«АҚНИЕТ» АУЫЛҒА ДЕМЕУ БОЛАДЫ
«АҚНИЕТ» АУЫЛҒА ДЕМЕУ БОЛАДЫ
Айта кетейік, осы жылдың сәуір айында Қызылорда облысында «ЛУКОЙЛ Оверсиз Сервис БВ» компаниясының жетекшілігімен «Ақниет» әлеуметтік серіктестік бағдарламасының іске қосылғаны жөнінде бастама көтерілген болатын. Осылайша әдепкі қадаммен аймақтың үш ауданын – Қармақшы, Жалағаш және Сырдария өңірін қамту көзделген еді. “Ақниет” ниеттенген жандардың сеніміне селкеу салмады. Жалпы бағдарламаның түпкі мақсаты – ауылдың тынысын кеңейту, қолынан іс келетін адамға кәсіп көзін тауып беру. Бұл дегеніңіз, марғау ғана бұйығы жатқан ата қоныстың бойына жаңа қырынан серпіліс тудыру. Әсіресе, тұрмысы төмен азаматтардың жұмыспен қамтылуына әрі өндірістік аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуында ұзақ мерзімді оң өзгерістердің қалыптасуына дәнекер болу еді.
Бұл үшін әлеуметтік мәні бар үздік жобаларды қолдау мен оларды анықтау, жаңа жұмыс орындарын құру негізгі шаруа болып табылады. Байқауға мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты аналар, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылар мен 18-ден 30 жасқа дейінгі жастар қамтылды. Бұл ретте «Әлеуметтік кәсіпкер», «Жаңалық», «Қолөнер», «Қамқор», «Бастама» және «Игілік» номинациялары белгіленген болатын. Нәтижесінде 1500-ден астам өтініш түскен. Осының ішінде 77 жоба жеңімпаз атанып, олар «Лукойл» компаниясының өтеусіз грантына ие болды. “Ақниет” осылай ауылға адым жасай бастады.
Грант иегерлерін құттықтау салтанатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасы тапсырмасына сай ауылдық жерлерде кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылып келетінін айтып өтті. Кәсіпкерлікке дем беру – бұл ауылға дем берудің игілігі. Халық кәсіппен шұғылданса, уақыттың сарынына ілесудің өзіндік жолы ашыла түседі. Қысқасы, ауыл әлденсе, әлеует жақсара беретін болады.
– Мұнай компаниясымен бірлесіп осы жобаны бастадық. Әлеуметтік серіктестік танытып, қолдау көрсеткен «ЛУКОЙЛ» компаниясына ауыл тұрғындары атынан алғыс айтамын! Грант иегерлері, ақ ниетпен іске сәттілік тілеймін, – деді өз сөзінде облыс басшысы.
«ЛУКОЙЛ Оверсиз Сервис БВ» Қазақстан филиалының директоры Андрей Кириллов та байқау жеңімпаздарына тілектестігін білдірді.
Оның айтуынша, бағдарлама Қызылорда облысында бірінші рет жүзеге асырылып отыр. Әзірге үш аудан қамтылып, 1500-ден астам өтініш түссе, соның 77-сі гарантқа ие болды. Енді сәтін салса, аймақта 17 шаштараз, 5 тұрмыстық техниканы жөндеу сервисі, 10 тігін, кондитерлік цех, наубайхана, тіс емдеу кабинеті, балалар ойын-сауық кешені, музыкалық мектеп пен балалар бақшасы, өзге де бірқатар әлеуметтік жұмыс орындары ашылатын болады.
Жеңімпаздарды сондай-ақ, Сырдария, Қармақшы және Жалағаш аудандарының әкімдері де құттықтады. Мұнда әсіресе, Жалағаш ауданының үлесі басым. Олар 77 гранттың 34-ін иемденіп отыр.
Бағдарламаның игілігін сезінген ауыл адамдарының да іске деген құлшынысы зор. Айталық, Сырдария ауданы «Қоғалыкөл» ауылының тұрғыны Гүлханым Ералиева 20 жылға жуық уақыттан бері жұмыссыз. Енді ол осы бағдарламаның арқасында жем шығаратын цех ашып, өз кәсібін бастайтын болады. Сондай-ақ, тағы бір грант иегері 26 жасар Батырхан Күтұланов. Ол Қармақшы ауданы «Ақтөбе» ауылының тұрғыны, төрт жылдан бері жұмыссыздар қатарында. «Ақниет» бағдарламасының ықпалымен Батырхан сантехникалық қызмет көрсететін орталық ашып, ауылдастарына қызмет етпекші.
Жасыратыны жоқ, ауылдық жерде ал-уан түрлі кәсіптің қыр-сырын білетін азаматтар аз емес. Алайда, қолтық жазуға мұрша келтірмейтін қаржының қиындығы талайды тығырыққа тіреп отырғандай еді. Ал енді жөнге келер жоба болса, кәсіпті дөңгелетіп әкетуге мүмкіндік бар. Шын мәнінде, бұл бастама ауыл үшін тың қозғалыс тудырғандай. “Ақниеттің” жолы ашық болсын деңіз.
Ұсақтан ұтысқ ашығудың жолы
Егіншілік саласында атағы күрішпен әйгілі Қызылорда облысында бұл жүйені дамытудың өзіндік ерекшеліктері бастау алып отыр. Бұған Жалағаш ауданында өткізілген семинар-кеңес үлкен ықпал етіп, жаңаша үн қосқандай болды.
Күріш шаруашылығы ертеден Сыр елінің негізгі кәсібіне айналған. Ал оның бүгінгі жай-күйі атүсті қарауды еш қаламайды. Диқан қауымын алаңдатқан қай мәселе, қандай жағдайда қалайша қадам жасау қажет? Кеңес көтерген жүк осыған саяды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алдымен облыстың ауыл шаруашылығы саласында ерекше сергек қарауды талап ететін саланың бірі – күріш өндірісі екенін нақтылап тұрып айтып өтті. Ауылдағы ағайынның кәсібі осы. Облыс еліміздегі күрішке деген сұранысты қанағаттандырып, ірі құрылымдар сапалы өнімді сыртқы нарыққа да шығарғанымен жер игерген жұрттың өзекті мәселесі жетерлік. Бұл күні бүгін көлденең келген түйткіл емес, әйтсе де бой жазып шығатын жол керек. Сондықтан «Күріш консорциумының» алдында үлкен міндеттер тұр.
Облыс басшысы атап өткендей, Сыр диқандары жыл сайын 70 мың гектар жерге күріш егуді жүзеге асырғанымен, оны өңдеуді, сақтауды, тиімді сатуды жолға қоюда түйткілді мәселе бар. Ең бастысы, шаруашылықтар бірігіп, консорциум аясында еңбек ететін мезгіл келді.
– Аймақта «Күріш кластерін дамыту» жобасы қолға алынуына байланысты «Байқоңыр» ӘКК ҰК» АҚ жуырда «Жалағаш элеваторы» ЖШС теңгеріміндегі өндіріс нысанын сатып алды. Ал, жаңадан құрылған «Агрохолдинг «Байқоңыр» серіктестігіне осы элеваторды басқару құзыреті беріліп отыр. Алдағы уақытта күріш шаруашылығын қалыптастыруда осы «Агрохолдинг» негізінде күріш кластері қалыптастырылады. Оның, әсіресе, майда шаруашылықтарға тигізер септігі мол. Олардың өсірген күріші осында өңделетін болады. Алдағы уақытта мұнда күріштен крахмал өндіру ісі қолға алынады, – деді аймақ жетекшісі.
Кластерлік өндірісті қалыптастыру үшін минералды тыңайтқыш шығару ісі де қолға алынбақ. Оған Жаңақорған ауданындағы күкірт қышқыл зауытының өнімін пайдалануға болады. Жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін зауыттың осы өнімнен аммоний сульфаты минералды тыңайтқышын шығаруға мүмкіндігі бар.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың пікірінше, салада қордаланған мәселелер жетерлік. Негізгі түйткіл – инженерлік жүйеге келтірілген жерлердің тоза бастауы. Ирригациялық, дренаждық жүйелердің жұмыс істеу қабілеті нашар, оған қоса гидротехникалық құрылғылар да сын көтермейді. Мәселен, облыстағы барлық инженерлік жүйеге келтірілген 179 мың гектардан астам жердің 54 мың гектары пайдаланылмай отыр. Қауқары төмен шаруашылықтар болса несиеге қол жеткізе алмай қиналады.
Есеп бойынша, облыста күріш егумен айналысатын 371 шаруашылықтың 19-ы ғана ірі құрылымға жатады. Мың гектардан астам жерге күріш еге алатын да солар. Өзгелері 500 гектар не онан да аз жерге дән себеді. Ал олардың дақылды егу, күтіп-баптауы біркелкі емес. Айталық, ірі құрылымдар гектарына 60-65 центнерден өнім жинаса, кейбір ұсақ ұжымдар бар болғаны 15-25 центнерден ғана астық алады. Олардың сүйеніп отырғаны мемлекеттен берілетін жәрдем. Қысқасы, ұсақтан ұтысқа шығудың жолы қиын. Сондықтан үнемі айтылып жүрген егіншілердің мәселелерін шешетін мезгіл жетті. Басқарма бастығы атап өткендей, облыс әкімінің тапсырмасы негізінде жуырда аймақта 17 ірі шаруашылық бірігіп, «Күріш консорциумын» құру жөнінде хаттамалық шешім қабылдап, шартқа қол қойылған. Бұл орайда өңірде балық, энергия мәселелері бойынша осындай консорциумдар құрылып, жұмыс жасау үстінде екенін атап өткен жөн.
Мамандар алға тартып отырғандай, өңірде күріш кластерін қалыптастыруға мүмкіндік бар. Инженерлік жүйеге келтірілген жер басты байлық болғанда, ірі шаруашылықтардағы қуаттылығы 508 мың тоннаға дейін күріш өңдейтін кәсіпорындар үлкен әлеует саналады. Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты Сыр елінде орналасқан. Ендігі жерде консорциум осы ғылыми-зерттеу орталығының мүмкіншілігін толық пайдаланып жатса, ғылым мен өндіріс арасында орнықты үйлесім қалыптасар еді.
Кеңесте айналым қаражаты аз шаруа қожалықтарына қолдау көрсетудің жай-жапсары да елекке түсті. Бұл бағытта «Байқоңыр» ӘКК» АҚ ұлттық компаниясының жанынан құрылған «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС тиімді қаржыландыру көзі болмақ. «Байқоңыр» ӘКК» ҰК АҚ басқарма басшысының орынбасары Асхат Сүлейменовтің айтуынша, облыс әкімінің күріш кластерін құру және консорциум жұмысына қатысу жөніндегі тапсырмасы аясында «Жалағаш элеваторы» ЖШС үлесі сатып алынып, оның атауы «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС болып өзгерген. Жарғылық қоры 500 млн. теңгені құрайтын мекеме жұмысын бастап та кетті. Есептеулер бойынша бұл элеваторға 30-40 мың тонна күріш түсіп тұруы тиіс. «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС шаруа қожалықтарына алдын ала төлем жасап, күрішті келісім-шартпен сатып алады.
Күріш өндірісінде тағы бір келелі мәселе бар. Күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдастығының президенті Абзал Ерәлиевтің айтуынша, Ресей күрішінің ел нарығына арзан бағамен кіруі алаңдатарлық жағдай. Кейінгі жылдары жергілікті күріш бағасы бір деңгейде тұр. Есесіне, тыңайтқыш, жанармай мен қосалқы бөлшектердің құны жыл сайын аспандап барады. Демек, бірікпей береке жоқ.
Қуат ШАРАБИДИНОВ,
Қызылорда облысы