қыз, қымыз» салықтарын алмайтын болу. Олар жайлы Құран ұстап, ант беріп, қолхат жазып, мөрін басыпты.
Қатал әкімінің халық қаһарынан қорқып, жеңілгені былайша суреттеледі:
«…Сәдуахас найсапты,
Шариғатпен тергедік.
Мойнына қойып кінәсін
Халық алдында жерледік.
Мойындады үкімді
Құран ұстап ант берді,
Төлейтін болды үш құнды
Жеңілгенін жұрт көрді.
Алла бізді қолдады
Әкімнің жолы болмады.
Төрт салықты алмауға
Қолхатын қоса жолдады».
Жоғарыда баяндалған оқиғалар Әл-Әминбаб – «Қырық садақ», Шаһ-Бүзірік «Сабұлт» бабалардың жүрегі де, тілегі де өз халқымен бірге болғанын, елінің есесін жібермей, жоғын жоқтап, мұңын мұңлап, өз падишасына арқасын сүйеген залым әкімнің күшінен де, лауазымынан да қорықпай, оған қаймықпай қарсы шығып кінәсін мойындатып, халыққа бас игізіп, аяғына жығып, тәубасына келтіргенін дәлелдейтін айғақтар деп білеміз.
Сонымен бірге жоғарыдағы өлең жолдары Шаһ-Бүзірік бабамыздың дін жолын ұстаған ұлағатты ұстаз ғана емес, халық таныған ша-йыр болғанын дәлелдесе керек.
Рахматулла Жақсылық Шайманұлы,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері